Сүйінші! Енді Әлихан Бөкейхан атындағы университет бар

0
4009

Бүгін, 27 тамызда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның тарихи-мәдени орталығы» атаған киелі Семей қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның туғанына 155 жыл толуына орай «Әлиханның Семейге оралуы» концепциясы аясында бірқатар қоғамдық, ғылыми және мәдени іс-шаралар өтті. Бұл туралы өзінің Facebook парақшасында алаштанушы Заңғар Кәрімхан хабарлады.

 Концепцияның негізгі өзегі – Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің «Әлихан Бөкейхан университеті» деп аталуы. Игі шара аясында Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің бас ғимаратында Әлихан Бөкейхан бюстінің ашылу салтанаты болды. Шараға қала басшылығы, алаштанушы ғалымдар, зиялы қауым және білім алушы жастар қатысты. Бюст авторы – белгілі мүсінші Талғат Анарбеков. Бюстте Әлихан Бөкейханның «Өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды» деген сөзі қашалған.

Университетте «Әлихан Бөкейхан тұлғасы отандық ғылым контексінде: жаңа пәнаралық зерттеулер мен ізденістер» ғылыми-практикалық конференциясы да өтті. Ғылыми жиынға еліміздің танымал тарихшы, алаштанушы, әлихантанушы ғалымдары, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Семей қаласы мен өңірінің білім жүйесінде Әлихан Бөкейхан есімін жаңғырту ісі өзекті деп айтар едім. Бұл тұрғыда республикалық жоғары білім кеңістігінде өзіндік орны бар – Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің ұжымы Президентіміздің тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында және республика жұртшылығының қолдауымен университет атауы «Әлихан Бөкейхан университеті» болып ауысты. Замана ағысында ұлт көшбасшысы болған Тұлға есімінің университетімізге берілуінің тарихи негізі бар. Бұл, сонымен қатар, университет құрылтайшылары мен білім алушыларының Ел мен Семей қаласы тарихына және ұлттық мүддені ту етіп көтерген Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің тарихи қызметіне көрсеткен құрмет болып табылады», – деді конференцияда сөйлеген сөзінде Әлихан Бөкейхан университетінің ректоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Шырын Құрманбаева.

Іс-шаралар легі конференция қонақтары мен көпшілік қауымға университет бастамасымен салынған «Әлихан Бөкейхан» муралын таныстыру шарасымен жалғасты.

«Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Әлихан Нұрмұхамедұлы қазаққа қызмет етудің, халыққа қызмет етудің хас үлгісін көрсетіп кеткен қайраткер. Ендеше, сертке адалдықтың, антқа беріктіктің, ұлт алдындағы жауапкершілік жүгін қара нардай көтере білудің үлгісін үйретіп кеткен Алаш арысының осылайша ұлықталғаны қуанарлық жағдай.

Иә, бұл сүйінші сұрайтындай жаңалық! Енді ұлт көсемінің есімі Қарағандының Октябрь ауданына берілсе, біткен іс болар еді! Әйтпесе, жақсы басталған бастаманың арты сиырқұйымшақталып кетті.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here