САПАЛЫ ДАЙЫНДЫҚ – НӘТИЖЕ КЕПІЛІ

24

Тәуелсіз еліміздің болашағы – білімді ұрпақ екені даусыз. Ал, Президент жыл сайын  Қазақстан халқына жолдаған  Жолдауларында білім беру мәселесіне ерекше басымдықтар беріп,  «Сапалы білім беру – Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының негізі» екендігін атап көрсетеді.

Сапа – оқушының тынымсыз еңбегінің, ал оқытушының шығармашылығы мен ізденісі, жүйелі жұмысының  нәтижесі екені сөзсіз. Осы сапа көрсеткіші  Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ)  қорытындысымен бағаланады. Жыл сайын мектеп түлектері ҰБТ-ға қатысады. Әр тестілеу сайын мыңдаған ата-ана мен ұстаз бұл айрықша емтиханның нәтижесі қалай болатынына қобалжиды.
ҰБТ – мектептің, мұғалімдердің, оқушылар мен ата-аналардың оқу кезеңінде атқарған күллі қызметіне баға беретін өзіндік бір ерекше шара болып табылады. Бұл баға мектеп үшін де, ата-ана үшін де, оқушылар үшін де оңды болуы үшін белгілі бір дәрежеде күш-қуат жұмсау қажет. Қандай да бір жұмыстың нәтижелі болуы – ең алдымен дұрыс жоспарлаудан басталатыны белгілі.
ҰБТ білімді тексерудің бір түрі болғандықтан, мектеп бітіруші түлектер жақсы көрсеткіштерге жету үшін ең басты міндет оларды психологиялық жағынан дайындау деп есептеймін. Кез келген 11-сынып оқушысы «ҰБТ тапсыруға дайынмын ба?» деген сұраққа жауап беруі тиіс.
Мұғалімдердің пән бойынша ҰБТ-ға әзірлік жоспарының дайындалуын қадағалаймыз. Оқушылар туралы мәліметті, олардың білім деңгейін анықтап, ҰБТ-ға дайындалатын оқулықтардың болуын қамтамасыз етеміз. Одан кейін ҰБТ-ға дайындайтын мұғалімдер бұйрықпен бекітіліп, әр пән мұғалімі 11-сыныптар үшін дайындық кестесін жасап, жұмысты қыркүйектен бастады.
Дайындық сабақтарының басында мұғалімдер негізінен оқушылардан бақылаушы тест алады. Оның мақсаты – тест тапсырмалары бірнеше сыныптардың материалынан аралас болатындықтан, нені біліп, нені білмейтінін, қай сынып бойынша оқушының қиналатынын анықтау. Одан ары жүйелі, төменгі сыныптардан бастап құрастырылған тест тапсырмалары мен оқулық бойынша қайталау (оқулық параграфтары, тараулары, бөлімдері бойынша) қатар жүргізіледі. Бұл әрекеттің де артықшылығы бар екенін айтқым келеді. Әсіресе, математика, Қазақстан тарихы, сонымен бірге таңдау пәнінен дайындықты ерте бастағаны жөн. Әрине, барлық оқушының қабілеті бірдей емес, дегенмен оқушы ең бастысы өзіне жүктелген міндетті сезініп, ҰБТ-ға дайындалу үрдісіне жауапкершілікпен қарауы тиіс.
Әр оқушы жетістікке жету үшін еңбектенуі керек, оқушыны өсіретін де, көзделген межеге жеткізетін де – еңбек. Сонымен бірге, мектеп, аудан, бойынша алынатын байқау тесттерінен кейін бізде әр пән мұғалімі тест тапсырмаларындағы сұрақтарға талдау жасап, әр оқушымен жеке жұмыс жүргізеді. Тест тапсырмасындағы қиын сұрақтарға тосылмай, біріншіден, жеңіл сұрақтарға жауап беріп, кейін сол қиын сұрақтарға біртіндеп көшу керек екенін, сұрақтарға берілген бес түрлі жауаптың нақтысын табуды үйретеді. Ол жеке, топпен жұмыстар арқылы да жүргізіледі. ҰБТ-ға дайындық барысында тек бір пәнге ғана көңіл бөлмей, бес пәнге бірдей, қатар дайындалуды үнемі қадағалап отырамыз. Егер оқушы бір пәнге ғана назар аударса, қалған пәндерден байқау тесттерінде байқайтынымыздай, балл төмен болады. Білім деңгейі төмен, орташа оқушыларды жақсы үлгеретін оқушылардың қатарына қосу – басты міндетіміз. Әр оқушының қандай пән бойынша төмен екенін байқап, оған үнемі талдау жасай отырып, кемшілігін түзеу үшін шара қолданамыз. Соның бірі – оқушымен жеке жұмыс жасау, оған ата-ана, мектеп психологы тарапынан көмек беру және оны қолдау.
Мектептегі оқушылардың барлығының қабілеті бірдей деп те айта алмаймын. Сондықтан, ҰБТ тапсыруды өз міндетіне алған оқушы дайындықты 9-10 сыныптардан бастағанын құптаймын.
Оқушының ҰБТ-да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуі – ең алдымен оқушының өзіне байланысты. Ісіне тыңғылықты қарайтын, жауапкершілігі бар оқушылар діттеген мақсатына қол жеткізеді.
ҰБТ оқушы үшін де, ата-ана үшін де жауапты іс. Сонымен бірге, ата-ана тарапынан үлкен қолдау мен көмек көрсетілгені дұрыс. Сыныптағы оқушыға айналасындағы жақсы оқитын оқушылар да әсер ете алады, неғұрлым білімге кұштарлығы басым оқушылары бар сынып болса, сол сыныптың оқушылары да жоғары көрсеткішке қол жеткізе алады.
ҰБТ-ға дайындықты жыл сайын жүргізіп келе жатқан мектеп мұғалімдері баланың қабілетін ашып, оны шыңдауға ықпал ете алады. Білімі төмен, орта, жоғары оқушыларды анықтай отырып, бізде ҰБТ-ға дайындалу сабақтарын жүргізетін тәжірибелі мұғалімдер белгілі бір жүйемен жұмыс жасап келеді.
Мектебіміздің 11 сынып ата-аналарына қорытынды аттестаттау ережесі мен ҰБТ-ның жаңа форматы туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
2018 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде біршама өзгерістер бар. Мәселен, Қазақстан тарихы пәніне 3600-дей жаңа сұрақтар енгізіліп, жалпы тестілуде келетін сұрақтардың 35-40 пайызы ауыстырылған. Түлектердің тест тапсыру уақыты 3 сағат 50 минутқа созылған. Сонда әр оқушы 1 сауалға жауап беруге кемінде 2 минут уақыт жұмсайды. Бұл жаңалықпен мектебіміздің директоры Камшат Қыстаубаева таныстырды.
Мектепте оқушылардың өзіне деген сенімін арттыру, көңіл-күйді көтеру, қарым-қатынасты дамыту, стрессті болдырмау, қобалжудан арылу үшін тренинг, жаттығу сабақтары кесте бойынша жүргізіліп тұрады. Байқау тесттері алынып, оған терең талдау жасалады, онда 50 балл жинай алмаған оқушылардың білім сапасын арттыру үшін оқушылармен жеке психологиялық жұмыстар да жүргізіледі. Осы үлгермеушілікті болдырмау мақсатында психологиялық даярлығын жақсарту үшін оқушыларға жеке ұсыныстар жасалып, сынып жетекшілеріне, ата-аналарына хабарланып отырады. Қорыта айтсам, оқушы тек оқуды ойлағаны жөн, оқыған, еңбектенген оқушы ғана ҰБТ-дан сүрінбейді.
Мектеп психологы М.Жексенбаева үнемі оқушылардың психологиялық қасиеттерiн зерттей отырып, психологиялық тренингтер ұйымдастыруда. Оқушыны психологиялық жағынан ҰБТ-ға дайындауда ата-аналарға төмендегідей кеңес берді:
1. Баланың ҰБТ-ға барар алдындағы алдын-ала тестілеу кезінде алып жүрген ұпайларына немқұрайлылықпен, салғырттықпен қарамай, дұрыс ақыл-кеңес беріп отыруға тырысу;
2. Баланың үйде күнделікті ҰБТ-ға дайындалатын белгілі бір уақыт, орны болуына жағдай жасау;
3. Әр ата-ана баланың көңіл-күйіне, денсаулығына әрқашан назар аударып отыру;
4. Әр ата-ана баласының алдағы уақытта ҰБТ тапсыруда жетістікке жететініне үнемі сенім арту;
5. Баланың дұрыс тамақтануына, әсіресе есте сақтау қабілетін арттыратын жеміс-жидектерге, дәрумендерге көп көңіл бөлу;
6. Ата-ана балаға шамадан тыс ауыртпалық жүктеп, шаршатпай, дұрыс демалуын қадағалағаны дұрыс;
7. Ата-ана ешқашан баланы сынап-мінемегені дұрыс. Ақырындап ақылмен ұғындырып, сабырлы болуға шақырғаны жөн.
Тек, осылай бірлесе атқарған іс-әрекет түбінде оң нәтиже беріп, биік көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Білім мен тәрбие – егіз» деген қағиданы еске алсақ, бұл екі ұғымды еш уақытта бөліп қарауға болмайды. Сапалы білім қажет дегенмен, ең әуелі, балаға тәрбие бермейінше, білім беру мүмкін емес. Қазіргі қоғам жан-жақты үйлесімді, жетілген жаңа адамды тәрбиелеуді талап етіп отыр. «Туа жаман жоқ, жүре жаман бар» деген қағиданы ескерсек, оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру ұстаздың, ата-ананың, мектептің басты міндеті деп қарауымыз керек.
«Тәрбиеге әсер беретін нәрсе – өскен орта, ата-ананың тәрбиесі. Соңғысы күшті болмаса, бара-бара адамды замандас, жолдастың азғырып, не түрлі жаман мінезді жұқтыратыны белгілі» деген екен аяулы алаш азаматы Жүсіпбек Аймауытов.
Бала ұдайы ата-ана, ұстаз назарынан тыс қалмауы қажет, әсіресе, ата-ана жауапкершілігін арттыру керек. «Балаңды сүйсең, тәрбиесін де сүй» дегендей, бала тәрбиесінің негізі, түп-тамыры отбасы мен өскен ортасынан басталса керек. Үнемі қадағалау мен жеткілікті көңіл бөлінген бастауыш сынып оқушысының тәрбиесі мен білімі де дұрыс болады. Үздік оқитын оқушының қалыптасуында тікелей ата-ананың да рөлі зор.
«Күллі ғажайыптың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген адам» деген екен көне грек философы, ал сол ғажайыпты жасау, толық мәніндегі адамды тәрбиелеу, қалыптастыру қаншалықты маңызды, жауапты екендігі баршамызға аян. Ұстаздар болса, 11 жыл берген білімінің жемісін көрмек. Сол жемістің қаншалықты дәмді боларын уақыт көрсетеді. Ең бастысы, уақытты босқа жібермеген ұстаздың да, оқушының да, ата-ананың да бағы жанары анық. Тек тамаша тәжірибені меңгеріп, үздік ұстаздардың өнегесін үйренуден жалықпаған жөн.

А. Тулембекова,
директордың оқу-тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары,
Күреңбел қазақ орта мектебі,
Кербұлақ ауданы, Алматы облысы