Coca-Cola: Дәрі қалай сусынға айналды?

0
2121

Кәсіп бастау бар да, оны әлемге танымал ету, брендке айналдыру тағы бар. Бұл алға қарай нық қадам жасаудан басталады. Кәсіпкерге шегі жоқ жолда бақ қонып, тасы өрге домаласа, еңбегінің жемісін көреді. Осылайша, өз құндылығын жоғалтпайтын өнім шығарғанда ғана арман ақиқатқа айналады. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті 136 жылдан бері нарықта өзінің орнын жоғалтпай келе жатқан «Coca-Cola» сусынының тарихына қысқаша тоқталады.

«Coca-Cola»-ның атасы – Джон Стит Пембертонға Атлантада орнатылған ескерткіш

Алғаш рет әйгілі «Coca-Cola» сусыны 1886 жылы АҚШ-тың Атланта қаласында дайындалған екен. Сусынды америкалық фармацевт Джон Стит Пембертон ойлап шығарған. Ал, сусынға бұл атауды Пембертонның есепшісі Фрэнк Робинсон беріп, «Coca-Cola» деп каллиграфия (көркем жазу) түрінде жазған. Сол жазу 136 жылдан бері атақты компанияның логотипі саналады.

Сусынның негізгі құрамы коки дейтін жапырақтың үш бөлігінен және кола тропикалық жаңғағының бір бөлігінен тұрады. Кейбір деректерге сенсек, «кока» сөзі – кокаин өсімдігі атауынан шыққан. Одан «кокаин» атты жергілікті тағам өнімдері, есірткі және бүгінгі тақырыбымызға арқау болған сусын алынады. 1903 жылға дейін сусынның құрамында кокаин болса керек. Мұны аңыз санайтындар арамыздан табылса да, ХІХ ғасырдың соңында кокаинге тыйым салынбағандықтан, газдалған сусын жасау үшін кокаиннің жапырақтары пайдаланылды. Одан алынған сусын бастапқыда кез келген жүйке жүйесі аурулары мен бедеулікті емдейтін дәрі ретінде сатылымға шығарылды. Солай заңдастырылды.

Алғашқыда сусын-дәрі Атлантаның атақты «Джекоба» дәріханасында сатылды. Ол кезде «Coca-Cola» сусынын күнделікті тұтынушылар саны тоғыздан аспайтын еді. Бірінші жылы компанияның жылдық тауар айналымы бар болғаны 50 АҚШ долларын құрады. Ал, оны жасап шығару үшін фармацевт әрі кәсіпкер 70 АҚШ доллары көлемінде қаржысын жұмсайды. Яғни, ХІХ ғасырдың соңында «Coca-Cola» пайда әкелмейтін әрі шығыны көп шаруа болды. Дегенмен, Пембертон шығынға қарамай бұл сусынды брендке айналдыруды мақсат етеді. Осылайша, ол 1888 жылы оны сусын ретінде сату құқығын иеленеді. «Coca-Cola» сусынының атасы өз ісінің үлкен болашағына сенген. Оны сол сенімі алдамапты. Бүгінде бұл сусын әлемнің барлық елінде сатылымда бар, тек Куба мен Солтүстік Кореяның нарығында ғана жоқ. Ал, бүгінгі «The Coca-Cola Company» компаниясының тауар айналымы 2021 жылы 38,6 млрд долларды құраса, таза пайда 9,8 млрд долларға жеткен. Компанияда 80 мыңдай адам еңбек етеді.

Иә, әлемде бұл газдалған сусынды сатпайтын екі мемлекет бар: Куба мен Солтүстік Корея. 2012 жылға дейін бұл тізімде Мьянма да болған. Тәтті сусынды ең алғаш пайдаланған шет елдің бірі – Куба. Дегенмен, АҚШ-пен саяси көзқарасына байланысты бұл ел алпысыншы жылдары «Coca-Cola»-ны сатылымға шығарудан бас тартты. Ал, Солтүстік Кореяның дүкендерінде бұл сусын ешқашан болмаған.

Сарапшылардың пікірінше, әлемде күніне 1,8 млрд «Coca-Cola» сусыны сатылады. Демек, әлемнің әрбір жетінші тұрғыны бір күнде бұл сусынның бір бөтелкесін ішеді. Өкінішке қарай, Пембертон өзі шығарған «Coca-Cola» сусынының мұндай адам сенгісіз жетістіктерін көре алмай, сусын ретінде сату құқығын алған 1888 жылы 57 жасында өмірден өтті.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here