Ұлттық доданы ұлықтаған көкпаршы Бақдәулет

0
1404

Әсілі, ұлтымыздың ғасырдан ғасырға, атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәсүрлері, жөн-жоралғылары өсіп-өркендей бергені ләзім. Көкпар да соның бірі. Ұлттық ат спортының тамаша түрі. Көкпар – өзіне ықыласты жандарды ат құлағында ойнауға үйретеді. Жігіттің білек күшін сомдап, қажыры мен қайратын шыңдайды. Адамды ат үстінде шыдамды болуға, ептілікке жетелейді. Дүрмекті топтың ішінде жерде жатқан көкпардың дүниесін жүректілікпен, асқан ептілікпен, шеберлікпен іліп алып, қанжығаға баса алдыға алып, атын құйындата шапқылатып белгіленген жерге тастау оңай шаруа емес. Көкпарға әбден үйренген жігіттер қолындағысын оңайлықпен бере де қоймайды. Сол үшін де көкпар додасына шыдамды ат, жүрегі мен білегі мықты, епті жігіттер керек. Ауылдық деңгейдегі көкпар бүгінде аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық дәрежеге көтеріліп кетті. Ұлттық ат спортының бұл түрі аясын кеңітті. Өзіне ықыласты жандар қатары да көбеймесе, азайған жоқ.

Таулы өлкеден, Кеген ауданындағы Бөлексаз атты ауылдан алғашқы қадамдарының өзі ел назарын аударған көкпаршы жігіттің шыққанына таңғалғанымыз жоқ. Өйткені, солай болуы керек еді. Нағыз қазақ жігіттерін түлік төресі жылқыға жақындығынан, ат спортына ептілігінен танығанымыз абзал. Табиғаты тамаша тау құшағында, қалың жылқының ішінде өскен ауыл баласының көкпаршы болмасқа еш айласы жоқ еді. Біз сөз еткелі отырған  үріп ауызға салғандай жап-жас Бақдәулет атты жігіттің жолын бір Алла ашық етсін дейміз. Бақдәулет бекер көкпаршы болған жоқ. Мына қызықты жайтты қараңыз. Атқұмар баланың әкесі Серікжан Битіманов пен анасы Бағдат Сламжанова қыз-бозбала шақтарында бір іргелі малшылар тойында қыз қуу жарысына қатысып, сол арқылы танысып, жүректерін табыстырыпты. Сөйтіп, шаңырақ көтерген екен. Атқа, жылқыға жақын өскен ерлі-зайыпты жандардан Бақдәулеттей ұл дүниеге келді. Жай ұл болған жоқ. Кішкентай кезінен ат құмар бала болды. Біреулер асық атып, доп теуіп жүргенде Бақдәулет тай желдіртіп жүретін. Сөйтіп, үлкендердің назарына ілігіп, 5 жасынан бастап-ақ аудандық, облыстық, республикалық ат бәйгесіне қатысатын тұлпарларды ауыздықтап, талай-талай топ жарып жүрді. 12 жасынан көкпарға араласа бастаған. Жақында көкпаршылардың байқауында тағы да жеңімпаз атанды.

«Бозбала шағымнан бастап-ақ тай күнінен «Көкдауыл» атты ат баптадым. Сол сәйгүлігіммен ұлтымыздың ежелден келе жатқан көкпар, теңге ілу және аударыспақ секілді ат спортының ойындарына қатыса бастадым. Көптің айтуы бойынша үлкен атам Алпысбай өте мықты көкпаршы болған екен. Көпке сыйлы әрі сегіз қырлы, бір сырлы, өнер десе ішкен асын жерге қоятын атамды ел-жұрт «Көке» деп кетіпті. Көкпаршылық өнер маған сол атамнан жұққан болуы керек», – дейді Бақдәулет жылы жымиып қойып.

Құлдыраңдаған құлын кезінен тайға мініп, есейе келе ат баптап өскен Бақдәулет жоғары сыныпта оқып жүрген кезінен-ақ ауылдағы белсенді жастардан құралған «Көкбиік» атты көкпаршылар командасының белсенді мүшесі болды. Араларында білікті, епті әрі сондайлық самдағай Бақдәулет бар аталған көкпаршылар командасы аудандық жарыстарда үнемі бірінші орыннан көрініп жүрді. Ұлттық додамызды ұлықтап, көкпаршы болғысы келуді армандаған ол бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің спорт және туризм факультетінде оқып жүр.

Көкпаршы жігіттің алғашқы шыққан биіктері, алған асулары қуантпай қоймайды. Алғаш ауылдық, аудандық құрама командада өнер көрсетіп жүрген Бақдәулет кейін облыстық құрама команданың сапында бәсекеге түсті. Биыл Қызылорда қаласында өткен жастар арасындағы республикалық чемпионатта Алматы облысының жастар командасы 2-орыннан көрінсе, мұнда да Бақдәулеттей шабуылшы көкпаршы жігіттің лайықты орны бар. Аузы дуалы азаматтардың назарына іліккен ол Қазақстан Республикасының құрама командасына алынды. Бүгінде ол көкпардан Азия чемпионы. Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен көкпардан жастар арасындағы І ашық Азия чемпионатында Қазақстан, Ресей, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан мемлекеттерінен келген жастар құрама командалары бақ сынасқан болатын. Осынау дүбрлі додада Қазақстан Республикасының жастар командасы бірінші орынды жеңіп алды. Осылайша, республикамыздың көк байрағы желбіреді. 12 жігіттен құралған жастар командасының ішіндегі Бақдәулет Серікжан Қазақстанның спорт шебері атанды. Сөйтіп, үлкен қуанышқа кенелді.

Көкпар деп аталатын ұлттық додамызды ұлықтап жүрген Бақдәулетке туған елі-жері лайықты құрмет көрсетіп, сенім артуда. Қандай жарыс болсын аудан тарапынан қолдау көрсетіліп, лайықты сый-құрметін танытып келеді. Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабыр Досымбеков Бақдәулетке ақ батасын берді.

Жас жігіттің елім-жерім, ұлтым деп соққан кішкентай ғана жүрегі қазағының көкпар секілді ат спортының түрі жүйрік уақытпен бірге өрістетіп, өркенін жая берсе деп тілейді. «Қазақтың нағыз қазақ екенін қай өнер, қай спорт түрінен болсын дәлелдеп жатсақ, бізге сол жеткілікті, біз үшін сол мерей», – дейді ол. Ендеше, қазақтың көкпарымен қазағын көтеріп жүрген, көк байрағын желбіретіп жүрген Бақдәулетке жүзің жарық, жолың ашық, мерейің үстем бола берсін дейміз!

Индира БІРЖАНСАЛ

Кеген ауданы, Алматы облысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here