Ұстаз. Ғалым. Тұлға

0
2362

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан». Ұлтымызда ұлағатқа айналған осынау бір тәмсіл шәкірттеріне білім мен тәрбие берген, олардың бойында ізгілік пен адамгершілік сынды қасиеттерді қалыптастыра білген ұстаз қауымының рөлін айшықтап тұрғандай. Өмірі өнегелі, ғұмыры ғибратты жандардың бірі – Қуанышкүл Меңдаяхова. Әлемі әдемі Қуанышкүл Меңдаяхқызының саналы өмір жолы өскелең ұрпақ үшін тағылымға толы десек артық айтқанымыз емес. Ол – педагогика ғылымдарының докторы, профессор, еліміздің оқу-ағарту ісінің айтулы ардагері. Ол – Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ардақты ана, аяулы жар.

Қуанышкүл Меңдаяхова орта мектепті аяқтаған соң 1957-1961 жылдары Қызылорда педагогикалық училищесінде білім алады. 1961 жылы сол кездегі Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының Музыка-педагогика факультетіне түсіп, оқу орнын 1966 жылы «Орта мектептің мұғалімі» біліктілігі бойынша үздік бағамен бітірген. Еңбек жолын Қыздар институтының Хорды дирижерлау кафедрасында оқытушылығынан бастаған.

1973-1989 жылдары аталған жоғары оқу орнының  Мектепке дейінгі тәрбие кафедрасының аға оқытушысы, доценті, 1989-2000 жылдары Музыкалық педагогика факультетінің деканы, 2000-2008 жылдары ата-анасының қамқорлығынсыз қалған қыздарға арналған дайындық бөлімінің деканы қызметтерін атқарды. 2009 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Мектепке дейінгі және бастауыш білім кафедрасының профессоры болып еңбек етуде.

Қуанышкүл Меңдаяхқызы 1988 жылы «Қазақстанда ауылдық жерлерде мектепке дейінгі тәрбиенің дамуы» тақырыбында кандидаттық, 2010 жылы докторлық диссертацияларын табысты қорғады. Оған КСРО халыққа білім беру мемлекеттік комитетінің 1991 жылғы 2 қарашадағы шешімімен Мектепке дейінгі тәрбие кафедрасының доценті ғылыми атағы, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің 2010 жылғы 28 сәуірдегі шешімімен педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесі берілді.

Бүгінде ұлағатты ұстаз бакалавриат студенттері үшін «Педагогика тарихы (жалпы және мектепке дейінгі)», «Тіл дамыту», «Мектепке дейінгі ұйымдарда білім беруді ұйымдастыру және басқару» және магистранттар үшін «Мектепке дейінгі білім беру теориясының негіздері», «Мектепке дейінгі білім беруді басқарудың жаңа тұғырлары», «Қазіргі мектепке дейінгі ұйымның білім беру кеңістігін құру» курстары бойынша дәріс береді.

Ғалым-ұстаздың авторлығымен көптеген ғылыми мақалалар мен оқу және оқу-әдістемелік құралдары жарық көрді. Атап айтқанда, оның негізгі ғылыми ізденістерінің қатарында 4 монография, 2 оқу құралы, 3 оқу-әдістемелік құралы мен 60-тан астам ғылыми-педагогикалық мақаласы бар. Қазіргі күнге дейін ғалымның «Балабақша балаларының тілін дамыту әдістері», «Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытудың ғылыми негіздері», «Ауыз әдебиеті арқылы байланыстырып сөйлеуге үйретудің әдістемесі» атты оқу-әдістемелік құралдары, «Байланыстырып сөйлеуге үйрету арқылы қазақ тілін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері» атты монографиясы, «Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбиенің дамуы», «Педагогика тарихы (жалпы және мектепке дейінгі)» және «Мектеп жасына дейінгі баланың тілін дамытудың әдістемелік негіздері» атты оқу құралдары шықты. Сонымен қатар, Қуанышкүл Меңдаяхованың ондаған мақалалары республикалық ғылыми басылымдарда, конференция жинақтарында жарық көрді.

Қуанышкүл Меңдаяхқызы отандық және ресейлік бірқатар жоғары оқу орындарында «Научные методологические и методические основы социальной педагогики», «Малокомплектная школа: современные проблемы и пути модернизации», «Психолого-педагогическое обеспечение профессионального проектирования в повышении квалификации специалистов сферы дошкольного образования» тақырыптарындағы біліктілікті арттыру курстарына қатысқан.

Қазақстандық білім беру мен ғылымды дамытуға сіңірген зор еңбегі үшін Қуанышкүл Меңдаяхова «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, Ыбырай Алтынсарин атындағы және «Ұлағат» алтын медальдарымен, «Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің «Ең үздік деканы», «Үздік қызметкері» атақтарымен марапатталған.

Ұстаз ұғымының мағынасы терең. Шәкіртінің жан-дүниесін түсініп, оны биікке жетелеу, жігерлендіру, өз болмысымен жақсылыққа тәрбиелеу нағыз ұстазға тән қасиеттер. Ұстаздық деңгейге жету үшін жәй ғана сабақ беру немесе мұғалім атану жеткіліксіз. Өз ісі мен шәкіртіне деген сүйіспеншілігі, шынайы ықыласы оны басқалардан ерекшелеп тұрады. Біздің кейіпкеріміз Қуанышкүл Меңдаяхқызы осындай жан деп толықтай ой түюге болады.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің
Мектепке дейінгі және бастауыш білім кафедрасының ұжымы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here