Министр Жыр алыбының мерейтойы аясында қандай шаралар өткенін айтты

0
693

Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев пен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында жарық көрген ақынның 10 томдық жинағының тұсаукесеріне қатысты.

Ұлы жыраудың сүбелі шығармаларын ұлттың рухани игілігіне жаратып, келер ұрпаққа жеткізуге арналған бұл жинақ – биыл Жамбыл Жабаев мерейтойы аясында республика бойынша атқарылған көптеген мәдени іс-шараның бірі. Мемлекеттік тапсырыс бойынша басылып шыққан көп томдыққа Жамбыл Жабаевтың өткен ғасырдың басынан бастап өмірден өткенге дейінгі барлық өлеңі, айтысы мен жыры топтастырылған. Одан бөлек, ақын шығармашылығына қатысты ғалымдардың ғылыми еңбектері, ақын-жазушылардың естеліктері де басылған.

Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын атап өту жөніндегі Мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев, жыр алыбы Жамбылдың халқымыздың рухани дүниесінде қуатты да өміршең жырлары арқылы өшпес із қалдырғанын атап өтті.

«Бұл жарық көрген 10 томдық жинақ Жамбыл ақынның бүкіл мұрасы, оның өмірі мен шығармашылығы туралы естеліктер мен ғылыми зерттеулер енген тұңғыш толымды басылым ретінде жарыққа шығып отыр. Cондықтан да бүгін тұсауы кесіліп отырған 10 томдық жинақ Жамбылтануға қосылған үлкен үлес, халқымыздың рухани қазынасын молайтқан іргелі еңбек деп есептеймін», – деді Қырымбек Көшербаев.

Ақтоты Райымқұлова жыр алыбының 175 жылдық мерейтойы халқымыз үшін үлкен мәдени мереке, айтулы рухани белес екенін айтты.

«Дала Гомері атанған ұлы ақынның мерейтойы биыл жалпыреспубликалық жоспарға сәйкес жан-жақты жүзеге асырылып жатыр. Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан жыл ішінде ақынның шығармашылығын насихаттауға бағытталған әдеби кештер, тақырыптық экскурсиялар, кітап көрмелері, дөңгелек үстелдер, ақындар айтысы және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Жамбыл тұлғасын шетелдерде таныту бағытында да елеулі жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, биыл мамыр айында Беларусь, Әзірбайжан елдерінде «Жамбыл» көркем фильмінің көрсетілімі өтті. Маусым айында Канадада «Жамбыл тойы – жыр тойы» деректі фильмі көрсетілді. Жамбыл Жабаевқа арналған қазақ-қырғыз айтысы ұйымдастырылып, Айбек Қалиев бас жүлдеге ие болды», – деді.

Осыдан кейін Мәдениет және спорт министрі ақынның таңдамалы шығармаларын тілдерге аударып, басып шығару ісі қарқынды жүзеге асырып жатқанын атап өтті.  

«Біршама уақыт бұрын Жамбыл Жабаевтың туындылары қырғыз тіліне аударылып, кітаптың тұсаукесері өткізілді. Жақында ғана ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен Түркияда Жамбыл өлеңдері түрік тілдеріне аударылып, таныстырылымы өтті. Ақын шығармашылығын ғылыми зерттеу бағытында «Жыр алыбы» және «Ақын Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы тарих айнасында» атты ғылыми-практикалық дөңгелек үстел ұйымдастырылып, «Жамбылға жаңаша көзқарас» атты мақалалар жинағы оқырманға жол тартты. Бүгін көпшілікке таныстырып отырған бұл  жинақ 30 мың данамен басылып, республика кітапханаларына таратылды»,-деді Ақтоты Райымқұлова.

Сондай-ақ, тұсаукесер барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілістің депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, танымал ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысып, сөз сөйледі.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here