Ауыл шаруашылығындағы жаңа серпін: Harvest Agro заманауи технологияларға 33 млрд теңге инвестиция салды

0
444
Коллаж: Айнұр Қайратбекқызы

Қазақстанда мемлекет меншігіне қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерін қайта игеру жұмыстары жалғасып жатыр. Осы бағыттағы ірі жобалардың бірін Швейцарияның Harvest Group құрамындағы Harvest Agro компаниясы жүзеге асыруда. Компания бірнеше өңірде аграрлық кластер құрып, заманауи технологияларды енгізуге инвестиция салып отыр.

Бос жатқан жерлерге бақылау күшейді

2022 жылдан бері елімізде пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде ұзақ жылдар бойы игерілмей бос жатқан жүздеген мың, тіпті миллиондаған гектар егістік пен жайылым мемлекет қарамағына қайтарылды.

Алайда бұл жұмыстардың мақсаты жерді мемлекет иелігінде сақтап қалу ғана емес. Қайтарылған алқаптар оларды тиімді игеруге, ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға ниетті шаруалар мен инвесторлардың пайдалануына беріледі. Осылайша, қайтарылған жерлерді тиімді игеру арқылы отандық агроөнеркәсіп кешенінің дамуына серпін беру көзделген.

2022 жылдың көктемінен бастап елімізде ауыл шаруашылығы жерлеріне мониторинг жүргізілді. Негізгі мақсат – егістік пен жайылымдардың бос жатпай, ел игілігіне қызмет етуін қамтамасыз ету. Жер  иесінің иелегінде ғана тұрмай, өнім беріп, мал шаруашылығының дамуына үлес қосуы тиіс деген талап қойылды.

Сол жылы жарияланған жоспарға сәйкес, мониторинг барысында жердің нақты игерілуін бағалау үшін спутниктік түсірілімдер де пайдаланылды.

Сонымен қатар, жылдар бойы пайдаланылмай келген жерлердің меншік иелері мен сол жерлерді игеруге мемлекеттен қолдау алған азаматтарға қатысты тексерулер басталды.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі көп күттірген жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2022-2025 жылдары мемлекет меншігіне 14,3 млн гектар ауыл шаруашылығы жері қайтарылды. Ал осы жылдың қаңтар-мамыр айларында оған тағы 564 мың гектар қосылды.

Қайтарылған жерлердің бір бөлігі қоғамдық қажеттілікке, ең алдымен жайылым ретінде пайдалануға берілді. Ал қалғаны конкурс негізінде қайта бөлініп, жерді тиімді игеруге ниетті шаруаларға табысталды. Соның нәтижесінде ұзақ уақыт бос жатқан егістік пен жайылымдар қайта игеріле бастады.

Игерілген жер – игілік көзі

Қайтарылған жерлерді қайта игеріп жатқан кәсіпорындардың бірі – Harvest Agro холдингі. Бүгінде компания Қазақстанның бірнеше өңірінде аграрлық кластер қалыптастыруға бағытталған ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр.

Harvest Agro – Швейцарияның ірі Harvest Group SA холдингінің құрамына кіретін компания. Harvest Group компаниясын 2015 жылы қазақстандық кәсіпкер Алмаз Әлсенов құрған.

Бүгінде холдинг әлемнің 20 елінде жұмыс істейді. Оның негізгі бағыты – өсімдік шаруашылығы өнімдерінің саудасы. Компания бидай, жүгері, соя және арпаны сақтау, тасымалдау әрі өткізумен айналысады. Harvest Group SA басқаруында 20 жүк кемесі бар. Сонымен қатар холдинг әлемнің 35 елімен сауда байланысын жолға қойған.

Harvest Agro компаниясының да Швейцарияда тіркелген резиденттік мәртебесі бар. Дегенмен компанияның басты мақсаты – Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту. Сонымен қатар жоба өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, елдің инвестициялық тартымдылығын күшейтуге бағытталған.

Бұл бағыттағы жоспарлар нақты көрсеткіштермен айқындалған. Аграрлық кластер қалыптастыру бойынша инвестициялық жоба аясында Қазақстанның бірнеше облысында 1050 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту идеясы Алмаз Әлсеновтің ұстанымымен де үндеседі. Forbes Kazakhstan журналының 2026 жылғы рейтингінде 75 кәсіпкердің ішінде 48-орынға тұрақтаған ол тек табысты кәсіпкер ретінде ғана емес, спорттағы жетістіктерімен де танымал.

2000 жылдардың басында Алмаз Әлсенов дзюдошы ретінде танылып, Қазақстанның олимпиадалық құрамасының сапында өнер көрсетті. Алайда алған жарақатына байланысты үлкен спорттағы мансабын аяқтауға мәжбүр болды.

Кейін кәсіпкерлікке бет бұрған ол меценат ретінде де кеңінен танылды. Бүгінде Harvest Group Халықаралық дзюдо федерациясының ресми демеушісі саналады. Сондықтан бұл жобаны коммерциялық мақсатпен қатар, әлеуметтік мәні де жоғары бастама ретінде бағалауға болады.

Жаңғырудың жаңа кезеңі

Жоба аясында ұзақ жылдар бойы игерілмей, тозған жүздеген мың гектар жерді қайта пайдалануға беру көзделген. Алғашқы кезеңде 150 мың гектар алқап игерілсе, кейін бұл көлемді 300 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Бұл – кезінде мол өнім берген шұрайлы алқаптар емес. Керісінше, жылдар бойы қараусыз қалып, өңделмегендіктен арамшөп басып кеткен, ал кейбірі тіпті тозып, жарамсыз күйге түсе бастаған жерлер. Жобаның басты мақсаты – ұзақ жылдар бойы игерілмеген алқаптарды қайта жандандыру.

Жобаға тартылатын инвестиция көлемі де ауқымды. Былтыр аграрлық кластерді дамытуға шамамен 700 млн доллар инвестиция салу жоспарланған еді. Биыл бұл көрсеткіш 1,5 млрд долларға дейін ұлғайды.

Ең бастысы, қаржының басым бөлігі сырттан тартылған қаражат емес. Инвестиция негізінен Harvest Group пен оның акционерінің өз қаражаты есебінен жүзеге асырылып отыр.

Озық технология – мол өнім кепілі

Аграрлық кластер тек егін өсіріп, шикізат өндірумен шектелмейді. Жоба егін өсіруден бастап оны өңдеу, тасымалдау және өткізуге дейінгі барлық кезеңді қамтитын бірыңғай өндірістік тізбек қалыптастыруды көздейді. Оның негізгі бағыттары – егін өсіру, өңдеу, логистика және өткізу.

Оған қоса,  инвестицияның басым бөлігі егін өсіру ісіне бағытталмақ. Бұл Қазақстан алқаптарында заманауи технологияларды кеңінен енгізуге жол ашады. Harvest Agro өсімдік шаруашылығында қолданылатын озық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді жоспарлап отыр.

Жасанды интеллект жерді қайта игерудің маңызды құралдарының біріне айналып отыр. Оның көмегімен суару жүйесі басқарылады, топыраққа талдау жасалады, өсімдіктер бақыланады, өнім түсімі болжанады. Осылайша, жасанды интеллект өндірістің барлық кезеңінде тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Судың да сұрауы бар

Жасанды интеллектіні суару жүйелерінде қолдану ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттырудың маңызды тетіктерінің біріне айналып отыр. Harvest Agro инвестициялық жобасы жүзеге асырылып жатқан алқаптардың басым бөлігі Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы тәуекелі жоғары егіншілік аймақтарында орналасқан. Бұл өңірлерде суарусыз тұрақты әрі мол өнім алу мүмкін емес.

Алайда оңтүстік өңірлерде су тиімді пайдаланыла бермейді. Соның салдарынан оның көп бөлігі ысырап болады. Ал жасанды интеллект арқылы суару жүйесін басқару және оны заманауи ирригациялық технологиялармен ұштастыру суды 30 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

Климаттың өзгеруі мен құрғақшылықтың жиілеуі жағдайында суды үнемдеу бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Сондықтан суды 30 пайызға дейін үнемдеу аграрлық саладағы технологиялық серпілістің нақты нәтижелерінің бірі деуге толық негіз бар.

Инвестиция тек су тұтынуын жасанды интеллект арқылы бақылаумен шектелмейді. Жоба аясында жаңбырлатып суаратын қондырғылар сатып алу, ұңғымалар бұрғылау, сондай-ақ қажет болған жағдайда жаңа суару арналарының құрылысын жүргізу көзделген.

Жерді қайта игеру барысында жасанды интеллектімен қатар XXI ғасырдың екінші ширегіндегі заманауи агротехнологиялар да кеңінен қолданылады.

Мұның бәрі алқаптардың өнімділігін төрт-бес есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай болжам Harvest Agro мен Kazakh Invest ұлттық компаниясы 2025 жылдың жазында аграрлық кластерді дамыту жөніндегі негіздемелік келісімге қол қойған кезде жарияланған болатын.

Болашаққа салынған инвестиция

Алмаз Әлсеновтің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан аграрлық кластер жобасы Қазақстанның бірнеше өңірін қамтиды. Олардың қатарында Абай, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облыстары және өзге де өңірлер бар.

Жоба алғаш болып Қызылорда, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында қолға алынды. Бұл өңірлерде инвестициялық жобаны іске асыру 2025 жылдың соңында басталды. Бүгінде осы үш облысқа салынған инвестиция көлемі 33,4 млрд теңгеге жетті. Ал алдағы уақытта олардың жалпы инвестициялық көлемі 101 млрд теңгеден асады.

Пилоттық өңірлерде қандай жұмыстар атқарылды және алдағы кезеңге қандай жоспарлар белгіленген?

Қызылорда облысының Жалағаш ауданында 22,5 мың гектар жерді ауыл шаруашылығы айналымына қайтару жоспарланған. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 68 млрд теңгені құрайды. Оның 26,3 млрд теңгесі игерілген. Биыл мұнда:

  • Қараөзек өзенінен ұзындығы 23 шақырым болатын екі суару арнасы тартылды;
  • 142 жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылды;
  • 5 мың гектарға жүгері, 2 мың гектарға мақсары егілді.

Ал, Алматы облысының Ұйғыр ауданында ауыл шаруашылығы айналымына 4,5 мың гектар жерді қайтару көзделген. Жобаның жалпы құны – 12,9 млрд теңге. Оның 3,8 млрд теңгесі игерілді. Осы жылы:

  • 32 ұңғыма бұрғыланды;
  • 32 жаңбырлатып суару қондырғысы орнатылды;
  • 1,2 мың гектарға мақсары егілді.

Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында жоба 10 мың гектар алқапты қамтиды. Мұнда инвестиция көлемі 20,2 млрд теңгені құрайды. Оның 3,3 млрд теңгесі игерілген. Биыл жоба аясында 7 мың гектар суарылмайтын жерге арпа мен бидай егілді.

Әзірге бұл алқаптардың өнімділігі туралы нақты айтуға ерте. Бірақ заманауи агротехнологиялар мен жасанды интеллектінің ұзақ жылдар игерілмей келген жерлерді қайта игеруге тың серпін беріп отырғаны бүгіннің өзінде байқалады.

Ұзақ жылдар бойы Қазақстанның миллиондаған гектар құнарлы жері толық игерілмей келді. Енді сол алқаптарды қайта жандандыруға бағытталған ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Миллиардтаған доллар инвестиция тартылған бұл бастамалар Қазақстан экономикасының әлеуеті тек мұнай мен газ өндірумен ғана шектелмейтінін көрсетеді. Ел экономикасының өсіміне серпін беретін салалардың бірі – ауыл шаруашылығы.

Қазіргі әлемдегі тұрақсыздық азық-түлік нарығына да өз әсерін тигізіп отыр. Табиғи апаттарға дайындалуға болады. Алайда түрлі қақтығыстар мен өзге де сыртқы жағдайлар тауар жеткізу тізбегін кез келген сәтте бұзуы мүмкін. Сондықтан ауыл шаруашылығына қаржы салып, жаңа технологияларды енгізген елдер ұтады. Әлемдік сауда жолдарының бойында орналасқан Қазақстан үшін мұның маңызы зор.

Климаттың өзгеруі мен жаһандық азық-түлік дағдарысы қаупі күшейген кезеңде ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру стратегиялық міндетке айналып отыр. Жүздеген мың гектар жердің қайта игерілуі, бидай, жүгері және басқа да дақылдардың көлемін ұлғайту елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, болашақтағы сын-қатерлерге төтеп беруге мүмкіндік береді.

Тобықтай түйін

Жер – елдің ең құнды байлығы. Сондықтан оны тиімді игеру, инвестиция тарту және озық технологияларды енгізу бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың да маңызды міндеті. Бұл бағыттағы бастамалар Қазақстанның аграрлық әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығының жаңа даму кезеңіне жол ашпақ.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here