2023 жылдың 1 наурызынан бастап «Автомобиль көлігі туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Заңда азаматтардың жекелеген санаттары үшін қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруіне қатысты түзетулер бар. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.
«Бақытты бала – бақытты ана – бақытты отбасы – бақытты ел» жол картасы бойынша жолаушылардың жекелеген санаттарына қоғамдық көлікте жол ақысын төлеу бойынша жеңілдіктер беру қарастырылған. Қалалық (ауылдық), қала маңындағы қатынайтын көліктерде «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар тегін жүреді. І топ мүгедектігі бар адамдарға да қоғамдық көлікте жүру тегін. Ал, 15-18 жастағылар билет құнының 50 пайызын төлейді. Бұған дейін бұл жеңілдікті 7 жастан 15 жасқа дейінгі балалар ғана пайдаланып келді.
Қазақстанның кейбір өңірлерінде заңда көрсетілген жеңілдіктердің бір бөлігі бұрыннан бар. Енді бұл өзгерістер барлық аймақты қамтиды. Жергілікті әкімдіктер де қосымша жеңілдіктер беру мүмкіндігіне ие болады. Тек қоғамдық көлік ішінде арнайы тексеру қызметінің маманына тиісті құжатты көрсетуге міндетті.