Жоқтан бар жасау технологиясы немесе көңді құнды ресурс еткен Жапония үлгісі

0
231
Kohshin Engineering Co., Ltd компаниясының бас директоры Кадзунори Сумия

Мал мен құс шаруашылығынан шығатын көң мен саңғырық, бір қарағанда, жәй ғана қалдық ұқсап көрінуі мүмкін. Алайда дұрыс технология қолданылса, ол ауыл шаруашылығы үшін құнды ресурсқа айналуы мүмкін. Бір жағынан, органикалық қалдықтарды тиімді басқару қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтса, екінші жағынан, топырақ құнарлылығын арттыратын тыңайтқыш өндіруге және фермер үшін қосымша табыс табуға мүмкіндік береді.

АГРОКӘСІПОРЫННЫҢ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ МҮМКІНДІГІ

Жапон инженерлері Қазақстандағы фермерлерге көң мен құс саңғырығын органикалық тыңайтқышқа айналдыратын арнайы жабдықтарды ұсынып отыр. Бұл шешім қалдықты кәдеге жаратып қана қоймай, оны шаруашылықтың экономикалық айналымына енгізуге мүмкіндік береді.

Жапонияның Kohshin Engineering Co., Ltd компаниясы ауыл шаруашылығы, инженерлік технологиялар мен экология салаларын тоғыстырып, осы бағытта жарты ғасырдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Компания тарихы 1970 жылдан басталады. Сол жылы Эйити Сумия ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін кәсіпорын құрды. 1972 жылы Kohshin Engineering ресми түрде тіркелді. Ал, 1973 жылдан бастап компания мал шаруашылығы кәсіпорындарында түзілетін көңді өңдеу технологияларын әзірлеп, арнайы жабдықтар шығара бастады.

«Алғашқы жылдары біз ауыл шаруашылығына арналған түрлі жабдықтар өндірдік. Бірақ, фермерлерден трактор мен комбайн емес, құс саңғырығын кептіруге арналған құрылғы жасау жөнінде ұсыныстар жиі түсе бастады. Ол кезде құс саңғырығын тыңайтқыш ретінде пайдалану енді қолға алынып жатқан болатын», – дейді Kohshin Engineering Co., Ltd компаниясының бас директоры Кадзунори Сумия.

Алайда уақыт өте келе ауыл шаруашылығының дамуы жай ғана кептіру технологиясымен шектелуге болмайтынын көрсетті. Себебі, кептірілген саңғырықтың құрамындағы қоректік заттар өсімдікке бірден сіңетін формада болмайды.

«Бұл егістікке кептірілген етті төгіп қойып, одан өсімдік қажетті қоректі алады деп күтумен бірдей. Сондықтан, компания мамандары көңді өңдеу процесін жетілдіруге кірісті. Бүгінде олардың технологиясы құс саңғырығы мен ауыл шаруашылығы жануарларының көңіндегі азот және басқа да қоректік элементтерді өсімдікке оңай сіңетін формаға айналдыруға мүмкіндік береді», – дейді компания басшысы.

Бір кездері шағын отбасылық кәсіп ретінде құрылған компания қазір халықаралық инженерлік бизнеске айналды. Бүгінде Kohshin Engineering жабдықтары әлемнің 43 елінде пайдаланылады.

Кадзунори Сумия – компания басшылығын қолға алған төртінші буын өкілі. Ол 2023 жылдан бері бас директор қызметін атқарып келеді. Оның қазіргі жұмысы – отбасылық бизнестің ондаған жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін жаңа технологиялармен ұштастыру.

ҚАЛДЫҚТЫ ӨҢДЕЙТІН – ТАБИҒАТТЫҢ ӨЗІ

Kohshin Engineering компаниясының негізгі бағыты – мал және құс шаруашылығы кәсіпорындарынан шығатын көңді аэробты компосттау әдісімен өңдеуге арналған өнеркәсіптік жабдықтарды әзірлеу және өндіру.

Сырттай қарағанда, бұл инженерлік міндет секілді. Бірақ, оның астарында әлдеқайда ауқымды мәселе бар: агроөнеркәсіптік өндірістен шығатын қалдықты қалайша пайдалы ресурсқа айналдыруға болады? Компания тәулігіне 4,4 тоннадан 70 тоннаға дейін көң өңдей алатын өнеркәсіптік компостерлер ұсынады.

Технологияның негізінде аэробты компосттау жатыр. Яғни, органикалық заттар оттегі бар ортада микроорганизмдердің көмегімен ыдырайды. Осы процестің нәтижесінде органикалық масса тұрақтанып, оның құрамындағы азот, фосфор, калий секілді қоректік элементтер өсімдікке анағұрлым қолжетімді формаға көшеді.

Технология қалдық көлемін азайтып, жағымсыз иістерді төмендетуге мүмкіндік береді. Ал, процесс дұрыс басқарылған жағдайда метан түзілуі де қысқарады. Нәтижесінде бұрын проблема болған көң ауыл шаруашылығына қажет пайдалы ресурсқа айналады.

Микроорганизмдер органикалық қосылыстарды ыдыратқанда жылу бөледі. Соның арқасында компостталатын массаның температурасы жоғарылайды. Сонымен бірге целлюлоза мен лигнин сияқты күрделі органикалық қосылыстар да ыдырайды.

Процесс дұрыс ұйымдастырылған жағдайда азот өсімдікке оңай сіңетін формалардың бірі – нитратқа айналады. Бұл өңделген көңнің құндылығын арттырады. Фермер дайын өнімді топыраққа енгізіп, оның құрамын органикалық заттармен байыта алады.

Қазақстанның көптеген топырағында органикалық заттардың мөлшері жеткілікті деңгейде емес. Сондықтан, органикалық тыңайтқыштарды қолдану елдің ауыл шаруашылығы үшін маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін.

КӨҢ – ШЫҒЫН ЕМЕС, КІРІС

Бұл технология әсіресе күн сайын көп мөлшерде органикалық қалдық шығаратын ірі мал және құс шаруашылығы кәсіпорындары үшін өзекті. Мұндай шаруашылықтарда көңді басқару тек санитарлық немесе экологиялық міндет емес. Ол кәсіпорынның экономикалық стратегиясының бір бөлігіне айнала алады.

«Әлемде мал шаруашылығы мен құс өсіру көлемі артып келеді. Бірақ, мал басын көбейткенде фермерлер кейде ең басты мәселені – пайда болатын қалдықтарды қайда жіберу керегін ескере бермейді. Егер ешқандай шара қолданылмаса, көң шыбын-шіркейдің көбеюіне әкеліп, жағымсыз иіс пен қоршаған ортаға қатысты мәселелер туғызады. Технологиямызды дұрыс пайдалансаңыз, көң мен құс саңғырығын пайда әкелетін өнімге айналдыра аласыз. Біздің жабдық қалдықты ақшаға айналдырады», – дейді Кадзунори Сумия.

Жапония бұл мәселені ертерек қолға алған елдердің бірі. Ел аумағының шектеулі болуы ауыл шаруашылығы қалдықтарын басқаруға ерекше талап қойды. Осыдан 30-40 жыл бұрын жапон үкіметі фермерлерге көңді өңдеуді жай ғана таңдау ретінде емес, міндет ретінде қарастырды.

Жер көлемі кең мемлекеттерде жағдай өзгеше. Мұнда көңді бір жерден екінші жерге тасымалдауға едәуір қаражат жұмсалады.

«Құс саңғырығының құрамында су көп. Оны тасымалдау – лас суды тасымалдаумен бірдей. Біздің технологияны қолдансаңыз, логистика шығынын азайтып қана қоймай, тыңайтқыш өндіру арқылы табыс табуға мүмкіндік аласыз», – дейді компания басшысы.

ИНЖЕНЕРЛІК ШЕШІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗ

Kohshin Engineering компаниясы көң өңдеумен ғана шектелмейді. Оның өнім қатарында құс фабрикаларындағы торлы жабдықтарды тазалайтын роботтандырылған жүйелер, көлік контейнерлерін жууға арналған машиналар, жұмыртқа тасымалдағыштарды және саңылаулы едендерді тазалайтын жабдықтар, сондай-ақ органикалық және минералды тыңайтқыштарды араластыратын құрылғылар бар.

Компания әзірлеген Venus 2.0 роботы биіктігі төрт метрге дейінгі торлы жабдықтарды автоматты түрде тазалауға арналған. Ол автономды жұмыс істей алады және мобильді қосымша арқылы басқарылады. Мұндай жүйелер өндірістегі қол еңбегін азайтып, жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Kohshin Engineering компаниясының маңызды ерекшеліктерінің бірі – инженерлік технологиялардың ғылыми зерттеулермен тығыз байланысы.

Компания Нагоя университетімен ынтымақтастық орнатып, қолданылып отырған технологияларға ғылыми негіздеме жасаумен айналысады. Сонымен қатар, топырақ құнарлылығын арттыруға ықпал ететін өнімдерді дамытуға басымдық береді. Кадзунори Сумия үшін бұл өте маңызды. Өйткені, компанияның мақсаты – тек жабдық сату емес. Технология нақты бір шаруашылықтың мәселесін шешіп, фермерге өлшенетін практикалық нәтиже беруі тиіс.

Kohshin Engineering компаниясының дамуындағы тағы бір маңызды қадам – органикалық тыңайтқыштарды өз өндірісінде шығару.

2026 жылы компания осы жобаны аяқтап, өзі әзірлеген жабдықтарды өндірістің өзінде пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл – технологияны нақты жағдайда сынаудың өзіндік тәсілі. Яғни, компанияның инженерлік шешімдері клиенттердің шаруашылығында ғана емес, өзінің өндірісінде де тиімді жұмыс істеуі керек.

«Біз жаңа нарықтарға шыққан сайын жаңа идеяларға ашық фермерлерді кездестіреміз. Өңделген құс саңғырығының бағасы кептірілген өніммен салыстырғанда 5-10 есе жоғары болуы мүмкін», – дейді Кадзунори Сумия.

Оның айтуынша, мұндай өндіріс фермер үшін қиын кезеңде қаржылық тірек бола алады. Мысалы, жұмыртқа бағасы жыл бойы өзгеріп отырады. Біздің клиенттеріміздің арасында жұмыртқа бағасы төмендеп кеткен кезде тыңайтқыш сатудан түскен табыстың арқасында шаруашылығын сақтап қалған жағдайлар болды.

Жапонияда өңделген тыңайтқыштың ең төменгі бағасы тоннасына
40-50 доллар шамасында. Бұл елде жабдықтың өзін-өзі ақтау мерзімі – 8-10 жыл. Ал, Латын Америкасы мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде өңделген көңнің бағасы тоннасына 100-150 доллар аралығында. Еуропада оның бағасы 200 доллардан асады. Сондықтан, бұл нарықтарда инвестицияның қайтарым мерзімі 2-4 жылға дейін қысқарады.

Компания өкілінің айтуынша, орта бизнес деңгейінен бастап инвестицияның қайтарымы жылдамырақ болуы мүмкін. Тәулігіне 20 тонна көң өңдеген шаруашылықтың өзі жеткілікті рентабельділікке қол жеткізе алады. Ал, тәулігіне 40 тонна өңдеу көлеміне шыққанда инвестицияның өтелу мерзімі одан әрі қысқарады.

Kohshin Engineering жабдықтары автоматтандырылғанымен, өндіріс операторынан биологиялық процестерді түсіну талап етіледі. Шикізаттың ылғалдылығы, оттегінің берілуі және басқа да көрсеткіштерді дұрыс бақылау маңызды.

Өңдеу процесі аяқталғаннан кейін 30-40 күн ішінде тыңайтқыш пайдалануға дайын болады. Ал, оны тағы біраз уақыт жетілдіріп, пісуіне мүмкіндік берсе, өнімнің сапасы жақсара түседі.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАРАЙ БЕТ АЛҒАН ТЕХНОЛОГИЯ

Компанияның бүгінгі негізгі міндеттерінің бірі – халықаралық нарықтағы ауқымын кеңейту. 2024 жылы Азия елдеріндегі нарықты дамыту және клиенттерге қызмет көрсетуге бағытталған Kohshin International компаниясы құрылды. Бұл бағыт ауыл шаруашылығы қарқынды дамып жатқан, сонымен бірге мал мен құс шаруашылығының өсуіне байланысты органикалық қалдық көлемі артып отырған мемлекеттер үшін ерекше өзекті.

Қазақстан үшін де көңді өңдеу мәселесі жыл өткен сайын маңызын арттыра түсуде. Мал шаруашылығы мен құс өсіру көлемінің артуы өндірістік қуатты көбейтумен ғана шектелмейді. Қалдықтарды тиімді басқару, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту және оларды қайтадан ауыл шаруашылығы айналымына енгізу мәселелері де қатар шешілуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жапон тәжірибесі Қазақстанның агробизнесі үшін қызықты болуы мүмкін. Мұнда әңгіме тек заманауи жабдық сатып алуда емес. Ең маңыздысы – ауыл шаруашылығы қалдықтарына деген көзқарасты өзгерту.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Көң – тек жойылуы тиіс қалдық емес. Дұрыс технология қолданылса, ол топырақты қоректендіретін тыңайтқышқа, ал тыңайтқыш – шаруашылық үшін қосымша табыс көзіне айналады.

Kohshin Engineering жарты ғасырдан астам уақыт ішінде ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін кәсіпорыннан ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған халықаралық инженерлік компанияға дейінгі жолдан өтті. Ал, Кадзунори Сумияның кәсіби тарихы отбасылық бизнестің дәстүрді сақтай отырып, жаңа заман талабына бейімделе алатынын көрсетеді. Оның философиясын бір сөйлеммен түйіндеуге болады: шынайы жетістік – қысқа мерзімді пайдада емес, үздіксіз даму, адалдық және өзгелерге пайда әкелуде. Көңді қайта өңдеу де дәл осы қағиданың бір көрінісі.

Бір кездері экологиялық мәселе саналған қалдық енді агробизнестің жаңа мүмкіндігіне айналып отыр. Мұнда экономика мен экология бір-біріне қарсы қойылмайды. Керісінше, заманауи технология олардың мүддесін бір арнаға тоғыстырып, қалдықтан – ресурс, ал проблемадан – мүмкіндік жасауға жол ашады.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here