Мерзімі өтпеген қылмыс: Жүз бір жастағы қария бес жылға сотталды

0
2054
Бір жыл бұрын сот процесі басталғанда Йозеф Шюц бетін көлегейлеп, жасыруға тырысқан болатын...

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 77 жылдан асса да, Үшінші рейхтің жауыздығы әлі ұмытыла қойған жоқ. Оны біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайды. Ол – өмір заңы. Мысалы, фашистік Германияның Заксенхаузен лагерінің бұрынғы күзетшісі Йозеф Шюц былтыр «3,5 мыңнан астам адамның өліміне қатысы бар» деген күдікке ілінді. Сегіз айға созылған сергелдеңнен кейін неміс соты үкім шығарды. 101 жастағы қария бес жылға сотталды. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін «асарын асап, жасарын жасаған» қарияның қалай темір торға тоғытылғанына тоқталады.

1936-1945 жылдары 27 елдің 200 мыңға жуық азаматы Заксенхаузенде тұтқында отырса, соның 100 мыңға жуығы концлагерьдің құрбаны болды. Лагерь 1961 жылы Ұлттық мұражайға айналды…

СЕКСЕН ЖЫЛДАН КЕЙІН ТАҒЫЛҒАН АЙЫП

Осыдан бір жыл бұрын Гёте елінен «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дейтіндей жаңалық жетті. Өйткені, 80 жылдан кейін 100 жастағы қарияға ауыр айып тағылды. Дегенмен, бұл жаңалық немістер үшін таңсық болмады. Неге десеңіз, ондаған жылдардан кейін де айыптыларды заң алдында жауапқа тартып, оларды темір торға тоғытып жатқан Германия кей қылмыстардың мерзімі болмайтынын дәлелдеп келеді.

Өткен жылға оралайық. 2021 жылдың 7 қазанында Германияда Заксенхаузен лагерінің бұрынғы күзетшісі Йозеф Шюцке қатысты сот процесі басталған-ды. Мыңдаған адамның өмірін жалмаған лагерьдің экс-күзетшісіне сексен жылдан кейін ауыр айып тағылды. Ол «3 518 тұтқынның өліміне қатысы бар» деген күдікпен істі болды.

Йозеф Шюц ерікті түрде аталмыш лагерьде 1942-45 жылдары жұмыс істеген. Оның өмірбаянындағы көлеңкелі тұстар Ресей мұрағаттарында сақталған құжаттар арқылы белгілі болған. Айыпталушы былтыр сот тыңдалымына мүгедектер арбасымен жеткізілді. Ол сот барысында бетін көлегейлеп, жасыруға тырысқан.

«Мерзімі өтпейтін қылмыстар бар. Сондықтан Германия үшін мұндай процестер өте маңызды. Жазаның сөзсіз тағайындалатынын және одан жалтарудың мүмкін болмайтынын көрсету қажет. Бұл жерде қылмыскердің жасы маңызды емес», – деген пікірде болды былтыр Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Андрей Манойло.

СЕГІЗ АЙҒА СОЗЫЛҒАН СЕРГЕЛДЕҢ

Прокурорлар 1942 жылы 21 жастағы Йозеф Шюц кеңестік әскери тұтқындардың атылуына және тұтқындардың улы газбен өлтірілуіне көмектескенін мәлімдеді. Дегенмен, сот барысында Бранденбург тұрғыны өзіне тағылған ауыр айыппен келіспей, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ауыл шаруашылығында еңбек еткенін алға тартты. Алайда, қарияның сөзін мұрағаттан алынған құжаттар теріске шығарды. Содан сегіз айға созылған сергелдең іске ағымдағы жылдың маусым айында нүкте қойылды. Неміс соты 101 жастағы қарияны 5 жылға соттады. Осылайша, Йозеф Шюц есімі әлемдегі ең жасы үлкен қылмыскер ретінде тарихта қалады.

Былтыр атышулы сот процесі басталғанда-ақ заңгерлердің көбі қарияның сотталатынына сенімді болды. Мәселен, халықаралық заңгер Валерий Ванин Заксенхаузеннің бұрынғы күзетшісінің кінәлі деп танылатынына күдік келтірмеген еді.

«Көп жылдар өтсе де, оның әрекеті өз кезегінде қылмыс болып саналады. Мұндай жағдайда оны ауыр қылмысы үшін жазалау маңызды. Бұл үкім айыпталушы үшін де емес, тұтқындардың туыстары үшін де емес, қоғам үшін маңызды. Халық адамзатқа қарсы жасалған қылмыстардың ескіру мерзімі болмайтынын және ешқашан ұмытылмайтынын түсінуі керек», – деп пікір білдірді ресейлік заңгер.

Айта кетейік, жазадан жалтарып кеткен фашистердің ісін қайта қарау жұмысы бір Йозеф Шюцпен ғана шектелмейді. Мәселен, 2020 жылы Германияда Штуттгоф концлагерінің бұрынғы күзетшісі Бруно Дей кінәлі деп танылды. Былтыр 93 жастағы қария екі жылға шартты мерзімге сотталды. Бүгінде аталмыш лагерьдің тағы бір бұрынғы қызметкеріне қатысты сот процесі өтіп жатыр. Лагерьдің экс-хатшысы 97 жастағы Ирмгард Фурхнерге «10 мыңнан астам адамның өліміне қатысы бар» деген айып тағылды. Оның алдында Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында Польшаның Освенцим лагерінде қызмет атқарған экс-бухгалтер Оскар Грёнинг пен экс-күзетші Райнхольд Ханнинг сотқа тартылды. Істі болғанда екеуі де 94 жаста болатын. Бірақ, екі қария үкім шыққанша қайтыс болып кетті.

Сот барысында Йозеф Шюц өзіне тағылған ауыр айыппен келіспей, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ауыл шаруашылығында еңбек еткенін алға тартты. Алайда, қарияның сөзін мұрағаттан алынған құжаттар теріске шығарды. Содан сегіз айға созылған сергелдеңнен кейін неміс соты осы жазда 101 жастағы қарияны 5 жылға соттады…

ЖАУЫЗДЫҚ МЕКЕНІ

Мәселенің мән-жайын түсіну үшін тарихқа сәл шегініс жасайық. Үшінші рейх 1936 жылы Ораниенбург қаласында Заксенхаузен концлагерін ашты. Аумағы үш бұрыш тәрізді салынған нысанның басты мақсаты – тұтқындарды қорлап, жеке басының құндылықтарын басып-жаншу болды. Сол жылдың шілдесінде алғашқы тұтқындарды орналастырды. Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін мұнда фашизмге қарсы шыққан неміс коммунистері мен қуғындалған Германияның еврейлері қамауда отырды. Ал, кеңестік тұтқындардың алғашқы легі 1941 жылдың 31 тамызында келді. Түрлі дереккөздерге сүйенсек, лагерьдегі кеңестік тұтқындардың саны 13 мыңнан 18 мыңға дейін жеткен.

«Олардың басым бөлігі ажал құшты. Атап айтқанда, Иосиф Сталиннің үлкен ұлы Яков сол жерде көз жұмды. Қоршаудағы тікенек сымға жақын барған кезде оны күзетші атып тастады», – дейді ресейлік тарихшы Константин Залесский.

Лагерьде тұтқындардың жеке басын қорлаудан бөлек, оларға түрлі қатал эксперименттер де жүргізілген. Денсаулығына байланысты түрлі сынақ жасалған. Мәселен, неміс вакцинасының тиімділігін тексеру үшін тұтқындарға іш сүзегін әдейі жұқтырған. Эксперимент қорытындысын салыстыру арқылы шығарып отырған. Тұтқындарды екі топқа бөліп, бір топ түрлі препараттар мен вакциналар қабылдаса, екінші топтағы тұтқындарға дәрі-дәрмек атаулы мүлдем берілмеген. Константин Залесскийдің айтуынша, мұндай эксперименттерден санаулы адам ғана аман қалған.

Заксенхаузенде коммерциялық өнімдерді сынақтан өткізетін арнайы алаң да болған. Лагерь аумағында бірнеше учаскелерге бөлінген арнайы шеңбер сызып, әр учаскедегі шеңберге түрлі топырақтар төселген. Тұтқындарды осындай жолдарға он келілік сөмкемен шығарып, құлағанша жүруге мәжбүр еткен. Осылайша, майданға жеткізілетін етіктердің беріктігін тексерген. Өкінішке қарай, неміс концлагерьлерінің барлығында да «жұмысқа жегіп, зорықтырып өлтіру» әдісі кеңінен қолданылған.

Рас, ондағылар тұтқындарды түрлі жолмен аяусыз өлтірген. Кейбіреулерін шағын вагондарға тиеп, лагерьдің сыртына апарып, атып тастайтын.

Лагерьдегі тұтқындарды Қызыл әскер 1945 жылдың 22 сәуірінде азат етті. Бір күн бұрын концлагерь күзетшілері 36 мың тұтқынды өлтіруге тырысқан. Сол кезде онда барлығы 40 мыңға жуық тұтқын болған.

«Фашистер лагерьді тазартуға тырысқан. 36 мың адамды лек-легімен солтүстікке қарай апарған. Тұтқындарды баржаларға отырғызып, суға батырып жіберу жоспарланған. Алайда, оларды жолда кеңес әскерлері құтқарып қалған. Көп тұтқын қайтыс болғанымен, өлім аузынан аман қалғандар да аз болған жоқ. Бірақ, лагерьде қалған шамамен үш мыңға жуық адамның түгелі қайтыс болды. Олар әбден қажыған, ауруға шалдыққан еді. Жүруге әлдері де келмеген», – деп толықтырды Константин Залесский.

27 елден құралған 200 мыңға жуық адам Заксенхаузенде тұтқында болса, соның 100 мыңға жуығы лагерьдің құрбанына айналған.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Иә, ХХ ғасырда қолдарын қанға малған ардагер фашистердің жазасын ХХІ ғасырда алуы өскелең ұрпаққа сабақ болары сөзсіз. Әйтсе де, бұрынғы Фашистік Германия мен бүгінгі Федеративтік Германия үкімінің айырмасы жер мен көктей екені талас тудырмайды. Бәлкім, төрінен көрі жақын қалғанда «жұмсақ» жазамен құтылғандары тағдырдың сыйы болар.

Фараби СӘЙКЕНОВ

 

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here