Жоғалған жылқы (әңгіме)

0
1081

Айдар мектептен көңілсіз қайтты. Ата-аналармен бірге мереке құрметіне мектепте өткен кешке барған. Қаршадай қара баланың сахнада оқыған өлеңі санасында жағырып тұрып алды.

Үйірімнен жырып,

Адам өзі біліп,

Мойынға сап құрық,

Алды мені бөліп.

 

Жүген түсті басқа,

Ауыздықтап алды.

Тиді тұяқ тасқа,

Арқама ерді салды.

 

Әрлі-берлі жүрді,

Шапшысам да көкке,

Ерттеп алып мінді,

Қамшы тиді етке.

 

Тайды бастан бағым,

Тізгінімді сілкіп,

Тебінеді тағы

Бүйірімді түртіп.

 

Сездім соққан желді,

Ақты көзден сорам.

Не қылайын енді,

Міне, шауып барам!

Айдар жастайынан аттың құлағында ойнап өскен жігіт еді. Ат десе ішкен асын жерге қоятын. Жылқы мініп көкпарға да шықты, аударыспаққа да түсті. Атты жақсы көргені сондай, оны бауыздауға көзі қимайтын. Төңірегіндегі елдің бәрі соғым сойып жатқанда ол ірі қара соятын. Алайда, бұл қылығы ұзаққа бармады. Келіншегінің қыңқылынан кейін, амал жоқ, жыл сайын жылқы соятын болған.

Биыл да бір жылқыны жемдеп отырған жайы бар еді. Ал оқылған өлең тура өзінің басындағы жағдайды айтып тұрған секілді.

Алға келсе тістеп,

Артқа келсе теуіп,

Тұрған жылқы едім,

Қойды сұлы беріп.

 

Батса-дағы жүрем

Табаныма тастақ.

Соғым қылар ием,

Ертең сойып тастап.

 

Үйреткен соң қолға,

Күнде тұрсам жарап,

Жәбірлемес ол да,

Ерге болсам қанат.

 

Айтқанына көнсем,

Айдауына жүрсем,

Тапсам оның тілін,

Көтерілер еңсем.

 

Болар күнім қандай,

Үмітіңді үзбе!

Тұсауымды алмай,

Кісінеймін түзде.

Өстіп көңілі түсіп келе жатқанда қорадағы жылқыға кешке қарай су бермегені есіне түсті. Қақпадан өтіп, қораға кірсе байлаулы тұрған жылқы ұшты-күйлі жоқ. Келіншегі көрші үйге шай ішуге барып, енді ғана келген екен. Ол тіпті қораға кірмеген.

Сүйтіп қыста соғымға соямыз деген жылқы жоғалып кетті.

Күн суытпай-ақ қораға кіргізіп, жем беріп, семіртіп отырған ақ, адал малымыз еді , – деп еңіреген үй иесінің сөзін көрші-көлем тегіс естіген.

– Абыржыма. Ұры алысқа ұзамайды. Табамыз!  – деді учаскелік инспектор.

– Иісшіл иттерің жоқ па? Тапа-тал түсте қалай ұрлайды? – деді үй иесі.

– Түнде ұрласа, дыбыс қатты естіледі. Күндіз ұрласа ешкім байқамай да қалады. Әккі ұры соны білген. Сендердің үйде жоқ екендеріңді көрген. Яғни, аңдып жүрген, –  деді әккі полицей.

Арада бір күн өткенде қалаға базарға келген Айдар ет сататын жерден он келідей жылқы етін сатып алды. Бір-екі күнде көрші ауылда тұратын бажасы қонаққа келемін деп хабарласқан болатын.

Үйіне кіргені сол еді, қарсы алдынан ел ішінде «қызыл жаға» атанып кеткен Айдарбек шықты.

– Айбар!  Ренжімей тоңазытқышыңды көрсет. Жылқы ұрланған соң іздеп, барлық үйді тексеріп жүрмін, – деді.

– Мені де тексересің бе? – деді Айдар.

– Әрине! Исключение жоқ, – деп орысшалады. Айтпақшы, жылқым жоғалды, түрі, түсі осындай еді, неше жаста еді, бәрін айтып арыз жазасың, –  деді.

– Дөнен, – деді Айдар.

– Дөнен, құнан дегенді білмеймін. Нақты неше жаста, соны айтып жаз! – деп Айдарбек нығытып қойды.

Тоңазытқыштан он келі ет табылды. Оның базардан сатып алынғанына Айдарбек сенбеді. Сенгісі де келмеді. Өйткені, Айдардың қолында  етті сатып алғаны туралы чек жоқ болатын. Оның базардан ет алғанын көрген куәлер де табылмады.

– Қысқасы, енді арыздың сыртында түсініктеме жазасың! Ешқайда кетпеу туралы қолхат бересің! – деп Айдарбек дікеңдеді.

– Ойбай-ау! Өз жылқыңды өзің ұрладың дегің келе ме? Күйдірдің ғой мені! – деп еді, Айдарбек та қарап тұрмады.

– Қазіргі уақытта әртүрлі жағдай бола береді. Өткен айда көрші ауданда бір үйір жылқы жоғалған. Біреу емес, бір үйір. Сүйтсе, оны шекара асырып, Ресейге айдап әкетіпті. Жылқыны ұрлатқан нағашысы, ұрлаған жиені. Кейін анықталғандай, жылқы жоғалды деп жалған ақпарат берген. Өздері алдын-ала келісіп алған. Сондай да жағдай болған. Сондықтан түбегейлі тексереміз.

– Е, олар жиенқұрық жасаған болар!

– Қайдағы жиенқұрық? Ол ескі әдет-ғұрып. Бұлар ұйымдасқан қылмыс жасап отыр.

Айдар бұдан әрі таласудың ретін таппады.

– Жарайды, тексеріңдер! Маған жылқымды тауып берсеңдер болды, – деп есіктен шығарып салды.

Арада бір күн өткенде Айдардың көптен сыйласып жүрген құдайы көршісі Жанайдар әлгі Айдарбекке жылқының терісін алып келді. Жаңа сойылған жылқы терісі екені көрініп тұр. Оны Айдардың үйі жанындағы қоқыс арасынан тауып алғанын айтты. Күлдің астына көміп тастапты, – деді.

Осы күні Айдардың бажасы да қонаққа келіп еді. Ол абыржып отырған бажасының жайын көріп, мән-жайды сұрастырған.

– Жарайды, жылқы терісі табылған екен. Ал оның басы мен сирақтары табылды ма? – деп сұраған.

Жоқ деген жауапты естіген соң ол ауыл маңайындағы сайға барып, өз бетімен із кеспек болды. Бұдан бірер жыл бұрын сойылған малдың шекесінің қаңқасы табылды. Ақсүйек болып кеткен екен. Сай түбінен малдың жіліктері де шықты. Бірақ, олардың бұдан бірнеше жыл бұрын сойылған не өлген малдың сүйегі екені анық көрініп тұр еді.

Кешкі қонақасыда қонағымен бірге болған Айдардың тағы бір ауылдасы осыдан бір күн бұрын Айдардың көршісінің үйінен іркілдек (холодец) жегенін айтты.

– Біздің қазақтар да осындай асты пісіруді үйреніп алыпты. Мұның өзі буын ауруына пайдалы екен, – деп қойды.

Айдардың бажасы  елең ете қалды.

– Ондай ас сирақтан жасалады. Ол үй жуықта мал сойып па еді? – деп сұрады. Жоқ деген жауапты естіген соң:

– Олай болса Айдарбек деген әлгі полицейіне айт. Сол үйді тексерсін! –деді.

Бірнеше күн өтті. Полициядан хабар-ошар болмады. Айдар енді Айдарбекті өзі іздеп келді.

– Оның бұл ұрлыққа қатысы жоқ екен. Сирақтан іркілдек пісіргені рас. Ал сирақтарды базардан сатып алыпты. Айтқанын растайтын куәлар бар! – деген жауап алды.

Бажасы да ауылына қайтып кеткен.  Бір күні Айдарға телефон шалды.

– Мен саған бір қызық айтайын. Біздің ауылда Иван деген орыс сіздің ауылдың адамынан жылқының бір санын сатып алыпты. Жылқы етін жеп үйренген орыс еді. Әйелі қыста шұжық та жасайтын. Соны естіп хабарласып тұрмын, – деген. Айдар енді аудан орталығындағы полиция учаскесіне келіп, естігенін түгел баяндаған.

Полицияда біраз жылдан бері қызмет атқарып келген тәжірибелі, қағілез жас жігіт онымен бірге ауылға баруға келісті.

– Сен білесің бе? – деді ол жол-жөнекей Айдарға, – жанымыздағы ауданда өткен айда 42 жылқыны  ұрлаған қылмыстық топ ұсталды. Малды не кедейліктен ұрлайды, не пайда табу үшін ұрлайды. Олар барлық жылқының біразын сойып, етін сатып, ақшасын қалталарына басқан. Қалған жылқыны арзан бағамен басқа ауданға өткізіп жіберген. Ал сенің жалғыз жылқыңды ұрлағандар шеттен келген емес, өз ауылыңның адамы болуы ықтимал.

Әуелі екеуі учаскелік инспектор Айдарбектің үйіне келген. Ол әріптесінің келе жатқанын естіп алған ба, қонақасыға ет асып қойыпты.

– Сен де бірге болып, дәм татып кет! Әуел баста күдіктенгеніме кешірім сұраймын, – деп жік-жапар болды.

– Ауданнан келген өкіл мал ұрлығын ауыр қылмыс түріне жатқызу көзделіп отырғанын айтып, мал ұрлау қылмысының жартысына жуығы ашылмайды. Мал иелері ұрыны ұстауға қауқарсыз деп полицияны сынайды. Біз болсақ малды қараусыз қалдырады деп тұрғындарды айыптаймыз. Сондықтан бұл қылмысты бірігіп, тездетіп ашайық, – деді.

Ортаға буы бұрқырап ет те келді. Ас желініп болған соң есік алдына шыққан. Кенет Айдар аулада қабаған иттің алдында жатқан майлы жілікті көзі шалды.

– Айдарбек, итіңді де аш қалдырмапсың ғой, – деп әзілдеді.

Айдарбектің өңі бұзылып кетті.

– Бұйырған тамақты жейді ғой! – деп тамағын керді.

Ауданнан келген өкіл сый-сияпатпен қайтты. Айдарбектің келіншегі оның қоржынына сыбаға деп бір асым ет салыпты. Тамақ жібітетін сусын салуды да ұмытпапты. Айдар мен Айдарбек оны бірге шығарып салды. Үйіне келген отағасын келіншегі қабағын шытып қарсы алды.

– Неменеге жетісіп қонақ болып жүрсің? Үйде балаларға сорпа жасайтын да ет қалмады, – деді.

– Көршіден қарызға ала тұрмадың ба? – деді Айдар басқа уәж таппай.

– Жоқ! Көршінің әйелі ана Айдарбектің келіншегімен әмпей-жәмпей. Екеуінің де үйінен ет үзілмейді. Күйеулерінің табысты қайдан тауып жатқанын білмеймін.

Айдардың санасында бір сәуле жарқ ете қалды.

– Сен білмесең мен білемін. Шындық түбі ашылады.

Келіншегі оның бетіне аңтарыла қарады. Айдар уақыт өткізбей ұялы телефонмен бажасына хабарласқан. Мән-жайды баяндап, осының анық-қанығын анықтап берші. Сенің менен көрі қолың ұзын ғой, – деп бажасына өтініш жасаған.

Ұзын сөздің қысқасы, арада екі ай өткенде жоғалған жылқы табылды. Ұрлап сойып алған баяғы іркілдек пісіретін ауылдасы болып шықты. Ал оның қылмысын Айдарбек үш күннің ішінде анықтаған екен. Алайда, ауыз бастырыққа жылқының бір санын алыпты. Сүйтіп, Айдардың жылқысының бір саны көрші ауылдағы Иванға, тағы бір саны «қызыл жаға» атанған Айдарбекке, қалған жарты еті ауылдасына бұйырыпты. Жылқының шекесі кімге тартылғаны белгісіз. Сирақтары да кәдеге жарапты.

Жоғалған жылқының құны төленді. Ұрлыққа қатысы барлардың үстінен Айдар арыз жазған жоқ. Ауылдасының шиеттей бала-шағасы бар, сотталып кетсе обал болар деген. Ол да келіп, қайта-қайта кешірім сұраған. Айдарбек болса қызметінен босап қалған. Байғұстың дені дұрыс мамандығы да жоқ екен. Ауыл малын бағып, күнкөрістің басқа амалын тапқанға ұқсайды.

– Не де болса сазайын тартқызу керек еді. Көрші отырып қысастық қыла ма? Соттату керек еді, – деген келіншегін Айдар бір-ақ ауыз сөзбен тоқтатқан.

– Басты қатырма! Есіңді жина! Төңірегіңе қарамайсың ба? Жылқыны түгімен, биені жүгімен жұтқандар бостандықта тайраңдап жүр. Темір тордың ар жағында отыратын кісі керек болса, ең алдымен солар отыруы керек еді. Ішер асқа жарымай отырған байғұсты шырылдатқаннан не опа табамыз? – деген. Сонымен әңгіме тәмәм болған.

Өмір сырғып өтіп жатты. Келесі жылы бажасынан хабар келді. Айдардың басынан өткен жағдай айна-қатесіз қайталаныпты. Оның да жылқысы жоғалыпты.

– Саспа! – деді бажасына басу айтан Айдар. Ауылда полиция бар шығар, содан сұра. Не тауып береді, не ұрыны ұстап береді. Екінің бірі!

Бұл детективті жанрда жазылған ойдан шығарылған әңгіме емес. Болған оқиға.

Әрине, менің басымнан өткен жоқ. Тек естігенімді жазып отырмын.

Ақылбек ШАЯХМЕТ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here