Жайықтың жанайқайы: Аралдан көз жазып қалған қазақ Жайықтан да айырылып қалмай ма?

0
544

Жайық – Ресей мен Қазақстан жеріндегі өзен. Біздің елге тиесілі 1 084 км Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан өтіп, Еуропа мен Азия дүние бөліктерін бөлуші Орал тауларымен бірге шекара болып есептеледі. Төлегенді өткізіп Жібекті сүйдірген, Исатай мен Махамбет найзамен қорғап, жылқысын суарған, Бөкей хан Ішкі Орданың негізін құрған, Алашордалық Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтерді дүниеге әкелген Жайықтың бүгінгі жағдайы қандай? Өкінішке қарай, Еуропадағы үшінші ірі өзен саналатын су алабының таяздануы экологтарды толғандырып отыр. «Мәселенің бір ұшы – адамның іс-әрекетінде» дейді олар.

ӨЗЕНГЕ ҚАУІП ҚАЙДАН ТӨНЕДІ?

ХХ ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап өзеннің жай-күйін зерттеумен айналысып келе жатқан ғалым Александр Чибилев көп қателіктің орын алғанын жасырмайды. Қазіргі кезде бүкіл Орал бассейніне зиян келтіріп отырған өнімсіз және өнімділігі төмен жерлерді игеру, су электр станциясының салқындатқышы ретінде салынған Ириклин су қоймасы (Ресей), сондай-ақ су қоймаларын улап жатқан өнеркәсіптік кәсіпорындар құрылысы – барлығы табиғат ресурсына зиянын тигізуде. Айта кетейік, өзен бассейніне 12 ірі су қоймасы мен күрделі құрылысты 80-ге жуық гидроэлектрлік кешен салынып, кішігірім өзендерде 3 100-дей топырақ бөгеттері ретсіз орнатылған.

«Бұл әрекеттерден келетін қауіп пен қатерді ешкім есепке алған жоқ. Су айдынына түскен ластаушы заттар шөгінді болып жиналып жатыр. Су түбінде қаншама улы зат жатқанын білмейміз. Қазір біз ХХ ғасырдағы адам қолымен жасалған жұмыстың жемісін жинап жатырмыз. Экологиялық залал жыл өткен сайын жағдайды ушықтыруда», – дейді Жайықтың жайын бес саусақтай білетін ғалым.

2017 жылы Қазақстан-Ресей ғалымдар тобы Жайық өзенін зерттеп, арнайы баяндама жасаған еді. Сапар Ахметовтың жалпы редакторлығымен Қазақстан және Ресей ғалымдары дайындаған сараптамада алдын-ала есеп көрсетіліп, «Орал бассейнінде 20 млрд тонна өнеркәсіптік қалдық жиналған. Аталған көрсеткішке байыту фабрикаларының қалдықтары мен тау жыныстары кіреді. Мыңдаған гектар жер өндірістік қалдықтарды сақтау үшін қоқыс орнына бөлінген» делінеді.

Бассейн дегеніміз – Жайық өзеніне ағатын аумақтың ауданы. Оралда барлығы 58 өзен бар, ең ірілері – Сакмара, Елек және Шаған. Оралдың жоғарғы ағысында Ириклин су қоймасы салынғаннан кейін қазір судың 80%-ы Сакмарадан келеді.

БӨГЕТ – ЖАЛҒЫЗ МӘСЕЛЕ ЕМЕС

Су қоймалары өзен экожүйесін сақтауды назарға ала бермейді. Алаптың жоғарғы және орта бөліктерінде салынған қоймалар тиімсіз пайдаланылады. Жайық арнасындағы осындай құрылыс пен оның салалары өзеннің таяздануының бірден-бір себебі болуы мүмкін. Академик Чибилевтің айтуынша, өзендегі су деңгейінің төмендеуі ХХ ғасырдың 70-ші жылдарында байқала бастаған. Сәйкесінше, дәл осы кезде өзеннің жоғарғы ағысында су электр станциялары мен ірі су қоймаларының құрылысы басталғанын есепке алсақ, ғалым тұжырымымен келіспеуге болмайды. Қазір Орал бассейнінде Ириклиннен басқа, әрқайсысының көлемі, кем дегенде, 10 млн текше метр болатын 12 су қоймасы бар.

Трансшекаралық өзендер мәселесі бойынша құрылған мемлекетаралық комиссия өзенді сақтап қалуды көздейді. Бірақ, арналарға салынып жатқан су қоймалары мәселені ушықтыруда. Жайықтың Еуропа жазығының оңтүстік беткейіндегі Дон, Днепр, Днестр, Еділ сияқты өзендерден артықшылығы төменгі және орта ағыстарында қоймалар мен бөгеттердің болмауы еді. Ендігі Еділ орнын су қоймалары басқандай.

Жайық өзенін ортаюдан сақтаудың түрлі жолдары қарастырылып жатыр. Жобалардың ішіндегі ең танымалы – су түбін тереңдетуге қаражат бөлу. Бірақ, ғалымдар тобы бұл ұсынысты қолдамайды.

«Өзен түбін қанша тереңдеткенмен, ондағы су мөлшері өзгермейді. Арнаның мұнша ластануына балдырлар мен балшыққа айналған ағаш діңдері себеп болып, бұл да өз кезегінде үлкен мәселе туғызады. Бірақ, қоршаған орта өз-өзін үздіксіз реттеп отырады. Яғни, табиғатта түрлі табиғи механизмдер жұмыс істейді. Мысалы, көктемгі су тасқыны ағаш қалдықтарын қатты ағынмен жуып өтіп, аралдар мен жіктерді жояды. Негізінен, көк-жасыл балдырлар суды өндірістік ластанудан жақсы тазартады», – дейді Жайық-Каспий бассейні басқармасының су ресурстары ғылыми-техникалық зертханасының басшысы Серік Хаиров.

ҮЛКЕН ЖОСПАР ҮЛКЕН КӨЛЕМДЕ ОРЫНДАЛЫП ЖҮР МЕ?

Жайық-Каспий су инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллиннің пікірінше де, өзен арнасын қолдан тазарту идеясы ақшаны желге шашумен тең.

«Шындығында, Жайық өзеніне құятын және ағын су арналарын тазарту қажет. Жайық-Көшім арнасына бақылау жүргізіп, ондағы бөгеттер мен қоймалар су ағынына кедергі келтіретініне куә болдық. Каналдар қамыс пен балдырға толып, тіпті су ағатын жолдар бітеліп те қалған. Жайықтағы кішігірім өзендер – Барбастау, Деркөл, Үлкен және Кіші Өзен арналарында да жағдай осындай. Демек, кішігірім өзендердің жартысы енді Жайыққа құймайды. Осындай себептерден кейін ең ірі саналатын өзен деңгейінің төмендеуі таңқаларлық нәрсе емес», – дейді ол.

Ал, Александр Чибилев болса, Жайықтың таяздануын тек су қоймаларымен байланыстыру дұрыс емес екендігін айтады. Ұзақ жылдар бойы өзеннің жай-күйін зерттеген ғалым қойма құрылысы басталғанға дейін де су деңгейінің бірде көбейіп, кейде азайған кездері де болғанын айтады. Жағдай табиғи циклмен және климатқа байланысты өзгеріп отырады.

Жайыққа жаһандық деңгейде әсер ететін тағы бір фактор – жер шарындағы полярлық қақпақтардың еруі. Ғалымдар пікірінше, мұздықтардан бөлініп шыққан айсбергтер Еуразия ауа райына әсер ететін Солтүстік Атлант мұхитындағы жылы ағындарды салқындатуы мүмкін. Әлемдік климаттың өзгеруі – Еуразияның орта бөлігіндегі барлық өзендерге кері әсер етеді.

СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР…

Жылдарға созылған бұл мәселе Жайықты жағалай жайғасқан халықты алаңдатып келеді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Оралды бойлай Башқұрстандағы (РФ) тау сілемдерінен бастап Каспий теңізіне құятын тұсқа дейінгі аралықта төрт миллионнан астам адам тұрады. Және олар өзен суын тұтынады. Сондай-ақ, табиғатта орын алып жатқан өзгерістердің басты себебі де – адамдар.

Жайық суын өндірістік мақсатта пайдалану да жағдайды ушықтыра түсуде. Өзен ресурсын пайдаланатын зауыттар ластанған суды қайта арнаға құяды. Бұның бәрі табиғат тамашасына зиян тигізетіні белгілі.

«Оңды-солды шашпай, «Судың да сұрауы бар» екенін естен шығармаған абзал. Тіршілік көзін шектен тыс тұтынудан бас тартып, кез келген жағдайға бейімделуге дайын болуымыз керек», – дейді Александр Чибилев.

Асау өзеннің бұлай қыр көрсетуі 1920 жылдары, одан кейін 1954-55 жылдары байқалып, су шекті деңгейден төмендесе, керісінше 1942, 1957 жылдары Жайық арнасынан асып, тіпті қатты ағыстан темір жол көпірлері қираған кездер де болыпты.

«Жалпы жағдайға қарамастан, өзен суы қайта толатын болады. Ғаламшарда табиғат үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан ғылыми қолдау, ұзақ және тұрақты зерттеу қажет. Өзенді фундаменталды ғылымның көмегімен қалпына келтіруге болады», – дейді ғалым Чибилев.

БЕКІРЕГЕ ДЕ БАП КЕРЕК

Осы кезге дейін Жайық өзені теңіз өнімдері ішіндегі бағалысы – қара уылдырық пен бекіре тұқымдас балықтарды әлемдік нарыққа шығаратын негізгі көз болып саналды. 1970 жылдары Оралда өндірілген қара уылдырық ғаламдық базардағы барлық өнімнің 40%-ын құраған. Ал, 90-шы жылдары, ғалымдардың зерттеуінше, өзендегі бекіре тұқымдастар саны 70-ші жылдармен салыстырғанда 40 есеге кеміген. Қазір Атырау жақ бөліктен балықтың бұл түрін мүлде кездестіре алмайсыз деуге болады. Александр Чибилев 70-ші жылдары Жайықтағы бекіре уылдырық шашатын жерлердің атласын құрастырған. Бұл карта ескірді, десек те, балықтар мен Жайық экологиясын қалпына келтіру бүгінгі күннің басты мәселесі болып қалып отыр.

«Өзенге балықтарды қайтару өте маңызды. Себебі, олардың болуы не болмауы өзеннің экологиялық жағдайының көрсеткіші секілді. Өмір сүру  ортасы жайлы болса, бекіре тұқымдастар жайдан-жай жоғалмас еді. Егер балықтар өзенге оралса, жағдай да оңалып келеді дегенді білдіреді», – деп санайды ғалым. Ол үшін мемлекет тарапынан іс-шаралар ұйымдастырылуы қажет. Мысалы, 60-шы жылдары Еуропадағы ең лас өзен саналған Рейнде жоғалып кеткен өнімдерді көбейту мақсатында арнайы бағдарлама жасалып, жақсы нәтижеге қол жеткізген.

Жайық мәселесін жылдар бойы зерттеген академик Ресей мен Қазақстан билігін Оралды қалпына келтіру үшін нақты қадамдар жасауға шақырады.

«Иә, қос мемлекет те өзенді қалпына келтіру үшін қыруар қаржы жұмсауда. Бірақ, оның басым көпшілігі конференция, форум, дөңгелек үстел ұйымдастыруға кетуде. Нақты іс-шараға көшетін кез әлдеқашан келген. Бөлінген қаржы сөзге емес, іске жұмсалуы керек. Жайыққа арнасынан асып жатқан кезін қайтару үшін атқарылуы тиіс шаруа орасан», – дейді академик Александр Чибилев.

Кей елдердің заңнамасында «қорықтағы өзендер» категориясы бар. Кеңес кезеңінде Жайықтың Барбастау сағасынан Солтүстік Каспий жағалауына дейінгі бөлік «қорық зонасы» мәртебесіне ие болған. 1980 жылдары қорғалатын аумақты Елек өзенінің сағасына дейін кеңейту жоспарланған.

ОРЫНБОРДЫҢ БӨГЕТ САЛУ ТУРАЛЫ ОЙЫН ҚАЗАҚСТАН ҚҰП КӨРМЕЙДІ

Трансшекаралық өзен мәселелері бойынша Қазақстан-Ресей комиссиясы құрылған. 2020 жылдың соңында қос мемлекет Орал өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру бойынша Ресей-Қазақстан ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойды. Онда Жайық өзені бассейнін жақсарту жөніндегі іс-шаралар, экожүйені қалпына келтіру бойынша ұсыныстар, объектілерді қайта қалпына келтіру туралы сөз етілген.

2021 жылы наурыз айының басында Орынбор облысының табиғи ресурстар, экология және меншік қатынастары министрі Александр Самбурский 2023-2024 жылдары Жайық өзенінде арнасынан асатын бөгет салуды жоспарлап отырғандарын мәлімдеген. Бұл шешімге Қазақстан жағы келіспейді. Себебі, өзен ортақ болғандықтан, ондағы атқарылатын істер де қос тараптың келісімімен жүзеге асырылуы тиіс. Алайда, премьер-министрдің орынбасары Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, Ресейден Жайық өзеніне бөгет салу жобасын қарау туралы ұсыныс болмаған. Біздің тарап бұл туралы әлеуметтік желілерден білген.

«БҰҰ трансшекаралық су ағындары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенциясына сәйкес елдер бөгеттер мен су қоймаларын салуды көрші мемлекеттермен ақылдаса отырып үйлестіруі керек. Мен бұл бөгеттің салынуына қарсымын», – дейді Атырау облысынан депутаттыққа сайланған Дүйсенбай Тұрғанов.

Бұған дейін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдап, Ресей мен Қазақстанның Оралды құтқару жөніндегі бірлескен шаралары туралы толық ақпарат сұраған ол: «Мен өз сауалыма жауап алмадым. Менің ойымша, бұл президент деңгейінде көтерілуі керек мәселе. Қазақстан мен Ресей арасында трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану туралы келісім бар, бірақ осы жылдар ішінде ешқандай шара жасалмады», – дейді.

Аталған мәселеге қатысты, мұндай шешімдерді келісімге сәйкес қабылдау керек екендігі туралы, хат Ресей Федерациясының Су ресурстары жөніндегі федералды агенттігіне жөнелтіліп қойған.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жайық өзені бассейнінің аумағында бұл күнде 4,2 млн адам тұрады. Өзенді құтқару мәселесі әлі де күн тәртібінде тұр.

Өзен алабы – ежелгі өркениет ошағы. Және қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының әлеуметтік экономикасында аса маңызды рөлге ие. Жайықтың жағдайын сақтау маңызды, себебі көпғасырлық бай тарихтан көз жазып қалмауымыз керек. Бір кездері осындай мәселелермен басталған Арал теңізінің тартылып, тұзға айналғанын ескерсек, Оралдың Арал кейпін киюіне жол беруге болмайды. Жайық тағдыры – халық тағдыры екенін ұмытпаған абзал. «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ» десек, Тәңір бізге аманат еткен табиғи байлықтарымызды қорғау әрбіріміздің міндетіміз.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, саяси шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here