Әскери қызметшілер Азия чемпионатынан олжалы оралды

0
239

Қырғызстанның астанасы Бішкекте кәсіпқойлар арасында өткен гір спортынан құрлық біріншілігінде Аягөз гарнизонының үш әскери қызметшісі чемпион атанды. Жарысқа он бес елден жүзден астам мықты спортшы қатысты. Жеті салмақ дәрежесінің үшеуінде жетістікке жеткен қазақстандықтар тамаша техника үлгісін, табандылық пен жеңіске деген мұқалмас ерік-жігер көрсетті.

68 келі салмақтағы қазақстандық гір спортшысы сержант Берік Қазрытқанов алтын жүлдемен марапатталды. 3-сыныпты сержант Тілеужан Жаңабеков 85 келі салмақта топ жарса, 95 келіден жоғары салмақта сынға түскен спортшылар арасында 3-сыныпты сержант Сұңқар Қуанышевқа тең келер қарсылас болмады.

– Жеңіске жету оңай болған жоқ. Қарсыластарымыз да осал емес-ті. Дегенмен үздіксіз жаттығулар мен осындай жарыстарға қатысу тәжірибесі бәрінен озуға көмектесті, – деп атап өтті чемпион – гір спортының шебері 3-сыныпты сержант Сұңқар Қуанышев.

Әскери қызметшілер кәсіби гір спортымен әскерде жүргенде айналыса бастаған. Қажырлы еңбектің арқасында олар қысқа уақыт ішінде «спорт шебері» атағын алып, едәуір жетістіктерге жетті.

2022 жылдың қараша айында Үндістанда өткен жарыста 3-сыныпты сержант Сұңқар Қуанышев 95 келіден астам салмақта кәсіби спортшылар арасында әлем чемпионы атанғанын айта кеткен жөн.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here