Ұрпақ үшін төгілген тер

0
4492
Сол жақтан орындықта бірінші отырған Әлиасқар Әлібеков

Ұлт мүддесі жолында қызмет етіп, тарихымыздың төрінен орын алатын біршама қайраткердің саяси қайраткерлік жолы қарама-қайшылықты әрі қасіретке толы ХХ ғасырда орнаған кеңестік кезең деп аталатын жүйемен тығыз байланысты. Тауқыметті тағдыры сол кезеңмен тұспа-тұс келіп, сол кезеңдегі бұрқанған саяси оқиғалардың бел ортасында болған, Қазақстанда Кеңес үкіметінің орнауы жолында қолына қару алып күрескен және оның алғашқы жылдарында ірі жауапты қызметтерді атқарған қайраткер тұлғалардың бірі – Әлібеков Әлиасқар Меңдиярұлы болды.

Әлиасқар Меңдиярұлы мұрағат қойнауындағы өз қолымен толтырған өмірбаяндық жазбасында: «1893 жылы 7 маусымда Орал губерниясы, Жымпиты уезі, Ащысай болысындағы қарапайым қазақ отбасында дүниеге келдім. 1903-1906 жылдар аралығында Жымпитыдағы орыс-қазақ мектебінде оқып, оны бітіргеннен кейін, осы жылы Қарасудағы далалық екі сыныптық мектепке түстім. Бұл мектепті бітіргеннен кейін Орал қаласындағы әскери училищеде оқыдым. Арада денсаулығыма байланысты үзіліс болып, 1917 жылы оқу орнының алты сыныбын бітірдім. Бұдан әрі оқуымды жалғастыруға мүмкіндік болмады. 1909 жылы әкем қайтыс болды. Алдымда арқа сүйер ағаларым болмады. Анама жас балаларымен шаруашылықпен айналысуына қиын болды. 1917 жылы үйлендім. 1918 жылдан бастап өзімнің қоғамдық қызметімді бастадым» деп жазады (ҚР Президентінің мұрағаты. Қор-141, Т-16, іс-1398. ПП 6-7.).

Әлиасқар Меңдиярұлы қазақ қайраткерлерінің арасында алдымен алаштықтардың қатарында болып, артынан кеңестік билік жағына шыққан санаулы тұлғалардың бірі. Өзінің жазуынша, кеңестер жағына шығуына Мырзағалиев, Айтиев, Кенжин, Әлібеков сынды қайраткерлердің ықпалы болған. Ол Қазақстандағы Азамат соғысы жылдарында еліміздің батыс аймағын қамтыған аталған соғысқа белсене араласып, Орал қаласының қорғанысына қатысады. Төртінші армияның әскери кеңесінің уәкілі, Жымпиты уездік әскери революциялық комитетінің төрағасы болды. Қазақстандағы Азамат соғысы жылдарында белсенділігімен көзге түскен Әлиасқар Меңдиярұлы кеңестік билік органдарына тартылады. Оның кеңестік билік жағында болып, ұлт мүддесі жолындағы белсенді саяси қызметі Қазақ өлкелік революциялық комитетінің құрамындағы қызметі еді. 1919 жылдың шілде айынан 1920 жылдың қазан айына дейін жұмыс істеген Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет өз қолына Қазақстандағы әскери-азаматтық басқаруды шоғырландыра отырып, өлкедегі барлық кеңестік қызметті біріктіру мен ұйымдастыру, орталық кеңестік биліктің қаулыларын іске асыру, жергілікті кеңестердің қызметін бақылау, қазақ өлкесін шаруашылық және мәдени жағынан көтеру, жергілікті маңыздағы туындап отырған барлық мәселелерді шешу, жалпы съездің қарауына және бекітуіне Қазақ автономиясы туралы жобаны дайындау, Қазақ өлкесі мен Ресей Федерациясы және Түркістан кеңестік республикасы арасындағы қарым-қатынасты реттеу міндеттерін іске асыруы қажет еді. Таптық қарсылықтан туындаған Азамат соғысының бел ортасында құрылған бұл Ревкомның алдында жоғарыда аталған міндеттермен қатар, Ресей империясының кезіндегі «бөлшекте де, билей бер» саясатының салдарынан жан-жаққа бөлшектеніп кеткен байырғы қазақ жерлерін біріктіру, жинастыру сияқты қасиетті де қажырлы жұмыстар тұрды. Ең бастысы, болашақта құрылғалы жатқан Қазақ автономиясының шекарасын анықтап, Қазақстан кеңестерінің құрылтай съезіне ұсыну болатын. Осы жолда ревкомның құрамына кірген халқымыздың аяулы перзенттері Ахмет Байтұрсынұлы, Әлиасқар Меңдиярұлы және тағы да басқа ұлтжанды қайраткерлер үлкен жұмыстар атқарды. Әсіресе, Ақмола мен Семей облыстары, Қостанай уезі үшін Сібір ревкомымен арадағы талас-тартыс барысында қазақ қайраткерлерінің ерекше еңбегін айтып кетуіміз абзал. Осы қажырлы жұмыстардың нәтижесінде 1920 жылы 26 тамызда Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің «Автономиялы Қазақ социалистік кеңестік республикасын құру туралы» В.И.Ленин мен М.И.Калинин қол қойған декреті шығып, осы жылдың 4-12 қазан айы аралығында Қазақ АКСР кеңестерінің құрылтай съезі Орынбор қаласында өткен болатын. Десек те, Ақмола мен Семей облыстарын Қазақстанға қайтару бірден іске асырылған жоқ. Ұлы Орыстық шовинизммен уланған Сібір ревкомының басшылары бұл жерлерді Қазақстанға бергісі келмей, аймақтың біздің елге қосылуын тежеп бақты.

Міне, сондықтан да, қасиетті қазақ жері үшін басталған күрес бұдан кейінгі жылдары да жалғасты. Осы қасиетті күрестің алдыңғы қатарынан Әлиасқар Меңдиярұлын көреміз. Ол 1921 жылы ақпан айында РКФСР ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанындағы ҚАКСР өкілі болып істеп жүргенде Мәскеуден Орынборға шақырылып, Сібір ревкомының құрамынан Ақмола және Семей губернияларын Қазақстанға қабылдап алу жөніндегі ОАК-нің өкілетті уәкілі болып тағайындалады. 1921 жылы мамыр айында қайраткер Ресейдің Сібір өлкесі мен Қазақстанның шекарасын белгілеу мәселелері бойынша Мәскеуге іс сапарға жіберіледі. Яғни, еліміздің солтүстігіндегі Қазақстан мен Ресейдің шекарасының бұрмаланбай әділ белгілеуі ісінде Әлиасқар Меңдиярұлы көп еңбек сіңірген болатын. Осылайша, халқымыздың ұлтжанды қайраткерлерінің табанды түрде Қазақ жерін қайтарып беру талабынан кейін Лениннің өзінің тікелей араласуымен Ақмола мен Семей губерниялары Сібір ревкомы қарамағынан алынып, Қазақ АКСР-на қосылды.

Ендігі кезекте еліміздің оңтүстігіндегі шекараларын межелеу, айқындау ісі тұрған болатын. 1924-1925 жылдары Орта Азия республикаларының мемлекеттік шекарасын межелеу ісі жүргені белгілі. Бұрын Түркістан АКСР-нің құрамында болып келген Сырдария мен Жетісу облыстарын Қазақстанға қосу ісі де оңайлықпен жүзеге асқан жоқ. 1924 жылы 8 шілдеде болған РК(б)П Қазақ облыстық комитетінің мәжілісінде Түркістан Республикасынан бөлініп, Қазақ Республикасының құрамына кіретін Қазақ аудандарын басқару және қабылдау тәртібі туралы және РК(б)П ОК Орта Азиялық бюросы жанындағы аумақтық комиссияға өкілдер тағайындау туралы мәселелер қаралды. Мәжілісте талқыланған осы мәселелер бойынша мынадай Қаулы қабылданады: Орта Азия Республикаларын межелеу жөніндегі аумақтық комиссияның құрамына Қазатком төрағасы С.Меңдешев (комиссия төрағасы), Егін шаруашылығы халық комиссары Ә.Әлібеков, комиссия мүшелігіне кандидат Т.Жүргенов бекітілсін, Түркістан қазақтары атынан ұсынылған С.Қожанов, Н.Сырғабеков, С.Есқараевтардың кандидатуралары да бекітілсін.

Мәжілісте Түркістан Республикасынан бөлінетін қазақ аудандарын басқару және Қазақ автономиясының құрамына қабылдау үшін құрамында С.Меңдешев, Ә.Әлібеков, С.Есқараев, Н.Сырғабеков және Т.Жүргенов бар революциялық комитет құрылды. Революциялық комитеттің төрағасы С.Меңдешев, оның орынбасарлары болып Ә.Әлібеков және С.Есқараев тағайындалды. Революциялық комитеттің мүшелігіне кандидаттар болып С.Қожанов, Ізбасаров, Ж.Мыңбаев бекітілді. Осы мәжілісте қаралған басты мәселелердің тағы бірі – болашақ астананың жағдайы болатын. Мәжіліс Қазақ Республикасының астанасын Орынбор қаласынан ішкі қазақтар тығыз коныстанған аймаққа көшіру жөніндегі мәселені қарап, Орталықтың жергілікті халықтың тығыз бөлігіне жақындығының қажеттілігіне, сондай-ақ Қазақ Республикасының кейбір бөліктерінің шашыраңқылығын есепке ала отырып, Қазақ Республикасының орталығын Орынбор губерниясынан ауыстырудың қажеттілігіне байланысты және Қазақ елі үшін оңтүстік облыстардың саяси-экономикалық үлкен маңызын және Қазақстанның Орта Азиялық экономикалық бірлестікке қатысуын ескеріп, Қазақстанның орталығын Орынбордан қазақтар тығыз қоныстанған ауданға көшіру осы мақсатта РК(б)П ОК-нен уақытша Ташкент қаласын пәтер ретінде пайдалануға рұқсат беруін сұраған Қаулы қабылдады (ҚР ПМ. Қор-139, іс-818 в. ПП 71-72.).

РК(б)П Орта Азия бюросы жанынан құрылған қазақстандық комиссия өкілдері аумақтық межелуге байланысты, алдағы құрылғалы жатқан республиканың мемлекеттік құрылымына байланысты өздерінің ұсыныстарын жасады. Қазақ автономиясының құрамына қосылғалы жатқан облыстардың шекарасын анықтауға қатысып, сол аймақтағы халықтардың этнографиясына қатысты және тағы да басқа керекті мәліметтерді жинады. Бұл қазақ комиссиясының сол кездегі батыл да дұрыс шешімдерінің бірі, ұлттық-аумақтық межелеуді жүргізу барысында Қазақ автономиясын одақтас республикаға айналдыру жөніндегі ұсынысы еді. Мәселен, Қазақ Республикасы мен Түркістан облыстары қазақтары делегациясының РК(б)П Орталық комитеті атына жазылған «Орта Азиядағы ұлттық межелеуге байланысты, Қазақстан жөнінде» деп аталатын хатында ұлттық аумақтық межелеудің қорытындысы бойынша Қазақ автономиясын одақтас республикаға айналдырудың негізгі тұжырымдары айтылған болатын. Бірақ, өкінішке қарай, қол астындағы аз ұлттардың тағдырын өз қалауларымен шешіп үйренген Орталық «бұндай үлкен аумақта аз санды халықпен, артта қалған экономикамен, сауатсыз халықпен, жергілікті кеңестік мамандардың өте аздығымен, РКФСР-дың көмегінсіз дербес басқару мүмкін емес» деген сарында қисынсыз дәлел сымақтарын алға тартып, бұл ұсынысты қабылдамай тастады.

Жалпы алғанда, Қазақ автономиясына қосылғалы жатқан Сырдария мен Жетісу облыстарының шекараларын айқындау жұмыстары өте қатты шиеленіскен қиыншылықтармен жүргізілді. РК(б)П Қазақ облыстық комитетінің қаулы шешімдерімен қатар Орта Азия аумағын межелеу жөніндегі қазақстандық комиссия мүшелері Ташкент қаласын және оның төңірегіндегі аудандарды Қазақстанға қосу жөніндегі өздерінің ұсыныстары мен талаптарында қаулы-қарарлық шешімдерді толықтыра отырып, халықтың сандық құрамын нақты статистикалық мәліметтермен анықтап, талас тудырып отырған аудандарды Қазақстанға қосу мәселесін Орталық комитеттің атына жазылған хаттарында қойған болатын. Ең бастысы, талас тудырып отырған аудандардағы қазақ халқының санын қолдан кемітіп отырғандардың бетін ашты. Қазақстандық делегация Орта Азия республикаларының аумағын межелеуді жүргізу барысында РК(б)П Орталық комитеті Ташкент қаласын Өзбек Республикасының құрамында қалдыру қажет деп тапқанын, ал Қазақ облыстық комитеті бұл мәселені қайта қарап, бүкіл Ташкент уезін, Ташкент қаласымен қоса Қазақ Республикасына қосу қажеттігін нақты дәйектермен негіздеген болатын. Еліміздің оңтүстігіндегі жерлер Ташкент уезі, Ташкент қаласы үшін күрес барысында талас тудырған олардың тағдыры біздің пайдамызға шешілмегені белгілі. Дегенмен, 1924 жылдың соңындағы Орта Азия республикаларының аумағын межелеу жұмыстарынан кейін, бүкіл қазақ жерлері бір мемлекетке біріктіріліп, Қазақ АКСР-ның қалыптасуы аяқталды. Республикамыздың аумағы 700 мың шаршы шақырымға жуық ұлғайды, халқымыздың саны 1 миллион 468 мың адамға көбейді. Осы орайда Сұлтанбек Қожанов, Әлиасқар Әлібеков және тағы да басқа халқымыздың ұлтжанды қайраткерлерінің ұлттық аумақтық межелеуді жүргізу жұмыстарындағы халқымыз үшін қызметін, Жер Ана үшін күресін мақтанышпен айтуға тиіспіз. Өкініштісі сол, қажырлы күреспен 1924 жылы межеленген шекараны содан кейінгі жылдары қаз-қалпында ұстап тұра алмағанымыз…

Орта Азия республикаларының аумағын межелеу жұмыстары аяқталып, Сырдария және Жетісу облыстары Қазақстанға қосылғаннан кейін, Қазақ Республикасы аумағының кеңейгендігін, Орынбор өлкесінде қазақтардың тым аз тұратындығын және губерния экономикасының Ресеймен тығыз байланыстығын алға тартқан Мәскеу Орынбор қаласы мен губерниясын Ресей Федерациясына қосу мәселесін қойып, ақырында дегендеріне жетіп тынды. Орынбор губерниясымен қатар оның Елек уезі, Ақтөбе және Қостанай губернияларының бір бөлігін де Ресейге қосу жөнінде шешім қабылдаған болатын. Бұндай еліміз үшін зиянды шешімдерге осы жылдары Қазақ Республикасында жауапты қызметтер атқарған С.Қожанұлы, Ж.Мыңбайұлы, С.Сәдуақасұлы, Н.Нұрмақұлы, Ә.Меңдиярұлы сынды қайраткерлер батыл түрде қарсы шықты. 1925 жылы 16 маусымда бюро мүшелері: Нанейшвили, Қожанов, Нұрмақов, Каширин, Боярский қатысқан РК(б)П Қазақ өлкелік комитеті мәжілісінің күн тәртібінде Қазақ Орталық атқару комитетінің арнайы өкілі және жұмыс тобының жетекшісі ретіндегі Ә.Әлібековтың «Орынбор губерниясы бойынша межелеуді жүргізу жөніндегі комиссиясының жұмысы туралы» баяндамасы тыңдалды. Ол өз баяндамасында Орынбор губерниясымен Қазақ автономиясының арасындағы экономикалық межелеу мәселелеріне және осы саладағы Қазақ автономиясы наркоматтарының жұмысына тоқтала отырып, аумақтық межелеуді жүргізу барысындағы шекара мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Ол шекараны айқындау ісіндегі Ресей тарапы тықпалап отырған Қазақ Республикасы үшін тиімсіз ұсыныстармен келіспейтінін айтып, өзінің жеке пікірін ашық білдірген еді. Әлиасқар Әлібековтің баяндамасынан кейін мәжілісте мынадай қаулы қабылданады:

– Бүкілресейлік Орталық атқару комитеті мен Қазақ Орталық атқару комитетінің өкілдері арасындағы уағдаластыққа қол жеткізілген келісімдер бекітілсін. Қазаткомның өкілі жолдас Ә.Әлібековтің барлық жеке ерекше пікірлеріне қолдау көрсетілсін;

– Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің комиссиясы құрамындағы Қазақ автономиясының өкілінің пікірлері мен қорытындылары мойындалсын. Шекара мәселесін шешуде Торғай облысының революцияға дейінгі шекарасы негізге алынсын;

– Орынбор губерниясының бір бөлшегі Орал өзені бойынша шекараны белгілеу жөніндегі Қазақстанның талабы мойындалсын;

– Орал губерниясы Елек уезінің бір бөлігін Орынбор губерниясына қосу жөніндегі Орынбор губерниясы басшылығының және осы мәселе бойынша БОАК комиссиясының төрағасы жолдас Сабировтың пікірі қате деп танылсын;

– Орталық комитеттің казактар туралы пленумының қаулыларын іске асыруға байланысты Орал губерниясындағы барлық казактардың елді мекендері, бұрынғы казак әскерлері Қазақ автономиясының құрамындағы казак әкімшілік бірлігі деп танылуы қажет. Сондықтан Елек уезіндегі Орал казактарының елді мекендерін бөліп қарастыруды саяси тұрғыдан мүмкін емес деп мойындалсын (ҚР ПМ. Қор-141, Т-1, іс-13б. ПП 1-4.).

Көріп отырғанымыздай, Орынбор губерниясының Қазақ автономиясынан бөлінуінің алғашқы кезеңінде қайраткер Әлиасқар Әлібеков және тағы да басқа қайраткерлер Қазақ жерлері үшін табанды күрес жүргізген. Бірақ, 1925 жылдың тамыз айында Қазақ өлкелік партия комитетінің басшылығына Ф.Голощекиннің тағайындалуы жағдайды күрт шиеленістіріп жіберді. Голощекин келгеннен кейін Орынбор губерниясымен қатар, талас тудырып отырған Орал губерниясының Елек уезі және Ақтөбе  губерниясының бір бөлігі де Ресей Федерациясына қосылып кете барды.

Сонау ХХ ғасырдың бас кезінен бастап еліміздегі жер мәселесін зерттеумен түбегейлі айналысқан Алаш қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан «Жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ» деп бүкіл ұлт-азаттық қозғалыстың негізі Жер Анадан басталатынын баса көрсеткен болатын. Өйткені, Ресей империясы кезінде Ресейдің орталық аудандарынан шаруаларды Қазақ жеріне қоныс аудартып, қазақтың шұрайлы жерлерінің оларға тартып әперілуі, көшпелі мал шаруашылығымен айналысып отырған қазақтардың дәстүрлі шаруашылығына соққы болып тиді. Бұл отарлық саясат қазақ халқын түпкілікті жоюға бағытталған зорлық-зомбылық түрінде жүргізіліп, жылдан-жылға күшейе түскен еді. Қазақ жеріне қоныс аударған орыс шаруаларының легі тоқтамады. Жер тарыла түсті.

Осы жер үшін күрес кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарында да жалғасып жатты. Жер үшін болған қасиетті күрестің алдыңғы шебінде 1924 жылдың қаңтар айынан 1926 жылдың қыркүйек айына дейін Қазақ АКСР Егін шаруашылығы халкомы болып істеген Әлиаскар Меңдиярұлы тұрды. Қазақстанда Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Ресей империясы кезінде тартып алынған қазақ жерлері еңбекші қазақ халқына қайтарылуы тиіс делінген декреттер қабылданғанымен, ол іске аспай қалды. Түркістан аймағында бұл декреттер аз да болса қолға алынса, Қазақ автономиясының территориясында мүлде іске асырылмады деп айтуға болады. Қазақтың шұрайлы жерлерінің барлығы орыс кулактары мен казактардың, қоныс аударып келген орыс шаруаларының қолында болды. Сондықтан Қазақ автономиясындағы жер мәселесі ең ушығып тұрған көкейтесті мәселе болатын. Оның үстіне осы жылдары қазақтың ұлтжанды қайраткерлері қанша қарсылық көрсеткенімен, Ресейден қоныс аударушылар легі толастамаған. Бұл жағдай онсыз да жерге қатысты ушыққан мәселені бұрынғыдан да күрделендіре түсті. Міне, осындай жер тартысы қызып тұрған қиын кезеңде халқымыздың ұлтжанды қайраткерлерімен бірлесе отырып, Әлиасқар Меңдиярұлы ең бірінші кезекте қазақ шаруаларына жер беру мәселесін қойып, 1924 жылы сәуір айында болған РК(б)П Қазақ облыстық комитетінің пленумы және 1925 жылы болған РК(б)П V конференциясының қарарларында «Жергілікті халықты жерге орналастырып болғанша, елдің шаруашылық өміріндегі ұйымдастыру жұмыстарына кедергі келтіріп отырған өздігінен қоныс аударып келуді тоқтату жөнінде нақты әрекеттер қажет» делінген шешімдерді қабылдатқызуға қол жеткізді (Қазақстан компартиясы съездерінің, конференцияларының және пленумдарының қорлары мен шешімдері. 1-Т. 1921-1927. Алматы, 1987-287 б.). Яғни, жерге алдымен жер иесі қазақ халқын орналастыру, одан соң 1918 жылға дейін қазақ жеріне келген келімсектерді, екінші кезекте Қазақстанға өз еркімен 1922 жылдың 31 тамызына дейін келгендерді жерге орналастыру жөніндегі Қазақ ОАК-нің шешіміне қоныс аударып келушілер қарсы шықты. Мәскеуге толассыз арыз-шағымдарын жазды. Оларды Мәскеу билігі қолдады.

Міне, осындай текетірестің қызған шағында халқымыздың қасіретіне орай орталықтың тапсырмасымен Қазақстан басшылығына Голощекин келді. Голощекин Қазақстан басшылығына келген алғашқы кезеңде жер мәселесіне және қоныстанушыларға жер беруді тоқтату жөніндегі бұған дейін қабылданған Қазақ өлкелік партия комитеті мен Қазақ Орталық атқару комитетінің шешімдерін өзі де қолдаған. Мәселен, 1925 жылы 16 қыркүйек күні болған РК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің алқа мәжілісінде Өлкелік партия комитетінің «1925 жылы 11 сәуірде қабылданған ҚазОАК-нің декретімен РКФСР ОАК-нің арасында туындап отырған келіспеушіліктерге байланысты» деген қарар арнайы талқыланып, мынандай қаулы қабылданады: «1) Жергілікті халықты жерге орналастырып және жергілікті халықтың мұқтажын қанағаттандырғаннан кейін қоныс аударушылар үшін артық жерді анықтағанша РК(б)П ОК-нің алдында өздігінен қоныс аударушыларға тыйым салу және РКФСР жер комитетінен ондайды ұйымдастыруға толық тыйым салу мәселелерін қорғап қалу» (ҚР ПМ. Қор 141, Т-1, іс-490. П 365).

Халқымыздың ұлтжанды қайраткерлері жер мәселесі бойынша Орталықпен талас барысында халқымыздың мүддесін барынша қорғады. Бұл жылдары Қазақ өлкелік партия комитетінің басшылығында, Қазақ Өлкелік атқару комитетінің басшылығында және Қазақ үкіметінің басшылығы мен құрамында Сұлтанбек Қожанов, Жалау Мыңбаев, Смағұл Сәдуақасов, Нығмет Нұрмақов, Әлиасқар Әлібеков сынды тұлғалар тұрды. Сондықтан алғашқы кезеңде зымияндықпен ішкі сырын бүгіп қалған Голощекин кейінгі жылдары бұл талас тудырып отырған мәселеде жалт берді де үнемі орталықты қолдап, Мәскеудің мүддесіне сай шешімдерді қабылдатқызуға бар күшін салды. Өзінің алғашқы кездегі бұл зымияндық әрекеті жөнінде былай деп ашық айтқан болатын: «Мәселенің қалай болғанын айтуға рұқсат етіңіздер. Мен келгеннен кейін, 5-ші партия конференциясының алдында Қожанов топшылары және Сәдуақасов топшылары «Орталық комитет отаршылдық бағыт алуда және осы отаршылдықты жүргізу үшін Голощекинді жіберді» деген сөз таратты. Мен келгеннен кейін үшінші күні олар жер мәселесін қойды. Онда мен Мұрановтың жағдайында сияқты едім. Ештеңені айырып жатпадым. Онда Қазақстан үкіметі мен БОАК-нің арасында қоныс аударушыларға байланысты айтыс мәселесі тұрды. Қазақ өлкелік партия комитеті 1925 жылы 11 сәуірде мынадай қаулы қабылдаған: «1922 жылдың 31 тамызына дейін КазАКСР-на сырттан өздігінен келіп қоныстанған қоныстанушылар жер беруге жатпайды. Бұл өздігінен қоныс аударып келгендер өздерінің бұрынғы тұрақтарына қайтарылуға жатады немесе жерді пайдаланғаны үшін ақы төлеуге ғана жіберіледі». БОАК бұнымен келіспеді. Келіспегені дұрыс болды. Мен алғашқы кезде жағдайды онша түсініңкіремей, комиссия құруды ұсындым. Комиссия құрдық. Комиссияға барардың алдында мен жолдас Әлібековты және басқаларды шақырып былай дедім: «Мәселені маған түсіндіріңдер». Маған түсіндіруге тырысты, мен мәселенің байыбына жеттім. Қазақстаннан 40-50 мың орыс жанұяларын шығаруға әрекет етіп жатыр екен немесе оларды мәңгі арендатор етпекші. Оның үстіне аренда беруші КазОАК. Сонда мен комиссияға келіп былай дедім: «Жолдастар бұл өтпейді! Оларды күштеп шығару үшін сіздерде қарулы күш бар ма? Олар 200 мың адам, олар шығып кету үшін оларға беретін материалдық құралдарыңыз бар ма? Сіздер мұны көз алдарыңызға қалай елестетіп жатырсыздар?» Ақылдасты… келісті. «1925 жылдың қыркүйек айына дейін қоныс аударғандар жерге орналастыруға жатады» деп өзгертті» (ҚР ПМ. Қор 141, Т-1, іс-38. ПП 284-285).

Міне, осындай Голощекиннің аярлығынан кейін 1926 жылы ақпан айында Бүкілресейлік Орталық атқару комитеті Қазақ автономиялық билігінің басшылығымен келіспей-ақ V-ші Өлкелік партия конференциясында қоныстанушыларға байланысты қабылданған шешімдерді жоққа шығаратын қаулыны бекітті. Яғни, Қазақстанда сталиндік әкімшіл-әміршіл билік жүйесі орнағаннан кейін жер мәселесіндегі түйіткілдер бұрынғыдан да күшейе түсіп, кешегі ресейлік империя кезеңіндегі отаршылдық саясат жаңа қарқын алды. Оның Қазақстанда одан әрі қарқын алып күшейе түсуінің тағы бір себебі, Голощекин Мәскеудің қолдауына сүйеніп, халқымыздың Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Сәдуақасов сынды ұлтжанды қайраткерлерін бірінен соң бірін Қазақстандағы биліктен шеттетуге қол жеткізуі болды. Екінші жағынан, Қазақстанда мансапқа малданып, өз халқының ұлттық мүдделеріне қарсы «шабатын» билік құмар О.Исаев, І.Құрамысов, Н.Сырғабеков секілді «қызыл белсенділерді» өз жағына тарта білген еді.

Әлиасқар Меңдиярұлы Егін шаруашылығы халық комиссары болып істеген жылдары бұған дейін жұмысы бір жүйеге түспеген, шашыраңқы Егін шаруашылығы халкомның жұмысын бір арнаға түсіріп, оның жұмысын жандандыруға күшін салды. 1925 жылы 7 наурызда өткен РК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің мәжілісінің күн тәртібінде Әлиасқар Меңдиярұлының ұсынысы бойынша «Егін шаруашылығы комиссариатындағы бұрынғы қоныс аудару мекемелерінің барлық иеліктерін, мүліктерін, материалдары мен құралдарын жинақтау» мәселелері қаралып, ол толығымен қолдау тапқан болатын (ҚР ПМ. Қор 141, Т-1, іс-12. П 1.). Атам заманнан бері мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан қазақ халқы үшін жерді пайдаланудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ еліміздегі ұлтаралық қатынастың шиеленісуіне Қазақ жеріне қоныстанушылардың толастамағандығы себеп болып, жер тапшылығының туындап отырғандығын айқын түсінген Әлиасқар Меңдиярұлы Қазақстандағы жерлердің құнарлы, құнарсыздығына қарай мұқият зерттеу мәселесіне жіті назар аударды.

Оның үстіне 1924 жылы 17 сәуірде РКФСР ХКК мен БОАК-ның «Қазақ кеңестік социалистік автономиялы республикасының көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы шаруашылыққа көшетін тұрғындарын жерге орналастыру» туралы қаулысы шығып, еліміздің барлық аудандарында жерге орналастыруды жаппай жүргізу сипат алынды. Қаулы бойынша ауыл шаруашылық өнімдерін ұлғайту мақсаты көзделгенімен, қаулының халқымыздың дәстүрлі мал шаруашылығына тигізер зияны мол болатын. Сондықтан Әлиасқар Меңдиярұлы бұл мәселеге ерекше мән беріп, осындай ауқымды істі ғылыми түрде зерттеу ісінен бастады. Осы мақсатта қазақ жерін зерттеумен ұзақ жылдардан бері айналысып келе жатқан қайраткер, ғалым Әлихан Бөкейханды және ол арқылы Сергей Швецов бастаған Ресейдің агроном ғалымдарын, мелиоратор инженерлерін қазақ жерлерін зерттеу экспедицияларына тартты. Өз кезегінде бұл жылдары Мәскеуде үй қамақта болып, Қазақстанға баруға тыйым салынған қайраткер Әлихан Бөкейханды елдегі жағдаймен хабардар болумен қатар, еліне келіп, қол ұшын берудің түрлі жолдарын қарастырып жатқан еді. Мәселен, қайраткер тұлға Әлиасқар Меңдиярұлына жазған хатында былай деген болатын: «Товарищ Али! Вы пришлите мне письмо от Казахского Наркомзема с вызовом на пятнадцатое октября в Кызылорду. На основании этой бумаги я добьюсь разрешения ЦИЗа. Если не пришлешь, ЦИЗ меня не отпустит. Придется применить силу. Тогда я рассорюсь с ними. Это не нужно ни мне, ни тебе. Когда вы напишете бумагу, передайте ее через Смагула. Алихан. 2 октября 1925 года» (Тұрсын. Ж. Боль моя, гордость моя – Алаш! Астана: Аударма, 2016. 1104 с.).

Сонымен, Егін шаруашылығы халық комиссары Әлиасқар Меңдиярұлының шақыруымен келіп өз жұмысын бастаған профессор Сергей Швецов басқарған ресейлік ғалымдар тобы құрамында қайраткер Әлихан Бөкейхан да бар республика тұрғындары үшін жер телімдерінің нормаларын анықтау, отырықшы және көшпелі шаруашылық үшін жердің құнарлығын анықтау мақсатындағы зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Профессор Швецовтың басшылығында зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар тобы қазақ халқының тұрмыс салты мен шаруашылығын және орыс қоныс аударушыларының да шаруашылық тұрмысын, олардың жерді пайдалануға қатысты қолда бар материалдарды жинақтау мен талдау жұмыстарын жүргізе отырып, 1926 жылы «Тұрмыстық және табиғи-тарихи жағдайдағы қазақтардың шаруашылығы. Қазақ АКСР-ге жерге орналастыру нормаларын әзірлеуге материалдар» деген атпен еліміздегі жерді пайдалану жөніндегі кеңінен қамтыған еңбекті жариялады. Бұл Сергей Швецов бастаған ғалымдардың ұжымдық еңбегін ҚазақАКСР Егін шаруашылығы халық комиссариаты баспадан шығарған. Еңбектегі «Қазақстанның тұрмысы және табиғаты» деген мақаласында профессор С.Швецов мынадай қорытынды байлам жасайды: «Су көздері мардымсыз жабайы кең далада адам тек мал шаруашылығымен айналыса алады, оның үстіне тек көшпелі шаруашылықпен». Дәстүрлі көшпелі шаруашылықты профессор өсімдігі жұтаң, тақыл-тұқыл кең далада мал үшін азық қысқа мерзімге ғана жететінін, сондықтан мал азық үшін бір жерден екінші жерге жылжып отыратынын айтып жақтады. «Малдың қалыптасқан қозғалысын бұзу миллиондаған қазақ халқын асырап отырған кең даланың құнарсыздануына алып келеді. Өйткені, бұл жерде шаруашылықтың басқаша түрін жүргізу мүмкін емес» деп жазды С.Швецев. Басқа да көшпелі тұрмысты жақтаушылар секілді бұл профессор да  «Қазақтардың осы уақытқа дейін көшпелі тұрмысты сақтап калғандығына таң қалудың керегі жоқ, керісінше құрғақ кең далада көшпелі тұрмысты сақтай отырып, шаруашылықты тиімді жүргізуіне және даланы құнарсыздандырмай сақтай білуіне таң қалу қажет. Қазақстандағы көшпелі тұрмысты жою – қазақтардың шаруашылығын жоюмен қатар, кең даланы адам тұрғысыз шөл далаға айналдырады» деп батыл ғылыми тұжырым жасайды (Қазахское хозяйство и его естественно-исторических и бытовых условиях. Под.ред. С.П.Швецова: Народный комиссариат земляделия КАССР. М., 1926.-200 с.).

Қазақ жерінің тарихы мен тағдырынан мол хабары бар Әлихан Бөкейханмен жер мәселесіне байланысты үнемі ақылдасып, кеңесіп отыратын Сергей Швецов көшпелі шаруашылықтың артта қалғандығын жоққа шығара отырып, көшпелі шаруашылықтан отырықшылыққа көшу процесінің эволюциялы жолмен жүруін жақтады. Қайта құрылымдар жүргізу, жаңарту барысында даланың табиғи заңдылықтарын сақтау, есепке алу мәселелерін есте сақтауды ескерткен еді. Осылайша, құрамында қайраткер тұлға Әлихан Бөкейхан болған ғалымдардың ғылыми тұжырымдары Қазақ даласын жаппай отырықшы шаруашылыққа айналдырудан және Ресейден қоныс аударушы орыс шаруаларының қазақ жерін басы байлы қанауына тосқауыл болды. Яғни, Сергей Швецов бастаған ғалымдар тобы республикадағы жерге орналастыру нормалары бойынша Орталық пен республикалық партия басшылығы күткен ғылыми қорытынды жасаған жоқ. Олардың ғылыми тұжырымдары партиялық биліктің қарарларына қайшы келді. Бұл ғалымды социалистік құрылысқа қарсы деп айыптауға негіз болған еді.

«Партия саясаты – партияның қарарлары мен шешімдерін орындау» деген «жел сөзді» бетперде еткен Голощекиннің басты арманы – Қазақ даласын орыс қоныстанушыларына толтыру арқылы Қазақстанды Ресейдің бір губерниясына айналдыру болды. Әлихан Бөкейханның фамилиясын естігеннен-ақ төбе шашы тік тұратын Голощекин республикадағы жер қатынастарына байланысты жасалған ғалымдардың ғылыми еңбегін жоққа шығаруға барын салды. Ол: «Жер нормаларын анықтау Ғылым академиясына, оңшыл әсер Швецовқа берілген, Әлихан Бөкейханның басшылығымен. Біз «өз жұмыстарыңыздың көрсеткіштерін көрсетесіздер» деп талап еттік. Бірақ, олай істемеді. Нұсқау алу үшін бізге бірде-бір рет хабарласпады. Нұсқау беру, жұмысты бақылау процесін жүргізуге Өлкекомның мүмкіндігі болмады. Жер нормалары жөніндегі олардың еңбектері жарыққа шыққаннан кейін де оның дұрыс жүргізілмегендігі және біржақтылығын сырттан көптеген көрсетушілер болса да, біз оны қарай алмадық. Өлкекомның бұл жұмыстарды қарай алмауы үшін барлық шаралар жасалды» деп ғалымдардың еңбегіне «қаһарын» төгіп, жоққа шығаруға тырысты (ҚР ПМ. Қор 141, Т-1, іс-38, П 197.). Жерге орналастыруға қатысты атқарылған жұмыстарды, жер мәселесіне қатысты «таптық тұрғыдан келу жоқ, басқа ұлттар еңбекшілерінің мүддесін елемеу» деген сарында таптық тар мағына тұрғысынан қарап, профессор С.Швецов пен Ә.Бөкейханның зерттеулеріне қанағаттанбай, «ақша алғаннан басқа ештеңе бітірмеді» деп кінәлады. Ал, осы ғалымдарды арнайы шақырып, үлкен ғылыми жұмысқа бастама болған Әлиасқар Меңдиярұлының басшылығындағы Егін шаруашылығы халық комиссариатын «архи-ұлтшыл комиссариат»,  «жерге орналастыруды жүргізуде партия бағытын бұрмалаушы комиссариат» деп айыптаған болатын.

Голощекиндік билік тарапынан осындай негізсіз айыптаулар мен қуғындаулардан кейін кең көлемде қазақ жерін ғылыми тұрғыдан зерттеу жұмысын ұйымдастырған Әлиасқар Меңдиярұлы 1926 жылы қыркүйек айында орнынан алынды. Содан кейін қазақ жеріне қоныс аударып келгендерді жерге орналастыру мәселесінде Голощекин және оны қолдаған орталықтың отарлық ниеті бір мақсатта болуына байланысты БОАК-тің орыс шаруаларын жерге орналастыру бойынша кезектің барлық түрін жою жөніндегі қаулысы шықты. Бұл қаулы бойынша қоныс аударушылар ешқандай да кезексіз қазақ жерінен жер алып, қоныстануға мүмкіндік алды. Жер үшін халқымыздың ұлтжанды қайраткерлері мен голощекиндік билік арасында күрес кейінгі жылдары да жалғасып жатты.

Егін шаруашылығы халық комиссариатын екі жылдай басқарып, қазақ халқының болашағы үшін үлкен игі бастамалардың ұйытқысы болған Әлиасқар Меңдиярұлына өзі тіркеуде тұрған партия ұйымы тарапынан мынадай пікір берілген екен: «Егін шаруашылығы халық комиссары болып істеген уақытында жолдас Әлібеков өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен наркоматтағы жұмыстың шаруашылық саласын, сондай-ақ ұйымдастырушылық жағын бір жүйеге келтірді. Егін шаруашылығы комиссариатында маман жұмысшылардың аздығына байланысты, осы сала бойынша маман кадрлардың тапшылығын ретке келтіріп, іскерлік ынтымақтастықты қалыптастырды. Өзінің негізгі жұмысындағы жұмыстың көптігіне байланысты партиялық жұмысқа аз қатысты. Соған байланысты партиялық жұмыс бойынша берілген тапсырмаларды барлық уақытта орындай алған жоқ. Жоғарыда айтылған жәйттарды назарға ала отырып, Ауыл шаруашылығы және орман жұмысшылар одағының коммунистік фракциясы жолдас Әлібековті өз қызметінде қалдыруды дұрыс деп есептейді» (ҚР ПМ. Қор 141, Т-1, іс-1338. П 12.).

Әлиасқар Меңдиярұлы Егін шаруашылығы халық комиссары лауазымынан алынғаннан кейін Қазақ су шаруашылығы басқармасының бастығы, Орта Азия мелиорация және ауыл шаруашылығын механикаландыру институтының директоры қызметтерін атқарды. Қай қызмет саласында жүрсе де, өзінің азаматтық позициясынан таймай, голощекиндік озбыр билікпен жергіліктендірудің дұрыс жүргізілмеуі, Ресейден қоныс аударудың тоқтатылмауы, қазақ халқын жерге орналастырудың жүргізілмеуі және тағы да басқа халқымыздың ұлт ретінде дамуындағы аса маңызды әлеуметтік-экономикалық және саяси шараларды іске асыру барысында күрес жүргізіп, ұлт мүддесі үшін күрескер қайраткер биігінен көрінді. 1937 жылы елімізде жаппай қуғын-сүргін зобалаңы басталғанда өзіне тағылған жалған айыптауларға шыдай алмай өзіне қол салып қайтыс болады.

Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасының (республикамыз 1920-1924 жылдардағы қалыптасқан мемлекеттік шекараның заңды мұрагері) мемлекеттік шекарасының қалыптасуында үлкен еңбек сіңірген, ұлт мүддесін мемлекеттік мансаптан жоғары қойған, өмірінің соңына дейін халқы үшін қызмет еткен қайраткер тұлға Әлиасқар Меңдиярұлы Әлібековтің есімі үлкен құрмет пен тағзым көрсетілуге лайықты!

Досалы САЛҚЫНБЕК,
Қазақстан педагогикалық ғылымдар
академиясының академигі

Болат ҚАБДӨШЕВ,
Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика
және байланыс университетінің доценті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here