Қарауылкелдіде «Kitap time» клубы ашылды

0
2148

Осы аптада №2 Қарауылкелді орта мектебінде «Kitap time» клубының ашылу салтанаты өтті. Кітапқұмарларға арналған клуб құрудағы басты мақсат – кітапқұмар оқушылар мен ата-аналардың санын көбейту, кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру арқылы қазақтың саналы, зиялы өкілдерін қалыптастыруға үлес қосу, балаларды ойсыздықтан, құқық бұзушылықтан алыстатуға ықпал ету.

Алғашында мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әйгерім Нұрланқызы оқушыларға арнайы кітап оқу кабинетін жасақтап, жағдай жасаған. Кейін бұл бастама мектеп ата-анасы Рита Халыққызының ұсынысымен клуб құруға ұласқан.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта клуб жұмысы аясында кітап талқылар кездесулер мен түрлі сайыстар арқылы жұмыс жанданады. «Мектебіңе кітап сыйла» акциясы, «Үздік оқырман», «Kitap time» сияқты байқаулар да жоспарда бар.

Шара барысында Рита Халыққызы кітап оқудың пайдасы мен үйде күн сайын 10-15 минутқа «Kitap time» ұйымдастырудың әдістерімен бөлісті. Ата-ананың айтуынша, бұл тәжірибені ол баласы Нұрислам Нұржанұлына кітап оқыту арқылы біліп, пайдалы екеніне көз жеткізген.

«Балам Нұрисламды кішкентай кезінде аяғыма шайқап отырып кітап оқыдым, кейін 3-4 жасында оқи алмаса да түрлі шағын кітаптарды сатып алып, өзім оқып бердім. 1-сыныпта әріп таныған соң күніге бір беттен кітап оқуды дағдыға айналдырдық. Қазір 4-сыныпта оқитын Нұрислам бір күнде 15-20 бет кітап оқуды әдетке айналдырды. Сабақты өздігінен оқитын, түсінікті жақсы айтатын, қатесіз жазатын болды. Бұдан бөлек, мен оның білім көкжиегінің кеңейгендігіне де көзім жетті. Ұялы телефоннан бас алмайтын, қызылды-жасылды мағынасыз ойындарға әуес болған қазіргі заман балалары мен олар үшін жауапты ата-аналарға өз тәжірибеммен бөлісіп, пайдалы дүние ұсынсам деген мақсат болды», – дейді Рита Халыққызы. 

Әзірге шағын мектепте жұмысын бастаған «Kitap time» клубының жұмыс аясын басқа мектептерді де қамти отырып, аудандық деңгейде жалғастыру мақсаты бар. Шара соңында Рита Халыққызы клубтың алғашқы қатысушыларына жеке кітапханасынан кітаптар сыйға тартты.

Руслан ХАМЗА

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here