Ұлт мүддесі үшін күрескен қайраткер

0
1870

Менің қайраткер тұлға Ыдырыс Мұстамбайұлының қоғамдық-саяси қызметі туралы зерттеулер жүргізіп келе жатқаныма біраз жылдың жүзі болды. 2013 жылы «Қайраткер Ыдырыс Мұстамбайұлы» деген тақырыпта монографиялық зерттеу еңбегім жарық көрді. Ыдырыс Мұстамбайұлы 1959 жылы ісінде қылмыстық әрекеттердің жоқтығына байланысты ресми түрде ақталған тұлғалардың бірі. Солай бола тұра, қайраткер тұлғаның қоғамдық-саяси қызметін зерттеу барысында оның ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивіндегі жеке ісімен танысуға рұқсат берілмей келді. Сондықтан оның өмірінің соңғы кезеңіндегі тергеу материалдарымен танысуға мүмкіндік болмады.

Ресми түрде ақталған тұлғалардың жағдайы осылай болып жатқанда, ресми түрде ақталмаған, әлі ісі қаралып, лайықты бағасы берілмеген мыңдаған саяси тұрғыдан айыпталғандар жөнінде не айтуға болады? Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивіндегі (қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінің архиві) Ыдырыс Мұстамбайұлының жеке ісімен танысуға мүмкіндік болмағаннан кейін, оның 1933 жылдың қаңтарынан кейінгі, яғни сотталғаннан кейінгі жағдайы, іс-әрекеті қалай болды, сотталып кеткеннен кейін мерзімі біткеніне қарамастан екінші рет неліктен сотталған, ол өзіне тағылған айыптарды қаншалықты мойындады, қашан және қай жерде қайтыс болды? Және тағы да басқа түйткілді сұрақтардың жауабын толық ашуға мүмкіндік болмаған болатын.

2020 жылы 30 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жариялап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2020 жылы 24 қарашада №456 «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссия құру туралы» Жарлығы шықты. Жарлықтың негізінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы комиссия құрылып, оның құрамына бұрын есігі жабық болып келген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің архивтерінде жұмыс істеуге рұқсат берілді. Соның нәтижесінде қайраткер тұлға Ыдырыс Мұстамбайұлының ісіне қатысты тергеу материалдарымен танысуға мүмкіндік туды.

Жалпы алғанда, Ыдырыс Мұстамбайұлының қоғамдық-саяси қызметі сол кезеңдегі республикамызда болып жатқан әлеуметтік-саяси оқиғалармен сабақтас өрбіді және сол оқиғалардың айқын көрінісі болды. Ұлт мүддесін ту еткен қайраткер сол кезеңдегі саяси оқиғалардың бел ортасынан көрінді. Жалған саяси айып тағылып, алдымен қуғынға ұшырағандығы да сондықтан болатын. 1929 жылдың бас кезінен бастап, Қазақстанның барлық аймақтарында күрделі жағдай қалыптасып, өздерінің саналы ғұмырында халқымыздың азаттығы мен теңдігі, рухани жаңғыруы мен мәдениетінің өсуі жолында күресіп келген А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев сынды тұлғалар тұтқындалды. Оларға «Кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық ұйым құрды, Орта Азиялық пантүркішілік ұйымының басшысы Валидовпен байланыста болды, Қазақстанда қарулы көтеріліс дайындады» деген сықылды жалған айыптар тағылып, арыстардың алды өлім жазасына, қалғандары ұзақ мерзімге сотталды. Алаш қайраткерлерінің артынан олармен мүдделес әрі байланыста болған Ыдырыс Мұстамбайұлы сынды тұлғалар қуғын-сүргінге ұшырады.

Ыдырыс Мұстамбайұлы Семей қаласындағы Қазақ геологиялық-барлау институтының директоры болып істеп жүрген кезінде 1933 жылы 17 қаңтар күні Мәскеу қаласында ОГПУ тарапынан тұтқындалады. 1933 жылдары Қазақстанда контрреволюциялық әрекеттері үшін деген жалған айыппен 500-ге жуық қазақ қайраткері тұтқындалған. Бұл «контрреволюциялық әрекеттердің» астарында Ф.Голощекиннің ұжымдастыруды жүргізу жылдары халықтың қолындағы күн-көріс малын тартып алуы, күштеп астық дайындау, күштеп ет дайындау сынды әпербақан, оспадар саясатынан туындаған халықтың наразылық көтерілісі жатты. Голощекин бұл көтерілістер жөнінде орталықтағы қолдаушысы Сталиннің атына жазған хаттарында «Орта Азиямен байланысқан контрреволюциялық және бандиттік көтерілістер» деп бұрмалап көрсетті және өзінің тарапынан жіберілген өрескел қателіктерді қазақ қайраткерлеріне аударды. Оларға мынадай негізсіз айыптаулар тағылды: «Кеңес өкіметін құлатып, буржуазиялық ұлтшылдық автономия құру», «ұжымдастыруды жүргізуге кедергі келтіру», «елде қолдан азық-түлік тапшылығын ұйымдастырып, аштық жасау», «бандылардың бас көтеруін ұйымдастыру», «жастарды ұлтшыл Алашордашыл рухта тәрбиелеу», «рулық құрылымды сақтап, байларды тәркілеуден қорғау» және тағы да басқа. Осы негізсіз айыптаулардың алдыңғы қатарынан бұған дейін де «топшыл», «ұлтшыл», «Сәдуақасовшыл», «байшыл» деп қуғындалып келген Ыдырыс Мұстамбайұлын көреміз. Ол Мәскеуде тұтқындалғаннан кейін бір айдай сонда тергеліп, 1933 жылдың 18 ақпанында Алматыдағы ОГПУ қарамағына жіберіледі. Қазақстандық ОГПУ-дың ерекше бөлімінде бес айдай тергелгеннен кейінгі оған тағылған айып: «Қазақстанда кеңес өкіметін құлату және КСРО-дан бөлініп кету мақсатындағы жоғары оқу орындары мен қызыл армия бөлімдерімен байланысқан контрреволюциялық ұйымды және топты құрды» болды. №6114 айыптау ісі бойынша жалпы 13 адам тұтқындалған. Бұл айыпталғандардың негізгі бөлігі Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтының студенттері болатын.

Ыдырыс Мұстамбайұлы тергеу барысында қолдан ұйымдастырылған «контрреволюциялық ұйымды құрды» деген айыптауды мойындаған жоқ. Жеті айдай ОГПУ-дың абақтысында қамауда жатты. Заңды түрде жүргізілген сот процесі жүргізілмей-ақ, оның сыртынан ОГПУ-дың үкімі шығарылды. 1933 жылы 4 шілдедегі ОГПУ-дың алқа мәжілісі қаулысының шешімі бойынша Ыдырыс Мұстамбайұлы мен Дайыр Абикеев РКФСР қылмыстық кодексінің 58-бабының 2,11-тармақтарымен айыпталып, 5 жыл, Мадыгулов Мукаш, Рамазанов Халық, Сағатов Толымбек, Жусупов Арун, Жуанышбаев Сейтжаппар, Дарикулов Есберген, Демешов Ғали 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Іс бойынша қамауда жатқан 4 адам босатылды (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-7386, іс-11020. п 291).

Ыдырыс Мұстамбайұлына жаза мерзімі тағайындалғанға дейін онымен бір камерада отырған Карлинский деген өзінің Қазақстандық НКВД-ның атына берген хабарламасында Ыдырыс Мұстамбайұлы туралы былай деп жазыпты:

«1. Өзінің ұлтшылдық көзқарасы бойынша «Алаш» партиясын революциялық-демократиялық, ал оның басшыларын батырлар деп есептейді. Ломоносовтың Россия үшін істеген қызметінен, Қазақстан үшін әлдеқайда көп еңбек сіңірген А.Байтұрсыновты қудалау үлкен қылмыс деп есептейді. 1931 жылғы Созақ көтерілісі туралы ол қазақ бейбіт сүйгіш халық, ешкімді өлтіргісі келмеді, күрес мал үшін жүрді. Көтерілісшілер тек бір адамды ғана өлтірді. Көтерілісшілерді жазалау қатаң түрде жүргізіліп, оларды қарусыздандырғаннан кейін сайға қамап әйелдермен бірге мыңдаған адамдарды атып тастады.

2. Әлемдік шаруашылықта Люксембургтың көзқарасын жақтап, тарихи тұрғыдан (Литва, Югославия, Түркия) мемлекеттерінің өмір сүруі өзін-өзі ақтамады. Түркияның ірі мемлекеттік бірлестіктерге қосылуы тиімді болар еді деді.

3. Өзінің Сталинге деген көзқарасын «жағымпаздық үстемдік құрған» Геттер туралы сипаттап, жеңіліп жатқанына қарамастан, өздерінің короліне «Біз жеңіп жатырмыз, біз жеңеміз» деп баяндағанын, Геттер түпкілікті талқандалғанда «жеңіп жатырмыз, біз жеңеміз, бірақ Геттер бақытсыз және оның королі де бақытсыз» дегендей әсерде суреттейді.

4. Өзінің Троцкиймен байланысы туралы, онымен 1923 жылдан бері байланыста екенін, Сәдуақасов тобы Москваға барып, Троцкийге хат апарып бергенін, ал басқалар (олардың атын атамады) Зиновьев пен Бухаринге барғанын, өзінің Троцкийді құрметтейтінін айтты. 1928 жылы Троцкийдің көзқарасына ықылас білдірген, оны партиядан шығаруға қарсы болған. Троцкийшіл Тойва, Рознерлермен байланыста болған, олардан құжаттар алған. Троцкийді Алматыдан жер аударар кезде Сұлтанбеков екеуі оған барып, қазақ өлкелік партия комитетінің кемшіліктерін айтқан. Троцкий оған бұл мәселеде сәл күте тұруды, ұлттық бағыттағы кемшіліктер БК(б)П-ның басшылығының кемшіліктерінің бір бөлігі ғана екенін айтыпты» (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-7386, іс-11020. п.29).

Ыдырыс Мұстамбайұлының қоғамдық-саяси көзқарасымен жеке таныс және сол кезеңдегі тарихи оқиғалардан хабары бар көзі қарақты адам, бұл жазбалардағы мәліметтердің қайраткер тұлғаның көзқарасынан алшақ  емес екенін бағамдайды. Және баяндалған мәселелердің бұған дейінгі оның ұлт мүддесі жолындағы күресімен, іс-әрекетімен үндесіп жатқандығын байқауға болады.

Тергеу ісі өрескел заң бұзушылықпен жүргізіліп, негізсіз тағылған айыптар бойынша сотталғаннан кейін саяси сауаты мығым және бұрын Орал, Ақмола губернияларының прокуроры болып істеген заңды жақсы білетін қайраткер Ыдырыс Мұстамбайұлы бұл әділетсіздікке төзбей, 1933 жылы 9 қыркүйек күні өзінің және Абикеев, Мадыгулов, Рамазановтардың атынан (шағым арызды өз қолымен жазған Ыдырыс Мұстамбайұлы) БК(б)П Орталық комитеті мен БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің атына шағым арызын жазады. Онда өздеріне «Қазақстанда кеңес өкіметін құлатып, жартылай феодалдық қазақ мемлекетін құру мақсатында қарулы көтерілісті ұйымдастырып, аса ауыр мемлекеттік қылмыс жасады» деген айып бойынша сотталғандарын, іс бойынша сотталған адамдардың арасында ешқандай да контрреволюциялық ұйымның жоқтығын, бұл адамдардың арасындағы екеуара кездейсоқ кездесулерде айтылған Қазақстандағы билік басында отырғандардың партия бағытын теріс жүргізуінің салдарынан Қазақстандағы шаруашылықтың апатты жағдайға ұрынуы мен жалпы саяси жағдайдың шиеленісуі жөніндегі әңгімелері ғана жоғарыда айтылған қылмыстық іспен айыптауға негіз болғанын баса көрсетіп, бұрынғы партиялық (Голощекиндік) биліктің өздерінің жіберген өрескел қателіктерін ұйымдасқан «ұлтшыл, контрреволюцияшыл» ұйымдардың әрекетінен қылып көрсетуге тырысқанын, сондай-ақ, бұрынғы ескі билік өзгерсе де қазіргі жаңа биліктің кезінде де материалдарға біржақты баға беру, партиялық-кеңестік және шаруашылық құрылыс майданының барлық саласындағы масқара сәтсіздіктерді қайдағы бір контрреволюциялық, ұлтшылдық орталықтың ұйымдастырған қасқойлық іс-әрекеттерінен қылып көрсету жалғасып отырғанын ашып көрсетеді. Қазақстандағы бұрынғы партиялық биліктің жоғарғы партия және үкімет ұйымдарының алдында Қазақстандағы шынайы жағдайды қасахана бұрмалауының салдарынан, әртүрлі жалған айыппен сотталғандардың да ісінің объективті түрде қаралмай отырғанын айта келе, сонымен қатар: «а) Біздің кейбір қателіктерімізді, қай түрде бейнелеп көрсетсе де, олар өзінің маңызы бойынша партия алдындағы үлкен қылмыс емес. Қазіргі уақытта Қазақстандағы кейбір жауапты қызметкерлердің кезінде кемшіліктерді айтуға «еркектік күш жігері жетпегенін» ашық мәлімдеуі партия алдында Қазақстанда бассыздықтардың орын алғанын хабардар етеді. б) Қазіргі жаңа биліктің құрамында қалып отырған бұрынғы билікте жұмыс істеген кейбір жауапты қызметкерлер халық алдындағы жіберген бассыздықтарын жуып-шаю үшін кінәсін өздері мойындады деген секілді біздің жазған өтінішімізді пайдалануы мүмкін. Өйткені, олар бұрын саналы және санасыз түрде партия ішіндегі барлық өзара сынды тұншықтырудың қолшоқпары болды. Бізге тағылған айып пен жаза мерзімі біздің партия алдындағы жасаған қылмысымызға сәйкес келмейтінін мәлімдейміз», – деп атап көрсетеді (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-06785, іс-115685. пп.1-10).

Ыдырыс Мұстамбайұлының жаза мерзімін өтеуі Новосібір қаласындағы ОГПУ-дың лагерінде 1933 жылдың 2 қазанынан басталды. Ол жалған айыппен сотталып кеткеннен кейін де өзінің кінәсіздігін, өз ісінің дұрыстығын, Қазақстандағы кеңестік құрылысты жүргізуде Голощекин бастаған партия басшылығының өрескел қателіктерге ұрындырғанын және оның зардаптарын батыл көтеріп айта білді. 1933 жылы 12 қазан күні айдауда жүрген Новосібір қаласынан Бүкілодақтық прокурор Акуловтың атына жазған хатында соңғы кездері Қазақстандағы шаруашылық және саяси жағдайдың өте қатты нашарлауы Голощекин бастаған партия басшылығының ақымақтығы мен саяси қателігінен екендігін айта отырып, негізгі өрескел қателіктерге ұжымдастыру жөніндегі асыра сілтеулер және қазақ халқын бірден отырықшылыққа көшіру, Қазақстандағы мал шаруашылығының апатты жағдайға ұрынуы, ауылдар мен деревнялардағы әкімшілік жүгенсіздік, азық-түлік тапшылығы және аштық, қазақ халқының Қазақстаннан басқа аймақтарға көшіп кетуі және аштықтан қырылуы, ұйымдардағы шовинизмнің өсуі, онымен күрестің болмауы, Лениндік ұлт саясатының іс жүзінде бұрмалануы, жергіліктендірудің іске асырылмауын жатқызумен бірге, өз ісі бойынша жауапкершілікке тартылып отырған сегіз адамның екеуін ғана танитындығын, ешқандай да контрреволюциялық ұйым құрылмағанын, кейбір жалған куәләрдің бетпе-бет кездесуінде үйретіп қойған жаттанды жалған сөздерді айтқанын, тергеу ісінің өрескел заң бұзушылықтармен жүргізілгенін, жауапкершілікке тартылған адамдардың орыс тілін білмейтіндігіне байланысты тергеушінің тергеу жауаптарын өз қалауынша жазғанын ашық түрде айыптап: «Маған қарсы жүргізілген негізсіз бүкіл айыптау қорытындысы бойынша өзіңізге айтарым, Қазақстанда 1926 жылдан бері жүргізілген, қазіргі уақытта Орталық комитет тарапынан айыпталған ескі биліктің бағыт-бағдары бойынша жүргізіліп, дайындалды. Өзіме қатысты мәселеге келетін болсам, менің ісім соңғы бірнеше жылдары бойы мен сынаған ескі билік тарапынан маған қарсы жүргізілген қуғын-сүргіннің нәтижесі деп есептеймін»  дей отырып, өз ісін қайта қарауды сұрайды (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-06785, іс-115685. пп 1-12.).

Өз қарақан басының қамын емес, өз ұлтының мүддесін қорғау жолында кейбіреулер сияқты бұғып қалмай, шырылдаған шындықты батыл көтерген және айта білген, сол үшін жазықсыздан жазықсыз түрме қапасына жабылған Ыдырыс Мұстамбайұлының бас прокурор Акуловтың атына жазған хатындағы айтылған мәліметтер ақиқат шындық еді. Ол бұған дейін де еліміздегі Голощекиндік ешқандай теорияға негізделмеген көпірме асыра сілтеулерге өз қарсылығын ашық білдірген және оның саясатын ашық сынаған қайраткер болды. Оның әу бастан-ақ Голощекиндік әпербақандық солақай саясат халқымызды құрдымға апарады деген жан айқайы қасіретімізге орай шындыққа айналды. Голощекиннің қазақтың ұлтжанды қайраткерлеріне қарсы күрестің «темірін қыздырған» кезінде оған үнемі қолдау көрсетіп, қасынан табылған «сенімді ізбасарлары» О.Исаев, І.Құрамысовтардың өздері де Голощекиндік қолдан жасалған апаттан кейін өз кемшіліктерін мойындауға мәжбүр болды.

Ыдырыс Мұстамбайұлы өз құқығын қорғау, өзінің заң нормаларын бұзушылықпен жүргізілген ісін қайта қарау жолындағы күресін тоқтатқан жоқ. Ол әділдікті іздеп, бар мүмкіндікті қарастырды. Барлық құқық қорғау органдары мен партия ұйымдарына сауатты түрде шағым арыздар жазды. 1933 жылы 17 қазан күні Батыс-Сібір өлкелік прокурорының атына жазған арызында Қазақстандағы кеңес өкіметін нығайту барысында Қазақ жеріндегі заңдық қадағалаушы прокуратура органдарының құрылып, қалыптасуындағы еңбегін, кеңес өкіметіне қарсы күрескен бандылық топтармен күресін баяндап, өзін концлагерьде ұстайтындай қауіпті мемлекеттік қылмыскер емес екенін айта келе, концлагерьдегі мәжбүрлі жұмыстан өзін прокурорлық қадағалау саласындағы техникалық жұмыстарға пайдалануды сұрайды. Сонымен қатар, 1933 жылдың 18 қазан күні Батыс-Сібір өлкелік партия комитетінің атына жазған арызында: «Мені айыптап отырған мемлекеттік қылмыстарды мен жасаған жоқпын, ал партия алдындағы кейбір қателіктерім үшін жеткілікті түрде жазаландым» деп, өзінің іс жүзінде жинаған мол тәжірибесін мемлекеттік мекемелердің бірінде жұмыс істеуге мүмкіндік беруді сұрайды. Бірақ, Сталиндік әкімшіл-әміршіл идеологияға құрылған тоталитарлық жүйе оның бұл жан айқайларын естімеді және естігісі де келмеді. Бұл жазылған арыз шағымдардың бәрі де қараусыз қалдырылды.

Ыдырыс Мұстамбайұлының қоғамдық-саяси қызметін саралап қарайтын болсақ, оның қазақ жерінде орталықтың пәрменімен орнаған әкімшіл-әміршіл тоталитарлық билікке мойынсұнбай, оған қарсы тұруын ерекше атап өтуге болады. Ұлт мүддесі жолындағы күресте басын бәйгеге тіккен ол қамауға алынғаннан кейін де кеңестік қоғамдағы саяси жүйеге деген өзінің көзқарасын өзгерткен жоқ. Тек қазақстандық билік жүйесі ғана емес, сол кезеңдегі бүкіл кеңестік жүйе Ыдырыс Мұстамбайұлы сынды қайраткерлерден қатты қауіптенген секілді. Оның тас қапаста жатқан кезінде де әрбір қадамы аңдулы болды. Оның іс-әрекеті мен саяси көзқарасын білмек болып, қасына түрменің «салпаңқұлақ» жансыздарын жіберген. Солардың жеткізген хабарламалары арқылы оның саяси көзқарсын, әлемдік саяси оқиғалар мен тұлғаларға деген бағасын, пікірін біліп отырған. Ыдырыс Мұстамбайұлының қоғамдық-саяси көзқарастарын қарастыру барысында бұл мәліметтерге де назар аудара кеткеніміз жөн. Бұл хабарламаларға қатысты назар аударуды қажет ететін тағы бір жәйт, ОГПУ-дың бұл түрмедегі өзінің «агенттерінің» жеткізген «хабарламаларын» тексеріп, оның анықталғаны немесе анықталмағаны жөніндегі жасаған анықтамалары. Онда олар бұл хабарламалар анықталды деген қорытынды жасаған. Ыдырыс Мұстамбайұлының Алматы қалалық полиция департаментінің архивіндегі (Бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архиві) жеке ісінде «Садвокас» деген жасырын агент Ыдырыс Мұстамбайұлы туралы мынадай хабарламаларды береді:

«Мұстамбаев былай деп айтты: Сәдуақасов өте ақылды адам болған, Голощекин ақылды адамдарды Қазақстаннан қуды. Біз Сәдуақасовты қатты құрметтейміз, оның дұшпандарының өзі оны құрметпен еске алады. Рысқұловшылар мен Қожановшылар сөз жүзінде ғана одан бөлінді, ал іс жүзінде оны қолдап отырды. Сәдуақасовтың өлімі қазақ ұлтшылдарын ес жинауға мәжбір етті.

Мұстамбаев «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы Мусиннің «ұлтшылдық және ұлттар туралы» деген мақаласын оқып, Сәдуақасовтың сүйегін (кремация) өртеу кезінде Москвадағы беделді бір қазақ сөйлеп: «Смағұл өз ісіне адал болып, өзін сатпады» деген сөзіне өте қатты қуанды. Мұстамбаев айтады, бұл сөйлеген адам Рысқұлов немесе Нұрмақов болуы мүмкін. Шын мәнісінде, Сәдуақасов қайдағы бір Исаев немесе Құрамысов емес. Олар кезінде Голощекинді қолдаса, қазір Мирзоянды қолдап отыр. Сәдуақасов алысты болжай білетін адам. Ол 1927 жылы: «Өліктің үстінен Қазақстанда социализм орната алмайсың» деп айтқан. Сәдуақасов қазақ халқының арасында кеңінен танымал болды. Ол үлкен саясаткер болды, болашақ қазақтың ұлтшылдары оның ісін жалғастыратын болады. Жалпыхалықтық іс болғанда күштеу көмектесе алмайды, социализмді күшпен орната алмайсың деді ол.

Мен бала емеспін, түрменің режиміне үйреніп қалдым, бостандыққа қарағанда бұнда тыныш. Мен Сұлтанбеков емеспін, қызмет құмар емеспін, мен қазақпын деді ол. 1927 жылы Қызылорда қаласындағы Сәдуақасовтың пәтеріндегі жиналыста өзі, Сәдуақасов, Сұлтанбеков, Кадаленко болыпты. Онда билік қазақтардың қолына тисе, Сәдуақасов премьер болып, өзінің адамдарын жауапты орындарға отырғызатыны айтылыпты.

Мұстамбаев Гитлерден жиі дәйексөздер келтіреді. Германиядағы билік армияның қолында. Бұл армияның бір ғана міндеті бар, ол большевизммен күрес. Ол Германияны Россиямен салыстырып, Россиядағы биліктің иесі ГПУ, оның негізгі міндеті ұлтшылдықпен күрес. Ұлтшылдық ол революцияға қарсылық емес, ол шовинизммен күрес, отаршылдықпен күрес. Бұл күрестегі ұлтшыл ұлттық батыр. Ұлттың абыройы үшін күрес, барлық басқа міндеттерден жоғары деді ол.

Ол Мұстафа Кемалді жақсы көреді және Энвер-пашаны да құрметтейді. Энвер-паша Орта Азиядағы барлық түркі халықтарын біріктіріп, Түркістан мемлекетін құрмақшы болды. Бірақ, оны қарғыс атқыр Ибрашбек отырғызып кетті. Жас түріктердің идеясы іске асқанда жақсы болатын еді. Аштық, большевиктік қуғын-сүргін болмай, Түркістан республикасы болатын еді, оның арты Анатолия түріктерімен бірігуге ұласып, біртұтас, күшті Түркия болатын еді деді ол.

Жас түріктердің жетекшілері Энвер-паша, Талғат-паша, Джамал-паша большевиктердің қолынан қаза тапты, бұл батырларды түрік халықтары ұмытпайды. Кемалдің большевиктермен одақтасуы уақытша мәжбүрлік.

Мұстамбаев император ПУ-И Жапонияның отырғызған адамы болса да, біздің ақымақ Ерназаровтан жоғары тұр. Ол Ерназаровты ақымақ деп атап былай деді: «ПУ-И манжур-моңғол империясының ресми басшысы, император. Жапонияның бас штабына бағынышты болса да, ол монарх, елді басқарып отыр. Ал мынау ақымақ Ерназаров не істеп отыр?! Ол психопат, оған емделу керек, соның кесірінен ұлттық атқару комитеті республика алдында беделінен айырылды. Даланың сауатсыз адамын биліктің төрағасы ретінде ұстау бұл барып тұрған ақымақтық, бұл еврейдің әзілі». ПУ-И еуропалық тәрбие алған мәдениетті адам, ол орыстың ақ гвардияшыларын жайдан-жай тамақтандырып отырған жоқ. Ол жайдан-жай Түрік сұлтаны Абул-Керимді қолдап отырған жоқ. Ол біздің ғасырымыздың Шыңғыс ханы. Ол біздің жақтың Улан-Батырда 30 000 солдатты жинақтап, жасырып, құмға басын тыққан тотықұс секілді саясатымызды көріп отыр. Моңғол халық республикасы, формальды түрде халық республикасы деп аталады. Ондағы барлық жүйе, үкіметтік қызмет кеңестікі.

Жапония үшін Владивостокты жаулап алу түкке де тұрмайды. Синьцзянды да жақын арада басып алуы мүмкін. Ондағы қытайлық билікті қуып таратып, Үрімшіде Жапон-Манжүр бас штабын құру оларға түк емес.

Думерг пен Тардвенің басшылығында оңшыл күштердің бірігіп кабинет жасақтауы бұл ірі оқиға және Москва үшін үлкен жақсылық емес. Радикалдардың жеңілуі және Француз жоғары палатасындағы оңшыл қанаттың жеңісі Француз-Кеңес қатынасының жақындасуына және сауда келісім шарттарына күмән туғызып отыр. Қазіргі ұлттық коалиция, бұл фашизмнің тірегі және орыс эмигранттары үшін тиімді уақыт. Олар өздерінің жағдайын жақсартуға тырысады деді ол».

Ыдырыс Мұстамбайұлының не айтқаны жөнінде түрмеден хабар жеткізіп тұрған тағы бір «салпаңқұлақ Жайлас» атты агенттің жазбаларына да назар салып көрейік:

«Өткен жылы Қазақ педагогикалық институтында әшкереленген контрреволюциялық жастар ұйымының жетекшісі болғанын Мұстамбаев мойындайды. Ол бірден-бір зиянкес Исаев пен Құрамысовтан асқан Қазақстанға залалын тигізген адам жоқ деді. Ол Исаевты ұлтшыл бағыттағы қазақтарға зиянын тигізіп отырған арандатушы, ал Құрамысовты ақымақ-марксист деп атады. Голощекин отарлаушы, ГПУ-да шовинистер отыр. ҚазПИ-да әшкереленген ұйым Утеулеевтің тобы, бұл бастамасы, бұл қазақ жастары арасындағы ұлттық қозғалыстың бастамасы деді.

Ол Германия және Кеңестік-Американдық блок соғысқа алып келеді деді. Соғыс басталғаннан кейін бізде соғыс режимі орнап, ГПУ барлық антисоветтік ниеттегілердің бірін қалдырмай атады. Сонда біздің ұлтшылдардың «барар жері, басар тауы қалмайды», сондықтан алдын ала бір шарасын жасау керек немесе қашу керек немесе Сталин айтқандай, «адал мылжың» коммунистерге берілу керек.

Ол қазақ жастарының шетел тілдерін оқымайтынына өкініп, орыс тілімен алысқа бара алмайсың, Шығыс және барлық Азия үшін ағылшын және герман тілдері тиімді деді. Ол Германияның Азияға басып кіруін есепке алып отырған сияқты.

Біздің ғасырымыздың ұлы тұлғалары – Гитлер, Муссолини, Мұстафа Кемал, Троцкий және Пилсудский, ал Сталинді фанатик деп атады. Ол Сталинді өзінің әйелі Аллилуеваны у беріп өлтірді деп айыптады.

ГПУ маған Қазақстандағы ұлтшыл ұйымның жетекшісі деп қарайды деді. Ол бұны мақтаныш етіп: «Мен жастарға ұйымшылдықпен әрекет етіңдер, сақ болыңдар дедім, олар тыңдамады, енді болмайтын нәрсеге бола отырсыңдар деп айттым» деді. «Бірақ, ештеңе етпейді, бұл бастамасы, ең бастысы үмітті үзбеңдер, әрбір істің қайыры бар, қазақтар ақымақ халық емес, алдағы уақытта өзінің дегеніне жетеді» деді» (Алматы қалалық полиция департементінің архиві. Қ-06785, іс-11030. пп 17-39). Бұл агенттердің хабарламалары 1934 жылдың ақпан-наурыз айларында жазылғанын еске сала кетейін.

Қайраткер тұлға жөнінде бұл ОГПУ-дың агенттерінің хабарламаларына сыни көзбен қарасақ та, оның қоғам және мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов туралы айтқан ойлары мен сол кезеңде Қазақстандағы билік тұтқаларын қолдарына ұстаған Исаев, Құрамысов, Ерназаровтар жөніндегі пікірлерінің дұрыстығын тарихтың өзі куәландырып отырғанын мойындауға тиіспіз. Ал, оның отызыншы жылдары әлемдегі халықаралық қатынастардың шиеленіскен кезіндегі болжамдарының да одан кейін орын алған тарихи шындықтан алшақ кетпегенін бүгінгі күні тарихи оқиғалардан оқып біліп отырмыз.

Қазақстандағы «ұлтшылдық-контрреволюциялық» ұйымның орталығын әшкерелеуде «табандылық» көрсеткен НКВД қызметкерлері алыста қамауда отырған Ыдырыс Мұстамбайұлын қаперден бір шығармады. Қазақстандағы «ұлтшылдық-контрреволюциялық» ұйымның басшыларының бірі ретінде оны 1934 жылы қаңтар айында Қазақстанға қайта алдырып, басқа да тергеуге алынған қайраткерлердің ісі бойынша тергеу ісін жүргізген. Қазақстанда жеті айдай тергеуде болғаннан кейін 1934 жылдың шілде айында қайтадан жазасын өтеуге Сібірдегі Маринск қаласына жіберіледі. Яғни, оның 1933 жылдың қазан айынан бергі лагерьде болған уақыты есепке алынбай, жаңадан келген адам ретінде оның жаза өтеу мерзімін 1934 жылдың шілде айынан есептейді. Бұл өрескел заң бұзушылықтар жөнінде өзінің құқығын қорғап, 1935 жылдың 5 маусымында КСРО ішкі істер халық комиссариатының ерекше кеңесінің атына және 1936 жылы 10 сәуірде УНКВД-ның лагерьлер басқармасының бастығы Чунтоновтың атына жазған арыздарында баяндап, бұл заң бұзушылықтарға тосқауыл қойып, өзінің жаза өтеу мерзімін дұрыс есептеуді талап етеді.

Өзінің жаза мерзімін дұрыс есептеуді талап етуді одан әрі жалғастырған Ыдырыс Мұстамбайұлы 1936 жылы 28 маусымда УНКВД-ның Сібір лагерьлер басқармасының бастығының орынбасары Гротовтың атына жазған шағымында лагерьдегі өзінің жаза өтеу мерзімі алғашқы лагерьге келген күннен бастап есептесе, осы жылдың тамыз айының аяғында босатылуы тиіс екенін, екінші кезең, 1934 жылдың 19 шілдесінен бастап есептелсе, өзінің лагерьде болған кезіндегі өзін тек жақсы жағынан көрсетіп, ешқандайда тәртіп бұзбағаны ескеріліп, осы жылдың қараша айында босатылуы керек екенін, осы мәселедегі шатасушылықтарды ретке келтіруді сұраған болатын (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-06785, іс-15685. пп 27-28).

Ыдырыс Мұстамбайұлының шағымына байланысты Сібір лагерьлер бөлімінің НКВД-сы арнайы қаулы шығарып, 1934 жыл шілде айында іс сотталушының жаңадан келген адам ретіндегі ісі деп қаралып, дұрыс қозғалмаған деген қаулы шығарады. Былайша айтқанда, қайраткер тұлғаның бостандыққа шығуына аз ғана мерзім қалған еді. Ал, іс жүзінде жағдай басқаша өрбіді. Бұл кезеңде бүкіл кеңестер елінің үстінен «қара бұлт» үйіріліп, сталиндік жаппай қуғын-сүргін басталып кеткен еді. 1936 жылы тамыз айында Мәскеуде оңшыл Троцкий-Зиновьевтік топ бастаған террорлық орталық деп аталатын процес бойынша айыпталғандардың барлығы атылды. Жалпы бүкіл Кеңестер елінде оппозицияға қарсы жазалау шаралары әлдеқайда ерте басталған болатын. 1934 жылы 1 желтоқсанда Ленинградтағы Смольныйда орталық комитеттің және Ленинград қалалық партия комитетінің хатшысы С.М.Кировтың өлтірілуі дабылдың басталуы болды. Осы істің артынша-ақ Мәскеуде КСРО орталық атқару комитеті террорлық актілер дайындағаны немесе іске асырғаны үшін айыпты қараудың тәртібі жөнінде қаулы қабылдады. Бұл тергеуді де, сотты да аталған істер бойынша оның барлық жағдайын жан-жақты анықтауды болғызбайтын жағдайға душар етті. Бұл істер бойынша тергеу 10 күннен аспайтын болды. Істер прокурорсыз және адвокатсыз қаралды. Шағым беруге де, кешірім жасауға да тиым салынды. Өлім жазасына кесілген үкім тез орындалды.

1936 жылы 29 шілдеде қабылданған БК(б)П Орталық комитетінің қаулысы жағдайды одан әрі күрделендіре түсті. Мәселен, Қазақ өлкелік партия комитетінің осы қаулыны іске асыру жөніндегі қарарында: «Троцкистік-Зиновьевтік контрреволюциялық террористік блоктың қызметі және фашистік-троцкистік-зиновьевтік контрреволюционерлермен жүріп жатқан сот процесі» туралы БК(б)П орталық комитетінің жабық хатына байланысты қазақстандық партия ұйымдары қырағылық көрсетіп, соның нәтижесінде 43 троцкишіл-зиновьевтік контрреволюционердің әшкереленіп, партиядан шығарылғандығы, Алашордашыл ұлтшыл, контрреволюционерлік (Сәдуақасовшыл, Қожановшыл және тағы да басқа) элементтердің Троцкишіл-Зиновьевтік контрреволюционерлермен ауыз жаласуы кейінгі кезде күшейгендігі және олардың троцкишіл-зиновьевшілдердің атылуын өкінішпен қабылдауын атап көрсетіп, мынадай қаулы қабылдады: «Барлық партия ұйымдары әрбір коммунистің идеялық-саяси деңгейін көтеру жөніндегі жұмысты одан әрі өрістетсін, троцкишіл-зиновьевтік контрреволюциялық ұйымның және Алашордашыл ұлтшыл элементтердің ордасы аяусыз талқандалсын, фашист бандиттер Зиновьев, Тер-Ваганян, Мрачковский, Рейнгольдтардың Қазақстанда айдауда болғанын ескеріп, олардың өздерінің жақтастарын қалдырып кетуіне байланысты партиялық қырағылық күшейтілсін» (ҚР ПМ. қор-141, т-1. іс-10599. пп 501-503).

ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғы мен отызыншы жылдарының бас кезінде-ақ Қазақстанда басталған қуғын-сүргін зобалаңы 1937 жылдан қайтадан өз жалғасын тапты. Бұл жолғы қуғын-сүргіннің бет әлпеті мен екпіні қатты болды. Әкімшіл-әміршіл тоталитарлық биліктің жан алғыш машинасы ақ пен қараның ара жігін ажыратып жатпай-ақ жолындағысының бәрін жайпай өтіп, артынан адам қорқатын «халық жауы» деген үрейлі атауды ойлап тауып, халқымыздың бет қаймағына қырғидай тиді. Тіпті, осыған дейін әртүрлі жалған айыптаулармен сотталып, жазасын өтеп жатқан қайраткерлердің істері қайта қаралып, тергеуге алынды. Оларға тағылған айыптаулар бұрынғыдан да қоюлана түсіп, оның аярлығында шек болмады.

Міне, осындай аласапыран бассыздық басталып және оған дейін де айыптау қорытындыларында «троцкишіл-оңшыл контрреволюционерлермен» байланыста болды деген айыптауларға сүйенген НКВД-ның жендеттеріне бұл таптырмас ілік болып, Ыдырыс Мұстамбайұлы сынды тұлғаларды өздерінің құрығынан шығармады.

Ыдырыс Мұстамбайұлы 1937 жылы 19 шілдеде РКФСР қылмыстық кодексінің 58 бабының 10 және 11 тармақтары бойынша оған мынадай айып тағылды: «Ыдырыс Мұстамбаев қазақстандық ОГПУ-дың шешімі бойынша 1933 жылы 4 шілдеде қылмыстық кодексінің 58 бабының 10, 11 тармақтары бойынша айыпталып, 5 жыл мерзімге сотталған. Еңбек күндерін есептегенде оның жаза мерзімі аяқталды. Жаза мерзімін өтеу кезінде Ыдырыс Мұстамбаев контрреволюциялық ұлтшылдық әрекеттерін тоқтатпады және антисоветтік ұлтшыл ұйымның жетекшілерінің бірі болды» (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-06785, іс-115685. П 37). Яғни, Ыдырыс Мұстамбайұлына НКВД тарапынан РКФСР қылмыстық кодексінің 58 бабының 10 және 11 тармақтары бойынша айып тағылып, қамауға алу жөніндегі қаулысы шықты.

НКВД-ның қайраткер тұлғаны айыптау жөніндегі анықтамасына да назар аударайық:

«Мұстамбаев Ыдырыс Мұстамбайұлы ҚазКСР Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында 1898 жылы дүниеге келген. КСРО азаматы, білімі орта, 1920-1933 жылдар аралығында БК(б)П қатарында болды, антисоветтік ұлтшыл топшылдыққа қатысқаны үшін екі рет партиядан шығарылған.

1933 жылы РКФСР қылмыстық кодексінің 58 бабының 2 және 11 тармақтары бойынша ОГПУ алқасының шешімімен контрреволюциялық істері үшін 5 жылға концлагерге сотталған.

Тергеу ісінде Ыдырыс Мұстамбаевтың антисоветтік ұлтшыл террористік-көтерілісшіл және тыңшы-диверсиялық ұйымның белсенді қатысушысы екені анықталды.

Антисоветтік ұйымды құруға белсене қатысты, троцкистермен саяси және ұйымдық блокты жасауда оның белсенді қатысушы болды, ол халық жауы Троцкимен 1927 жылы келіссөз жүргізген, онымен 1923 жылдан бері байланыста болған.

Жеке өзі ұйымның жаңа мүшелерін тартуда үлкен жұмыстар жүргізген. ҚазПИ-дің студенттері арасында 1932 жылы Алматы қаласында антисоветтік ұйым құрған. 1929 жылы совет үкіметіне қарсы Оңтүстік Қазақстан облысының Бетпақ дала деген жерінде қарулы көтеріліс ұйымдастырған.

Концлагерьде жатқан кезінде Мұстамбаев антисоветтік ұлтшыл ұйымның бостандықтағы мүшелерімен байланысты тоқтатпаған. НКВД-ның 4 бөлімі мемлекеттік қауіпсіздігінің аға лейтенанты Костилев» (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-06785, іс-11030. п 8).

Көріп отырғанымыздай, Ыдырыс Мұстамбайұлына тағылған айыптаулардың барлығы 1933 жылы НКВД шешімімен болды. Бұл айыптаулар бойынша ол өзіне берілген 5 жыл жаза мерзімін өтеді. Бірақ, істі сотсыз, адвокатсыз өздерінің шешімімен шешіп отырған НКВД адам құқығын аяққа таптады. Барлық істер өрескел заң бұзушылықтармен жүргізілді. НКВД  жендеттері тергеу ісін айуандықпен, азаптау-қинау жолымен жүргізді. 1937 жылдың жаппай қуғын-сүргін зобалаңы басталғанға дейін тұтқында болып, «шаш ал десе, бас алған» бассыздықтарды өз көзімен көрген және бүкіл кеңестер елін қамтыған қуғын-сүргіннің түпкі шығу себебін, мақсатын, миллиондаған жазықсыз жандардың көз жасы мен құрбандығы кімдердің мойнында екенін айқын түсінген Ыдырыс Мұстамбайұлы 1937 жылы 28  шілде күні болған тергеу хаттамасында тергеушінің: «Сіз антисоветтік ұлтшыл ұйымның мүшесісіз. Антисоветтік жұмысты белсенді жүргіздіңіз. Осы іс бойынша өзіңізді кінәлімін деп мойындайсыз ба?» деген сұрағына: «Ұлтшыл антисоветтік ұйымның құрамында болған жоқпын, қылмыстық кодекстің 58 бабының 10, 11 тармақтары бойынша маған тағылып отырған айыпқа өзімді кінәлімін деп мойындамаймын»  деп қасқайып жауап береді.

Сонымен қатар, тергеу хаттамасынан тыс, қосымша ретінде былай деп жазыпты: «Маған тағылып отырған айыптау қаулысында менің лагерьде қамауда жатқан кезімде де антисоветтік жұмысты тоқтатпай жүргізгендігім және антисоветтік ұлтшыл ұйымның жетекшілерінің бірі болғандығым айтылады. Өзімді бұндай қылмыстар бойынша да кінәлімін деп мойындамаймын» (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-7386, іс-11020. пп 295-296).

Кеңестік биліктің және оның жендеттері ОГПУ, НКВД сияқты жазалаушы құрылымдардың сұрқия айлы тәсілдерімен бұрыннан таныс және олардың халық атын жамылып, халыққа қарсы небір сұмдықтарды істеп жатқандығынан хабардар Ыдырыс Мұстамбайұлы өзіне тағылған жалған саяси айыптаулардың бірін де мойынына алған жоқ болатын.

Ыдырыс Мұстамбайұлының айыптау ісіне қатысты тергеу материалдарынан сол кезеңдегі саяси қуғын-сүргіннің қылмыстық мәнін айқын түсінуге болады. Ыдырыс Мұстамбайұлы өзіне тағылып отырған жалған айыптауларды мойындамаумен қатар, бүкіл кеңестер одағында жүргізіліп отырған жаппай қуғын-сүргінге кімдер кінәлі екенін әшкерелеп батыл айта білді. Қазақстандағы партиялық билікке Голощекин келгеннен бастап, қудалауда болған, 1933 жылы жазықсыз сотталған ол 1937 жылы тергеуде де басын иген жоқ. Шындықты батыл айтып тізесін бүкпеген күйде өзіне тағылған жалған айыптарды мойындамады. 1937 жылы 14 қараша күні болған соңғы және өзіне тағылып отырған айыптауларға берген жауабының жиынтығы болған тергеушінің сұрақтарына берген жауабына назар салайық:

«Сұрақ (С): Сіз, ұлтшыл антисоветтік ұйымның мүшесі және оның жұмысына белсенді қатысқаныңыз үшін айыпталып отырсыз. Өзіңізді осы іске кінәлімін деп мойындайсыз ба?

Жауап (Ж): Өзіме тағылып отырған айыпқа өзімді кінәлімін деп мойындамаймын. Антисоветтік ұлтшыл ұйым туралы мен ештеңе білмеймін және оның құрамында болған емеспін.

С: Сіз өтірік айтасыз. Бізге Сіздің антисоветтік ұлтшыл ұйымның белсенді мүшесі болғаныңыз белгілі және ұйымның мүшелері Ж.Сұлтанбековпен және басқаларымен байланыста болдыңыз. Тергеу ісі Сізден шындықты айтуыңызды талап етеді.

Ж: Мен қайталап айтамын, өзімнің антисоветтік ұлтшыл ұйымның құрамында болғанымды жоққа шығарамын. Ж.Сұлтанбековпен 1926 жылдан 1932 жылға дейін ұйымның мүшесі ретінде емес, достық қарым-қатынастағы байланыста болдым. Онымен мені кейбір мәселелер бойынша көзқарасымыздың ортақтастығы және бұрынғы біз қатысқан топшылдық күресіміз жақындастырды. Мен одан антисоветтік ұйымның қандайда бір орталығы құрылды дегенді және оның ол ұйымның мүшесі екенін ешқашан естіген емеспін.

С: Өзіңіздің ұлтшыл топшылдықта болған қызметіңіз туралы жауап беріңіз.

Ж: Қазақстанда кезінде болған топшылдықтың тарихын мен жеткілікті түрде өзімнің түсініктерімді жазып бердім. Бұнда мен өзім мүшесі болған антисоветтік ұлтшыл Сәдуақасов топшылдығына ғана тоқталып өтейін. Топшылдық ұйымдар 1928 жылдары талқандалды. Біздің топ (Сәдуақасов тобы) 1927 жылға дейін өмір сүрді. Осы кезден бастап, оның жоғарғы жағы мен, С.Сәдуақасов және Ж.Сұлтанбековты айтпағанда ыдырай бастады. Біздің тобымыз қазақстандық партиялық басшылықпен мынадай мәселелер бойынша күрес жүргізді: орынборлық басшылықпен күрес, меңдешевшілдікпен, апаратты жергіліктендірумен күрес, жер мәселесі, мәдени құрылыс мәселесі, ауылға көзқарас мәселесі, байларды тәркілеу және мен кең түрде жазбаша түсінік берген тағы да басқа мәселелер. Біздің күресіміздің негізгі мәселесі жергіліктендіру және жер мәселесі болды.

С: Сіздің антисоветтік ұлтшыл ұйымға қатыстылығыңыз туралы мәселеге қайтып оралайық. Ж.Сұлтанбеков 1928 жылы Сізге орталықтың антисоветтік ұлтшыл ұйымға берген тапсырмасын беріпті, Сізді антисоветтік ұйымның белсенді мүшесі деп айтты (Ж.Сұлтанбековтың тергеушіге берген жауабын оқып береді). Бұны мойындайсыз ба?

Ж: Қайталаймын, Сұлтанбеков маған бұл туралы ешқашан айтқан емес, оның куәлік беруін жоққа шығарамын. Сұлтанбековтың 1937 жылы қазан айында жан-жақты түсініктеме беруінен кейін менің ұйымға қатыстылығым туралы қосымша куәлік беруі мені таңқалдырып отыр. 1928 жылы Москвада болған кездесуіміз жөнінде жазбаша түсініктемеде толық жауап бердім. Ол кезде антисоветтік әрекеттер, орталықпен бірлескен ұйым құру туралы және орталық құру жөнінде біздің арамызда әңгіме болған жоқ. Орталықтың құрамы туралы басқалардан да ештеңе естіген емеспін» (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-7386, іс-11020. пп 297-301).

Тергеушінің бұдан әрі де небір құйтырқылықпен және азаптау, ұрып-соғу нәтижесінде басқа қайраткерлерден алынған жауаптар арқылы мойындатпақ болған және бір-біріне айдап салмақ болған, сұрақтардың барлығына да қайраткер тұлға сауатты түрде жауап беріп, олардың бірін де антисоветтік ұлтшыл ұйым құрды деп айтпады. Мұндай ұйымның болғанын және оған өзінің қатысты болғанын мойындаған жоқ. Және тергеушінің троцкишілермен бірлескен антисоветтік блок құрдыңдар деген сұрағына да бүкпесіз толық жауап беріп, олармен байланысқа байланысты сұрақтарға 1933 жылғы тергеу кезінде-ақ жауап бергенін және оған алып-қосар ештеңе жоқ екенін қаймықпай айтты.

Ыдырыс Мұстамбайұлы тергеу барысында өзі секілді қаншама қазақ қайраткерлеріне жазықсыздан-жазықсыз жала жабылып, кінә тағылып отырғанын айқын түсінді. 1933 жылдан басталып, аяғы 1937 жылға дейін созылған НКВД жендеттерінің азаптау, қорлау істеріне мойыған жоқ. Сталиндік озбыр жүйеде ешқандай адами құндылық қалмағанын, әділдік жоқ екенін ол әлдеқашан білген еді. Ол өзі айтқандай «Қазақ халқы батыр халық» деген асыл қасиетті ардақтай біліп, сағы сынбаған қайраткер тұлға қалпында кете барды.

Ыдырыс Мұстамбайұлының ісіне байланысты 1937 жылдың 15 қарашасында берілген айыптау қорытындысында оған осыған дейінгі тергеу ісіндегі айыптаулар қайталанады. Дегенмен, қорытындыда «Ол өзін кінәлімін деп мойындамады» делінген. Айыптау қортындысында бұл іс Алматы облыстық НКВД қарауына жатады деп көрсетіліпті.

Қайраткер тұлға Ыдырыс Мұстамбайұлының ісін қараған Алматы облыстық УНКВД үштігі 1937 жылы 15 қарашада оны ату жазасына кесу жөнінде шешім шығарған. Үкімнің орындалуына байланысты тағы бір келтіре кететін дерек: 1938 жылы 22 желтоқсанда НКВД арнайы бөлімінің аға лейтенанты Гайович Қазақ КСР прокурорының орынбасары Покровскийдің атына жіберілген жазбасында Ыдырыс Мұстамбайұлы туралы қысқаша хабарлама бере отырып, оның 1937 жылы 15 қарашада Алматы облыстық НКВД үштігінің үкімімен ату жазасына кесілгенін және үкімнің орындалғанын хабарлайды (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-06785, іс-11030. п 12).

Қайраткер тұлғаның қоғамдық-саяси қызметін зерделеу барысында назар аударуды қажет ететін мәселелердің тағы бірі – оның жанұясы мен туған-туыстарының тағдыры және қайтыс болған мерзіміне қатысты жағдайлар.

Ыдырыс Мұстамбайұлы 1933 жылы қаңтар айында қамауға алынып, артынан сотталып кеткеннен кейін оның барлық жақын туыстары жалған саяси айыптаулармен қамауға алынып сотталады. 1933 жылдың қазан айында өзінің досы Жағыппарға (Сұлтанбеков, – Д.С.) жазған хаттарында өзінің жазықсыз сотталып кеткенін, жағдайының ауыр екенін қынжылыспен жаза отырып, Семей қаласында бес айдан бері Нұрпейістің қамауда отырғанын (Нұрпейіс Смағұлұлы жиен інісі, – Д.С.), басқа да туысқандарының қамалып жатқанын баяндап, өзінің туысқандарының неліктен қудаланып жатқанына түсінбейтінін жазған болатын.

1933 жылдың желтоқсан айында Жағыппарға жазған келесі бір хатында: «Менің бір туысқанымды 10 жылға соттады, ал Нұрпейіс әлі қамауда отыр. Менің әкем (87 жаста) өткен жылы аштан қайтыс болды, биылғы жылы Семей қаласындағы тағы бір туысқаным аштан өлді. Жақында Алматыда менің қайынағам Әшім тұтқындалды, әйелім осы уақытқа дейін соның үйінде тұрып келіп еді. Қазір әйелімнің жұмысы да, пәтері де жоқ. Тұтқындалып, сотталған туысқандарымның балалары бастары ауған жағына босып кетті. Кейбіреулері қараусыз қаңғыбастардың қатарына қосылды. Менің туысқандарымды неліктен қуғындап жатқанын түсінбеймін. Егерде біреу кінәлі болса, тек мен ғана кінәлімін» деп күйіне жазады (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-7386, іс-11020. пп 26-28).

1937 жылы 15 ақпан күні НКВД Ыдырыс Мұстамбайұлының (Айыпталушының өз сөзі бойынша дайындалған) туыстары жөнінде мынадай анықтама дайындапты: «Әйелі – Мұстамбаева Ануара, 30 жаста, Алматы қаласында тұрады. Ағасы – Бұршақбаев Сембай, 47 жаста, 1933 жылы ОГПУ  үштігінің шешімімен 10 жылға сотталған. Әпкесі – Күнжанова Қыдырша, 60 жаста, Жарма ауданында колхозда тұрады. Немере інісі – Исмағулов Нұрпейіс, 30 жаста, 1933 жылы ОГПУ үштігінің шешімімен 5 жылға сотталған. Қазіргі уақытта жазасын өтеп жатыр. Әйелінің әпкесі – Асқарова Минивара, 35 жаста, қайда тұратыны белгісіз. Асқаров Әшім (М.Асқарованың күйеуі) 1934 жылы ОГПУ үштігінің шешімімен 5 жылға сотталған, жазасын Сібір лагерінде өтеп жатыр».

Иә, көріп отырғанымыздай, әкімшіл-әміршіл сталиндік сұрқия саясаттың зардабын бүкіл Ыдырыс Мұстамбайұлының отбасы, туыстары бастарынан кешірді. Жағдайларының ауыр болғаны соншалықты әйелі Ануара Сейфуллина 1939 жылы Алматы қаласында аштықтан қайтыс болады.

Кейінгі кезде кейбір Алаш қайраткерлерінің, оның ішінде Ыдырыс Мұстамбайұлының да қайтыс болған жылына байланысты баспасөз бетінде әртүрлі мәліметтер жарияланады. Менің өзімде Ыдырыс Мұстамбайұлының 1937 жылы атылғанына күмәнмен қарап, бұл жөнінде газет бетінде мақала жазған болатынмын. Оған менің қайраткердің туысқандарының қолымен алған оның өлімі туралы куәлік қағазы түрткі болды. Онда Семей қалалық Азаматтық хал актілері жазбалары (АХАЖ) мекемесінде 1959 жылы 30 шілдеде тіркелген «Өлімі жөніндегі азаматтық хал акті тіркеу» кітабында Мұстамбаев Ыдырыс Мұстамбайұлының 1943 жылы 12 ақпан күні «өкпе қабынуы» ауруынан қайтыс болғандығы тіркеліп, анықтама берілгені айқын жазылған.

Бұл анықтама қаншалықты шынайы жазылған және бұл анықтаманың түп негізі қайдан шыққан деген сұраққа назар аударып көрейік.

Сталин қайтыс болып, оның орнына келген Н.Хрущевтің басқарған жылдары елімізде біршама өзгерістер болып, демократияның желі ескен осы кезеңді тарихта «Хрущев жылымығы» деп атайтыны белгілі. Және осы кезеңде сталиндік жаппай қуғын-сүргін жылдары жазықсыз жазаланған мыңдаған адамдар ақталған болатын. Осы «жылымықты» пайдаланған қайраткерлердің туыстары ҚазКСР прокурорына, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасына және республикалық Ішкі істер министрлігінің басшылығының атына хат жазып, оны жалған айыптаудан ақтау және оның тағдыры жөніндегі мәліметтерді білу жөнінде көмек сұрайды.

Міне, осындай ресми сұраулардан кейін республикалық мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің органдары оның туыстарына ресми түрде жауап бергенге дейін Кеңес одағы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің 1955 жылғы 24 тамыздағы шешіміне сүйене отырып, қайраткердің есеп карточкасына: «Ыдырыс Мұстамбаев 10 жыл мерзімге еңбекпен түзеу лагеріне сотталған. 1943 жылы 12 ақпанда өкпе ауруының қабынуынан қайтыс болған» деген өзгеріс енгізеді. Сондай-ақ, республикалық мемлекеттік қауіпсіздік комитеті бөлімі бастығының орынбасары Романов 1959 жылы 25 шілдеде Семей қалалық Азаматтық хал актілері жазбалары (АХАЖ) бөлімінің меңгерушісінің атына мынадай мағынадағы ресми хат жібереді: «Семей облысы, Жарма ауданының тумасы, 1898 жылы дүниеге келген, ұлты қазақ Мұстамбаев Ыдырыс Мұстамбайұлының қайтыс болуы туралы жазбаны тіркеуіңізді сұраймын. Бізде бар мәліметтер бойынша Ы.Мұстамбаев айдауда жүрген кезде 1943 жылы 12 ақпанда өкпе ауруының қабынуынан қайтыс болған. Ол тұтқындалғанға дейін Семей қаласында тұрған. Бұған дейін Ы.Мұстамбаевтың қайтыс болған мерзімі заңды түрде тіркелмеген. Қазіргі уақытта Ы.Мұстамбаевтың қайтыс болуы жөніндегі мәлімет туысқандарының оның қайтыс болуы жөніндегі заңдық анықтаманы сұратуы қажеттілігінен туындап отыр» (Алматы қалалық полиция департаментінің архиві. Қ-06785, іс-11030. п 41).

Көріп отырғанымыздай, мемлекеттік қауіпсіздік органдары өздерінің қанды қылмыстарын, заңсыз істерін, сотсыз, тергеусіз және есепсіз жүргізген қылмыстарын жасыру мақсатында жазықсыз жазаланған қайраткерлердің құжаттарына да жалған мәліметтер, өзгерістер енгізіп, істі әбден шатастырған. Ыдырыс Мұстамбайұлының туыстарына да беріліп жүрген осындай қолдан жасалған жалған құжат болатын.

Қайраткер тұлға Ыдырыс Мұстамбайұлының туыстарының өтініші бойынша оның ісін қайта қараған Қазақ КСР прокуроры оған тағылған айыптауларды негізсіз, яғни ол 1928, 1929, 1932 жылдары жасаған қылмыстары бойынша айыпталып отырғанын, қылмыстары үшін 1933 жылы сотталып, жаза мерзімін толық өтегенін, басқадай айыптауларға ешқандай негіз жоқтығын алға тартып, Қазақ КСР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі соттық алқасына қарсылық білдіреді. Осы қарсылық бойынша істі қайта қарап шешім шығарған ҚазақКСР Жоғарғы сотының қылмыстық істер бойынша алқасы 1959 жылы 9 мамырда қайраткер тұлғаға қатысты Алматы облыстық УНКВД үштігінің 1937 жылы 15 қарашада шығарған қаулысының күшін жойып, істе қылмыстың жоқтығына байланысты тоқтату жөнінде шешім шығарған. Осылайша, ұзақ жылдар бойы есіміне жалған қара күйе жағылып, жазықсыз айыпталып келген қазақтың ар намысты ұлының есімі ақталып, ортамызға оралған еді.

Досалы Салқынбек,
Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің профессоры,
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here