Жаңа заң сарсаңға салған самокатшылар мәселесін реттей ме?

0
3619
2,2 млн халық тұратын Алматы қаласында 79,2 шақырымға созылған веложолдар мен веложолақтар бар, «Almaty Bike» велошеринг жүйесі жұмыс істейді

Өткен айда Мәжіліс депутаттары «Кейбір заңнамалық актілерге жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Аталған құжат бойынша елімізде енді электрлі самокаттар көлік құралына теңестіріледі. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін электрлі самокаттардың қозғалысын реттейтін заң жобасына, дәстүрлі көліктің баламасына айналған көлік құралының тарихына және самокатшылар салған сарсаңға тоқталады.

Қазір мегаполисте төрт компания кикшеринг қызметін ұсынады, олар: Ozim Scooters, JET, Whoosh, Eleven

САМОКАТ
ТІЗГІНДЕГЕНДЕРГЕ
ҚАТЫСТЫ
СҮРЕҢСІЗ СТАТИСТИКА

Қала көшелерін дәл қазіргі уақытта электрлі самокаттарсыз елестете алмайсыз. Таңертең жұмысқа бара жатқанда, түскі үзілісте көшеге шыққанда, кешке үйге қайтып келе жатып та самокатшыларға кезігесіз. Үзіліссіз қозғалыстағы электрлі самокаттардың жолда жеңіл көліктермен де, қоғамдық көліктермен де бірдей жарысып жүргенін көресіз. Бүгінде самокатшылардың таксистердің «қас жауына» айналғаны тағы бар.

«Самокат айдағандардан құтыла алмай-ақ қойдық. Жол ережесін сақтамайды. Қаншама көлік апаты осылардың кесірінен болып жатыр», – деді такси жүргізушісі жеңіл көліктің алдына түсіп әлдеқайда асыққан самокат иесіне кіжіне қарап.

Осы бір жайтқа көп өтпей жатып тағы бір оқиғаның куәсі болдық. Бұл жолы мотоцикл тізгіндеген курьер көлікке оңбай соғылды. Жиналып қалған адамға да, маңдайынан аққан қанға да қараған жоқ, мотоцикліне отырып кетіп қалды. Өкінішке қарай, мұндай жағдайдың күнделікті болатынына көз үйренді.

Сүреңсіз статистиканы келтірейік. 2021 жылы Қазақстанда самокаттардың қатысуымен 68 апат болып, оның ішінде бір адам көз жұмған. Ал, 71 адам зардап шеккен. Былтырғы статистика да көңіл көншітпейді. Биылғы статистика қолымызда жоқ. Дегенмен, статистиканың жақсарып кететініне сену қиын. Соңғы бір айдың өзінде елімізде адам денсаулығына ауыр зиян келтірген екі жағдай тіркелді. Бірінші оқыс оқиға 7 мамыр күні Балқашта орын алды. Самокат теуіп келе жатқан 8 жастағы бала жаяу жүргіншілер өткелінен өтпек болған кезде «Toyota RAV 4» көлігін тізгіндеген 63 жастағы жүргізуші қағып кеткен. Зардап шеккен бала жедел жәрдеммен қалалық ауруханаға жеткізілген. Бірден жансақтау бөліміне түсіп, оған ота жасалған. Балада ми мен іш қуысының жарақаты анықталған.

Самокатшыға қатысты екінші жағдай Алматыда тіркелді. 15 мамыр күні бір ер адам «Алматы-1» және «Алматы-2» станциялары арасында теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған. Самокатшының кесірінен «Маңғыстау-Алматы» жолаушылар пойызы шұғыл түрде тоқтаған.

Мұндай келеңсіз жағдайлардың шығу себебі самокатшыларға арнайы ереже қарастырылмаған. Таяуда осы мәселе бойынша Мәжілісте арнайы заң ұсынылды.

ЖАҢА ЗАҢ
ТҮЙІНДІ
МӘСЕЛЕНІҢ ТҮЙІНІН
ТАРҚАТА МА?

Енді өткен айда мәжілісмендер мақұлдаған заң жобасына тоқталайық. Электрлі самокаттардың қозғалысын реттеуге арналған түзетулерде олардың қатарында жылдамдығы сағатына 25 шақырымға жететін көлік құралдарын атайды. Сондай-ақ, бұл құжат бойынша самокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде, тротуарларда жаяу жүргіншілер ағынының жылдамдығымен сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен шектеусіз қозғала алады.

«Электрлі самокаттарды жолдың оң жақ жолағымен, атап айтқанда, бір қатардағы автобус жолағымен жүргізуге рұқсат етіледі. Әйтсе де, бұл үшін жүргізуші 18 жаста болуы шарт, сондай-ақ ол басына қорғаныс шлемі мен жарық сәулесін түсіретін киім киюі және онда кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы тиіс» деп көрсетілген аталған заң жобасында. Бұған қоса, енді электрлі самокатпен жүк және жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады.

Аталмыш заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева: «Көлік жолы мен жаяу жүргіншілер жолындағы электрлі самокаттар қозғалысы жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілері үшін қауіпті. Заң жобасы осыдан екі жыл бұрын әзірленген. Әйтсе де, электрлі самокаттардың техникалық регламенті 2022 жылдың шілдесінде ғана қабылданды», – деп нақтылады.

Халық қалаулысы заң жобасын ұсынған депутаттар әкімдіктердің қала кеңістігін жоспарлауға қатысуын және серіктестіктердің жауапкершілігін, сондай-ақ көліктің жаңа түрлерін тіркеуді қамтамасыз ету үшін реттеу құралдарының екінші пакетін дайындауға кіріскенін айтады.

Қазақстанға электрлі самокаттар, шағын мотоциклдер, гироскутерлер сынды «бөгде» көліктердің келгеніне көп бола қойған жоқ. Олар елімізге келген бойда қала көшелерін «жаулап» алды. «Жол жүрісі туралы» заң басында оларды елеген жоқ. Осыдан келіп бұл «бөгде» көліктердің жол ережесін белден басуы белең алды. Бұлардың қатысуымен жол апаттары тіркеле бастағаннан кейін арнайы заң қабылдамасқа болмайтын жағдай туды.

  Міне, осылайша Мәжіліс Ішкі істер министрлігі әзірлеген қолданыстағы заңнамаға жаңа дәстүрлі емес көлік түрлеріне арналған өзгерістер мен толықтыруларды енгізуге көшті. Әйтсе де, бұл заң мәселені толық шеше ала ма? Себебі, электрлі самокаттар әлі күнге дейін мемлекеттік тіркеуге жатпайды. Ал, мемлекеттік тіркеу нөмірі болмаса, көлікті анықтау мүмкін емес. Демек, иесіне де айыппұл сала алмайсың.

Жоғарыда айтылған түзетулер ресми түрде әлі күшіне енген жоқ. ҚР Конституциясымен реттелетін тәртіп бойынша Мәжіліс заң қабылдағаннан кейін құжат Сенатқа жіберіліп, онда 60 күн ішінде қаралуы керек. Аталған заңды мәжілісмендер 10 мамырда мақұлдады. Соңғы сөзді енді сенаторлар айтады.

Сенат түзетулерді мақұлдаса, заң Президенттің қол қоюына өтеді. Ал, ол алғашқы ресми жарияланғаннан соң, 10 күннен кейін ғана күшіне енеді. Әйтсе де, Сенат құжатты мақұлдамауы да мүмкін. Өйткені, заң жобасының шикі тұстары бар. Жоғарыда жазғанымыздай, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасында жаңа дәстүрлі емес көлік түрлеріне мемлекеттік тіркеу нөмірін алу мәселесі қарастырылмаған. Онсыз самокатшыларды жауапқа тарту мүмкін емес. Сөйтіп, бұл заңның мәні болмай қалады.

ЭЛЕКТРЛІ
САМОКАТТАР ДӘСТҮРЛІ КӨЛІК
ҚҰРАЛДАРЫНА
БАЛАМА БОЛА АЛА МА?

«Елімізде дәстүрлі емес осы бір көлік не үшін керек?» деген заңды сұрақ туындайды. Жаһандану үрдісінде әлемде болып жатқан жаңалықтар Қазақстанға да келмей қоймайтыны анық. Жаңалықтар ғана емес, дүниені жаулаған жаңа заттар мен құрылғылар да бірге келеді. Электрлі самокаттар бүгінде көптеген елдің мәселесіне айналған. Себебі, әлемде дәстүрлі көліктерге басқа бір балама әлі пайда бола қойған жоқ. Фантастикалық фильмдерде жиі көрсетілетін ұшатын көліктер де әлі шығып үлгермеді. Сол үшін қазір жастарға электрлі самокаттардан артық көлік табылмаса керек.

Бізден бөлек, басқа мемлекеттерде де электрлі самокаттарға тыйым салу туралы жаңалықтар айтылуда. Франция соның бір мысалы. Жуырда Парижде электрлі самокаттарды жалға беруге тыйым салынған болатын. Заңсыздықтардан шаршаған париждіктер бұл көліктің құзыретін шектеуге дауыс берді. Дегенмен, мұнда тек жалға беруге ғана тыйым салынады. Ал, жекеменшік самокат иелеріне бұл тыйым жүрмейді. Бұл жай ғана ашынған тұрғындарды басу үшін жасалған шара деуге де болатындай.

Жалпы әлемде халық саны көбейген сайын қозғалыс та артуда. Ал, адамдарды жеке тасымалдауға балама тым қымбат. Егер электрлі самокаттарға тыйым салынса, оны пайдаланушылардың бәрі қоғамдық көлікке қарай ағылады. Кейбіреулері жеке көлікке ауысады. Бұл қала қозғалысындағы кептелістің артуына алып келуі мүмкін. Ал, бұл келешекте жаңа жолдар мен жолайрықтарды салуға итермелейді. Оның бәрі қыруар қаржыға келіп тіреледі.

Қазақстанда да электрлі самокаттардың қозғалысын біржола шектеу жақын арада мүмкін болмайтын сыңайлы. Тәртіп бұзып, жол апаттарына себеп болып жатқандарды заң бойынша жауапкершілікке тарту ісі бір жолға қойылса да құба-құп.

КӨК ТҮТІНГЕ
ОРАНҒАН МЕГАПОЛИСТЕРДЕ
САМОКАТТЫ ТІЗГІНДЕУ
ДЕНСАУЛЫҚҚА ЗИЯН БА?

Соңғы жылдары электрлі самокаттардың денсаулыққа әсері туралы әңгімелер де айтылып жүр. Дәрігерлер көлік көп жүретін қалаларда самокат пайдаланбауға кеңес береді. Олар газданған мегаполистерде жүгіру сияқты электрлі самокаттардың да денсаулыққа пайдасынан гөрі зияны басым екенін айтады. Өйткені, мегаполисте қоғамдық көлікті аялдамаларда күтіп тұрған жолаушыларға да дәрігерлер жол жиегінен аулақ тұруға кеңес береді.

Жалпы Еуропада шағын көлік инфрақұрылымы мен оның қозғалыс мәдениеті жиырмасыншы ғасырдың басында қалыптаса бастаған. Бұл инфрақұрылым мен мәдениет дамуы жағынан біздің елмен салыстыруға келмейді. Мәселен, алғашқы велосипед жолы 1910 жылы Дания астанасы Копенгагенде пайда болған. Қарт құрлықтың ауасы мен еліміздегі ауа тазалығында да айырмашылықтар бар. Бір сөзбен айтқанда, ауасы лас қалада электрлі самокаттардың ағзаға пайдасынан гөрі зияны көп.

ЭЛЕКТРЛІ
САМОКАТТАР ҚАШАН
ПАЙДА БОЛДЫ?

Электрлі самокаттар әлемде қашан пайда болды? Енді осы сұраққа жауап іздеп көрейік.

Әлемді жаулаған бұл құрылғылардың елімізге келгеніне көп бола қойған жоқ. Десе де, бұның тарихы тым әріден басталады. Еуропа көшелерінде аталмыш екі доңғалақты көлік XIX ғасырдың соңына қарай пайда болыпты. Дәл қазір біздің күнде көріп жүрген электрлі самокаттардың «арғы аталары» электрлі велосипедтер 1890 жылдардан жарыққа шыға бастаған. Дегенмен, оның нақты қай күні өмірге келгені белгісіз. Ең алғашқы тіркелген электрлі велосипедтің патенті 1895 жылдан басталады. Оны ойлап шығарған өнертапқыш – кіші Огден Болтон. Ол өз өнертабысының электрлі велосипед дизайнын жақсартуға арналғанын мәлімдепті. Демек, электрлі велосипедтер оның алдында да болған. 1896 жылы Ұлыбританиядағы бас велосипед өндіруші «Humber» компаниясы екі адамға арналған алғашқы электрлі велосипедті ұсынды. Құрылғы көлемді әрі ебедейсіз болғанымен, ол ХХ ғасырдың басында автомобильге маңызды балама ретінде қарастырылды. Ал, электрлі самокат алғаш қай кезде пайда болды? Оның да тарихы тым әріден басталады.

Әлем алғаш рет технологияның бұл жаңаша түрімен 1915 жылы «Autoped» американдық компанияның самокаттары Нью-Йорк дүкендерін толтырған кезде танысты. Демек, автопед – бұл қазіргі моторлы заманауи самокаттардың алғашқы нұсқасы. Ол көлік қозғалысы әлі ешқандай заңмен реттелмеген уақытта пайда болды. Бағдаршам одан 15 жылдан кейін ғана ойлап табылды. Бір сөзбен айтқанда, электрлі самокаттар тіпті жол ережелерінен де көне деуге болады.

Қазіргі таңда электрлі самокаттар қалай сынға ұшыраса, алғашқы автопедтер де сынның астында қалды. Тіпті, оны байлардың кезекті бір ойыншығы деп қарады. Әйтсе де, «Autoped» компаниясының жарнамасы электрлі самокаттарды тек байлардың ғана көлігі емес, заманауи әйелдердің бостандығы мен еркіндігінің символына айналдыруға тырысты. Бүгінгі таңда электрлі самокаттағы қыз ешкімді таңдандырмайтыны белгілі. Ал, сол уақытта Флоренс Норман есімді француз әйелінің күнделікті жұмысқа автопедпен бара жатқаны адамдардың назарын аудармай қойған жоқ. Әйгілі америкалық ұшқыш Амелия Эрхарт та самокатпен кетіп бара жатқанда бірнеше рет суретке ілініп үлгерген. 

Әрине, электрлі самокаттар тек әйелдерді ғана қызықтырған жоқ. Сол уақыттағы Нью-Йорк пошта қызметі «Autoped» компаниясымен пошташыларды жаңа көлікпен қамтамасыз ету туралы келісімшартқа қол қойды. Полицейлер көшелерді күзету үшін электрлі самокаттарды пайдаланды. Олармен бірге екі доңғалақты көлікті жергілікті құқық бұзушылар да қолданды. Осылайша, олар қылмыс орнынан тез қашып кетіп отырған. Сондықтан баспасөз бұл өнертабысқа аса қошемет көрсетпеді. Велосипедшілер қауымдастығы автопедті «ұсқынсыз» деп атаса, ал «The Sun» газеті оны «шайтанға арналған жалғыз вагон» деп сипаттады. Алайда, бұл да электрлі самокаттарға деген қызығушылықты бәсеңдете алмады. Халық электрлі самокат жаяу жүруден арзанырақ деп қарады.

2017 жылдың қыркүйегінде АҚШ-тың Калифорния штатындағы Санта-Моника қаласының тротуарлары электрлі самокаттарға толып кетті. Тұтынушылар самокаттарды жалға беру қызметтерімен ірі қалаларда бұрыннан таныс болатын. Бірақ, «Bird» компаниясы жалға алуды арзан еткені сонша, оған қарсы тұру мүмкін болмады. Бұдан бөлек, «Lime» компаниясы да Сан-Франциско көшелерін өз самокаттарымен толтырды. Бәсекелестік жалға беру индустриясының қарқынды дамуына түрткі болып, бұл өз кезегінде инвесторлардың назарын аударды. Сонымен, 2018 жылы венчурлық фирмалар мен ірі компаниялар («Uber», «Alphabet», «Google Ventures» және т.б.) самокаттардың шерингтеріне миллиард доллардан аса инвестиция құйды.

«Bird» және «Lime» сияқты қосымшалардың жұмыс принципі өте қарапайым:

  1. Компанияның қосымшасын жүктеу қажет;
  2. Құлыпты ашу үшін самокаттағы QR кодын сканерлеңіз;
  3. Сапардың басында 1 доллар шегеріледі, содан кейін минутына 15 цент алынады.

1939 жылы шілде айында Питер Минтон есімді он алты жасар бозбаланы Рокавей-Бич бульварында электрлі самокатпен келе жатқанда полиция қызметкері тоқтатып, айыппұл салып, шақыру қағазын берді. Оның себебі жасөспірім көлік құралын жүргізуші куәлігінсіз басқарған.

Электрлі самокаттарда шеринг қызметінің пайда болуы ХХІ ғасырда да, бұдан 84 жыл бұрын да заңнамалық шатасуларға әкеліп соқтырды.

Сол уақытта да, қазір де жаңа көлік бірқатар сұрақты туғызды:

  1. Бұл жаңа индустрияны қалай реттеуге болады?
  2. Самокаттар қандай жол ережелеріне бағынады?
  3. Самокатты жалға алу үшін жүргізуші куәлігі қажет пе?

Шетелдегі кейбір қала тұрғындары электрлі самокаттарды ұнатпайтынын іспен көрсетті. 2019 жылы қарсылық шарықтап, вандализм шегінен өтті. Самокаттар өртенді, бұзылды, ұрланды. Тіпті, бір адам 60 электрлі самокатты көлге тастады. Осылайша, қысым болған соң, қалалар мен елдерде біртіндеп жалға берілетін самокаттардың қозғалысын реттейтін немесе оған мүлдем тыйым салатын заңдар енгізіле бастады.

Велосипедтер мен самокаттарда өлім қаупі бірдей болғанымен, самокатшылардың жарақат алу ықтималдығы 6%-ға жоғары. Осыған қарамастан 2018 жылы электрлі самокаттармен жүру сапарлары барлық микромобильдік сапарлардың 45,8%-ын құрады. Әсіресе, көліктің бұл түрі пандемия кезінде тым танымалдыққа ие болғаны белгілі. Себебі, электрлі самокаттар әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, жұмысқа жетуге мүмкіндік берді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қоғам өміріне сіңісіп кеткені соншалық бүгінде елімізде электрлі самокаттар ең танымал қозғалыс құрылғысына айнала бастады. Қалада халық саны артқан сайын жаңа көлікке сұраныстың да көбейгені байқалады. Алматыда екінің бірі электрлі самокатпен кезіп жүргеніне күнде куә болып жүрміз. Пайдасынан зияны көп болмас үшін электрлі самокаттарға байланысты заңнаманы мұқият қарап, құзырлы орындар өзекті мәселені оңтайлы шешсе құба-құп. «Мемлекеттің басты байлығы – адам өмірі» деп жиі айтылады. Ендеше, оған зиян болған кез келген қауіпке сергектікпен қарап, бұлтартпас заңнамалық нормаларды енгізетін күн туып отыр. Әйтпесе, қала көшелерінде күн сайын заң бұзушылық пен оғаш оқиғаларға кезіге бермекпіз.

Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here