ҚСЗИ Конституция күніне орай халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырды

0
207

Бүгін, 26 тамызда Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының Конституция залында Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған «Президент – Қазақстан Республикасы Конституциясының мызғымастығының символы және кепілі» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) ұйымдастырды.

«Бас қосуымыздың себебі – Қазақстан Республикасының Конституция күні. Бұл маңызды мемлекеттік мереке. Бүгінгі іс-шарада Конституциямыздың дайындалуына, оның жаңғыртылуына үлес қосқан еліміздің танымал заңгерлері, құрметті азаматтары отыр. Дөңгелек үстел өткізуіміздің тағы бір себебі – «Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Республикасы Президентінің таңдамалы еңбектері» кітабының тұсаукесері», – деді жиынды ашқан Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстандағы конституциялық құрылыстың өзекті мәселелерін, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың идеялық шабыттандырушы және Қазақстан Республикасы Конституциясының авторы ретінде мемлекетіміздің берік құқықтық негізін құрудағы үлесін, ел Президенті Қ.К. Тоқаевтың еліміздің негізгі Заңының мызғымастығының кепілі ретіндегі жетекші рөлін талқылады.

Форум аясында «CNPC International in Kazakhstan LTD» компаниясының қолдауымен Қазақстан-Неміс университетінің Халықаралық және аймақтық ынтымақтастық ғылыми-зерттеу институты (ХАЫИ ) басып шығаруға дайындаған «Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Республикасы Президентінің таңдамалы еңбектері» кітабының тұсаукесері өтті. Кітаптың өзектілігі – Мемлекет басшысының мақалаларымен, сұхбаттарымен, халыққа Жолдауларының мәтіндерімен танысу, оларды мемлекеттік қызметшілердің, ел азаматтарының мұқият оқуы көптеген көкейкесті сұрақтарға жауап табуға мүмкіндік береді.

«Бүгінгі дөңгелек үстел Конституция күніне арналып отыр. Конституцияға сәйкес, Президент негізгі заң мызғымастығының символы әрі кепілі саналады. Бұл кітап Қазақстан – неміс университетінің Халықаралық және аймақтық ынтымақтастық ғылыми-зерттеу институты тарапынан әзірленген. Кітапты басып шығаруға мемлекеттік бюджеттен бір теңге де алынбағанына назар аудартқым келеді. Кітап жекеменшік жоғары оқу тарапымыздан демеушілік қолдау есебінен әзірленді. Кітап бизнес жоба емес, сатуға да арналмаған. Ол ғылыми институттар мен білім беру мекемелерінің кітапханаларына беріледі», – деді басылымның жауапты редакторы Халықаралық және аймақтық ынтымақтастық ғылыми-зерттеу институтының директоры Болат Сұлтанов.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here