Оқушылар Қазақ тілі мен әдебиетінен міндетті емтихан тапсырады

0
108

Қазақ тілінен өзге тілдерде оқытатын мектеп оқушыларының Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша білімі тексеріледі. Атап айтқанда, 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап 5-8 сыныптар мен 10-сынып оқушылары аталған пәннен емтихан тапсырады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрінің бұйрығы шықты. Бұйрық жобасы 23 қарашаға дейін қоғам талқысына ұсынылды.

Жаңа бұйрықта 2023-2024 оқу жылынан бастап қазақ тілінде оқытатын мектептерде Қазақ тілі пәні бойынша, қазақ тілінен басқа тілде оқытатын мектептерде Қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша емтихан өтетіні, бұл – білім алушының бағдарлама мазмұнын меңгеруін бағалау мақсатында өткізілетін рәсім екені жазылған.

Емтихан уақытын мектептердің өзі белгілейді. Ол жазбаша және ауызша өтіп, оқушының қазақ тілінде тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу біліктілігін тексеруге мүмкіндік береді. Емтихан тапсырмаларын әзірлеуде педагогтар сәйкес сыныптың оқу бағдарламасын негізге алады. Аталған пән бойынша жылдық бағасы оқушының жыл бойғы оқу үлгерімі мен емтихан нәтижесіне қарай қойылады.

Айта кетейік, Қазақстанда жалпы білім беретін 7 440 мектеп бар. Соның ішінде 3 809 мектеп – қазақ тілінде, 1 287 мектеп – орыс тілінде, 2 319 мектеп – қос тілде білім береді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here