Ауданбек Көбесов – көрнекі фарабитанушы және заманауи білім мен тәрбие

0
2791

Туғанына 90 жыл толып отырған, мұсылман шығысы ғылым тарихы мен педагогикасы бойынша көрнекі ғалым, белгілі фарабитанушы, профессор Ауданбек Көбесовтың, 1150 жылдық мерейтойы  өткен жылы ғана атап өтілген кезде, бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидің философ-ойшыл, математик, жаратылыстанушы, педагог  екендігінің шынайы бейнесін  қалпына келтіруші екенін ата айта отырып, жас ұрпақты ұлы ғұлама мұрасы бойынша оқытып тәрбие жүргізу хақында сөз қозғау парыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен 2019 жылғы 16 тамызда өткен Тамыз конференциясында  «Тәрбие – сапалы білімнің негізгі арқауы, діңгегі. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі барша білім саласы қызметкерлерінің бой түзер бағдары болуы тиіс. Еліміздің жастары өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар, мемлекеттің озық инновацияларына сай өркендеуіне зор үлес қосуы қажет…», – деп атап көрсеткен болатын.

Осы орайда, білім беруді отандық тарихта белгілі ғалымдардың жаңалықтарымен, оның ішінде, әл-Фараби сияқты бабамыздың еңбектерімен байланыстыра толықтырып, оқыту мазмұнын инновациялық тұрғыда байыту, жастарға соның негізінде патриоттық сезімді сіңіре, оларды ғылыми-әдістемелік зерттеулермен айналысуға жұмылдыру күн тәртібіндегі мәселе екендігі даусыз.

Осыған қарамастан, жас ұрпақты ілім-білімге, ғылымның жауһарларына қызықтырып, оларға, рухани, патриоттық білім-тәрбие беру мақсатында әл-Фараби бабамыздың еңбектерін, мұрасын оқу бағдарламаларына енгізіп, оқу құралы ретінде пайдалану сияқты игілікті ғылыми-әдістемелік зерттеулер мен шаралардың жоққа тән екендігін айта кеткен жөн.

Не дегенмен, осындай игілікті бағытта біздің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Әл-Фарабидің математикалық мұралары заманауи білім беру жағдайында» атты жоба бойынша ғылыми-әдістемелік зерттеу жүргізіліп, ақпараттық технологиялар негізінде жасалынған білім беру технологиялары көмегімен алынған зерттеу нәтижесі бой көрсетті. Осы жоба аясында педагогикалық ЖОО-ның студенттеріне және мектеп оқушыларына арналған әл-Фарабидің оқу құралы тәржімелене құрастырылып жарық көрді, оқушылар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, республикалық көлемде жүлделі орындарға ие болып, бір докторант PhD докторлық жұмысын қорғады. Бұл айтылған істің нәтижелілігі мен зерттеу барысындағы жиналған тәжірибе әл-Фараби бабамыздың еңбектерін, мұрасын оқытып тәрбиелеуде пайдаланудың қажеттігіне сенім ұялатады.    

Біздің осындай зерттеулеріміз бен жетістіктерімізге  мұрындық болған физика-математика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы, мұсылман шығысы ғылым тарихы мен педагогикасы бойынша көрнекі ғалым, белгілі фарабитанушы, профессор Ауданбек Көбесовтың Әбу Наср әл-Фарабидің ғылыми еңбектері бойынша жүргізген сүбелі зеттеулері еді.

Ауданбек Көбесов 1932 жылдың 10 ақпанында  (Жамбыл облысы, Талас ауданында) дүниеге келген. Орта мектепті Жамбыл қаласында 1948 жылы күміс медальға аяқтап, 1952 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің физика-математика факультетін математика мамандығы бойынша үздік бітірген. Институтты бітіргеннен кейін Талас ауданында оқытушы, мектеп директоры жұмыстарын атқарып, 1959 жылы   Абай атындағы ҚазПИ-ге оқытушылық қызметке шақырылды.

1960 жылы Москваға КСРО Ғылым Академиясына «Араб математикасының тарихы» мамандығы бойынша аспирантураға түсіп, оны 1963 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты дәрежесіне жазған диссертациясын (тақырыбы – «Развитие идей Архимеда в работах Насир ад-Дина ат-Тусси») қорғап, сәтті аяқтап шықты. 1963 – 1967 жылдар аралығында Абай атындағы ҚазПИ-дің жоғарғы алгебра және сандар теориясы кафедрасында аға оқытушы, доцент болып жұмыстар атқарады.

А. Көбесов 1968 жылдың қаңтары мен 1977 жылдың ақпаны аралығында Қазақ КСР Ғылым Академиясында әл-Фараби мұрасын зерттеу бойынша құрылған топта аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп, осы кезде ұлы жерлесіміз, ғалым-энциклопед Аль-Фарабидің шығармаларын тәржімелеуде, өңдеуде және зерттеуде үлкен еңбектер атқарған. Осы кездерде, яғни 1971 жылы, ғалым Москвада ХІІІ ғылым мен техника тарихы халықаралық конгресінде үлкен мазмұнды «Роль аль-Фараби в развитии науки» атты баяндама жасайды.

 А. Көбесов осы 1977 жылдан өмірінің соңына дейін әл-Фараби атындағы ҚазМУ-да жұмыс істеп, 1977 – 1986 жылдар аралығында математиканы оқытудың әдістемесі кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған. 1990 жылы Ташкент қаласында әл-Фарабидің ғылыми-педагогикалық мұрасы бойынша докторлық диссертация қорғады. 

Жалпы, А. Көбесовтің ғалым ретіндегі ғылымға қосқан ерекше үлесі негізінен орта ғасырдағы Қазақстан тумасы, ұлы ғалым Әбу Наср әл-Фарабидің ғылыми еңбектерін зерттеуімен тікелей байланысты.

Ол шығыс математика маманы ретінде 60-жылдары құрылған әл-Фараби мұраларын зерттеу тобының қызметімен байланысты отандық фарбаитану негізін қалаушылардың бірі болды. Осы топтың құрамында ол 9 жыл еңбек етті.

А. Көбесовтің бұдан кейінгі зерттеу жұмыстары ұлы жерлесіміз әл-Фарабидің ойшыл-математик, астрономияның теоретигі және тәжірибешісі және басқа жаратылыстану ғылымдарының да зерттеушісі ретіндегі шынайы бейнесін қалпына келтіруге шешуші үлес қосты. Әл-Фараби бұған дейін ғылым тарихында негізінен философ және музыка теориясын жасаушы ретінде белгілі болатын.  

Әл-Фарабидің бай ғылыми мұраларын зерттеу тақырыбы бойынша ғалым А.Көбесов ұлы ғұламаның 200-ден астам ғылыми, ғылыми-танымал және басқа да еңбектерін, араб тілінен аудармаларын жариялады. Олардың ішінде кеңінен танымал «Әл-Фараби» (1971), «Әл-Фарабидің математикалық мұраcы» (1974), «Әл-Фараби еңбектеріндегі астрономия» (1981), Әбу Насыр әл-Фараби (2004), ғалымның араб тіліндегі математикалық трактаттарының аудармалары, оның ««Алмагестке» түсініктемесі» және көптеген басқа да монографиялары, кітаптары бар.

Жұртшылыққа, әсіресе, математиктер қауымына Фараби бабамыздың ойшыл-математик екендігі толық ашып көрсетілген «Әл-Фарабидің математикалық мұрасы» монографиясы кеңінен мәлім. Бұл еңбек шетел әл-Фараби зерттеушілерінің жоғары бағасын алған және әл-Фарабидің математикалық еңбектері жан-жақты жүйелі түрде терең зерттелген бірден бір еңбек ретінде маңызы зор.

Оның маңыздылығы бүгінгі күнде де одан әрі артпаса, кеміген жоқ. А.Көбесовтың осы «Математическое наследие аль-Фараби» («әл-Фарабидің математикалық мұрасы») атты еңбегінің шет елде, яғни Американың Мичиган университетінің кітапханасында цифрланған көшірмесі жасалынып, оған осы университеттің иелік жасауы (11 шілде 2007 жылы цифрланған, барлығы 246 бет) сол маңыздылық белгілерінің бірі екендігіне талас жоқ. Бұған қоса, жол жөнекей айта кетерлік нәрсе, А. Көбесовтың бастамасы бойынша, белсенді қатысуымен және ғылыми редакторлығымен шыққан әл-Фарабидің «Математичекие трактаты» («Математикалық тракттары») кітабының цифрланған көшірмесіне де осы Мичиган унивеситетінің (1 ақпан 2010 жылы цифрланған, барлығы 523 бет)], ал, сол сияқты, «Комментарии к «Альмагесту» Птолемея» еңбегінің цифрланған көшірмесіне Калифорния университетінің (27 тамыз 2008 жылы цифрланған, барлығы 324 бет)   иелік жасауы көп нәрсені аңғартса керек.

Атап айтар болсақ, Гарри Дж.Ти (Окленд университеті, Жаңа Зеландия) Алеппо қаласында (Сирия)  ағылшын тілінде шығатын «Араб ғылымының тарихы» журналында (мамыр, 1987, №2, т.2) (Journal of the History of Arab Science 1978, Volume 2, No 1 (1))  жариялаған мақаласының кіріспесінде былай деп жазған: «А.Көбесовтың монографиясы әл-Фарабидің математикалық еңбектеріне шолу жасалынған алғашқы кітап және әл-Фарабидің математикасына қызығушылық танытқандар үшін өте маңызды». Кітаптың мазмұнын ары қарай егжей-тегжейлі сын пікір бере келе, автор қорытындысында, жалпы былай деп бағалайды: «Көбесовтың кітабы әл-Фараби математикалық еңбектерінің керемет дәйектілігі мен тереңдігін және оның көптеген кейінгі авторларға күшті әсерін көрсетуімен құнды. Ол әл-Фарабидің шығармаларын зерттейтіндердің барлығына да пайдалы».

Белгілі ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Б.А. Розенфельд (Москва) өзінің бұл кітапқа кезінде берген сын пікірінде (Известия АН КазССР, 1976 ж.): «А.Көбесовтің бұл монографиясы әл-Фарабидің ғылыми шығармашылығының осыған дейін белгісіз тағы бір қырын ашып көрсетті және әлемдік ауқымда аталып отырған ұлы ойшылдың 1100-жылдығына лайықты ескерткіш болып табылады,» – деп атап айтқан еді. 

А. Көбесовтің Фарабитануға қосқан маңызды үлестерінің бірі, ғылым тарихында алғаш рет әл-Фарабиді ортағасырлық Шығыстың көрнекті астрономы ретінде көрсеткен «Әл-Фараби еңбектеріндегі астрономия» монографиясы болып табылады. Бұған дейін шығыс ғылымының тарихшылары әл-Фарабидің астрономиясы туралы айтқанда, оның тек «Птоломейдің «Алмагесіне» түсініктеме» кітабын жазғандағын және оның геоцентрлік болжамды қабылдағанын факт ретінде атаумен ғана шектелген болатын. Ал, аталмыш кітап авторы «Птоломейдің «Алмагесіне» түсініктеме» кітабын араб тілінен аударып, әл-Фарабидің бұл ірі шығармасының мазмұнын және басқа да еңбектерін зерттей отыра, әл-Фарабиді астроном-теорияшыл және астроном-тәжрибешіл ретінде жаңа қырынан танытты.

А.Көбесов өзінің тарихи-астрономиялық зерттеулерінде екі ғұламаның әл-Фараби мен Самарқанның ұлы билеушісі Ұлықбек арасында өзара сабақтастық байланыстың бар екендігін ашты. 

Әл-Фарабидің физика-философиялық көзқарастарын зерттей отырып, А.Көбесов онда табиғатты зерттеудің эксперименталды-теориялық әдісінің бар екендігін, оның көмегімен вакуумның (бос кеңістіктің) болмайтындығы дәлелденетіндігін, сонымен қатар астрологиялық болжамдардың, алхимиялық наным-сенімдердің ғылыми негіздерін анықтағандығын айқындады. Автор әл-Фарабидің бұрын қарастырылмаған «Жаратылыстану негіздері жайлы» трактатын зерттеу негізінде онда қандай да бір космогоникалық және космологиялық тұжырымдама бар болған және ол бойынша қоршаған Әлем негізінде материалдық субстанция (Ұлы Алланың қалауымен жасалынған, нұр) жатыр; ол бүкіл Ғаламды қозғалыста, үзіліссіз, эволюциялық дамуда қарастырады деген қорытындыға келеді.

А. Көбесовтың аспиранты Е. Жәнібековпен бірге жүргізген зерттеулері ұлы ғалымның өз заманындағы көрнекі физик болганын керсетті. Олар Әл-Фарабидің физикалык көзқарастары оның «Музыканың ұлы кiтaбы», «Вакуум туралы трактат», «Ғылымдар энциклопедиясы», «Физика негіздері», «Мәселелердің түп мазмұны», «Астрологиялык трактат», «Аристотельдің физикасына түсініктеме» және басқа еңбектерінде қамтылгандығын тоқтала келе, осының ішіндегі белгілісі «Вакуум туралы трактатқа» талдау жасай отыра, оның физикасын тарихи тұрғыдан зерттеушілер Фараби және оның шәкірттері Аристотельдің ізін қуып, ешқандай ваккумның жоқтығы жайлы ілім жасаған деген қорытындыға келеді.

А.Көбесовтың айтуынша, Фарабидің медицина, билогия ғылымдарымен шұғылданғаны мәлім болып отыр. Ол, әсіресе, бұл ғылымдардың теориялық мәселелеріне көп мән берген. Ол бұл жөнінде «Адам ағзалары жайлы», «Жануарлар ағзалары жайлы», «Темпераменттер туралы», т.б. еңбектер жазған. Олардың басым көпшілігі әлі аударылмай, зерттелмей жатыр. Фарабидің кейінгі кезге дейін белгісіз осындай медициналық трактаты мәлім болып отыр. Медицина (тәуіптік) мәселелеріне арналған бұл еңбектің толық аты «Адам ағзалары жөнінде Аристотельмен алшақтығы туралы Галенге қарсы жазылған трактат». Атақты дәрігер ибн Сина Фарабидің осы еңбекте және басқа медициналық трактаттарында баяндалған теориялық принциптері мен нұсқауларына сүйене отырып өзінің әйгілі медициналық жүйесін жасағандығын атап өтеді.

Ұлы ұстаздың география (жағрафия) ғылымына жетік болғанын көрсетететін деректерде баршылық деп жазады А. Көбесов. Фараби «Алхимия өнерінің қажеттілігі туралы» деп аталатын арнайы еңбек жазып, алхимия өнерінде не дұрыс және не теріс екендігін ашып беруге тырысқан. Фараби алхимияны бүтіндей жоққа, бекерге шығарушыларға да, осы сияқты оны түгелдей ешбір күмәнсіз қабылдаушыларға да қарсы болады. Оның пікірінше, алхимияны ғажайып әулиелік құралы емес, өзінің зерттеу пәні, белгілі бір мақсаты бар жаратылыстану ғылымының бір саласы деп қарау керек. Фарабидің алхимия, хиимия туралы туралы дұрыс көзқарасы, қағидасы кейінгі ғасырлардың Ибн Сина, Омар Хайям, Леанордо да Винчи тағы басқа алдыңғы қатарлы оқымыстылар тарапынан қолдау тапқан деп тұжырымдайды А. Көбесов өз зерттеулерінде.

Әл-Фарабидің педагогикалық мұрасы жайлы кейбір шағын мақалалар болмаса, оны жан-жақты талдап, ашып көрсетуге арналған еңбек кейінгі кезде А. Көбесовтың терең зерттулеріне дейін болмай келген еді. Оның «Фарабидің педагогикалық мұрасы» атты докторлық диссертациясы мен басқа да жарық көріп жұртқа танымал болған және әлі де бабамыздың жарияланбаған еңбектері мен аудармаларына сүйеніп жазған тамаша ғылыми еңбектері бұл салада бізге ұлы ғалымның педагогикалық көзқарастарын, әрекеттерін біршама толық дәрежеде, ғылыми дұрыс әдіснамалық тұрғысынан ашып беруге мүмкіндік туғызып отыр.

Фарабидің педагогикалық жүйесін мазмұндауды А. Көбесовтың өз сөзімен келтірсек, қысқаша былай келтіруге болады: «Әуелі Фараби педагогика ғылымының пәні мен мақсаттары туралы; екінші, ғұламаның жалпы педагогикалық идеялары, тәрбиенің мазмұны, түрлері мен әдістері туралы көзқарастары; үшінші, Фараби еңбектеріндегі дидактика проблемалары; төртінші, Фарабидің педагогикалық идеяларының оның математикалық және жаратылыстану ғылыми еңбектерінде қолданылуы және жүзеге асырылуы; бесінші, Фарабидің педагогикалық көзқарастарының кейінгі ғасырлардағы Шығыс, Батыс педагогикасына тигізген әсер-ықпалы».

Фарабидің бүкіл педагогикалық жүйесін ашып беру оңай нәрсе емес екенін, ол туралы арнапйы зерттеулер жүргізіліп, кітаптар жазылуға тиіс деген ойларға меңзейді өз зерттеулерінде белгілі педагог ғалым А. Көбесов.

Өмірінің соңғы жылдарында ғалым әл-Фарабидің ғылыми-әдістемелік, математикалық жетістіктері мен заманауи ғылыми білім арасындағы байланысқа баса назар аударған, ал бұны куәландыратын оның жарияланбаған мына еңбектері: «Жоғары математика тарихы алдындағы әл-Фарабидің сіңірген еңбегі» (монографиясы) және «Әл-Фараби және қолданбалы математика мәселелері» (мақала). Бұл бағыт қазіргі кезде әдістемелік ғылым саласында одан әрі зерттеулер жүргізу үшін келешегі бар іс болып табылады. Профессор А. Көбесовтің ғылыми-әдістемелік шығармашылығында жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған әл-Фараби шығармашылығы бойынша оқулық және оқу құралдарын жазып, солар бойынша көп жылдар бойы университет студенттері үшін дәрістер оқып, тәжірибелік сабақтар жүргізу үлкен орын алады. Оның үстіне, оның көрнекі ғалым ретінде әл- Фарабидің өзі туралы және оның ғылыми шығармашылығы мен ғұлама жайлы біліми мағлұматтарды халық ортасына кеңінен таратуда көп еңбек еткендігі баршаға мәлім.

Айта кетерлік нәрсе, А. Көбесов ағамыз өз еңбектерін, көбінесе, ана тілімізде жазған, оның себебін ол өзінің “Әбу Насыр әл-Фараби» кітабының (Алматы, 2004 ж.)  алғысөзінде «Фарабидің төл еңбектерінің халык арасында көп белгісіз болып отырғанын ескеріп, 6iз оның ғылым мен өнер туралы мұраларына арналған тарауларда, кебінесе, ғалымды ана тілімізде сөйлетуге көп көңіл бөлдік. Бұл ұлы ғалымның өзінің ой-парасатын, ойлау, пайымдау, баяндау жүйесін ғана  емес, сол замандағы рухани мәдениеттің жай-жапсарларын, ерекшеліктерін дұрыс анғаруға, түсініуге қолайлы болар деп ойлаймыз» деп түсіндіреді.

 А.Көбесов өзінің «Ғылымда даңғыл жол жоқ» (Алматы, 2008 ж.) атты соңғы кітабында «Оқу – методикалық жағынан алғанда әл-Фарабидің геометриялық трактаты маңызын күні бүгінге дейін жоғалтқан жоқ. Қазіргі педагогика ғылымы талап дәрежесіне сай біраз өңделсе, толықтырылса, бұл еңбек орта мектеп және жоғары оқу орындарының оқушылары үшін салу есептері жөнінде аса пайдалы құрал болары сөзсіз», -деп жазған еді. Оның бұл айтқан тілегі қазірде шындыққа айналуда, яғни ол оның өзі білім алған қазақтың «Қарашаңырағы», алғашқы жоғарғы оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде шешімін тауып жатқан жайы бар.

Бұл игілікті істі университетіміздің информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасында (профессор Е.Ы. Бидайбековтың жетекшілігімен) әл-Фарабидің математикалық мұрасын тек геометриялық салу есептері бойынша ғана емес, тригонометриясы, арифметикасы мен музыка теориясы бойынша да, мектеп математикасының мазмұнымен сабақтастыра, заманауи ақпараттық технологияларды тиімді қолдана отырып, оларды білім беру жүйесінде оқытудың жолдарын зерттеп іске асырылуда. А.Көбесов негізін салған жүйе бойынша жасалған зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қандай жетістіктерге   қол жеткізілгендігі мақала басында қысқаша айтылды.

Бұл жетістіктерге қарамастан, әл-Фарабидің математикалық мұрасы бойынша жазылған монографияда қарастырылған физика-математикалық бағыттағы сфералық тригонометрия мен астрономиясы, арифметика мен музыка теориясы қолданбалылық деңгейге дейін зерттеліп, сол сияқты оның физика саласы бойынша еңбектері заманауи білім берудегі өз орнын табатындай дәрежеде зерттеуді күтуде.

 Ал, әл-Фарабидің жаратылыстану-ғылыми бағыттағы химия, медицина, география, ботаника, минерология тағы басқа. жаратылыстану ғылымдары бойынша жазған трактаттары да, бұл салаға қосқан жаңалықтары жеткілікті екендігі белгілі, ғұламаның олар бойынша мұрасы да өз кезегінде заманауи білім беруде ендіруді қажет ететіндігі сөзсіз.

Әл-Фарабидің гуманитарлық-ғылыми бағыттағы тіл білімі және оның тараулары; логика және оның тараулары; азаматтық ғылым және оның тараулары, заң ғылымы және дін ғылымы тағы сол сияқты. ғылымдар бойынша еңбектері де заманауи білім берудегі өз орнын табатындығына сенім артуға болады.

Әл-Фарабидің педагогика тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі болғандығы белгілі. Ол — шығыс елдерінде тұңғыш сындарлы педагогикалық жүйе жасаған ағартушы оқымысты. Сондықтан да Ауданбек аға зерттей ұсынып отырған, бабамыздың педагогикалық бағыттағы мұрасы заманауи білім беруде көрнекі орын алатындығына талас жоқ.

Қорытындылай келгенде, шығармашылық жолы мен ғылыми зертеулеріне біз жасаған шолу – ғалым-педагог Ауданбек Көбесовтың ғұлама ғалым әл-Фарабидің ойшыл-математик, жарытылыстанушы, педагог екендігінің шынайы бейнесін қалпына келтіруші, өз шыңының биігіндегі    ғалым екендігін білдіреді. Ал, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың Ауданбек ағамыз қалпына келтірген осы шынайы бейнесі негізінде оның мұрасын өзекті ғылыми зерттеулерде және инновациялық білім беру үдерістерінде кеңінен қолдану мақсатында жас ұрпақты әл-Фараби еңбектері, мұрасы бойынша оқытып тәрбие жүргізуді Республикалық білім беру жүйесінде қолға алу біздің бұлтартпас парызымыз.

Бидайбеков Есен, профессор

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here