Әлемдегі ең кішкентай бес мемлекет

0
2152

Әлемде қазір Біріккен Ұлттар Ұйымында мойындалған 193 тәуелсіз мемлекет бар. Соның ішінде 24 елдің жер көлемі Шымкент қаласының аумағына да жетпейді. Осы елдердің арасында 6 млн-ға жуық халық тұратын Сингапур да бар. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін оймақтай ғана бес елге қысқаша тоқталады.

Жері кішкентай елдердің көшін Монако бастайды. Италия мен Франция шекараларының қиылысында орналасқан елдің аумағы 2,02 шаршы шақырымды ғана құрайды. Осындай тар жерге 38 мың адам қоныстанған. Халық тығыздығы бойынша да алдына ешбір елді салмайды. Көбіне француз тілінде сөйлейтін халық өте бай тұрады.

Әлемдегі оймақтай елдердің екіншісі – Науру. Тынық мұхитындағы маржан аралында орналасқан елдің жер көлемі 22 шаршы шақырымға да жетпейді. 1968 жылы Ұлыбританиядан азаттығын алған елде 12 мыңға жуық халық тұрады.

Аталған тізімді Тувалу жалғайды. Тынық мұхитының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан елдің ауданы – 26 шаршы шақырым. 1978 жылы Ұлыбританиядан «еншісін» алып шыққан ел 9 аралдан құралады. Халық саны – 11,5 мың адам. Өкінішке қарай, тұрғындарының тұрмысы төмен.

Сан-Марино – Оңтүстік Еуропада орналасқан кішкентай мемлекет. Айналасы Италиямен «қоршалған» ел ІІІ ғасырда оның негізін қалаушының құрметіне аталған. Әлемдегі бай елдердің бірі саналатын Сан-Маринода халық саны 35 мыңға жуықтайды. Халқы итальян тілінде сөйлейді.

Жер көлемі кішкентай елдердің бестігін Лихтенштейн қорытындылайды. Орталық Еуропадағы елдің ауданы – 160 шаршы шақырым. Ол Австриямен және Швейцариямен шектеседі. Әлемдегі ең бай елдердің бірі. Астанасы – Вадуц. Ресми тілі – неміс тілі. 40 мыңға жуық халық тұратын елде туризм саласы жақсы дамыған. Ол туристерді алдымен тау шаңғысы курортымен қызықтырады.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here