Отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандары полицияға арнайы құпия сөз арқылы қиын жағдайға тап болғанын хабарлай алады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Арман Айтмағамбетов мәлімдеді.
«Зорлық-зомбылық құрбаны 102 нөміріне хабарласып, операторға жасырын сөздерді айтады. Ал, қоңырауды қабылдаған оператор өз кезегінде дереу тұрғынның қайдан хабарласып тұрғанын анықтап, оқиға болып жатқан жерге тәртіп сақшыларын жіберетін болады», – деді Арман Айтмағамбетов.
Бұл құпия сөздер көпшілікке ашық түрде жария етілмейді. Көмек сұрауға көмектесетін құпия сөздерді азаматтар полиция инспекторларынан сұрап біле алады.
Полиция өкілдерінің айтуынша, кейде зорлық-зомбылық құрбандары психолог, дәрігер немесе 103 арнасы арқылы өз жағдайын жеткізеді.
«Жуырда бір әйел полицияға хабарласып, құпия сөзді айтты. Жедел жасақ барғанда әйелдің 7 баласының бар екенін анықтады. Әйел бірнеше жылдан бері отбасындағы зорлық-зомбылықтың құрбаны болып келген. Айыптының ісі қаралып жатыр, ол бес тәулікке қамауға алынған болатын», – деді Нұр-Сұлтан полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы Гүлмира Шырахметова.