Еуропалық Одақ тығырықтан шығар жолды іздеп жатыр

0
919

Еуропалық Одақ буда-буда көк түтіннен арылып, «жасыл энергетикаға» жету жолында кезінде «қара алтыннан» бас тартқан болатын. Дегенмен, Ресейдің Украинаға шапқыншылық соғысы орыстың газы мен көміріне тәуелді Еуропалық Одақтың кейбір елдерін тығырыққа тіреді. Германия мен Австрия көмір электр станцияларын уақытша қайта ашуды тығырықтан шығар жолдың бірі ретінде қарастырады.

Еuronews.com сайтының мәліметінше, Австрия мен Германия газ тұтынуды және Ресей Федерациясынан жеткізілімді азайту мақсатында жылу электр орталықтарын (ЖЭО) уақытша көмірге ауыстырғалы жатыр. Айталық, Австрия билігі екі жыл бұрын жұмысын тоқтатқан Меллахтағы көмір электр станциясын қайта ашуды жоспарлап отыр. Өйткені, орталық Еуропада орналасқан елде Ресей газының үлесі импорттың 80%-ын құрайды.

Германия 8 шілдеден бастап көмір электр станцияларын уақытша белсенді пайдалану туралы Заң жобасын қабылдамақ. Экономика министрі Роберт Хабектің айтуынша, көмірге қайта оралу қажеттіліктен туындап отыр. Себебі, қыста тапшылық болдырмас үшін энергия тұтынуды азайтып, жерасты газ қоймаларын толтыру керек. Ал, бұл санкция жағдайында қиындық туғызады.

Айта кетейік, 7 сәуірде Еуропалық Одақ елдері Ресейге қарсы санкцияларының бесінші топтамасын мақұлдады. Оның ішінде Ресей көмірінен түбегейлі бас тарту жөнінде келісім де бар. Енді Еуропалық Одақтың 27 елі Ресей көмірінен тамыздың ортасында толық бас тартады. Оған дейін энергетика мәселесінде Мәскеуге тәуелді елдер балама жолдарды табуы қажет.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here