Катардағы доп додасы: Дерек пен дәйек

0
1020

Катарда футболдан Әлем чемпионатының басталғанына бір аптадан асты. Дүбірлі доп додасы 18 желтоқсанға дейін жалғасады. Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, Катарға 1 млн жанкүйер келеді, жарысты 3-4 млрд көрермен тамашалайды. Катар билігі футбол қонақтарына елге кіру шарттары мен вакцинация ережелерін жеңілдетті. Туристер үшін мұсылман еліндегі тәртіп те өзгерді. Сондай-ақ, жанкүйерлер аймағында алкоголь өнімдерін сатуға да рұқсат етілді.

КАТАР – ФУТБОЛДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫН
ҚАБЫЛДАҒАН ТҰҢҒЫШ МҰСЫЛМАН ЕЛІ

Осыдан он екі жыл бұрын Швейцарияның Цюрих қаласында өткен Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) жиынында Катар 2022 жылғы Әлем чемпионатын өткізу құқығын жеңіп алды. О баста бұл біріншілікті өткізу үшін АҚШ, Катар, Аустралия, Оңтүстік Корея, Жапония елдері тартысқа түсті. Жеңімпаз төртінші турда анықталды. Аламаннан ат оздырған Таяу Шығыстағы араб елі соңғы турда АҚШ-тан алты дауысқа басым түсті. Осылайша, Катар – футболдан әлем чемпионатын қабылдайтын алғашқы мұсылман елі атанды.

2022 жылғы Әлем чемпионаты тарихтағы ең қымбат турнир болмақ. Катар оны өткізуге 200 млрд доллар жұмсады. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2018 жылы Ресей Федерациясының 11 қаласында өткен Әлем чемпионатына Мәскеу шамамен 12 млрд долларға шығындалды. Ал, Катар үшін бұл дода неліктен тым қымбатқа түскеніне төменде арнайы тоқталамыз.

Тағы бір атап өтерлігі, Катардағы чемпионат 32 команданың топтық кезеңде өнер көрсеткен соңғы бәсеке болады. Бұл формат алғаш рет 1998 жылы бастау алған еді. Енді 2026 жылы АҚШ, Канада мен Мексикада өтетін біріншілікте 48 команда қатысады.

ҚАТЫСУШЫЛАР ЖӘНЕ ҮЗДІК КОМАНДАЛАР

Чемпионаттың іріктеу турнирі 2019 жылғы 6 маусымда Азия іріктеу аймағында Моңғолия – Бруней матчымен басталып, 2022 жылғы 14 маусымда Коста-Рика мен Жаңа Зеландия арасындағы құрлықаралық плей-офф ойынымен аяқталды. Катарда өнер көрсету үшін Польшаға қарсы ойнайтын Ресей құрамасы Украина қақтығысына байланысты біріншіліктен шеттетілді. Содан поляктар келесі раундқа бірден өтті. Ал, Уэльс құрамасы Украина командасымен ойнап, жеңіс тұғырынан көрінді. Осылайша, 64 жылдан кейін бұл ел футболдан әлем чемпионатының ақтық сынына қайта оралды.

Әлем чемпионатының 2018 жылғы жеңімпазы Франция құрамасы Әлем чемпионы атағын қорғайды. Осы біріншілікте француздар Аустралия мен Дания футболшыларынан басым түсті. Алда Туниспен кездеседі. Дегенмен, қазірдің өзінде әлем чемпионатының 1/8 финалына жолдама алды.

A тобы: Катар, Эквадор, Сенегал, Нидерланд. 

B тобы: Англия, Иран, АҚШ, Уэльс. 

C тобы: Аргентина, Сауд Арабия, Мексика, Польша. 

D тобы: Франция, Аустралия, Дания, Тунис. 

Е тобы: Испания, Коста-Рика, Германия, Жапония. 

F тобы: Бельгия, Канада, Марокко, Хорватия. 

G тобы: Бразилия, Сербия, Швейцария, Камерун. 

H тобы: Португалия, Гана, Уругвай, Оңтүстік Корея.

Айта кетейік, осы аптада әлем чемпионатының 1/8 финалы басталады.

АҚТЫҚ БӘСЕКЕ ЖАҢАРҒАН КӨНЕ ҚАЛАДА ӨТЕДІ

Әлем чемпионатының матчтары Катардың бес қаласындағы сегіз стадионда өтіп жатыр. Бір атап өтерлігі, тек бір арена ғана қалпына келтірілді, ал қалған жетеуі жаңадан салынды.

Катар Әлем чемпионатына бұрын-соңды болмаған үлкен дайындықпен келді. Турнирге 200 млрд доллардан астам қаражат жұмсады. Бірақ, шейхтер ақшаны оңды-солды шашып жатыр дей алмаймыз. Әлем чемпионатына салынған нысандардың басым бөлігі «Катар-2030» жобасына енгізілді. Бұл – медицинадан білімге дейінгі өмірдің барлық салаларына әсер ететін ұлттық даму жоспары. Лусаил – бұл жобаның негізгі бөлігі.

Парсы шығанағының жағасында (Дохадан шамамен 25 шақырым жерде) орналасқан Лусаил қаласы 2005 жылға дейін «ұйқыдағы қала» еді. Содан кейін Катар басшылығы қаланы дамыту жоспарын қабылдады. Осылайша, Лусаил инвестициялық жоба ретінде таныстырылып, «болашақтың қаласы» деп танылды.

Әлем чемпионатының басталуына дейін Лусаилде жасалған негізгі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – қаланы Дохамен жалғайтын метро. Ол Парсы шығанағы жағалауымен елдің оңтүстігіндегі Әл-Вакра қаласы мен Хамад халықаралық әуежайы арқылы өтеді. Бұл көлік мәселесінің жалғыз шешімі емес, оған қоса Доха қаласымен теміржол жалғап тұр. Ал, Лусаилдің барлық аудандарында ыңғайлы жүру үшін 4 бағыт пен 36 бекеттен тұратын трамвай желісі іске қосылды.

Әлем чемпионаты үшін Лусаилда жаңа стадион бой көтерді. Әлем чемпионатынан кейін стадион қайта жаңғырып, онда тұрғын үй, сауда орталығы, кафе, балабақша, мектеп ашылып, қоғамдық орынға айналмақ.

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Ала доптан алғашқы Әлем чемпионаты 1930 жылы Уругвайда өткен болатын. Оған тек 13 команда, соның ішінде Еуропадан Бельгия, Франция, Румыния және Югославия қатысқан. Содан бері доп додасы 21 рет өткізілген. Бес рет мундиаль Бразилияда өтсе, біріншілікті Германия мен Италия төрт рет қабылдаған.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here