Бірінші сынып оқушыларына планшет беріледі

0
238

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 2023 жылы 400 мыңнан астам бірінші сынып оқушысын планшетпен қамтамасыз етуді ұсынды.

«Ауыр рюкзактар мен мектептердің цифрландыру деңгейін арттыру мәселелері планшет қолдану арқылы шешімін табуы мүмкін. Планшеттер цифрлық оқулық ретінде немесе онлайн оқу құралы ретінде қолдануға оң әсерін тигізеді», – деді Бағдат Мусин.

Министр мұндай әдіс бірқатар дамыған елдерде жүзеге асырылғанын айтты. Оның ішінде Ұлыбритания, Норвегия, Оңтүстік Корея, Түркия мектептерінде жақсы нәтиже көрсеткен.

Бағдат Мусин бұл шешім оқушыларға шығармашылық пәндер бойынша өз контентін жасауға мүмкіндік беретінін де атап өтті.

«Аталған елдерде осы шешім негізінде өңірлер арасындағы цифрлық теңсіздікті төмендетуге, оқушылардың рюкзагын жеңілтедуге мақсат қойылды. Біздің ұсыныс: 400 мыңнан астам бірінші сынып оқушыларын 2023 жылы сервистік модель арқылы планшеттермен қамтамасыз ету», – деді министр.

Министрдің айтуынша, ұсынылып отырған механизмнің бірқатар артықшылығы бар. Атап айтқанда:

  • Сервистік модельді пайдалану тікелей сатып алуға қарағанда бастауыш сыныптарда 4 жылға арналған келісімшарт сомасын бөлу есебінен бюджетке жүктеме азаяды. Бұл механизм халық пен бизнес арасында телефондар мен планшеттерді сатып алу кезінде белсенді тапсырысқа ие;
  • Планшеттерді жалға беру қызметінен басқа, оқушылар үшін арнайы тарифпен мобильді интернет, планшеттердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін сервистік қызмет сатып алынады;
  • Рұқсат етілген онлайн ресурстар тізімі, яғни «ақ интернет» қашықтан жаңартылып отырады.

«Ең бастысы, шетелдік өндірістерге тәуелділікті азайту мақсатында бұл механизм тек отандық өндірушілер үшін ғана қолжетімді болады», – деп атап өтті министр.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here