Ұлы Абай туралы кітаптар оқырманға жол тартты

0
418

Өткен аптада Х.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Еуразия ғылыми-зерттеу институтында ағылшын тіліндегі «The Wisdom of the Great Steppe – Abai Kunanbaiuly» және екі томдық «Абай Құнанбайұлы: сипаттамалы библиографиялық көрсеткіш» кітаптарымыздың таныстырылымын өткіздік. Іс-шараға қатысып, лебіз білдіріп, ой бөліскен барлық қатысушыларға шынайы алғысымызды білдіреміз.

Ағылшын тілінде Түркияның астанасы Анкара қаласында жарық көрген «The Wisdom of the Great Steppe – Abai Kunanbaiuly» ұжымдық монографиясы – шетелдік қауымға қазақтың бас ақыны Абай мен оның мұрасын жан-жақты танытуды мақсат еткен ғылыми басылым. Кітапта отандық және шетелдік абайтанушы ғалымдардың Ұлы ақынның заманы мен өмірі, әулеті мен әдеби айналасы, ұлт зиялыларына ықпалы, шығармашылық мұрасы мен әдеби мектебі, шығармаларының қолжазбасы мен тілдік ерекшелігі, діни көзқарасы мен тарихи дүниетанымы, философиясы мен данышпандығы, абайтану саласындағы өзге де өзекті мәселелер туралы еңбектері қамтылды.

Екі томдық «Абай Құнанбайұлы: сипаттамалы библиографиялық көрсеткіші» 1889 жылы баспасөзде Абай туралы шыққан алғашқы мақаладан бастап, 175 жылдық мерейтойы өткен 2020 жылға дейінгі барлық жарияланымдарды қамтыды. Аталмыш библиографиялық көрсеткішке Абай шығармалары мен абайтану саласындағы кітаптар, монографиялар, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар, библиографиялық материалдар, диссертациялар (кандидаттық, докторлық және PhD), газет-журнал мақалалары мен тағы басқа да жарияланымдарды қамтыған жалпы 12 мыңнан астам дерек енгізілді. Бірінші томда қазақ және шет тілдеріндегі Абай шығармалары мен абайтану бойынша 1 069 басылымға сипаттама жазылды. Соның ішінде Абайдың өмірі мен шығармашылығы, өнер түрлеріндегі көркемдік бейнесі, абайтану саласының қалыптасуы мен дамуына, зерттелу деңгейіне қатысты түрлі салада қорғалған 105 кандидаттық, докторлық және PhD диссертацияның сипаттамасы берілді. Екінші томға отандық және шетелдік газет-журналдар мен ғылыми конференция материалдарында Абай және абайтануға қатысты түрлі тақырыптарда жарық көрген 10 600-ден астам мақаланың, сондай-ақ «Абай жолы» роман-эпопеясының барлық тілдердегі тізімі кірді.

Кітапты көрсем, оқысам деген ынталы қызығушылар болса, бірге хабарласыңыздар!

Алда уақытта Астана мен Семей қалаларында да аталмыш кітаптарды қалың оқырманға таныстыратын боламыз.

Өмірбек ҚАНАЙ,
Еуразия ғылыми-зерттеу институтының
аға ғылыми қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here