Биыл қазақтың тұңғыш ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованың туғанына – 100 жыл. Екінші дүниежүзілік соғыста ерлігімен көзге түсіп, жау әскерін жермен-жексен еткен қазақ қызы туралы аз айтылып, аз жазылмады. «Кеңес Одағының батыры» атағы берілмесе де, апамыз сол «батыр» атағына ие болғандардан еш кем ерлік көрсеткен жоқ. Тек еліміз азаттық алғаннан кейін ғана Хиуаз Доспановаға «Халық қаһарманы» атағы берілді. Қазақтың «қанатты қызы» 2008 жылы 86 жасында дүниеден озды.
Жуырда «Хабар» агенттігінің тапсырысы бойынша арнайы телевизиялық жұмыс тобы Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарын аралап, Хиуаз Қайырқызының есімі берілген мекемелерге барып, деректі фильм түсіріп қайтты.
Арнайы телевизиялық жұмыс тобы Атырау қалалық Білім бөліміне қарасты Дулат Далиев басқаратын Хиуаз Доспанова атындағы жалпы орта мектепте де болды. 1 «а» сыныбының жетекшісі Меруерт Сейтқалиева дайындаған Ә.Өтеулі, Ф.Акрап, А.Кенжебек, А.Оразғали сынды оқушылар камера алдында тұрып, Хиуаз апамыздың тарихи өмірі мен ерлігі жөнінде айтты.
Биыл Хиуаз Доспанованың 100 жылдығына орай мемлекетіміздің түкпір-түкпірінде көптеген шаралар ұйымдастырылып жатқаны қуантады. Күні бүгінге дейін ұрпақ Хиуаз Доспанованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, еске алып, рухына тағзым етіп келеді. Талай рет көкке самғап, жаудың сағын сындырған қазақ қызының есімін елдің ұмытпағанын осыдан-ақ аңғаруға болады.
«Хабар» агенттігінің телевизиялық жұмыс тобының хабарлауынша, ерен ерлігімен тарих беттеріне есімі алтын әріппен өрілген тағы бір апамыз Мәншүк Мәметова мен соғыста ерен ерлігімен көзге түсіп, мерт болғаннан кейін одақтың ең жоғарғы атағы Кеңес Одағының батыры атанған қаршадай қазақ қызы Әлия Молдағұлова туралы деректі фильмдер Ұлы Жеңіс күнінде телеарнадан көрсетіледі.
Жұмыс тобы одан әрі Орал және Ақтөбе қалаларына аттанып, облыстық тарихи мұражайлар мен есімдері берілген мемлекеттік мекемелерін аралап, қажетті ақпараттарды өз көрермендеріне жеткізетіндігін атап өтті.
Руслан ХАМЗА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
АТЫРАУ ҚАЛАСЫ