Әлхамдулла, 13 млн қазақпыз!

0
4936

Өткен аптада elbasy.kz сайтында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты көлемді мақаласы жарияланды. «Ерлік пен елдікті ту еткен, жасампаздықты жалау еткен халқымыздың дербес мемлекет құрғанының отыз жылдық торқалы тойы қарсаңында тәуелсіздіктен тағылым алу үшін бүгін туған халқыммен ой бөлісуді жөн көрдім» деп жазған Елбасының мақаласын талдап жату артық болар. Ол мақсат та, міндет те емес. Тек Тұңғыш Президенттің демография туралы жазған пікіріне тоқталайық.

Елбасы өз мақаласында «Ашаршылықтың екі бірдей толқыны – 1921-22 жыл мен 1930-32 жылдардағы сұрқия саясат салдарынан орнаған зұлмат кезінде қазақтың тең жартысы қырылды. Ел есін енді жинай бастаған отызыншы жылдар соңында сталиндік қанды репрессия ұлтымыздың сүт бетіне шығар қаймақтарын жалмап кетті, сонымен бірге қатардағы қарапайым азаматтар да қанды қасаптан аман қалмады» деп жазып, осыдан жүз жыл бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Әлхамдулла, 6 миллион қазақпыз!» деп жаһанға жар салған мәліметін, арада жарты ғасырдай уақыт өткенде елдегі қазақтың саны 2,78 млн-ға дейін кеміп, республика халқының небәрі 30%-ын ғана құрағанын, өзі 1989 жылы республикамыздың бірінші басшысы болып сайланғанда елдегі қазақтың үлес салмағы небәрі 40,1% ғана болғанын келтіреді.

Рас, Тәуелсіздіктің арқасында «мың өліп, мың тірілген» елдегі қазақтың саны екі есе артты. Мысалы, 1989 жылғы санақ бойынша қазақтың саны 6,5 млн-ды құраса, соңғы санақ санымыздың 13 млн-нан асқанын көрсетті. Демографияның оңалуына тағдыр тәлкегімен дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашырап кеткен қандастарымыздың тарихи Отанына оралуы да оң әсер етті. Мәселен, 2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 17 358 адам тарихи Отанымен табысып, «қандас» мәртебесін алған. Ал, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1,08 млн этникалық қазақ оралған. Содан қазір Қазақстандағы қазақтың үлесі – 70,18%-ға жеткен. Ал, бұл көрсеткіш 1989 жылы 40%-ға да жетпейтін еді. Шүкір! Бұл Тәуелсіздіктің арқасында мүмкін болды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

2021 жылғы 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілген Ұлттық халық санағының алғашқы нәтижесі бойынша, Қазақстан халқы 19 169 550 адамға жетті. Қазақстандықтардың 48,71 пайызы – ерлер, 51,29 пайызы – әйелдер. Халықтың  орта жасы – 31,94 жас. Жалпы халықтың 33,97 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72 пайызы – 14-28 жас аралығындағы жастар. Бұған дейінгі санақ 2009 жылы өтіп, оның қорытындысында халық саны 16,09 млн адамды құраған болатын.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here