Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу қиындай түседі

0
863

Мәжіліс депутаттары жүргізушілерді дайындау сапасының төмендігі мен оларға қойылатын талаптың босаңдығы жайлы мәселе көтерді. Себебі, 2018 жылдан бері елімізде жүргізушілерді дайындайтын оқу орталықтарын ашу үшін тиісті лицензиялар мен рұқсаттар талап етілмейді. Соның салдарынан материалдық-техникалық базасы жоқ автомектептердің жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені жасырын емес. Халық қалаулылары көтерген мәселеге құзырлы орындар да құлақ түрді.

Мәжілісмендер жүргізушілерге алғашқы куәлікті онлайн алу тәртібін алып тастауды, арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында емтихан қабылдау тәртібін күшейтуді талап еткен болатын. Осы мәселенің түйінін тарқату үшін Үкімет мүшелері арнайы жұмыс тобын құрды. Оның алғашқы отырысында «А, А1, В, В1» санатындағы болашақ жүргізушілердің өздігімен дайындалу институтын алып тастау, практикалық емтихан қабылдау процесін қалпына келтіру мәселесін қарастырды.

Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдің айтуынша, алдағы уақытта автомектептер кәсіби бірлестіктерге біріктіріледі. Яғни, әр өңірдегі автомектептердің қызметін сондағы кәсіби бірлестіктер реттеп, бақылап отырады. Егер жүргізуші тиісті деңгейде автомектептен білім алып шықпаса, ондай автомектептер кәсіби бірлестіктердің мүшелігінен шығарылады. Сонымен қатар, жұмыс тобының мүшелеріне жол жүру ережесі бойынша қойылатын емтиханға жаңа сұрақтарды енгізу үшін қосымша сараптама жүргізу жүктелді. Жаңа сұрақтардың енгізілуі емтиханды сәтті тапсыруды қиындата түсері анық. Әзірге мұның бәрі – жұмыс тобында қаралып жатқан мәселелер. Жүргізуші куәлігін алу жолындағы шынайы өзгерістерді келесі жылы байқап қалуымыз мүмкін.

Айта кетейік, ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жылына 13 мың жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан орта есеппен 2 мыңнан астам адам көз жұмады, 18 мың адам түрлі дене жарақатын алады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here