Көмірсіз өмір: Еуропалықтарға қазақ көмірі неге керек болмай қалды?

0
3452
Қазақстан көмірінің басым бөлігі, атап айтқанда, 80,1 пайызы ТМД елдеріне, соның ішінде Ресейге экспортталады

Қазақстан – қазба байлықтарға бай мемлекет. Соның ішінде мол қоры анықталғаны – көмір. Оның қоры бойынша әлемде үздік ондыққа енетін еліміздегі 49 кен орнында шамамен 34 млрд тонна көмір қоры бар. Ал, қазақтың «қара алтыны» Ресейге, Еуропаның бірқатар елдеріне экспортталады. Дегенмен, соңғы жылдары еуропалық елдер көмірден жаппай бас тартып жатыр. Бұл отандық жалпы ішкі өнімнің 1,5%-ын құрайтын салаға кері әсер етеді.

КӨМІР ЭКСПОРТЫ: ЖОСПАР ОРЫНДАЛҒАН ЖОҚ

Мәселенің мәнісіне тоқталмай тұрып, биылғы деректерді алға тартайық. Отандық көмір өндіруші компаниялар 2021 жылғы қаңтар-шілде айларында барлығы 59,7 млн тонна көмір өндірді. Көмірді негізінен төрт көмір өндіруші қазақстандық компания жеткізеді. Олардың нарықтық үлесі экспорт көлемінің 89 пайызына тең. Атап айтқанда, «Шұбаркөл көмір» АҚ үлесі – 28%, «Қаражыра» АҚ үлесі – 25%, «Майкубен-Вест» ЖШС үлесі – 25% және «Богатырь көмір» ЖШС үлесі – 11%-ды құрайды.

Енді негізгі тақырыпқа оралайық. Осыдан бір жыл бұрын «Qazaq» газетінде «ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2020 жылдың басында биыл (2020 жылы, – ред.) елімізде 120 млн тонна көмір өндірілетінін, соның 38 млн тоннасы сыртқа сатылатынын болжады. Бұл министрліктің оптимистік болжамы. Өйткені, соңғы он жылдың ішінде еліміз мұндай көлемде сыртқа көмір сатқан емес. 2011 жылы ғана көмір экспорты 33,5 млн тоннаны құрады. Алысқа бармай-ақ былтырғы (2019 жылғы, – ред.) көрсеткішке тоқталайық. 2019 жылы Қазақстан барлығы 111 млн тонна көмір өндіріп, соның 28 млн тоннасын экспортқа шығарды. Ал, 2018 жылы қазақ көмірінің 29 млн тоннасы сыртқа сатылғанын ескерсек, жылдан жылға көмірге сұраныстың төмендеп келе жатқанын байқауға болады. Сонда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биыл (2020 жылы, – ред.) 38 млн тонна көмірді қайда сатпақ?!» деп мақала жазып, аталған министрліктің оптимистік болжамына күмән келтірген болатынбыз. Отандық көмір өндірісінің 2020 жылғы көрсеткішіне қарасақ, біздің бұл күмәніміздің негізсіз болмағанына көз жеткіземіз.

Сонымен, экспорт көлеміне тоқталайық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында 130,4 млн тонна көмір өндірген Қазақстан соның 52,1 млн тоннасын сыртқа сатқан. 1991 жылғы бұл көрсеткішке осы ғасырда жақындай алмағанымыз ақиқат. 2011 жылдан бері көмір экспорты азайып келеді. Сол жылы экспорт 33,5 млн тоннаны құраса, бұл көрсеткіш 2012 жылы 31,3 млн тонна, 2013 жылы 30,7 млн тонна, 2014 жылы 28 млн тонна, 2015 жылы 27,9 млн тонна болған. Тіпті, 2016 жылы экспорт көлемі 3,9 млн тоннаға дейін азайып, 24 млн тоннаға әрең жеткен. Өйткені, Қазақстан көмірін жағып келген ресейлік бірқатар жылу электр орталықтары өздерінің Кузбасс көміріне ауысқан. Бір жылдан кейін біздің билік жаңа еуропалық нарыққа шығып, экспорт көлемін 27 млн тоннаға жеткізе алған. Сөйтіп, 2018 жылы 29 млн тонна көмірді сыртқа саттық. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш 2019 жылы 1 млн тоннаға қайта кеміген. Ал, 2020 жылы министрліктің көмір экспортына қатысты жоспары мүлдем орындалған жоқ. «Qazaq» газетінде былтыр «Қазақ көміріне сұраныс азайған уақытта ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің 2020 жылы 38 млн тонна көмірді қай елдерге сататынын түсіну қиын» деп жазғанымыз сондықтан.

Дегенмен, былтыр еліміз 2019 жылғы көрсеткішін жақсарта алғаны рас. Былтыр 29,3 млн тонна көмірді экспорттадық. World’s Top Exports мәліметінше, Қазақстан былтыр көмір экспортынан 339,8 млн доллар пайда тапқан. Осылайша, еліміз көмір экспорттайтын әлемдегі ең үздік 15 елдің бірі атанып отыр.

ЕУРОПАДА ҚАЗАҚ КӨМІРІНЕ СҰРАНЫС НЕГЕ АЗАЙДЫ?

Еліміз ішкі нарықты көмірмен толық қамтып қана қоймай, артылған көмірді сыртқа сатудан басқа амалы жоқ. Себебі, көмір экспорты алдымен ел экономикасына үлес қосады. Дегенмен, жылдан жылға қазақ көміріне сыртта сұраныс азайып келеді. Көмір экспортына кері әсер еткен басты фактор – кәрі құрлықтың көмірден бас тартуы.

Рас, әлемде көмірге сұраныстың азайғанына біраз жыл болды. Ауаны ластамауды мақсат еткен өркениетті елдер қара отыннан бұрын газды қолданады. Содан Қазақстан сияқты көмір экспорттаушы елдер бәсекелестік жоғары болғандықтан әрбір нарық үшін таласады.

Экспорттың төмендеуіне еуропалық елдердің қазақ көмірінен бас тартып жатқандығы басты себеп екенін жоғарыда айттық. Мысалы, биылғы жылдың алғашқы жеті айында біздің елден Швейцария 2 656,5 мың тонна, Ұлыбритания 191,8 мың тонна, Түркия 150,6 мың тонна көмір тасымалдаған. Бірақ, бұрнағы жылдары қазақтың көміріне тәуелді еуропалық елдердің көп болғанын ескерсек, таяу жылдары еуропалық нарықтан да айырылып қалатын түріміз бар.

Былтырғы жылмен салыстырғанда алғашқы жеті айда Ресей 471 мың тонна, Қытай 72 мың тонна көмірді кем сатып алды. Қайта бұрынғыға қарағанда Беларусь 895 мың тонна, Өзбекстан 156 мың тонна көмірді артық импорттады. Демек, Беларусьтің санкция құрсауында қалғаны бізге пайда әкелді.

Әрине, қара аспанды төндіре беру де жарамас. «Алдыда қыс маусымы бар» деуіңіз мүмкін. Бұл дұрыс та шығар. Дегенмен, еуропалық импортердан Шығыс Еуропа елдері мен Швейцария ғана қалғаны анық.

Сонда Еуропада қазақ көміріне сұраныс неге азайды? Енді осы сұраққа жауап беріп көрелік.

Біріншіден, еуропалықтар газға және баламалы энергия көздеріне ауыса отырып, көмірді тұтыну деңгейін өздері төмендетіп жатыр. Және олар көмір тұтынуды азайтуды одан әрі жалғастыра береді. Экологиялық талаптардың қатаңдауына байланысты Еуропалық Одақ елдерінде көмір өндіру көлемі жыл сайын төмендеп келеді. Мысалы, былтыр қазақстандық көмірді Финляндияға экспорттау тоқтатылды. Ал, 2016-2018 жылдар аралығында Қазақстан Еуропаға 11 млн тонна көмір экспорттаған еді. Қазақстанның тұтынушысы болудан қалған Финляндия бір кездері қазақстандық көмірді еуропалық нарықта тұтынудан көш бастағанын білеміз. Яғни, Финляндия Қазақстаннан үш жылда 6,5 млн тонна көмір сатып алған-ды. Бұл Еуропадағы соңғы үш жылдағы экспорт көлемінің 59%-ын құраған болатын.

Екіншіден, қазақ көмірінің сыртқы нарыққа экспортталуына солтүстіктегі көршіміз де кедергі келтіреді. Ресей бұрыннан Екібастұз көмірін тұтынатын станцияларды өздерінің Кузбасс көмірімен қамтамасыз етуді жолға қойған. Соның салдарынан ресейлік көмір өндіруші компаниялар биылғы жеті айда Қазақстан көмірін тұтынуды 4,3%-ға төмендетті. Осы арқылы Ресей өзінің көмір өндірісінің айналымын ретке келтіргенді жөн көреді.  Айталық, Мәскеу 2019 жылы 2035 жылға дейін көмір өндірісін дамытатын бағдарламаны қолға алды.  Сөйтіп, 2020 жылы 402,1 млн тонна көмір өндірген ресейліктер 2035 жылға қарай бұл көрсеткішті 485 млн тоннаға дейін арттырмақ. Соның 392 млн тоннасын сыртқа сатпақ. Яғни, бізбен экспорттағы бәсекелестігін арттырады. Оның үстіне бізге қарағанда Еуропа нарығы қол созым жерде тұр. Ал, қазақ көмірі еуропалық нарыққа шығарда Ресейден өтеді. Демек, біз үшін транзит мәселесі де алдан шығады.

Иә, транзит мәселесі қазірдің өзінде бар. Мәскеу саясатының салдарынан бүгінде Қазақстан Ресей аумағы арқылы транзитпен өткізілетін басқа да бірқатар нарықтан айырылғаны жасырын емес. Мәселен, Украинаға қазір қазақстандық көмірді тасымалдау өте қиын. Былтыр Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директорының орынбасары Максим Кононов ресейліктердің тиісті квотасы бөлінбеуінің салдарынан қазақстандық көмір өндірушілер Ресей арқылы Украинаға тасымалданатын транзиттің шамамен 60%-нан айырылғанын мәлімдеді.

Рас, Финляндия сияқты басқа да еуропалық елдер Қазақстанның көмірінен бас тартса, онда отандық көмір өндіруші компаниялар аталған көлемде сатып алатын тұтынушыларын жаңа нарықтан іздеуі тиіс. Әйтпесе, бұл саланың жағдайы қиындай түседі.

ЖАҢА НАРЫҚТЫ ҚАЙДАН ІЗДЕУ КЕРЕК?

Бүгінде көмірге кәрі құрлықта сұраныс азайғанымен, Азияда оны тұтыну өсімі байқалады. Мысалы, Үндістан көмірді ең көп өндіретін әлемдегі екінші ел болса да, ішкі нарығын отандық қара отынмен толықтай қамтамасыз ете алмайды. Өйткені, елде 1,41 млрд халық тұратынын да ұмытпау керек. Индонезияда да жағдай тура сондай. Әлемдегі ең көп көмір өндіретін бесінші елде 277 млн халық тұрады. Көмірге сұраныс алдағы уақытта Вьетнам, Филиппин, Малайзия, Пәкістан елдерінде де айтарлықтай артуы күтілуде. Көмірді тұтыну қарапайым болғандықтан, Азияның бұл елдері әзірге көмірден бас тартпайды. Сондықтан олар өз елдерінде көмір жағатын станцияларды көптеп салып жатыр.

«Еуропалық бағытта көмірге деген сұраныс төмендегенімен, Оңтүстік-Шығыс Азияда оны тұтынудың өсуіне ықпал ететін жағдайлар бар. Мысалы, Филиппин және Вьетнам сияқты елдер экономикалық дамуды қолдау үшін жаңа көмір электр станцияларын салуда. Халықаралық энергетикалық агенттік болжағандай, 2023 жылға қарай Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде тұтынудың өсуі 5,7%-ды құрайды», – дейді Республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының Көмір өндірісі және энергетика департаментінің директоры Рустам Шунтуков.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа көмір станцияларының құрылысына Вьетнамда 40 млрд доллар, Филиппинде 30 млрд доллар, Индонезияда 50 млрд доллар бөлініпті. Бұл Қазақстан сияқты көмір экспорттаушы елдер үшін жағымды жаңалық екені рас. Дегенмен, алдыдан көмірді жеткізу, яғни тасымал мәселесі шығады. Неге десеңіз, Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ешқайсысымен шектеспейді. Ал, транзит өте күрделі мәселе.

Отандық көмір өндіруші компаниялар Ляньюньган теңіз порты (Қытай) арқылы тасымалдауды жоспарлап отыр. Өйткені, Қиыр Шығыс (Ресей) арқылы тасымалдау қазіргі уақытта қиын. Ал, Бейжіңнің мәлімдеуінше, Ляньюньган қазақстандық көмірді техникалық тұрғыдан қабылдауға дайын.

«Шұбаркөл көмір» АҚ осы транзиттік бағыт бойынша жылына 3 млн тоннаға дейін көмір экспорттауға ниетті. Бірақ, бұл транзиттік бағытты ұйымдастыру үшін бірқатар заңды, тарифтік, техникалық мәселелерді шешу қажет. Мемлекеттік болып саналатын Қытай темір жолдарының жұмыс ерекшелігін ескере отырып, Қазақстан үкіметінің көмегінсіз, бұл бағытта жұмыс істеу мүмкін емес. Яғни, Қазақстан Үкіметінің Қытаймен сәтті келіссөз жүргізіп, Азия-Тынық мұхиты елдеріне көмірді еш кедергісіз экспорттауға қол жеткізсе, бұл салада ешқандай мәселе болмас та еді.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here