Бразилияның 39-шы президенті Лула да Силваның ұлықтау рәсімінен кейін бір апта өткенде экс-президент Жаир Болсонарудың жақтастары оның сайлауда жеңілгенін мойындаудан бас тартып, ел астанасы Бразилиадағы Парламент пен басқа да үкіметтік ғимараттарға шабуыл жасады. Шабуыл үш сағатқа созылды. Осылайша, әлемде жер көлемінен 5-орын, халық санынан 6-орын алатын Латын Америкасындағы Бразилияда жаңа жыл бүлікпен басталды.
Бүгінде полиция ғимараттарды шерушілерден тазартып, 700-ден астам адамды қамауға алды. Тәртіп сақшылары оларға қарсы көзден жас ағызатын газ, резеңке оқ қолданды. Бұған жауап ретінде шеруге шыққандар көліктерді өртеп, полицияға күш көрсетті. Шеруге шамамен 5 мыңнан астам адам қатысты.
Жаир Болсонарудың денсаулығына байланысты Флорида штатына (АҚШ) барғаны, 10 қаңтарда ауруханадан шыққаны, айдың соңында еліне оралатыны хабарланды.