Тарих пен тағылым ордасы

0
3142

Ел жадында ерекше сақталатын есімдер болады. Олар өзгелерден ерекшеленіп, артында өшпес із қалдырады, елге қызмет етеді, жасампаздықтың үлгі-өнегесін көрсетіп, ірі тұлға ретінде тарих бетінен  айырықша орын алады. Ұлы Абай айтқандай, ақыл, қайрат пен жылы жүрек үшеуін бірдей ұстаған халқымыздың біртуар перзенті, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына биыл 110 жыл толып отыр.

2002 жылдың 12 қаңтарында Алматы қаласында Дінмұхамед Қонаевтың 90 жылдығына орай Д.А. Қонаев музейі салтанатты түрде ашылған болатын. Биыл көрнекті қайраткердің 110 жылдығына орай жасалған жаңа форматтағы реставрация жұмыстарынан кейін музей қайта ашылды. Музейдің қайта ашылу салтанатына Алматы әкімі Ерболат Досаев, Д. Қонаев атындағы Халықаралық қордың басшысы Эльдар Асқарұлы Қонаев, туған қарындасы Роза Ахметқызы Қонаева, жиені Диар Қонаев, Жаннет Дәулетқызы, жеке дәрігері Ахат Мулюков, аспазшысы Александр Гойколов, медбикесі Әлия Белгібаева және мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Қонақтар алдымен музеймен танысып, мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі мен мемлекеттік қызметі, оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық, ғылыми әлеуетін дамытуға қосқан үлесі туралы естеліктерімен бөлісті.

Оқырман қауымға қазақтың жиырмасыншы ғасырдағы кемеңгер тұлғасы, заманының заңғар саясаткері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың өмір жолы мен атқарған қызметі жөнінде сыр шерте кетсем артық болмас.

Туғанына биыл 110 жыл толып отырған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – ұлы қайраткер, ірі тұлға, есімі тек Қазақстан халқына ғана емес, бүкіл әлемге әйгілі. Ғұмырының жартысынан астам бөлігін еліміздің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағдайын көтеруге арнады және жоғары деңгейге жеткізді. Қазақстан экономикасының дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз.

Дінмұхамед Ахметұлы Алматы қаласында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін Мәскеудегі түсті металдар және алтын институтына оқуға түседі. 1936 жылы институтты бітірген жас маман Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кенішіне жұмысқа орналасады. Қоңырат – қазба байлығы жөнінен КСРО-да ғана емес, тіпті әлемде теңдесі жоқ кен орны болып есептелді. Жасы 24-ке толған Димаш ағаның еңбек жолы Қоңырат кенішіндегі карьер шаруашылығын басқарудан басталды. Өзінің міндетіне барлық ынта-жігерімен кірісіп, жұмысты дөңгелетіп әкететін жас инженер қабілетін көрсетіп, жуық арада учаске бастығына жоғарылатылды, көп кешікпей бұрғылау цехының тізгінін қолына алды. Талантты маман содан кейін кен бас инженерлік және директорлық қызметіне тағайындалды. 1937 жылы наурызда Қоңырат кенін тиеген алғашқы эшалон Балқаштың байыту фабрикасына жөнелтілді. Шығарылған мыстың көлемі 50 мың тоннаға жетті. Сондай-ақ, 1938 жылдың сәуір айында Қоңырат кені бірінші рет байытылды, ал мамырда алғашқы қорытпа алынды. Арада алты ай өткен соң, дәлірек айтсақ, 1938 жылы 24 қарашада металлургтер Балқаш мысын өндіріп, бүкіл әлемді таңғалдырды. Содан Дінмұхамед Қонаев «Үздік еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 1939 жылы ол Риддер кен басқармасының директоры қызметіне ауысты. Сол жылы КОКП мүшелігіне қабылданды. 1942-1952 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары болып қызмет етті. 1955-1960 және 1964-1986 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды.

Дінмұхамед Қонаев басқарған жылдары Қазақстанда өнеркәсіптік аудандар қалыптасып, елде жаңа қалалар мен ірі елді мекендер пайда болды. Павлодар-Екібастұз қуат кешені, Қарағандыдағы ГРЭС-2, Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су электр станциясы, Павлодар трактор зауыты, т.б. кәсіпорындар осы кезде іске қосылды. Маңғыстаудың мұнай кен орындары игерілді, теміржол құрылысы, көлік түрлері дамыды. Электроника, машина жасау, химия салалары тез дамыды.

Кемеңгер тұлғаның тұсында 19 облыс болды. Осы жылдары Жезқазған, Маңғыстау және Торғай облыстары ашылды. Қайраткердің бастамасымен елімізде 68 кент, 43 қала пайда болды. Оның ішінде Рудный, Екібастұз, Шевченко (Ақтау), Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары салынды. Металл өңдеу және көлік жасау салаларында өндіріс тиімділігін арттырып, Өскемен, Орал, Қарағанды, Петропавл, Шымкент, Алматы қалаларында көлік жасау зауыттары құрылды. Алматы ауыр машина жасау зауыты шығарған өнім әлемнің 40-тан астам еліне таралды. Қазақ жерінің аумағында көмір мен мұнай кен орындары ашылып, Қазақстан отын-энергетика өнеркәсібінің ірі орталығына айналды. Жамбыл (Тараз) мен Шымкент қалаларында орналасқан комбинаттар сары фосфор өндіру бойынша әлемде бірінші орында болды.

Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған тұста сол кездегі қазақ жерінің астанасы Алматыда Үкімет үйі мен Ғылым академиясының ғимараты, «Қазақстан», «Алматы», «Отырар», «Жетісу», «Алатау», «Достық» қонақ үйлері салынды. Көшелер кеңейді. «Медеу» спорт кешені, Ұлттық кітапхана, Орталық цирк, Оқушылар сарайы сияқты нысандар бой көтеріп, қаланың көркіне көрік қосты.

Міне, тұғырлы тұлғаның бүгінгі ұрпақ үшін атқарған еңбегі орасан зор. Өскелең ұрпақ осыны білуге тиіс. Осы жолда біздің музейдің атқарар жұмысы да аса маңызды.

Дінмұхамед Ахметұлының 110 жылдығына орай музей мамандары  экспозицияға қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Реэкспозиция процесіне мұражай және мұрағат ісі саласындағы жетекші мамандар, дизайнерлер, мүсіншілер, суретшілер және бейнеинженерлер тартылды.

Реэкспозиция тақырыбының негізіне саясаткердің ел өміріндегі маңызды тарихи оқиғаларға деген жеке көзқарасын суреттейтін Дінмұхамед Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды» деген кітабы арқау болды.  

Хронологиялық тәртіпте орналастырылған мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер мен экспонаттар Дінмұхамед Қонаевтың көрнекті қоғамдық-саяси қайраткер ретіндегі алып тұлғасын көрсетеді. Жұмыс барысында барлық экспонаттар, соның ішінде қайраткердің жеке заттары сол қалпында сақталды. Жөндеу жұмыстары кезінде музей ақпарат стендтері, QR-код, мультимедиа жүйесі, контентті сенсорлық басқару проекциясы және мультимедиалық тач-панельдермен жабдықталды. Енді музей қонақтары аудиогид көмегіне жүгіне алады. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кіре берісте пандустар орнатылып, екінші қабатқа көтерілу үшін лифт қойылды.

Музейдің бірінші кіре беріс холы «Қонаев дәуірінен» басталады. Қайраткердің жеке естеліктері, замандастарының сөздері, мұрағат құжаттары  мен жәдігерлері қойылған көрме сол кезеңді, қазақ халқының біртуар перзентінің өмірі мен тұлғасы туралы сыр шертеді. Бірінші қабатта музейге келушілер Дінмұхамед Қонаевтың ататегі, ата-анасы, балалық шағы, алғашқы еңбек жолы туралы тың деректермен таныса алады.

Екінші қабаты алты бағыттан тұрады. Бейне естеліктер аймағында қонақтар бейне мен тілді (үш тілде) таңдау үшін теледидар панеліндегі қосқыштарды пайдалану арқылы Қазақстан қорында сақталған бейне жазбаларды көрсе, алтын қорда сақталған өз дауысын радиодан тыңдай алады. Сондай-ақ, жұмыс кабинетінің үлгісін көруге болады, отырған сәтіндегі Дінмұхамед Қонаевтың гиперреалистік тұлғасы жасалды. Жоғарыда айтып өткенімдей, қайраткердің еліміздің дамуына қосқан зор үлесі, дипломатиялық қарым-қатынасы экспозицияда толық баяндалады.    

Сонымен қатар, музей қонақтары қару-жарақтар коллекциясымен таныса алады. Бұл топтамада басқа елдердің басшылары, әріптестері, достары оған әр жылдары сыйға тартқан сирек кездесетін аңшылық қару түрлері бар.

Дінмұхамед Ахметұлының киногерлермен бірге жаңа туындыны талқылауға көп уақытының кететінін ескерген жанашыр азаматтар үйінің төменгі қабатына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, шағын кинозал жасақтайды. Кинозал туралы айтсақ, Кеңес Одағы тарағанша бұл мекен белгілі қазақ киногерлерінің, Бірінші бюро, саяси бюроның мүшесі Д. Қонаевтың бас қосып, талқылайтын орны болған. Көркемдік кеңестің шешімімен талқыланған кино Мәскеуге жіберілген. Бірақ, Димаш Ахметұлы дүниеден озғасын бұл жер қараусыз, қадағаланбай қалады. 2017 жылы кинозалды қайта қалпына келтіру жұмыстарына кірістік. Соның нәтижесінде бұл шағын зал бүгінде іс-шара өтетін орын болып белгіленді.

2019-2021 жылдар аралығында музей ұжымы Қазақстанның белгілі экскурсоводы, Мәдениет қайраткері Бақыт Оразымбетовамен бірге «Музеи – агенты социальных изменений» атты Қазақстан музейлері мамандарына ғылыми-тәжірибелік курстар жүргізіп, көпшіліктің ықыласына бөленді.  

Биыл да Д.А. Қонаев музейінің жеткен жетістігі аз емес, соның бірегейі – мамыр айында өткен Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани Қазына-2022» фестивалінде «Үздік креативті музейлік жоба» номинациясында Алматы қаласы музейлер бірлестігінің  «Д.А.Қонаев музейі» жүлде алып, ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың дипломымен марапатталды.

Ұлы тұлғаның 110 жылдық мерейтойына байланысты жылдық жоспар бойынша 20-25 маусымда «Ұлтының дара тұлғасы» атты жылжымалы көрмемен музей ұжымы Шығыс Қазақстан облысының Риддер, Өскемен қалаларына барды. Себебі, 50 жылға жуық уақыт бойы еліміздің мемлекеттік және саяси билігінің биігінде болған Қазақстанның мемлекеттік қайраткерінің еңбек жолы осы Шығыс Қазақстаннан басталған еді. Сондағы «Ғасыр саңлағы» атты конференция да жоғары деңгейде өтті.

13 тамызда Тараз қаласында Дінмұхамед Қонаевтың ескерткіші орнатылды. Артынан жиналғандар Д.А. Қонаев музейінің жылжымалы көрмесін тамашалады.

Дінмұхамед Қонаевтың тұсында салынған 43 қаланың ішінде Қапшағай да бар. Биыл сол Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың аты берілуі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтқандай, өзі салдырған қалалардың біріне атын беру – тұлғаға лайықты құрмет көрсету деп қабылдадық.

Рас, Дінмұхамед Қонаевтың мол мұрасын дәріптеп, оны халыққа жеткізу – біздің басты мақсатымыз. Осы жолда Д.А. Қонаев музейінің ұжымы аянбай еңбек етеді.

Елена КУБАШЕВА, Д.А. Қонаев музейінің жетекшісі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here