Жауапкершілік жүгі: Елімізде кибербуллингке заң аясында қалай тұсау салуға болады?

0
5210

Әлеуметтік желінің мүмкіндіктері қарыштап дамығалы орын алған небір жүгенсіздіктер мен шектен шыққан өрескел дау-дамайлар бүгінде қазақ қоғамына жақсы таныс. Сөздік қорымызға «кибербуллинг» сөзінің қалай кіргенін аңдамай да қалдық. Бүгінде кибербуллинг еліміздің ғана емес, күллі әлемнің күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Ал, елімізде биылғы жылдың өзінде әлеуметтік желілерде 140 мың заң бұзу (фейк, кибербуллинг, экстремизм) дерегі тіркелген.

Әлемдік тәжірибеге назар аударатын болсақ, қазіргі таңда бірқатар елдер кибербуллингтің алдын алу шараларын қолға алып үлгерген. Мәселен, Германияның Бундестагы 2017 жылы «Әлеуметтік желі жөніндегі» заң қабылдады. Аталмыш заңның аясында 2 млн қолданушысы бар әлеуметтік желінің медиа компаниясы  Германияда азаматтық істер мен айыппұлдармен айналысатын өкілдігін құру қажет деп танылды. Мұндай заңды Еуропалық Одақ және Оңтүстік Корея, Ресей, Сингапур сынды елдер де барынша күшейтіп жатыр. Сондай-ақ, Жаңа Зеландияда және АҚШ-тың 44 штатында кибербуллинг үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

2020 жылдың 1 қыркүйегінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау үшін заңнамалық шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Осыған байланысты 15 қыркүйекте Мәжіліс депутаттары балалар құқығын қорғауға қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы қандай тетіктерді қарастыратынын «Qazaq» газеті зерттеп көрді.

ЗАҢ ЖОБАСЫ ҚАНДАЙ ТЕТІКТЕРДІ ҚАРАСТЫРАДЫ?

Парламент Мәжілісінің депутаттары бастамашылық еткен Балалар құқығын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасы БАҚ туралы, Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы, білім туралы, байланыс туралы, ақпараттандыру турасындағы заңдарға түзетулер енгізу топтамасын көздейді.

Ең алдымен, «буллинг/кибербуллинг» ұғымы енгізіледі. Буллинг – ағылшын тілінен аударғанда қудалау, қорлау, мазалау деген мағынаны білдіреді. Буллинг жекелеген адамдардан бастап, ұйымдасқан топтық деңгейге дейін жасалуы мүмкін. Егер буллинг жасаушылар өз әрекеттерінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданған жағдайда, мұндай іс-әрекеттер кибербуллингке жатады.

Білім және ғылым министрлігі оқу үдерісіндегі буллингтің алдын алу ережелерін әзірлейді. Сонымен қатар, осы түзетулер аясында әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің еліміздің аумағындағы қызметін реттей отырып, ұғымдар енгізу қарастырылған. Бұл еліміздегі буллинг/кибербуллингтің алдын алудың жалпы тәсілі.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДІҢ ӨКІЛДІКТЕРІН ТІРКЕУ ТУРАЛЫ ЕРЕЖЕНІҢ ҚАБЫЛДАНУЫНА НЕ СЕБЕП?

2020 жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі біздің заңнамамызды бұзған 70 мыңнан астам деректі анықтады. Ағымдағы жылдың бірінші жартысында мұндай деректердің саны 140 мыңнан асқаны мәлім болды. Бұл әлеуметтік желілердің әкімшілігінің порнография, суицид, экстремизм мен терроризмді насихаттайтын, есірткі мен қару-жарақтарды ғаламтор арқылы  сататын материалдарға шектеу қоймайтындығының айқын дәлелі.

Сонымен қатар, ақпараттық өрісті бақылау жұмыстары  технологияның қарыштап дамуымен буллинг жасау  ғаламторға да енгенін көрсетеді. Ересектер мен балаларға қатысты қудалау, қорлау, бопсалау деректері тіркелді. Әдетте, әлеуметтік желілердегі қудалау жабық топтар мен қауымдастықтарда орын алады. Сол себепті де мұндай қолжетімсіз фактілерді анықтау іс жүзінде қиын.

«ВКонтакте» әлеуметтік желісінде түрлі хэштегтердегі (#синийкит, #тихийдом, #китыплывутвверх, #морекитов) суицидтік топтардың бар екендігі бәрімізге белгілі. Бұл топтарды бақылау жұмыстарының нәтижесінде жасөспірімдерге арналған суицидтік сипаттағы көптеген материалдардың жүктелгені анықталды. Осыған орай суицидтік материалдарды әлеуметтік желіден алып тастау үшін министрлікке бірнеше ай қажет болды. Қазірде мониторингтік топ әлеуметтік желілерде жасөспірімдерге бағытталған жаңа топтарды тіркеп жатыр. Ал, 2019 жылдан бастап министрлік суицидке насихаттайтын ақпарат таратқан 250-ден астам деректі анықтады. Демек, құзырлы орындар шетелдік әлеуметтік желілердің барлық өкілдерімен байланыс орнатуы қажет.

Аталмыш мәселе бойынша халықаралық тәжірибені зерттей отырып, Қазақстан әлеуметтік желілердің өкілдіктерін ашу туралы талаптарды заңнамалық деңгейде белгілеген алғашқы ел емес екенін айта кеткен жөн. Мәселен, жоғарыда жазғанымыздай, Ресей, Өзбекстан, Түркия, Франция, Германия сынды елдерде шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің өкілдіктерін міндетті түрде ашуды талап ететін ережелер бар.

Германия өз талаптарының күшінде екенін көрсету үшін заңсыз контентті жоймағаны үшін 50 млн еуроға дейін айыппұл салды. Міне, осындай санкциялардан кейін барып қана әлеуметтік медиа компаниялар заңға қайшы мазмұндағы материалдарды бірден жоя бастады.

Түркия аудиториясы 1 миллионнан асатын әлеуметтік желілер міндетті өкілдіктерді ашпаған жағдайда, оларға 10 млн лира, кейіннен 30 млн лира мөлшерінде айыппұл салуды қарастырады. Сондай-ақ, жарнаманы жариялауға тыйым салуды да назардан тыс қалдырмады. Ал, міндеттерді орындамаған жағдайда, жаза ретінде деректерді беру жылдамдығы 90 пайызға дейін төмендетіледі екен.

Қазіргі уақыттта әлеуметтік желілердің барлығы жоғарыда аталған елдердің заңнамалық талаптарын бұлжытпай орындайды.

Осылайша, балалар құқықтарын қорғау жөніндегі заң жобасына ұсынылып отырған түзетулер халықаралық тәжірибеге сай келеді. Сондай-ақ, уәкілетті органдар заңға қайшы контентті өшірту мақсатында ғана әлеуметтік желілердің әкімшіліктеріне ықпал ететін болады.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ КИБЕРБУЛЛИНГКЕ ТАП БОЛҒАН АДАМҒА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Қазіргі қолданыстағы заңнамада буллингтің бір түрі болып табылатын жала жабу, қорлау, өзін-өзі өлтіруге итермелеу және т.б. түрінде жасалған әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл ретте құқық қорғау органдары мен сот органдарының құқық бұзушылық фактілерін тексеру бағыты тек жәбірленуші тараптың жазған арызының негізінде ғана айқындалып, жүзеге асырылады.

Осы орайда әлеуметтік желілерде кибербуллингке ұшыраған адам, сондай-ақ оның кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты заңды өкілі әлеуметтік желілердегі қоқан-лоқы фактілері жайындағы арызбен құқық қорғау органдарының қызметіне жүгінуге құқылы.

Аталмыш арыздың негізінде құқық қорғау органдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл тәртібі шеңберінде азаматқа қатысты кибербуллинг дерегі туралы хабарлай отырып, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жүгінетін болады.

Бұл ретте, заң жобасы қабылданғаннан кейін әлеуметтік желілерде кибербуллингке тап болған азамат заңға қайшы хат алмасуларды дереу өшірту үшін министрліктің көмегіне жүгінуге құқылы болатынын айта кеткен жөн.

КИБЕРБУЛЛИНГ ІСТЕГЕНДЕРДІ ҚАНДАЙ ӘРЕКЕТТЕРІ ҮШІН ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ ТАРТУҒА БОЛАДЫ?

Бұл мәселе көбінде құқық қорғау органдарының құзырына кіреді. Әлеуметтік желілерде кибербуллингке тап болған азаматтардан арыздар келіп түскен жағдайда, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі үш негізгі критерийді басшылыққа алатынын атап өту қажет.

Біріншісі – хат алмасушы екі тараптың қарым-қатынасында бір адамға екінші бір адамның немесе адамдар тобының жасайтын қасақана әрекеттері.

Екіншісі – адам құқығына қарсы әрекеттер. Мысалы, хат алмасу барысында бейәдеп сөздер айтып, жәбірленуші тараптың ар-намысына нұқсан келтіріп, қорлау арқылы қандай да бір заңсыз әрекет жасауға итермелеу.

Үшіншісі – бұл жүйелі әрі мақсатты түрде бір адамға бағытталған бірнеше мәрте жасалатын мәлімдеме.

Егер ұсынылған хат алмасу жоғарыда аталған барлық критерийлерге сай келсе, онда министрлік міндетті түрде әлеуметтік желідегі көрсетілген хат алмасуларды жою туралы немесе оның қолжетімділігін шектеу туралы нұсқау дайындайды.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ ЖАЗБА ҚАЛДЫРҒАНДАРДЫҢ ЖЕКЕ БАСЫН ҚАЛАЙ АНЫҚТАЙДЫ?

Расымен де, қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде кибербуллингке ұшыраған қарапайым азаматтарға азаматтық іс қозғау мақсатында талап арыз беру үшін жазба иесін анықтау әрдайым мүмкін бола бермейді.

Ұсынылған заң жобасы заңды күшіне енгеннен кейін Қазақстан Республикасының аумағында шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің өкілдіктері ашылуға тиісті. Бұл құқық қорғау органдарына жедел іздестіру іс-шараларының бір бөлігі ретінде әлеуметтік желілерде буллинг жасағандардың жеке басын анықтау үшін шетелдік әлеуметтік желілердің өкілдеріне сұрау салуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, елімізде шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің өкілдіктері мен филиалдары болуы уәкілетті органдарға олармен неғұрлым жедел өзара іс-қимыл жасауға жол ашады.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР НЕ ҮШІН УӘКІЛЕТТІ ОРГАНДАРДЫҢ НҰСҚАУЫН 24 САҒАТТЫҢ ІШІНДЕ ОРЫНДАУҒА МІНДЕТТІ?

Мұндай мерзімді белгілеу кезінде төмендегідей факторлар ескерілді:

  1. Егер әлеуметтік желілерде балаға қарсы кибербуллинг белсенді түрде жасалатын болса, онда баланың психологиялық жағдайына үлкен зиян тигізбеу үшін уақыт өткізіп алмай, кибербуллингті дер кезінде тоқтату маңызды;
  2. Әлеуметтік желінің өкілі министрліктен нұсқау алған кезде кейбір жағдайларда нұсқаудың орындалуын өзінің басшылығымен кеңесуге мәжбүр болатынын түсінеміз. Сондай-ақ, шетелдегі уақыт айырмашылығы бұл процесті қиындатуы мүмкін.
  3. Халықаралық тәжірибені зерттеу барысында, Франция мен Германияда әлеуметтік желілер платформалары пайдаланушыдан келіп түскен шағымдарды 24 сағат ішінде қарауға және контентті жоюға немесе бұғаттауға міндетті екендігі белгілі болды. Егер талап орындалмаған жағдайда, меншік иелеріне ірі айыппұлдар салынады.

Жоғарыда аталған факторларға сүйене отырып, заң жобасында тиісті мерзімді 24 сағат деп белгілеу ұсынылды.

Бұл ретте, Қазақстанның қазіргі қолданыстағы заңнамасы бойынша, байланыс операторлары мен МТҚ уәкілетті органның нұсқауын небәрі екі сағат ішінде орындауға міндетті екенін естеріңізге сала кетейік.

ҚАЗАҚСТАН АУМАҒЫНДА ӨЗ ӨКІЛДІКТЕРІН АШПАЙТЫН ШЕТЕЛДІК ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР МЕН МЕССЕНДЖЕРЛЕРГЕ ҚАНДАЙ ШАРАЛАР ҚАРАСТЫРЫЛАДЫ?

Біріншіден, заң жобасында шетелдік әлеуметтік желілердің өкілдіктерін мемлекеттік тіркеу рәсімінен өткізу мерзімін 6 айға кейінге шегеруді көздейді.

Екіншіден, бүгінде министрлік шетелдік әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің иелерімен әзірленген нормаларды және ел аумағында өкілдіктер ашудың себептерін түсіндіру үшін келіссөздер жүргізу процедурасын бастады.

Егер шетелдік әлеуметтік желі мен мессенджер біздің елде міндетті өкілдіктерін тіркеу рәсімін жүргізбесе, онда министрлік әзірлеген ережелерге сәйкес оларға шектеу шаралары қолданылуы мүмкін.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Иә, бүгінде әлеуметтік желінің әлегіне тап болған жасөспірімдер мен балалар аз емес. Кибербуллингтің құрығынан кей жағдайда ересектердің де құтыла алмайтыны рас. Десек те, балалар қоғамның ең нәзік, ең қорғансыз мүшесі екендігін ұмытпайық. Аталмыш заң сол себептен де балалардың құқығын қорғауда ауадай қажет. Ақпараттық технологияның дамуымен қатар елімізде балалар арасындағы суицид оқиғаларының саны да өсіп келеді. Әрине, бүгінде оның қаншасы кибербуллингтің әсерінен болғаны бұлыңғырлау дүние.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 2020 жылы балалар мен жасөспірімдер арасында 143 суицид оқиғасы тіркелді. Ал, өзін-өзі өлтіруге талпынғандардың саны 193 болған. Ағымдағы жылдың бірінші жартысында 105 суицид және 105 өзін-өзі өлтіруге оқталу оқиғасы тіркелген. Сарапшылардың саралауынша, 2018 жылы ғана балалардың 60 пайызы өмірінде бір рет болсын буллинг пен кибербуллингке ұшыраған. Ал, 17 пайызы кибербуллингке бірнеше мәрте тап болған.

Аталмыш заң жобасы туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров: «Менің ойымша, әлеуметтік платформалардың біздің еліміздегі өкілеттілігі «виртуалды» түрде болуы да ықтимал. Яғни, сол платформалардың штаб-пәтерінде қазақ-орыс тілін еркін меңгерген біздің жастар «әлеуметтік желінің ұлттық модераторы» рөлін атқарып, біздің мемлекеттік уәкілетті органмен әлеуметтік платформа арасында «дәнекер» рөлін атқарса да артық-кемі болмауы ықтимал. Еркіндікті, тәуелсіздікті басбұзарлық пен зорлық-зомбылықпен шатастыруға болмайды. Демократия дегеніміз – норма, процедура, этика және мораль. Адамның ар-ұжданын сыйлайтын, заңның ала жібін аттамайтын, мәдениеті жоғары, парасаты биік азаматтарға бұл өзгерістерден қорқатын, үркетін ештеңе жоқ. Керісінше, бұл өзгерістер сондай азаматтарды басбұзар, экстремистерден қорғайтын норма және процедура», – деп түсіндірді.

Фараби СӘЙКЕНОВ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here