Министрлік мектепте орамал, кимешек пен хиджабқа рұқсат етпеді

0
576

Жаңадан құрылған Оқу-ағарту министрлігі «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» жаңа бұйрық жобасын жариялады.

Меморганның түсіндіруінше, бұл талаптарды енгізу бірнеше мақсатты көздейді. Біріншіден, орта білім беру ұйымдарының міндетті мектеп киімін қолдануында бірыңғайлық қамтамасыз етіледі. Екіншіден, ата-аналардың мектеп формасына жағымды көзқарасын қалыптастыру көзделеді. Үшіншіден, оқытудың зайырлы сипатын сақтау бірінші орынға қойылады, осы мақсатта оқу орны басшыларының, мектеп кеңесінің, қамқоршылық кеңесінің, ата-аналар комитетінің жауапкершілігі арттырылады. Сондықтан ата-аналардың балаға шашы мен мойнын жабатын бас киім түрлерін – хиджаб, орамал, тіпті қазақта тек әжелер киген кимешекті кигізуге рұқсат ету туралы ұсынысы қабылданбады. Жаңа киім түрінен тек бомбер ғана қосылып отыр.

«Қыздардың мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, шалбар, түймелері немесе бекіткіш-замогы бар трикотаж кардиган (бомбер), классикалық жейде-блузка (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы тобықты жауып тұруға тиіс», – делінген жаңа құжатта.

Мектеп формасына орта білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін – эмблеманы, тігіспелерді, шевронды және басқасын орналастыруға рұқсат етіледі.

Мектеп киімінің түсін, фасонын және белдемше-юбканың ұзындығын мектеп басшылығы мен мектеп кеңесі, қамқоршылық кеңес, ата-аналар кеңесі айқындайды, сондай-ақ ол жалпымектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітілуі қажет.

Қағидаларға жаңа норма енгізіліп отыр.

«Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, ауданның білім беруді басқару органы ата-аналарға мектеп формасын соны тігетін отандық өндірушілерден сатып алуды ұсынады. Бірақ, мектеп формасының жекелеген өндірушілеріне артықшылық жасауға жол берілмейді. Ата-аналар өндірушіні таңдауда және мектеп формасын сатып алуда тәуелсіз. Білім беруді басқару органдары ата-аналар мен білім беру ұйымдарына жергілікті жерде мектеп формасының бірыңғай түсін таңдауға кеңес береді», – делінген бұйрық жобасында.

Осы арқылы білім басқармаларының киім сататын отандық кәсіпкерлердің тізімін ұсынуы заңдастырылады. Бірақ, олардың ішінен қайсысын таңдайтынын ата-аналар өздері шешуге тиіс.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here