ҚазҰУ-да инженерлік саладағы әйелдер тәжірибе алмасты

0
400

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Инженерлік саладағы қазақстандық әйелдердің мәселелері мен болашағы» тақырыбында халықаралық воркшоп өтті. Іс-шара IEEE – Электротехника және электроника инженерлері институтының, атап айтқанда IEEE Women in Engineering (WIE)- IEEE мүшелері мен еріктілерінің жаһандық желісінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Тәжірибелік семинарға белгілі әйел ғалым-зерттеушілер, инженерлік сала басшылары, докторанттар мен магистранттар, өндіріс өкілдері қатысты. Кездесуде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жәмила Айтжанова  аталған шараның инженерия мен ғылым саласындағы әйелдердің мүмкіндігін арттырып, академиялық білімдерін жетілдіруге, маман ретінде қалыптасып, дамуына арналғанын атап өтті.

«ҚазҰУ БҰҰ тұрақты дамуының 17 мақсатын, атап айтқанда ТДМ 5 – гендерлік теңдікті белсенді жүзеге асыруда. Бүгінде ҚазҰУ-да 5107 адам жұмыс істейді, оның 3483-і әйелдер қауымы. Университетте инженерлік мамандықтар бойынша 2000 студент оқиды, оның 838-і қыз балалар. Шеберлік сабақ аясында зерттеушілер, ғалымдар мен сала мамандары инженерияның түрлі салаларындағы әйелдерге қатысты мәселелер бойынша тәжірибе алмасатын болады», – деді проректор Ж.Айтжанова.

Жиында сөз сөйлеген Лиссабон университеттік институтының ақпараттық ғылымдар және технологиялар саласындағы PhD бағдарламасының директоры, Португалияда IEEE Instrumentation & Measurement Society қауымдастығының жетекшісі, профессор Октавиан А.Постолаке сөз сөйлеп, әйелдердің ғылым мен қоғамдағы ерекше рөлі мен үлкен әлеуетіне тоқталды.

Отырыс барысында қатысушылар инженерияның әртүрлі салаларындағы әйел зерттеушілердің баяндамалары тыңдалды. Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры Пакизар Шамой «Кедергілерді еңсеру: инженерлік саладағы әйелдер – проблемалар мен мүмкіндіктер» тақырыбындағы баяндамасында гендерлік теңдікке қатысты өзекті мәселелерді талдады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының меңгерушісі, профессор Альмира Құстыбаева «Ми ісіктері бар науқастарда когнитивті функцияларды картаға түсіру үшін функционалды МРТ» тақырыбында баяндама жасады. Айта кету керек, Альмира Мэлсқызы JFDP (АҚШ), Tempus (Ұлыбритания), Fulbright (АҚШ) гранттары және ҚР Президентінің гранты бойынша Финляндияның Турку қаласында тағылымдамадан өтті. Ағымдағы жылы профессор А.Құстыбаева ҚазҰУ жанынан танымдық нейроғылым орталығын құрды.

Шеберлік сабақ аясында өткен интерактивті сессияларда қатысушылар келіссөздердің тиімді әдістері мен желілік ғылыми байланыстарды жақсарту және инженерлік салаға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Бірлескен іс-шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Назарбаев университеті, IEEE Women in Engineering in Kazakhstan қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here