Жетпістің жотасына шыққан президенттің саяси портреті

0
5635

Билікке үш жолмен қол жеткізуге болады. Біріншісі – мұрагерлікпен ие болу, екіншісі – зорлық-зомбылық арқылы күш көрсетіп басып алу, үшіншісі – демократиялық негізде сайлауда жеңіске жету. Алайда, тарих осы үш әдісті қолдану арқылы билікке қол жеткізген көптеген жағдайды бастан өткерді. Биліктің бір қолдан екіншісіне ауысу процесі биліктің қандай болатынын анықтамайды. Ал, бірінші болу әрқашан қиын екені белгілі. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін 17 мамырда жетпіс жастың жотасына шыққалы тұрған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси портретін жасайды.

САЯСАТТА
БӘРІНЕ БІРДЕЙ
ЖАҒЫМДЫ
ТҰЛҒА БОЛМАЙДЫ

Саясаткер – ең қауіпті мамандық. Оған бірінші рет қадам басқан күннен тәуекелділік пайда болады. Ұлы көшбасшылар өздеріне қарағанда алдына үлкен маңызды мақсаттар қоя білген. Олар ұлы болу үшін емес, ұлы істерді орындау үшін жоғары лауазымдарға ұмтылған. Халқының лайықты өмір сүруіне Ұлыбритания – Уинстон Черчилльге, Франция – Шарль де Голльге, Германия – Конрад Аденауэрге, Италия – Альчиде де Гаспериге, Жапония – Сигэру Ёсидаға, Израиль – Давид Бен-Гурионға, Үндістан – Джавахарлал Неруге қарыздар. Кезінде олардың кейбірі өздерінен әлсіз тұлғалардың көлеңкесінде көрінбей қалды, бірақ олар тарихқа сол титандармен бірге енді. Олардың кез келгені өздерінің талантын жарқыратып көрсете алмады, бірақ олар өз елдерінің ұлы елдер қатарынан орын алғанын көрді. Олардың барлығы демократиялық саясаттың элементтері арқылы өз мақсаттарына жетті. Олардың ешқайсысы саясатты құрал емес, мақсат деп санауда қателескен емес.

Рас, принцип позиция үшін емес, іс үшін қызмет етуі тиіс. Қалыпты стандарттар бойынша Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев билікке байлық жинау жолымен келген жоқ. Ол материалдық жағынан орташа қамтамасыз етілген зиялылар отбасынан шықты. Қасым-Жомарт Тоқаев саясатқа ерте араласты. Егер оған президенттікке кандидатурасын бұдан ертерек ұсыну мүмкін болғанда, оның ықтималдығы зор болған болар еді.

Саясатта бәріне бірдей жағымды тұлға болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев ешқашан өзімшіл болған емес, бірақ реалист бола отырып, Мемлекет басшысы рөліне дайын саясаткер ретінде зор сенімге ие болды. Президенттің ұзақ жылдар бойғы таза репутациясы оған деген сенім ұялатты. Бірақ, оның саяси билікке келу жолы ұзаққа созылды.

Билеуші алдына белгілі бір жоғары мақсат қоймаса, ол ескексіз қайыққа отырғанмен бірдей болары анық. Бұл ойды Қасым-Жомарт Тоқаев байыпты ісімен де, сөзімен де жеткізуге тырысты. Оның ойлары жоғары идеалдарға толы болды, ол оған ықпалын кеңейтіп, рухани күш берді. Сондықтан Президент ақыл-ой ұлылығын өзімшілдік мүдделерінен жоғары қойды.

Көптеген саясаткерлердің билік етуге шамадан тыс құмарлығы дұшпандыққа тап болып жатады. Халық билік басындағыларды ұстамдылығы үшін жақтайды. Көшбасшылардың өз билігін асыра пайдалануы соншалық, кей жерлерде олардың заңды билігі шектеле бастауы да сондықтан. Белгіленген тәртіпке қарсы белсенді саяси обструкционистер және принципі жоқ адамдар да болды. Олардың шағын бір тобы саяси пасквиль маневрін жасауға бейімділік танытты.

Америка демократиясының атасы Томас Джефферсон билік басына келуде адамның психикалық және моральдық күштеріне және ақыл-ойына сенім артты.

«Өзін-өзі басқаратын адамдар қателіктер жіберуі мүмкін, бірақ оларды түзетуге де мүмкіндігі бар. Ал, билік еткен адамдарда азап шегудің, шыдамдылық танытудың немесе зорлық-зомбылықтың басқа жолы жоқ. Мен адамдардың ортақ ақыл-ойына және олардың жетекшілерінің адалдығына қатты арқа сүйеймін, сондықтан олардың кез келген істі кез келген деңгейге дейін нашарлатуынан қорықпаймын. Адамды нашар басқаруға немесе оларды біраз уақыт алдауға болады, бірақ шындық үшін жолдар ашық болған кезде адам жалған және зиянды нәрселерден бас тартуды үйренеді. Адам айналада болып жатқан жағдайдан жақсы хабардар болған жағдайда, басқаруды өздеріне сеніп тапсыруға болады, ал жағдай соншалықты нашар болған кезде, олар бұл туралы есеп бере бастайды және қателерді түзете алады деп сенуге болады», – деген болатын АҚШ-тың 3-ші президенті.

Президент биліктің бел ортасында жүріп бәрін көрді. Маргиналдық элементтердің беталды жосығы мен халықтың биліктен алыстап бара жатқанын байқады. Қарапайым халықтың билікпен қарым-қатынасқа түсуге деген ынтасының тежелгенін де сезді. Осының бәрі қордалана келе жекелік және ұжымдық іс-қимылдың барлық бітімін, әлеуметтік және мәдени шындық бітімдерінің көзін байлағанын да көрді. Қоғам мен мәдениет «билікке бағыну» қарым-қатынасында сенімсіздік пайда болды. Билік өзін адамдық қарым-қатынастардың барлық деңгейінде – саяси доктринадан қарапайым диалогқа дейінгі аралықта жеңіліс тапқанын өз көзімен көріп, құлағы естіді.

ДИПЛОМАТИЯ ДЖЕНТЛЬМЕНІ

Алматыда дүниеге келіп, Ресейде білім алған талғампаз кәсіби дипломат өзін ортада дипломатия джентльмені ретінде көрсете алды. Ол КСРО-ның сахна сыртындағы саяси өмірін жақсы білумен қатар, кеңестік саяси ойын ережелерінің негізгі ойыншыларының біріне айналды. Кеңестік биліктің саяси әрекетіндегі немесе халықаралық саясат істеріндегі жетістіктерін жақсы меңгерді. Мемлекеттік саясат процесінен бастап, триумвираттың әліппесінен өтті. Ымыраға келу және тіпті ең атышулы жауларды біріктіру қабілетін игерді. Осы қабілет оны тұңғыш Президенттің командасына алып келді. Тәуелсіздігіміздің бастауында Қазақстанның саяси пирамидасының шыңына шықты. Ең қиын жағдайлардан шығу жолында абсолютті феноменальді қабілетін көрсетті. Оның саяси штурвалда өзін-өзі сақтау инстинктінің күштілігі соншалық, сыртқы саясаттың бүкіл асханасындағы ахуалды тамаша меңгергенін байқатты. Оған сыртқы саясатта бойына кеңестік дипломатияның иісін молынан сіңірген флегматик Михаил Есенәлиевті ауыстыру аса қиындық тудырмады. Тоқаевтың ең сындарлы мәселелерді шешуге практикалық позициялардан кәсіби білігі бар адамдарға сүйеніп, нақты нәтижелерге қол жеткізу қабілеті оның басты қасиетін ашып берді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясат ведомствосына келуімен Қазақстанның сыртқы саясатындағы баяу жүргізіліп келген талдауына сілтеме жасай отырып, қандай да бір жаңа, ауқымды ұсыныстарды ұсынуда қарқындылық таныту керек болды. Ол саяси шешімдерді әзірлеудің одан арғы үдерісіне айтарлықтай ықпал етті.

Адамзат тарихында мемлекет қалыптастырудағы көрнекті тұлғалардың рөлін айқындайтын мысалдар көптеп кездеседі. Халықаралық қауымдастықта Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның динамизмін және өзіндік даму жолындағы стратегиялық көзқарасын мемлекет мүддесі тұрғысына қарай бейімдеді.

Мемлекет билейтін таққа отырушы тұлға билік басына келместен бұрын үлкен дайындықтан өтуі керек. Бұл – саясаттағы басты талап. Тарихқа талай билеушілер, президенттер мен патшалар келіп кеткен. Алайда, олардың санаулысы ғана өзіне міндеттелген аса ауыр жүкті арқалап, сыннан сүрінбей өткен. Мемлекет билейтін тұлға сан тарау жолдардан шыңдалып өтуі керек. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік геосаясат, дипломатия, халықаралық қатынастар, идеология және атқарушы билік баспалдақтарынан өткен қайраткер. Ол жалпы теориялық тұрғыдан терең ойлар әлемін қарастырып, өзіндік философиялық тұжырымдамасын ұсынды. Оның бұл көзқарастары сол бір қиын кезде қоғамның пікірлерімен үндестік тауып, қақтығыстардың алдын алды. Оны бүгінгі күннің өлшемдерімен алғанда ой-пікірлерінің тереңдігіне, адамзат қоғамының қай кезеңінде де бірдей құндылыққа ие болып отырғанына куәміз. Қазақстан Президенті өз ұстанымының берік екенін, оны бастапқы жүрісінен ешкімнің өзгерте алмайтынын көрсетуі халықтың оған деген сенімінің артуын байқатады.

Президенттің еңбек адамын қадірлеп, олардың қадір-қасиетін қайтаруды атқарушы билік алдына нақты тапсырма етіп белгілеп беруі халық тарапынан қолдау тапты. Егер ол толығымен бақылаудан шығып кетсе, әділетсіздік орын алатынын айтып, атқарушы билік орындарының алдына нақты міндеттер қойды. Сол арқылы қоғамның тыныштығын сақтауда апологет болды.

ТОТАЛИТАРИЗМНЕН
ДЕМОКРАТИЯҒА
КӨШУ – ҚИЫННЫҢ ҚИЫНЫ

Адамның өзгелердің үстіндегі үстемдігін бекіту үшін біріктіруші байланыстар барған сайын күшейе түсуде. Саяси және экономикалық құрылымның жаңа формаларына серпіліс жасау мүмкіндігіне ие болған кезде билік тоталитаризмнен демократияға көшу кезеңіне тән көптеген объективті қиындықтарға тап болып жатады. Осының алдын алған Президент бұрынғы экипаж басқарған кемені басқаруды өз қолына алғанда алдында түрлі күрделі қиындықтар тұрғанын сезе білді.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін оның алдында ең алдымен әлемде болып жатқан реформалардың қажеттілігін түсіну тұрды. Ескі жүйемен қалыптасқан тұлға ретінде ол тоталитаризмнен – демократияға, экономиканы реттеудің командалық-әкімшілік әдістерінен өзге нарықтық әдістерге көшудің жолдарын іздеді.

Тоқаев саяси және экономикалық құрылымдардың ескі ғимаратын бұзу кезеңінің басында өзінің көзқарасын жаңаша құрды. Ол ұлттың мүддесі үшін бұрынғы жолды көміп тастап, жаңа жол салудың жолын қарастырды. Өзін ескі ойлардан босатуды ынталандыру үшін моральдық және интеллектуалдық күштерді тартып, саяси қарсыластарымен диалогқа түсті. Оның басшылығымен қабылданған шаралар елді терең дағдарыстан шығару үшін жеткілікті радикалды болмағанымен, ол қайта құруды жүзеге асыруда маңызды рөл атқарды. Ол бұдан былай ескі билікті асырауды ысырып қойып, оған қарсы әрекеттерге көшті.

Басқару форматындағы интеллектуалдық коэффициент логика мен мінезге қатысты. Оған қосымша топ-менеджерлік қасиет те керек. Бұл жерде өзгермелі әлем Қазақстаннан өз саясатына түзетулер енгізіп, жаңаша ойлауды талап етіп жатты. Ал, уақыт Мемлекет басшысына жұмыс динамикасына шұғыл өзгеріс енгізіп, тұтқиылдан форсажын қосуды талап етті. Осыған екпін түсірген Президент бірден аболиционизм (бұрынғы биліктің заңдарының күшін жою) фишкасын қосты. Оған іштей инсайд жасамады. Алайда, басқару мандатында императивтілік танытты. Ең шешуші сәтте дағдарыс табалдырыққа келіп тірелгенде Президент ескі сүрлеудің ізін сыпырып тастап, Конституцияға сүйене отырып, Үкіметті отставкаға жіберіп, мемлекеттік билікті қолына алуға мәжбүр болды. Бұл шешім үкіметтік дағдарыстар мен кабинеттердің өзгеруі жиі болатын еліміздің ішкі саяси өмірінің ерекшеліктерін жақсы түсінуге мүмкіндік берді. Ол мемлекеттік биліктің тұрақты механизмінің жұмысына қауіп төндірмейтін-ді. Жағдай талап еткенде, Президент қимылды да ширата түсуге дайын болды. Ел экономикасын сауықтыру мақсатында Президент шенеуніктердің жалақысының өсуін уақытша тоқтатуды, мемлекеттік шығыстарды азайтып, бюрократиялық аппаратты күрт қысқартуды қолға алған кезде қатты байқалды. Оған жартылай шаралар ұнамады, сондықтан мәселені төтесінен қойды.

Қазақстан экономикалық жетістіктерге жету үшін «үнемдеу» кезеңінде тұрлаулы шешім жасай білді. Президентке бұл жетістіктерді адамның игілігі үшін – оның өмір сүру деңгейін арттыру, денсаулық сақтау, білім беру жүйесін дамыту, қоршаған ортаны қорғауды жақсарту және т.б. үшін пайдаланылуы керек болды. Оның идеялары түсіністік пен қолдау тапты, алайда бұрынғы қалыптасқан принциптерден бас тартқаны үшін оны сынға алғандар да болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланысымен бірқатар күрделі дағдарыспен бетпе-бет қалды. Бұл оның көшбасшылық рөлі үшін айырықша сын болды. Ұзақ жылдар бойы қордаланып қалған күрделі жолдардан өту мүмкіндігі шектеулі болды. Кім еркіндіктен гөрі уақытша қауіпсіздікті қаласа, ол еркіндікке де, қауіпсіздікке де лайықты болмаған болар еді. Сондықтан бұл эпицентрдегі жеңістің ең басты формуласы – адаммен қарым-қатынасты жақсы жолға қою болды. Оның үстіне жан-жақтан анталаған «достардың» да жыртыс алудан дәмесі болмай қалмайтыны білініп жатты.

ЦЕЙТНОТ
ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ
ҰТЫМДЫ
ЖЕДЕЛ ЖҮРІС

Еуропа мен Азияның кіндігінде орналасқан Қазақстанды әр мемлекет өз мүддесіне бұрғысы келіп, шалғайынан тартқысы келіп жатты. Ал, Қазақстанға бәрінен бұрын ұлттық мүдде қымбат болды. Президентке олармен компромистік шешімге келу үшін уақыт үнемдеуге тура келді. Адамзат жаһандану, жаңа технологиялар, геосаяси шиеленістер мен пандемия сынағымен бетпе-бет қалды. Мұндай кезде алғашқы соққыны билеушілердің алатыны айқын. Біздің геологиялық дәуіріміз – антропоценге, яғни адамзат планетасының тағдырына әсер ететін кезде төнетін сын қауіп-қатерге толы еді. Пандемия кезіндегі адамзат тағдыры бір кеменің үстіндегі ауыр халде болды. Оның жан-жарасы басылмай жатып, тағы бір қатерге ұшырадық. Президент оған асып-саспады, бәрін екшеп, ақыл-парасатынан өткізді.

«Саясат – жоқты бар ету өнері» деген ұғым бар. Саясат болатын дүниені ғана жүзеге асыратын өнер. Сондықтан болмайтын бағытқа әуре болмау керек. Президент осы талмауыр кезде өз пәрменімен биліктің барлық тармағына «Халық сөзіне құлақ асатын мемлекет қағидасын» енгізді. Президент осы пәрменімен қазақ ұлтының мақсатын мақсаттамаған адамдар халыққа қызмет ете алмайтынын бірден аңғартты. Президентті «айналасын бірден төңкеріп тастамады» деп сынаушылар да болды. Бұл констатация объективті бола алмайды. Себебі, оның шынайы ашылуына уақыт және мүмкіндік керек. «2019 жылы Тоқаевтың Президент болып сайлануы экс-президенттің ойдан шығарған ойыны» деушілер де тығырықтан тез шығуға кесірін тигізді. Экс-президенттің 30 жылға созылған ұзақ билігінен кейін мемлекетті демократиялық жолмен басқаруды бірден бастау мүмкін емес еді. Ол кезде демократиялық бағытта жұмыс істеп тұрған институттар болған жоқ. Авторитаризмге деген белгілі тенденциялар болды. Заң талаптары авторитарлық жүйе мен жеке тұлғаға табынушылықтың, культтің шылауында қалуы көптеген кедергілер жасады.

Ел Конституциясы бойынша бірде-бір саясаткерге индемнитет берілмеген. Тұңғыш президенттің әбден сеніміне кіріп алып, байыған үстіне байып, мемлекет қазынасына салық төлеуді міндет санамағандар күшейіп кеткені бұрыннан байқалған-ды. Онымен тұрмай олардың әрқайсысы бір-бір командорларға айналуы халықтың ашу-ызасын туғызды. Президент экс-президентке арқа сүйеп келген олигархтарға жанын ауырпайтындай етіп, анестезия жасауды қолға алды. Осылайша, дандайсыған плутократтарға бір бүйірден соққы берді. Отбасы колодасындағы кейбіреулер өз амбицияларын көрсетіп те бақты. Ол реакциялық, консерваторлық күштердің алдын ала ойластырған схемалық жоспарын шашып тастады.

Әлемде ешбір төңкеріс демократияның шынайы институттарын алмастыра алмаған. Қаралы қаңтар күндері көтерілісті ұйымдастырушылар осыны ескермеді. Олардың арасында классикалық арандатушылар да болды. Қазақстан Қаңтар қырғыны кезінде перманенттік соғыс жағдайында қалды. Президент шахмат тілімен айтқанда, цейтнот жағдайында тұрып, жедел түрде ұтымды жүріс жасады. Ол билік тұтқасын қолында сенімді екенін көрсетіп, қоғам өмірінің барлық саласын паршалап тастауға жол бермеді. Көтерілісшілер алдында бас иілмейтінін, мемлекет өзінің алған бағытынан ешуақытта кейін шегінбейтінін білдірді. Бұл айтуға ғана оңай. Бас-басына билікке ұмтылып, сын сағатта өрт қоюға тырысқан топтар саяси үйлесімділіктің бұзылуына себептер іздеп аласұрды. Президент осы алмағайып кезеңде қоғамдық пікірлермен санасатынын байқатты. Сондықтан ол қоғамда саяси тайталасқа жол бермей, коллаборацияға – ынтымақтастыққа шақырды. Бұлай өмір сүру мүмкін емес еді. Президент өзара қарым-қатынаста үнемі өктемдікті басты құрал ету, қысым жасаумен өмір сүру аса қатерлі екенін білді. Сондықтан қоғамды жайлаған ауыр сындардан сауықтырудың жолын тез қолға алды. Ол Қаңтар қасіреті кезінде тәуелсіздік идеалдарын толық қамтамасыз ету жолында кез келген ауыртпашылықты жеңу үшін ештеңеден тайынбайтынын көрсетті. Бүгінгі қолға алынып жатқан іс-қимылдар болмысы сипатының мәні осындай болғанын және осы түйіннің растығын ешкім де жоққа шығара алмайды.

АБСОЛЮТИЗМ
РЕЖИМІНЕ
ҚАРСЫ ШЫНАЙЫ
ДЕМОКРАТ

Қасым-Жомарт Тоқаев шынайы және сенімді демократ. Ол абсолютизм режиміне және оның қызметшілеріне қарсы күрес ашты. Халықтың мүдделерін құмарлықпен қорғады, тек бұрынғы иерархиялық жүйені ғана емес, сонымен бірге байлықтың шығу төркінін де әшкере етті. Қаңтар дүрбелеңі кезінде өз құқықтарын жүзеге асыруды көздеген жандардың қару-жарақпен өз дегеніне қол жеткізуге тырысуы бекер болды. Алайда, «құлдық тізбектерінде» көрсеткен ылаңдары үшін олар одан сабақ та алды. Бұл жерде Президент мазмұндамасының принциптері әділеттіліктен тұрды.

Халықаралық қауымдастық Қазақстан Президентінің күшін басқалардан бұрын бағалай алды. Оның болашақ патриот, өз Отанын сүйетін мемлекетшіл болатынына сенді. Оның алысқа баратынына алдымен таяу көршілеріміз сенім білдірді. Сондықтан оны үркітіп-қорқытуға болмайтынын, оның көп дауысты екенін және әділдікті аңсаған қауымның оның сөздерін тыңдауға мәжбүр екенін түсінді.

Қоғамда ұзақ уақыт бойы Конституция туралы бұрын сөз қозғалмай келді. Ол халықты тым ұзақ ұйқыға жіберді, депутаттарды да ұзақ уақыт бойы летаргияға (қауқарсыздыққа, шаршаңқылыққа) батырды. Өткен Конституция пайдасыз кітап болды және ол халықтың бостандығын бесігінен ұрлады. Мұндай кітаппен өмір сүрудің ендігі мәні жоқ еді.

Конституцияны өзгерту қашан да оңай болмаған, ол батылдықты талап етеді, оған мінездің беріктігі қажет. Ағынға қарсы жүзу үшін де, бәріне немесе барлығына дерлік қарсы тұру үшін де оның дұрыстығына өткір сенімділік қажет болды.

Бұрынғы тең емес күресте, позицияны нығайтатын мүмкіндікті пайдалану қажет болған кезде Президент Құрылтай басқосуында прогрессивті даму бағытына, адам және азаматтық құқықтар декларациясының принциптеріне сүйенді. Оны халық «мызғымас және қасиетті» деп атады. Тактикалық тұрғыдан бұл басқосу өте күшті болды. Бұрынғы цензуралық сайлау жүйесіне реформалар жүргізіліп, конституционалистер саясатының халыққа қарсы, өзімшілдік себептерін әшкерелей отырып, олардың халықтың негізгі құқықтарына қол сұғылмауының іргетасы қаланды.

Өткен отыз жылда елімізде бір ғана президент ауысты. Халық экс-президентпен жауапты қызметте белгілі уақытқа дейін ғана бір болуға уағдаласқан болатын, бірақ ол 30 жылға созылып кетті. Мемлекет 30 жылда бір орнында батпақтап, тұралап қалды. Заңның аясында, тудың әділдігі астында сөз алып, әрекет еткен тираннан асқан жау жоқ. Өткен 30 жылда экс-президент билікті нақсүйерге айналдырды. Билікті бейбіт түрде тапсырғанмен қоғам алдында оны десакрализациялаудың классикалық процесін жүргізіп бақты. Оған қарсы наразы топ бейбіт түрде күрес жүргізді, нәтижесінде ол бәрі жек көретін узурпатор тиранға айналды.

Әрине, экс-президент пен іс басындағы президент бір-біріне кереғар тұлғалар. Осыған орай, француздың атақты президенті Шарль де Голльдің: «Тек бір ғана президент билікті қолында ұстайды және оны жалғыз өзі ғана беруге құқылы», – деген сөзін еске алсақ та жетеді.

МЕМЛЕКЕТТІК МЕНЕДЖЕР

Қасым-Жомарт Тоқаев күшті президент бола отырып, билікті Премьер-министрмен, Парламентпен бөлісуді қалады. Экс-президенттің кезінде бұл үш билік институты іс жүзіндегі міндетті жұмысын дербес жүргізуге мүмкіндігі сөз жүзінде болды. Президенттің бүкіл атқарушы билікпен бір қатарда бір саяси партияға мүше болуы күндердің күнінде дұшпандыққа айналатынын елестету қиын емес еді. Сондықтан ол ойын ережесінің орнын ауыстырды.

Экономика ешқашан өтірік айтпайды. Үкімет экономиканы жақсы басқарса, ол дамиды, ал басқара алмаса, кері кетеді. Сондықтан Президент ең алдымен әлеуметтік дамудағы дағдарысты шешу жолдарын қолға алды. Президент сол кезде әлеуметтік қайта құрудың ықтимал жолдары туралы белгілі бір стратегиялық тұжырымдарға барды. Ол жаңа раундты – экономиканы реттей отырып, өзара келісімге баруды алдын ала болжап, кейнсиандық емес, тіпті неокейнсиандық та емес, мемлекетті басқарушы, өз қызметкерлеріне қамқорлық жасайтын мемлекеттік менеджер ретінде іске батыл кірісті.

Мемлекет басшысының бастамасы қазақ диетасының маңызды құралынан – идеяға айналған. Ол саяси жағдайды бағалай отырып, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басындағы дағдарыс кезеңінің алдын алуда өткеннің тәжірибесіне жүгінді.

Президент экономикалық бастамаларды қолдау қоғамын құру тұжырымдамасын ұсынды. Бұл бастаманы пессимизм философиясын жеңу және барлық мүдделі тұлғалар мен мекемелердің шығармашылық белсенділігін арттыру үшін оларға мемлекет тарапынан жағдай жасау мақсатында экономикалық реформаны қолдайтын қоғамдық қозғалыс құруын қолдап шықты. Оларға бюрократиялық кедергілерді айналып өтпей, тікелей көмек сұрауға мүмкіндік берілді. Бұл бастама адамдарды белгілі бір дәрежеде моральсыздандырудан сақтап қалды.

Бұл жердегі ең бастысы – халық санасына мемлекеттің негізгі мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келетін дүниетанымды қалыптастыру. Оның мақсаты – қоғамдағы өз орнын жаңа жолмен анықтау болып табылады. Ол дүниетанымдық көзқарастарды өзгерте алатын күш ретінде әрекет еткенде ғана алға басады. Бұл тезис қарапайым тұжырым емес. Бұрын да ол туралы көп әңгіме болған, бірақ ол айтылған жерде қалған. Барлық деңгейлерде бұл мәселелердің басым мәні жарияланды және егер бәрі сөздегідей жақсы болса, өткеннің көптеген қателіктерін болдырмауға болар еді. Президенттің бар мақсаты осы.

Мемлекеттік аппаратты жаңа жағдайларға сай түбегейлі өзгерту қажеттігі өткір тұр. Радикалды реформалардың негізгі тежегіші ретінде Президент атқарушы биліктің бұрыннан мызғымай келген белгілі бір принциптерді бұзудан қорқатынын атап көрсетті. Бұл, шын мәнінде, ұзақ уақыт бойы догматизмнің тұтқынында болғанымызды көрсетіп берді.

Президенттің дипломатиядағы файлдары бай, полифониясы толық қуатталған. Президент БҰҰ-ның алты тілінің төртеуін жетік меңгерген. Бірақ, оның іскерлік қасиеттері Премьер-министр болған кезде ашыла түсті.

Қасым-Жомарт Тоқаев өте қиын уақытта билік басына келді және оның алдында қиын кезеңдер күтіп тұрды. Адам тұлғасының өзіндік құндылығы түскен жылдары оның ойының өзгергені анық еді. Бірақ, Президент ретінде оның бар мүддесі – өз халқының үмітін қорғап, қорқынышын сейілту болды. Президент өз принциптеріне адалдық таныта отырып, «Құрғақ уәде мен бос сөз ешқайда апармайды. Мен үшін нақты іс пен шынайы өзгеріс бәрінен маңызды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бар күш-жігерімді саламын» деп уәде берді.

Президент тарихқа еуропалық көкжиектегі жарқын жұлдыз ретінде ене ме, әлде саяси аспан арқылы метеормен жарқырай ма, оны болашақ көрсетеді. Бірақ, халықтың өз Президентіне деген ниеті дұрыс. Қасым-Жомарт Кемелұлына ізгі ниет пен демократия тән. Осы қасиеттердің арқасында ол билік пен халық арасындағы алшақтықты жоюдың қиын жолымен жүруіне тура келді. Ол бұрынғы идеологиялық және саяси догмалардан алшақтап, жаңа тұрпатты категориялармен қадам басты. Оның көзқарасы, жалпы алғанда, ескі формациядағы адамдармен қатар айтарлықтай эволюцияға ұласты.

КҮЙРЕУ
ДАҒДАРЫСЫНАН
ҚАЛҒАН
АУЫР МҰРА

Мемлекет басшысы үшін қазақ ұлтының ерекшеліктерін, ұлттық дәстүрін, Қазақстанның тарихи тәжірибесін ескеру қажеттілігі ең маңызды болды. Тоқаев және оның командасы Қазақстан қоғамының жаңаруын бұрынғыны жеңу, командалық-әкімшілік жүйеден бас тарту, қоғам дамуының демократиялық, гуманистік мәнін жандандыру деп ойлады. Сондықтан ол таңдау шегінде саяси және экономикалық реформаларды батыл қолға алды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа елді Нұрсұлтан Назарбаев билеген 30 жыл бедеріндегі «күйреу дағдарысынан» ауыр мұра қалды. Ұлтты сақтап қалудың, жеке мемлекет болудың ең бір сындарлы сәті қыл үстінде тұрды. Осы бір қиын сәтте Президент ұлттық мемлекетті сақтап қалу жолында ештеңеден тайынбайтынын көрсетті. Бізді ұлы халық ететін біздің байлығымыз емес, біздің оны қалай пайдалануымыз керектігі анықталды. Президент «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы қағидатын қалыптастырды. Ескі биліктен қалған «алдымен экономика, содан кейін саясат» формуласы өзгеріске түсті.

Президент пен экс-президент арасындағы идеялық тұтастық біртұтас болмады. Ұлттық мүдде жолында оларға жас айырмашылығы да, саяси көзқарастары да мінез-құлықтарындағы (Н. Назарбаев көп сөзді холерик, ал Қ. Тоқаев аз сөзді флегматик) флегматигі де, холериктігі де бөгет бола алмады. Нұрсұлтан Назарбаев – авторитарлыққа бейім болса, Қасым-Жомарт Тоқаев – демократияға бейім тұрды. Сол бір ауыр күндерден соң, Президент бірден экономиканы абсолюттендіруді жедел қолға алды. Елдің энергетикалық дамуына басымдық берді. Қолдың матауы босатылып іске кіріскенде 1991-2019 жылдар арасындағы «ескі дәуірдің» күні келмеске кетіп, ел экономикасының барлық саласындағы «ойық жара» көзге анық көрінді. Ұлттық құрылтай – республиканың еркін аумағының жетекші саяси күш өкілдерінен тұратын органға айналды. Ондағы атмосфера әркім белгілі бір партиялардың қос мүйізі ретінде емес, жалпы игілікке, қамқорлыққа үндейтін орган мазмұнында әрекет ету мүмкіндігі ашылды. Президент көпшіліктің еркін тыныс алуын сезінудің, одан шыққан барлық дірілдерді қабылдаудың керемет қабілетінің арқасында халықтық трибунаға айналды. Тоқаев инстинктивті түрде қозғалыстың барлық институционализациясына, кез келген шектен шыққан бюрократияға қарсы тұрды.

Мемлекет басшысы элитарлық топтардың партикулярлық мүдделерін бәрінен жоғары қойып, мемлекеттік мекемелердің атынан антиәлеуметтік сипатта жұмыс істегендердің бет-пердесін ашып берді. Ықпалды топтардан тұратын саяси элитаның арасында көлеңкелі жасырын бизнес дамып, ол елдің тұрақтылығының бұзылуына әкеліп соқтырған әрекеттерінің сыры ашылды. Президенттің алдында осынау талмауыр кезеңде екі таңдау тұрды. Бірі – ескі сүрлеумен жүріп, байлыққа кенелу, екіншісі – мемлекетке адал қызмет етіп, ескі мұрадан бас тарту. Президент екінші жолды таңдады.

«Керексіз заңдар керек заңдарды әлсіретеді» деген қағида бар. Тәуелсіздіктен бергі 30 жылда бәсекеге қабілетті экономикада да, кемелденген саяси конструкция да жасай алмадық. Саяси партиялар болғанмен, зайырлы саяси жүйе қалыптаспады. Парламент болса да, парламентаризм болмады. Соттар жұмыс істегенмен, құқықтық мемлекет құра алмадық. Бұл жолда жалаң ұран көтеріп келдік. Халық ел экономикасынан пайда көре алмады. Бұл бағыттағы саясатты билік пен олигархтар кеңесіп шешіп отырды. Өткен 30 жылда олигархиялық топтарды іштей балалатып жібердік. Олардың басқару тетігінде еркін жүзу мүмкіндігі жоғары болды. Осыдан келіп жемқорлық экономикалық ресурстарды бөлісіп, көлеңкелі механизм орнықты. Ат төбеліндей бай шағын топтың уысында жинақталған ұшан-теңіз байлықтың қоғамды қақ бөліп, әлеуметтік теңсіздіктің отын лаулатып, тек жекелеген миллиардерлердің ғана қалтасын томпайтты. Ендігі саясат байлықтың иманды мүдделерге бағытталып, қалың бұқараның мүддесін ескере отырып, оның әділетті бөлініп, мемлекет игілігіне тиімді жұмсалғанын көздеді. Бұл мақсатта Президент эвентуалдық (ықтимал жағдай) ахуалды сәтті пайдалана білді. Сыртқа қаржы транзитін жасаушы контингенттерге алғашқы болып соққы жасады. Оларға мемлекетпен белгілі бір келісімге келуде контрагент болып, концессия істеуге мүмкіндік берді. Президентке қарсы сопроматтар да болғаны жасырын емес.

Бұрынғы билік иесі жеке шаруашылығын жүргізетін домен қалыптастырып кетті. Президент риторикасы – әділдік принциптерінен қаланды. Президент бизнес-элитамен кездесуде бір адамның қолында бизнестің орасан зор шоғырланғанын айта келіп, мұндай жүйенің қоғамда сенімсіздік пен депрессияны тудыратынын, оның соңы әділетсіздікке әкеліп соқтыратынын, экономиканың жағымды тұстарын тарату кезінде фаворитизмнен бас тарту қажеттігін де атап өтті.

АЗАМАТТЫҚ
ҚОҒАМНЫҢ БИЛІКПЕН
ТІЛДЕСУ АЛАҢЫ

Президенттің БҰҰ Бас Ассамблеясының 2022 жылғы 77-сессиясында сөйлеген сөзінің лейтмотиві «Менің елімде әділдік салтанат құруы тиіс» деген тезис болды. Қасым-Жомарт Тоқаев оны өзінің саяси бағытының негізгі қағидасы деп жариялай отырып, қоғам мен мемлекеттің негізгі салаларының қызмет етуінің түйінді принциптерін айқындады. Олар – ашық және еркін қоғам, адал бәсекелестік бар инклюзивті нарықтық экономика, халыққа қызмет ететін кәсіби мемлекет. Жүйе өзгеріске түсіп, Әділетті Қазақстанды құруға алғышарттар жасалды. Президент студенттермен, болашақ жас мамандармен жүздесу барысында ендігәрі Қазақстаннның қазба байлықтары табиғаттың берген тартуы «олигархтар мен олардың мүддесін қорғайтын плутократ-шенеуніктерге емес, бүкіл халыққа тиесілі болатынын» айтты. Оны Конституция деңгейінде бекітті. Арнайы қор құрылып, ол халыққа қарай бұрылды. Қазақстан байлығы 162 байшікешті құраған квесторларға (қазынаны ұстаушылар, саяси қайраткерліктің алғашқы баспалдағын аттаушылар) айналған болатын. Олардың бәрі бірдей дүние-мүліктік цензге ие болған адамдар тобын құрап, центурияға айналғанын бәрі көрді. Олардың көпшілігі клаузуланың қарапайым (заңның, келісімшарттың уәжі) шарттарын бұзды. Ал, ол өз кезегінде ұлттық нарықтың арасында делдалдық етуші жергілікті саудагер немесе кәсіпкер, бұрынғы метрополияның ірі монополистерімен тығыз байланыс құра отырып, жасырын байшігештер армиясын балалатып жіберуге апарып соқты. Құқықтық қарым-қатынас құрып, мәміле жасаудың, яғни конклюдентті іс-әрекеттердің жолын жапты. Нәтижесінде азаматтық қарым-қатынастағы контрагенттік келісім шарттардың талаптары қалыптаспады. Пролонгация (келісімшартты ұзарту) жасалмады.

Мемлекет басшысы алғашқы кезекте алаяқтық, қаржыны жылыстату, қаржы пирамидаларын құру әрекеттерінің жолын кесті. Бизнес саласындағы рейдерліктің жолын кесіп, креативті ұлттық экономиканың моделін енгізуге жол ашты. Сыбайлас жемқорлыққа, көлеңкелі әрекеттерге, әкімшілік ресурстарға негізделген және тендерлер мен бюджет қаржысын оңды-солды шашуға бағытталған қазақстандық бизнестің шынайы платформасын қалыптастырды. Сыбайластыққа қарсы «Уотергейт принципін» – Үкіметтегі коррупцияның үкімет орнынан түскен соң хабарлану тәртібін бұзды.

Президент ең алдымен саяси биліктің динамикасына назар аударды. Мемлекет басшысы прерогативасы құқығында репрезентативтік өкілдігін ақылмен қолданды. Жоғарғы бас қолбасшыға Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығын алғанға дейін күш құрылымдары декларативті түрде ғана бағынды. Мұндай практика (Қытайдан басқа) әлемдік тәжірибеде бұрын орын алмаған. Қаңтар оқиғасынан кейін олардың барлығы өз қызметтерінен босатылып, кейбіреулеріне іс қозғалды. Қоғам оның түзіліміне калейдоскопиялық түрде ерекше мән берді. Алайда, олар жеке дара узурпаторға (құқықтарын заңсыз, озбырлықпен иемдену) айналмады. Қоғамның ілгерілуіне қарсы ретроград (кертартпа) адамдардың көзқарастарын өзгертудің механизімін қалыптастырды. Оңай адасуларға апаратын күрделі лабиринтке жол берілмеді. Қоғамның протестік талабын тыңдап, оны түзету мақсатында Ұлттық құрылтай шақырды. Құрылтай өз кезегінде азаматтық қоғамның билікпен сөйлесуінің платформасына айналды.

Қылмыстық сот статистикасында көрініс таппайтын, сырттай байқалмайтын, дамудың латенттік-жасырын құбылысының жолы кесілді. Бұрынғы құрылған демократияның декорациялық пердесін ысырып тастап, легислатуралық (заң шығарушы өкілдік) орган белгілеген өкілеттілік мерзімі қызметін қолдады. Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекет, қоғам мен оның экономикасы күрделі экзогенді және эндогенді дағдарыстармен бетпе-бет қалды. Осы жолда Президент мемлекеттің экономикалық саясатына басымдық берді. Алғашқы ретте демоэкономикаға, яғни экономика мен әлеуметтік жағдайдың жеткілікті дамуындағы негізгі төрт бағытты – өркендеу, жарқын болашақ, тұрақтылық, өркендеу жолдарындағы үндестік гармониясын қалыптастырды. Ел экономикасын нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды реформалар жүргізді. Жаңа Қазақстан «Назарбаев синдромынан» толық азаттық алып, инвестицияның жаңа көздерін табуға әрекеттенді. Оны әлеуметтік топтар бойынша жіктеу, қалалардың дамуы, оның инфрақұрылымы туралы тұжырымы қоғам тарапынан қолдау тапты. Қазақстандық институционализм Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» бағытының қалыптасуына идеялық негіз қалады.

ОТЫЗ ЖЫЛ
БОЙЫ БІР РЕЛЬСПЕН
ЖҮРІП КЕЛГЕН
СЫРТҚЫ САЯСАТТЫ БАСҚА
АРНАҒА БҰРУ
ОҢАЙ ШАРУА ЕМЕС

Қасым-Жомарт Тоқаев – ақылды саясаткер, толерантты, ашық конфликтерге бармайды. Осы байсалдығымен кез келген ситуациядан шыға біледі. Саяси серфиннің өте шебері. Қазақстан Президенті саясат тақтасында тіс қаққан «кірпілермен» қатар жүрудің тактикалық моделін жетік меңгерген. Саясатта партнер таңдауда өте талғампаз. Бұл жолда ол хирург, сондықтан ол кейбір сырқаттарға қалай ем қолданып, ауруды қалай сылып тастаудың жолын біледі. Әйтсе де, ол өзінен пұт жасауға тыйым салды.

Сыртқы саясатта Президент тәуелсіз бағытынан жаңылған емес. Кейінгі кезде халықаралық шекаралардың күштеп өзгеруіне қарсылық білдіруі оның Мәскеуге қатысты көзқарасынан аңғарылады. Өйткені, Қытаймен және Еуропалық Одақпен жақынырақ қарым-қатынас орнатуға ұмтылыс танытуы көп нәрсені білдіреді.

Шығыс пен Батыс арасындағы сауда дәлізіндегі Қазақстанның шешуші геосаяси ұстанымы Қытай төрағасы Си Цзиньпин саясатымен астасатынын байқатып берді. Осылайша, Қазақстан Президенті 30 жыл бойы бір рельстің бойымен жүріп келген саясатты басқа арнаға бұрып жіберді. Мемлекеттік басқарудың жаңа саяси моделін қалыптастырды. Ресей билігі өздерінің ұлттық мүдделерін бұрынғыша көршілерінің мүддесіне нұқсан келтіре отырып, анықтауды көздейтіні белгілі болып қалды. Ресейдің Украинаға жасаған озбыр саясаты әлемдік демократияны қолайсыз дилеммаға тіреп қойды.

Орта Азия елдерінің русофобиядан зардап шегетіні соңғы кездері ашық айтылуда. Оның сыртында тарихты интерпретациялау жайында да әңгіме қозып тұр. Тарихи оқиғалардың Кремль тарапынан бұрмалануы – ақиқатты ғылыми тұрғыда қақпақылдауға жаттығу ғана емес, бұл – ашық ұрысқа шақыру. Бұл бұрмалау – біздің айтқанымызға көнбесең, сенің шынайы тарихыңды мойындамаумен пара-пар деуге болады. Бұл саяси тұрғыдан ревизионистік процестің басталуының айқын мысалы. Екіншіден, Ресей айнала қоршаған елдерге өз тарихын кеңестік тарихтан бөліп қарамауды талап етіп, бұрынғы билік сателлиттеріне қатысты деструктивті саясатты қабылдауға мәжбүрлегісі келеді. Осы арқылы олардың қауіпсіздік рухын әлсіреткісі бар. Осынау қиын-қыстау кезде Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей саясатындағы жағымсыз үрдістерге, яғни Кремльдің іс-қимылына көзжұмбайлықпен қарауға болмайтынын бағамдай білді. Қазақстан Президенті Ресейге сындарлы көзқараспен қарайды. Оны Ресеймен 7,5 мың шақырымға созылатын ортақ шекараның болуы да ойландырмай қоймайды.

Қазақстанның канселлинг (саяси-әлеуметтік) бағытындағы іс- қимылын бақылайтын белгілі бір күштер бар. Оны сыртқы күштер қадағалайды. Бірақ, Мемлекет басшысы оның бәрін келісім арқылы шешуге тырысады. Президенттің Ресейдің түбі бір ешбір нәтиже бермейтін саясатына қарсы шығуының астарында авантажын (олжасын) осыдан іздеуге болады.

Президент Санк-Петербургте өткен халықаралық экономикалық форумында Луганск пен Донецкіге қатысты пікір білдіруі осыны меңзейді. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Түрлі пікір бар, біздің қоғам ашық. Қазіргі заманғы құқық – бұл БҰҰ Жарғысы. Бірақ, БҰҰ-ның екі ұстанымы бір-біріне қарама-қайшы келеді – бұл мемлекеттің тұтастығы және ұлттың өз таңдауын жасауға құқығы. Егер солай болса, бұл ұстанымдар бір-біріне қарма-қайшы, түрлі түсіндірме бар», – деді. Президенттің айтуынша, егер әр ұлттың өз таңдауын жасау құқығы жүзеге асырылатын болса, онда жер шарында 500-600 мемлекет пайда болар еді. «Дәл осы себепті біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Демек, бұл принцип біздің көзқарасымызша, квазимемлекеттік бірлестік саналатын Луганск пен Донецскіге де қолданылатын болады», – деп нақтылады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің Ресейге қатысты бұл соңғы ұстанымы емес. 2022 жылдың желтоқсан айында Тоқаев Ресейге жасаған жұмыс сапарында Путин Орталық Азияның беделді екі елі – Қазақстан және Өзбекстанмен бірге «Газ одағын» құру туралы ойын ортаға салды. Путиннің ұсынысы іске асса, Ресей өзінің көгілдір отынын құбыр арқылы Қытай, Пәкістан, Ауғанстанға шығуға күш салар еді. Оның соңы «Газ соғысына» алып келуі ықтимал болатын. Содан Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері ортақ шешімге келіп, Ресей ұсынысын қабылдамай тастады. Оған жол берілген жағдайда, Ресейдің саяси-әлеуметтік өмірінде бұған дейінгі исматтық негізде салтанат құрып келген институционалдық көзқарастар жүйесі көңілден шыға бермесі анық еді. Ол көңіл-күй бұқаралық санада реставрациялық көңіл-күйлердің салтанат құруымен қоса, этатизмге «оңнан» да, «солдан» да төнер жағымсыз төмпештеулерге әкеліп соғар еді. Президенттің жоғарыдағы сөзі этнократия – ұлттың ұжымдық құқықтары мен мүдделерінің жеке дара құқықтары мен мүдделерінен басым түсетін ықпалын арттырды.

Президентті ресейшіл деп сынайтындар да бар. Бірақ, Мемлекет басшысы сын айтқан объектіні тұншықтыруға тырысқан емес. Керісінше, оның мәніне назар аударуға тырысады. Бұл жерде Президент толеранттылық пен жұмсақтықты қалайды.

«География – елдің саяси мінезін қалыптастырады» деген теория бар. Жаңа Қазақстан сыртқы саясатта өзінің тиімділігін сан мәрте дәлелдеген көпвекторлық бағытты жалғастырып келеді. Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан Президенті текетірестен гөрі, компромиске бейім. Президент қысқа мерзім ішінде Шығыспен де, Батыспен де басты мәмілелерге қатысудан бас тартқан емес. Оның басқару тетігінің негізгі кодтары – мықты бастамаларды одан әрі жалғастырып, реформалар, инновациялар арқылы жаңа процестерді құрудан тұрды. Сондықтан Президент алғашқы сәттен бастап, таяу көршілердің «изоляционизм» саясатын сындырып, саяси алаңға жаңа ойын ережесін алып шықты.

Рас, Қасым-Жомарт Тоқаев билігінің басталуымен Қазақстан әлемдегі аса маңызды геосаяси полюске айналды. Билікке келгеннен бұрын ол әлем саясаткерлерінің радарынан түскен емес. Тоқаевтың барлық координаттары ашық жұмыс істеді. Сөйтіп, ол «Тоқаев бағыты» деген трактаны жолға қойды.

СУПЕРПРЕЗИДЕНТТІК
БАСҚАРУДАН
БАС ТАРТҚАН САЯСАТКЕР

Жоғарыда жазғанымыздай, Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметке аса ауыр уақытта келіп, өз картасын алдын ала ашпастан бұрын келешектегі салмақты реформаторлыққа дайындалып, өте күрделі әрі қиын мемлекеттік мәселелерді шешуі тиіс болды. Өйткені, ұзақ күтуге болмайтын еді. Бұл тұрғыда саяси модернизация жүргізбей, экономикалық реформа жүргізу мүмкін емес еді. Сол себепті ел ішін жайлаған үргедек көңіл-күйді оның шұғыл, қарқынды әрі батыл түрде қолға алған іс-қимылдары ғана баса алатын еді. Сондықтан Президент ел ішінде қайта құрудың төтенше жобаларын ұсынды. Сол кездегі оның реформаторлығы көптеген мәселелерді шешусіз қалдырып, шешімін тапқандары жаңа проблемаларды тудырып жатты. Осы тұста Президенттің алдында екі таңдау тұрды. Бірі – байлыққа кенелу, екіншісі – мемлекетке адал қызмет ету. Ол осы жолдың екіншісін таңдады. Президент ретінде оның ұстанымдары мен қолданған тәсілдері өзгеріске ұшырап, өзгеріске түсіп тұрды. Осыған орай, Президент халықты жаңа әкімшілік белгілеген реформаларға бейімделудің аса қажетті элементі болып табылатын көзқарасты жаңартуға шақырды. Елдегі шынайы жағдай өзгермесін «Жаңа Қазақстан» бағытын ұсынып, жұмысшылар мен фермерлердің, орта тап өкілдерінің кең қолдауына ие болды. Халық стихиялы түрде өз талаптарын қойды. Осыған байланысты елдегі жағдайды түзету мақсатында жалақы аз төленетін жұмысшылар категориясына еңбекақы төлеу мөлшерін арттыру, зейнетақысының белгілі мөлшерін алу сияқты маңызды мәселелер өз шешімін тауып жатты.

Президент алдымен Конституцияға демократиялық өзгерістер енгізуді қолға алып, суперпрезиденттік басқарудан, партия төрағалығынан бас тартты, Парламенттің өкілеттілігін күшейтіп, саяси партиялардың қоғамдық рөліне басымдық берді. Жаңа мемлекеттік модельдің негізін қалап, Конституцияда адам, мемлекет, заң үстемдігі мен мораль постулаттарына басымдық беруді ұстанды. Осы ұсыныстары арқылы қоғам дамуының контурын сызып, халық арасында консолидация құндылығын қалыптастырды.

Елді дағдарыстан құтқаруға байланысты Президент қабылдаған іс-шаралар мемлекет аумағындағы кең ауқымды қиыншылықты жеңуге ықпал етті. Ол белгілі бір деңгейде халықтың сана-сезімінің өсіп, бұқара халықтың қарқынды іс-әрекеті негізінде олардың экономикалық талаптары саяси сипаттағы тілектермен астасып жатты. Осыған орай Президент 2021 жылы 10 Ұлттық жобаны бекітті. Олар қоғам өмірін ілгері жетелейтін аса маңызды жобалар саналады.

Қазақстан Президенті үшін демократияның мәні оның бостандық, әділдік идеясында жатты. Қоғамда ортақ іске емес, жеке тұлғаға қызмет көрсету принципі басым болғандығын да көрсетіп берді. Президент ұлттық социум, қазақ қоғамы деп аталатын жүйе қалыптастыруға үндеді. Осы жүйеге ұлттық деген сөзді қосудан тайынған емес. Қазақ ұлтының мақсатын мақсаттамаған мемлекеттік қызметкерлердің халыққа қызмет ете алмайтынын да естен шығармады. Жаңа Қазақстанның алға қойған мақсаты – адалдық, әділдік үшін күрестен басталды.

Тұңғыш президенттің әулетіне тиесілі жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды. Экс-президент кеңсесін мемлекет есебінен қаржыландыруды қысқартты. Биліктің отбасы кланына тиесілі «пирогты» адал адамдарға бөліп берді. Эгалитаризмнің (жеке меншікті бөлу мен теңдікті көксеу принциптері) негізі қаланды. Ескі гвардияның аппарат пультінің «кощейлері» ықпалды ортадан аластатылды. Осылайша, Қазақстан клептократияның ықпалынан арылды. Президент сындарлы сәтте отбасының лакейіне айналмады. Тұңғыш Президент – Елбасы туралы Конституцияда көрініс табуының жолын кесті. Тұңғыш президенттің «супервертикальды билігі» облыс әкімдерін бір тетікке мықтап матап тастаған ережесінің түйіні шешілді. «Тұңғыш президент отбасының» тәтті тоқашына «ине шаншып», отбасына жақын адамдарды қоғамнан оқшаулауды қолға алуы Президенттің ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтірген топ пен олигархтарды және бұрынғы билік иесінің төңірегіндегі ескі элитамен «соғысты» бастап жібергенін қоғам оңды қабылдады.

Қасым-Жомарт Тоқаев – паллиатив (қандай да бір мәселені түбегейлі шешпейтін адам) саясаткер емес. Оның бойына панегирист (біреуді көпірте мақтаушы, мадақшыл адам) жат. Бірақ, саясатта істеуге болмайтын нәрсені істеуіңе тура келетін жағдайлар да болатынын естен шығармаған абзал. Әйтсе де, Президент партикуляризмге бой алдырмай, халықты ортақ іске бір кісідей жұмылдыруға бейім. Мемлекеттің бір бөлігін даралап қарауға ықылассыз. Ол өз үндеулерінде болжамды пікірге жол берген емес. Сондықтан ол халық алдында орындалмайтын нәрселерге уәде бермеуге тырысады. Өз билігінде прерогативаға жол берген емес.

Ең құдіретті құштарлық – атаққұмарлық. Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік мерзімі аяқталғанға дейін шетелдік не отандық ордендер мен марапаттарды қабылдамау туралы шешім жасаған болатын. Қабылданған шешімге сай Қазақстан Президенті 2022 жылы Ресей үкіметінің «Александр Невский» орденін қабылдаудан бас тартты. Қазақстан басшысы бұған дейін де Бішкекке жасаған сапарында Қырғыз елінің ең жоғары наградасы – бірінші дәрежелі «Манас» орденінен де бас тартқан болатын.

Президенттің дресс-коды дипломатқа тән, мұнтаздай, жинақы. Ол – қатал емес, иіні жұмсақ. Бірақ, ешкімді басына шығуға жол бермейді. Президент тәулігіне 12-13 сағат жұмыс істейді. Біреулер өмір сүру үшін жұмыс істесе, ол жұмыс істеу үшін өмір сүруді дағдыға айналдырған. Белгілі саясаткердің хоббиі – кітап оқу. Мемуарлық, тарихи және көркем әдебиеттерді сүйіп оқиды. Бұған қоса, өзі де тоғыз кітап пен халықаралық қатынас мәселелері туралы көптеген мақалалардың авторы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әділдік – ізгіліктің іргетасы. Ол түпкілікті шешілген кезде даму болады. Бұл кез келген мемлекеттің құрылу кезінде көздейтін мақсаты. Ежелгі мемлекеттерді қарап отырсақ, Римнің мақсаты – мемлекеттік шекарасын кеңейту, Лакедемонның мақсаты – соғыс, иудейлік заңдардың мақсаты – дін, Марсельдің мақсаты – сауда-саттық, Қытайдың мақсаты – тыныштық, Грек билігінің мақсаты – ашық теңізде еркін жүзу болғанын көреміз. Ал, бүгінгі Жаңа Қазақстанның мақсаты – әділ және бейбіт өмір сүру болып тұр.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here