Ұлттық кеңес: 2,5 жылдағы нәтиже қандай?

0
281

Бүгін, 16 қарашада «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың тиімді тетігіне айналып үлгерген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алтыншы отырысы өтті.

«Күлтөбенің басында күнде кеңес» өтіп жатпаса да, Президент Жарлығымен​ 2019 жылдың 12 маусымында құрылған Ұлттық кеңестің 2,5 жылда өткен алты отырысында біраз мәселенің шешімін тапқанын көз көріп, құлақ естиді. Айталық, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық кеңес отырысында берген тапсырмаларын іске асыру жолында 90-нан астам нормативтік-құқықтық акті әзірленіп, соның ішінде 20 заң қабылданған екен:

– шетелдіктер мен заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді сатуға және жалға беруге тыйым салынды;

– шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы қысқартылды (2019 жылғы 49 мыңнан 2020 жылы 29 мыңға дейін);

– болашақ педагогтар мен медицина мамандарының шәкіртақысы 50 мың теңгеге дейін, докторанттардың шәкіртақысы 172 мың теңгеге дейін көбейтілді;

– педагогикалық бағытта жоғары оқу орнына түскісі келетіндерге қойылатын талаптар күшейтілді (ҰБТ бойынша шекті 60 балдан 70 балға дейін көтерілді);

– 100% мемлекеттің қатысы бар ұлттық, мемлекеттік жоғары оқу орындарын жеке меншікке беруге тыйым салу туралы норма енгізілді;

– ЖОО оқытушыларының, медицина қызметкерлерінің жалақысы артты;

– ерекше білім алуға мұқтаж балаларды психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қолдау үшін мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыратын нормалар бекітілді;

– мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында мүмкіндіктері шектеулі балаларға білім беру саласында жаңа тәсілдер әзірленіп, бекітілді; 

– алты өңірде мүгедектікті белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматын енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды;

– әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімшелердің штат саны нығайтылды;

– автокөлік иелеріне көлік жүргізу кезінде тек жеке куәлігін алып жүруге мүмкіндік беретін заңнамалық түзетулер қабылданды;

– оңтүстік өңірлерден солтүстік өңірлерге көшкендерге берілетін субсидиялар мөлшері 2 есеге – 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке, яғни 204 мың теңгеге дейін ұлғайтылды…

Әрине, жаза берсек бұл тізім ұзарып кете береді. Яғни, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Ерлан Қошанов айтқандай, Ұлттық кеңес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын тиімді іске асыратын құрылым ретінде қалыптасты.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here