Түркістанда Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтті

0
348
Тәуелсіздіктің ең үлкен жеңістерінің бірі – жаңаған Түркістан. Бүгін Түркістанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тұғырлы бол, Тәуелсіздік» салтанатты іс-шарасына қатысушылар осылай деді. Салтанатты жиын «Тәуелсіздік – тірегім» хореографиялық-сазды театрландырылған қойылымымен ашылды. Тарихтан сыр шертіліп, жаңа дәуірге қадам басқан Қазақстанның қарышты қадамдары сахналанды. Мерекеде ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жұртшылықты ең ұлы мерекемен құттықтады. Өңір басшысы егемендіктің арқасында қол жеткен жетістіктерге ой жүгіртті.
– Тәуелсіздіктің 30 жылында жаңа Қазақстанның іргетасы қаланып, жан-жақты нығайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен мемлекеттік рәміздеріміз белгіленді. Мемлекеттік, халықтық билік жүйесі қалыптасып, ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылып, ұлттық қауіпсіздік саласы жаңарды. Ата Заңымыз қабылданды. Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы өңір орталығына айналды. Бұл оқиға – Тәуелсіздіктің және рухани жаңғырудың ең бағалы жеңістерінің бірегейі еді. Түркістан қаласы аз ғана уақытта күллі Түркі дүниесіне танылып, түркілер төріне айналды. Түркітілдес мемлекеттер басшыларының бейресми Саммитінде Түркістан Түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы деп жарияланды. Тәуелсіздігіміз, Қазақстанымыз мәңгілік болсын! Ұлы мереке құтты болсын! – деді облыс әкімі.
Түркістанға арнайы келген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев отыз жылда Қазақстан әлемдік деңгейде танылып, тұғырын биіктеткенін атап өтті.
«Тәуелсіздікпен өткен 30 жыл Қазақстанның жаңа келбетін қалыптастырды. Осы отыз жылда мемлекет жаңғырып, ұлт қайта түледі. Әлемнің 138 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнаттық. Осы жылдар ішінде еліміздің ішкі жалпы өнімі 17 есе өсті. Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЮНЕСКО, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты ірі халықаралық ұйымдарға мүше болып, төрелік айтып, төріне шықтық. Мемлекетіміз әлем халықтары алдында зор беделге ие болды. Тәуелсіздік жылдары бой көтерген ғажайып елорда Отанымыздың жүрегіне, Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналды. Еліміздің барлық өңірлерінде де ұланғайыр істер атқарылды. Сіздердің облыстарыңыз да басқа өңірлер сияқты ел экономикасының дамуына жылдан-жылға үлес қосып келеді» деген Қырымбек Елеуұлы Түркістанның жаңа кейіпке еніп, дамудың даңғыл жолына түскенін де атап өтті.
Мемлекеттік хатшы мен облыс әкімі еліміздің, Түркістан өңірінің дамуына үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік марапаттарды тапсырды. Алдымен өңірдің дара тұлғаларының кеудесінде «Парасат», Достық», «Құрмет» ордендері жарқырады. Сонымен бірге адал еңбегімен, белсенді қызметімен қоғамды гүлдендіріп жүрген бір топ азаматқа «Еңбек Даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы салтанатты түрде тапсырылды.
«Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде өткен мерекелік жиында күй күмбірлеп, сананы сергітетін шығармалар орындалды. Атап айтсақ, Мөлдір Әуелбекова, Жігер Ауыпбаев, Алтынай Жорабаева бастаған қазақ эстрадасының танымал өкілдері өнер көрсетті. Түркі елдерінің рухани астанасында бауырлас халықтардың өнерпаздары да өз шашуларын ала келген екен. Татарстан, Әзірбайжан, Бурятия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түркия елдерінің эстрада жұлдыздары да қазақ және түркі елдері тілдерінде ән шырқап, мерекені халықаралық деңгейге көтерді.
Түркістан облысы әкімінің Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here