Президент сайлауына неге селқос қарауға болмайды?

0
1250
Барлығы 892 кандидат Мәжіліс депутаты болудан дәмелі, осылайша кандидаттар саны бойынша бұл науқан 19 жыл бұрынғы рекордты жаңартуға бір табан жақын болды

Елімізде «менің дауысымнан ештеңе өзгермейді» деп саяси өмірге немқұрайлық танытатындар көп. «Алдын ала бәрі шешіліп қойған» деп ақылсынатын топ тағы бар. Саяси науқан кезінде мамық төсегінен тұруға ерінетіндер кейін әділетсіз сайлау туралы әңгіме қозғайды. «Мен дауыс бергім келетін саясаткер тізімде жоқ» деген сенімсіз ойдың жетегінде жүргендер де бұл сайлаудан қалыс қалмауы керек. Оларға да таңдау беріледі. Егер президенттікке ұсынылған алты кандидатқа сайлаушының көңілі толмаса, бюллетеньдегі «бәріне қарсымын» деген бағанды белгілеп, өз қарсылығын білдіре алады. Бұл – осы сайлаудағы басты ерекшелік. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін алдағы сайлауға неге селқос қарауға болмайтынына тоқталады.

САЙЛАУҒА СЕЛҚОСТЫҚ САН СОҚТЫРАДЫ

Әрине, еліміздің әрбір азаматы белсенділік танытып, сайлауға қатысып, өз позициясын демократиялық жолмен көрсетуі керек. Себебі, санамызға сіңген «менсіз де сайлау өтеді» деген стереотиптен арылмасақ, жаңа қоғам құра алмайтынымыз анық. Ал, сайлаушылардың селқостығын саясаттану ғылымында «абсентеизм» дейді. Осы абсентеизммен күресу үшін кейбір елдер міндетті дауыс беруді заңмен бекіткен. Сайлаушыларды саяси науқанға қатысуға ынталандыратын да, мәжбүрлейтін де елдер бар. Соның бірі – Бельгия.

Батыс Еуропада орналасқан Бельгия Конституциясының 62-бабы бойынша «дауыс беру міндетті және құпия» саналады. Бельгия азаматы бірінші рет сайлауға себепсіз келмесе – 50 еуро және бұл қайталанатын болса – 125 еуроға дейін айыппұл төлеуге міндеттеледі. 15 жыл ішінде осы заңды төрт рет бұзған ел азаматы 10 жылға азаматтық құқықтардан, атап айтқанда, сайлау құқығынан және мемлекеттік қызметке орналасу лауазымынан айырылады. Бұл демократияны тұншықтыратын, адам бостандығын таптайтын Ауғанстан немесе Солтүстік Кореядағы жағдай емес, аталған тәжірибені демократия көрсеткіші бойынша 167 елдің ішінде 36-орында тұрған Бельгия қолданып отыр. Неге? Себебі, Бельгия  сияқты өркениетті елдер демократия өміршең болу үшін азаматтардың саяси белсенділігі мен саяси бәсекелестік ауадай қажет екенін жақсы түсінеді.

Иә, Ұлыбританияның 1940-1945 және 1951-1955 жылдардағы премьер-министрі Уинстон Черчилль: «Нашар үкіметті дауыс беруге бармайтын жақсы адамдар таңдайды», – деп тегін айтпаса керек.

«САЙЛАУҒА ҚАТЫСУ – ӘРКІМНІҢ ӨЗ ТАҢДАУЫ» ДЕСЕК ТЕ…

Қазақстанда сайлауға бару немесе бармау – әркімнің өз таңдауы. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңның 3-бабының 3-тармағында бұл тайға таңба басқандай анық жазылған. Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, оның еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ. Дегенмен, өз болашағымызды өзіміз айқындайтын тарихи әрі жауапты сәтте үйде қол қусырып қарап отырған жарамас. Өйткені, сайлау құқығын пайдалану – азаматтық қоғам құрудың негізі. Азаматтық қоғам мықты болған жағдайда ғана мемлекет дамиды. Осыны естен шығаруға тағы болмайды.

Елімізде 20 күннен кейін кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Бұл сайлауға Қасым-Жомарт Тоқаев, Мейрам Қажыкен, Жигули Дайрабаев, Қарақат Әбден, Салтанат Тұрсынбекова, Нұрлан Әуесбаев кандидат ретінде тіркелді. Республика аумағында кандидаттарды қолдау жөніндегі штабтар құрылды. Қазір олар сайлаушылармен кездесіп, өз бағдарламасын жұртқа таныстырып жүр. Сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны 19 қарашаға дейін жалғасады. 19 қараша – республика бойынша тыныштық күні. Ал, 20 қарашада сайлау құқығы бар халық президентті сайлайды.

Осы сайлауда президенттің жеті жылға бір рет қана сайланатыны баршаға мәлім. Ал, президенттің бір рет сайлануы – биліктің узурпацияға ұшырамауына нақты тосқауыл әрі демократиялық алға басудың айқын қадамы. Себебі, алдағы жеті жыл – жоспарланған реформаларды іске асыруға жеткілікті мерзім. Демек, оңтайлы шешімдерді, тың бастамаларды іске асыруға үлес қосу – әрбір қазақстандықтың ел алдындағы азаматтық парызы.

Жоғарыда жазғанымыздай, сайлау бюллетенінде алты кандидаттың аты-жөні мен «бәріне қарсымын» деген барлығы жеті баған болады. Сайлаушы сол жеті бағанның бірін белгілеп, өзінің конституциялық құқығын пайдаланады. Егер президенттікке ұсынылған кандидаттарға сайлаушының көңілі толмаса, ол дәл осы бағанды белгілеп, өз қарсылығын білдіреді. Яғни, қазақстандықтар енді «бәріне қарсы» дауыс бере алады. Демек, «выборы без выбора» деген бос сөз. Таңдау бар. Таңдау беріледі.

Айта кетейік, бұрнағы жылдары ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» деген бағанды енгізуді ұсынған еді. Оны Мемлекет басшысы: «Шын мәнінде, баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы біз үшін де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған енгізген жөн», – деп түсіндірді. Содан былтыр Президент барлық деңгейдегі сайлау бюллетеніне «бәріне қарсымын» бағанын қосуды көздейтін заңға қол қойды.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Президент сайлауынан кейін Парламент сайлауы өтеді. Одан әрі әр деңгейдегі мәслихаттар сайлауы да жоспарланып отыр. Яғни, сіз бен бізді алдағы жарты жыл бойына жауапты электоралдық кезең күтіп тұр. Бұл – азаматтардың дауыс беруде белсенділік танытуын қажет ететін маңызды жайт.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here