Дене тәрбиесі пәні арқылы студенттерге салауатты өмір салтын ұстануды қалыптастыру

0
2885

Спортпен шұғылдану – күні бойы өзіңді сергек сезініп жүрудің де бір тәсілі. Спортадамның рухани әлемі үшін де таптырмайтын құрал. Яғни, спорттың маңызы өте зор деген сөз. Мысалы, күйзеліске ұшыраған сәттерде дене жаттығуларымен айналыссаңыз, жаңа құлшыныс пен тың серпін арқасында ерекше өмір сүруге ұмтыласыз. Бұл да спорттың, соның ішінде дене жаттығуларының бір құдіреті болып табылады.

Әрбір өркениетті мемлекеттің алдына қойған басты мақсаты – өз халқының денсаулығын жақсартуды қамтамасыз ету. Спорт қоғамға жат қылықтармен күресуде, белсенді өмірлік көзқарасқа тәрбиелеуде жоғары адамгершілік қасиеттерді адам бойына қалыптастырады. Денсаулықты нығайтуда, студенттерді спортқа тәрбиелеуде, олардың білім, білік пен іскерліктерін жетілдіруде спорттық ойындардың орны ерекше, себебі спорт ойындарының барлық түрі студенттердің дене мүсінінің сұлулығын қалыптастырып, қимыл-қозғалыс қабілеттерінің негізін салып, оларды белсенді, шымыр да сымбатты болуға дайындайды. Ал, дені сау ұрпақ тәрбиелеу, спорттық ойындарға қызықтыру – біздің басты міндетіміз.

Қазіргі таңда дене тәрбиесі пәнін оқыту өзіндік жүйемен ерекшеленіп жатқаны бәрімізге белгілі. Оқытушы қандай жұмыс орындамасын, шәкірттерінің алдында үлгі тұтарлықтай болуы керек. Себебі, білім алушылар бізге еліктейді, бізден үлгі-өнеге алады. Әр сабақта дене жаттығуларын орындатуда оларға қатал талап қоя отырып, олардың күнделікті жаттығу, жүгіру арқылы денелерін ширата түсулеріне, спорттың өздері қалаған түрлеріне икемделулеріне жол ашуға тиіспіз. Демек, дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы жаттықтырушы міндетін атқарса және оны абыроймен жүргізсе, білім алушының да, мұғалімнің де, мектептің де мәртебесі артады.

Осы орайда оқытушыларға да қойылар талап жоғары. Өйткені, олар да үнемі ізденіс үстінде жүріп, мамандығын жетілдіріп отыруға міндетті. Терең біліммен қаруланған адам ғана өз денсаулығының қадіріне жетіп, салауатты өмір салтын қалыптастырады. Бүгінгі оқушы – ертеңгі азаматтарға үлкен үмітпен қарап, денсаулығына қамқорлық жасап, білімін шыңдаса, ата-бабамыздан қалған ұлағатты сөздерді бойына сіңіріп, салауатты өмір салтын берік ұстанса ғана біз ұялмайтындай ұрпақ тәрбиелейміз. Сондықтан да, салауатты өмір салтты берік ұстанып, сақтау арқылы ғана біз дені сау қоғамға жететінімізді естен шығармаған жөн. «Салауатты өмір салты – Қазақстан халқының байлығы» деген ұстанымның дене тәрбиесі пәнінің негізгі ұранына айналғаны керек.

Әрбір дене тәрбиесі пәні мұғалімінің негізгі міндеті – студенттердің бойына «Салауатты өмір салты» ұғымын қалыптастыру, салауатты өмір сүруге ынталандыру, өзін-өзі тәрбиелеуіне көмек көрсету, өз денсаулықтарын сақтауда олардың жауапкершілігін арттыру. Ал, дене тәрбиесі – тұлғаны жан-жақты үйлесімді қалыптастырып, дамыту процесінің негізгі бір саласы.

Серік ҚҰДАШ,
Талдықорған агро-техникалық колледжінің
дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі

ТАЛДЫҚОРҒАН ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here