Қойшы баланың ұстазы

0
492

Шалғайдағы кейбір ауылдарда әр түрлі мәдени іс-шаралар кезінде барын асырып, жоғын жоқтатпай, қолға алған дүниенің келісті өтуіне септігін тигізіп жататын арнаулы білімі бар кәсіби маманның барына қуанып қаласың. Тіпті, шағын елдімекендерден ондай жанды қолыңа шам алып іздесең де таппайсың. Дәл сондай маманға зәру болып жүрген орталар да жоқ емес.

Біз сөз еткелі отырған Наурызбаева Мағия Таменқызы Бөлексаз орта мектебінің жоғары білімді сауатты музыка пәнінің мұғалімі. Мағия мектепішілік іс-шаралардың ғана емес,  ауылында өтетін бүкіл мәдени шаралардың, мерекелік қойылымдардың жүгін көтерісіп жүрген жан. Сосын осы бір ынтымақтары жарасып, береке-бірлігі сүттей ұйыған ауылдың тұрғындары салт-дәстүрге, елеулі мерекелерге қатысты тамаша кештерін, байқауларын өткізуді әдетке айналдырып алған ауыл. Міне, осының бәрінің сазбен көмкеріліп, әуенмен әрленуіне үлесін қосатын Мағия. Шәкірттеріне музыка пәнінен дәрісін беретін Мағияның әр күні бос емес. Қызықты, әсерлі шараларына толы. Балғын бишілері, домбыра тартатын күйшілері бар дегендей, әйтеуір өнерге бейімі бар балалардың талабын ұштап, қанатын қатайтуға септігін тигізіп жүреді. Соңғы жылдары «Қойшы бала» атанып теледидар арқылы республикаға таныла бастаған жас әнші Айдос Кәденнің мектептегі алғашқы ұстазы Мағия екенін екінің бірінің біле бермеуі мүмкін. Айдостың бойына біткен әншілік өнерінің барын біліп, кішкентай кезінен сахнаға баулып, ел алдына шығарып, түрлі деңгейдегі байқауларға жетелей жүрген еңбегі жанғандай. Сол Мағияның Айдостай шәкірті бүгінде белгілі әнші Жігер Ауытбаевтың қамқорлығында арнайы білім алып, өнер жолына сәтті қадамын жасап, әнші ағасымен бірге сахнаға шығып келеді.

Мағия Наурызбаева өз тұсында Алматы қаласындағы музыкалық колледжді, одан кейін Қазақтың қыздар педогогикалық университетін бітірген белді музыка маманы. Бөлексаз орта мектебінде еңбек етіп келе жатқанына 25 жыл болыпты. Аз уақыт емес. Мағия шын мәнінде осы бір күрделі жөндеуден өтіп, жаңғырып, жайнаған мектептің жүгін көтеріп жүрген, соғып тұрған жүрегінің бірі іспетті. Мектептегі тәрбиеге қатысты сабақтардың, ашық сағаттардың, тақырыптық кещтердің сазбен көмкерілуі Мағияның қолында. Сол үшін де оның еңбегі елеулі. Сол үшін де әріптестері оның ісіне құрметпен қарайды. Орталарында сауатты музыкалық маманның барына қуанады. Мағияны жандарындай жақсы көреді. Кішкентай кезінен қастерлеп төрге ғана іліп қоятын ұлтымыздың қоңыр домбырасын серік етіпті. Сол киелі домбырасын қолына ала жүріп ұлтымыздың ежелден келе жатқан халық әндерін, халық композиторларының  туындыларын айтуды жаны қалапты. Тау бұлағындай тұнық әуезді үні бар Мағияны дәстүрлі әнші десек, жаңылыспаймыз. Домбырасын құшақтай, халық әндерін әуелете жүріп, арнайы оқу оқымай-ақ би өнерін меңгерген. Соның бәрі қазағымның сүп-сүйкімді қызының бойына біткен ынта-жігерінің, еңбекқорлығының арқасы болса керек. Бойындағы інжу-маржандай өнерінің жемісіндей мектепте құрамында 20 қыз бар балғын бишілер тобы бар. Домбырашылар ансамблі жасақталған. Ауылда қандай бір мәдение шара болып жатса, Мағияның біргелкі ұлттық киім киінген бишілері, домбырашылары кеш ажарын ашып, сәні мен салтанатын асырып жатады. Бәрекелді! Міне, сондай кезде жиналған көпшілік, барша жерлестері қуана келіп Мағияның қолын алып, шырайлы жүзінен сүйіп жатады. Бұл оның еңбегіне берілген орында баға, шынайы құрмет. Домбырасымен көркем, әнімен ажарлы, шәкірттерімен шырайлы да шұғылалы Мағияның еңбегі жеміссіз емес. Шәкірттері ән, күй, би жанрларынан ауданда, облыста топ жарып, республикалық, халықаралық байқауларда жүлдегер атанып келеді. Мектебінде сүйікті кәсібімен, өнерлі шәкірттерімен бірге жүретін Мағия ауылындағы бір сүттей ұйыған жанұяның отанасы, өмірлік серігінің қымбаты жары, ұрпағаның мейірім шуағын төккен қамқор анасы.

«Ұлттық киімдеріміз қызғалдақ қыздарымыз бен құлдыраңдаған құлындай балаларымызға қандай жарасады десеңізші?! Өнерлі шәкірттерімнің барлығына арнайы ұлттық кіиім тіккізіп, менің жұмысыма қолдаушылығын көрсетіп жүрген ата-аналарға, жерлестеріме үлкен ризашылығымды білдіремін. Өнер – ел мерейі, халқымыздың қымбат қазынасы. Өсіп келе жатқан толқын-толқын ұрпақтарымыздың арасынан киелі домбырамызды, дәстүрлі әнімізді серік етер талапты, дарынды шәкірттеріміз қанаттанып жатса, еңбегіміздің жанғаны, үмітіміздің ақталғаны. Айдос Кәдендей шәкіртімнен көп үміт күтіп едім. Сол үмітімнің жанғанына қуанамын. Жолымды қуған шәкірттерім де баршылық. Соның бәрі әр күнгі ісіме дем беріп жатады. Еңбек қуанышына бөленген сайын өмірге деген құлшынысымыз да арта түсетіндей. Одан артық не бар?! Бақыт деген сол деп ойлаймын. Бөлексаздай ауылымда дүниеге келген,  бойында өнерге деген дарыны бар шәкірттерімнің талабын ұштау, үлкен өмірге қанаттандыру – басты мақсатым», – дейді Мағия күлімсірей тіл қатып.

Міне, біз сөз еткен музыка пәні мұғалімінің бүгінгі бейнесі осындай. Мағия десе, қазағымның күмбір де күмбір майда қоңыр үніне толы домбырасы, жүрек қылын шертер дәстүрлі әндері, жанды баурар әсерлі күйлері көз алдыма келіп кетеді. Мағия десе, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүрген қойшы бала бір елестеп өтеді. Жаны адал, жүрегі таза, жүрек қалаған сүйікті ісімен көп қалаулысына, құрметтісіне айналған Мағияның әр күні жан жадыратар жақсы дүниелеріне толы бола болсын!

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here