Франциядағы жаңа қылмыс ескі мәселенің бетін ашты

0
1794
Төрт бала мен екі ересек адамды жарақаттаған пышақ шабуылынан кейін Анси тұрғындары оқиға орнына гүл шоқтары мен ойыншықтарды қойды

Француз Республикасының Ұлттық статистика және экономикалық зерттеулер институтының (INSEE) мәліметіне сенсек, ел халқының 12 пайызын мигранттар мен босқындар құрайды. Өкінішке қарай, Франциядан пана тапқан олар жергілікті тұрғындардың өмір салтына үйренісіп кете алмай, бұрынғы өмірлік ұстанымынан бас тартпайды. Мұсылманы бар, католигі мен протестанты бар, бәрі «бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай» ғұмыр кеше алмайды. Содан адамның құқығын шектемейтін Париждің мультикультурализм саясаты өздеріне қарсы оқ болып атылды. Соның айқын дәлелі – 8 маусымда Анси қаласында болған қайғылы жағдай. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін ескі мәселенің бетін ашқан жаңа қылмысқа тоқталады.

Айдың-күннің аманында Ансиде ойран салған 32 жастағы Сирия азаматы Әбделмасих

ФРАНЦУЗ
ҚОҒАМЫН ДҮР
СІЛКІНДІРГЕН
АНСИДЕГІ ҚЫЛМЫС 

Францияның шығысында орналасқан 130 мыңнан астам халқы бар Анси қаласында 8 маусым күні болған оқиға француздарды дүр сілкіндірді. Айдың-күннің аманында Әбделмасих есімді Сирия азаматы саябақта серуендеп жүрген 6 адамды, соның ішінде 4 баланы пышақтады. Үш жас шамасындағы екі бала қазір өмір мен өлім арасында жатыр.

Әлқисса. Сағат 09:45 шамасында бір араб Анси көлінің маңындағы саябақта жүргендерге пышақпен шабуыл жасайды. Алдымен қаскөй балалар арбасында жатқан нәрестеге жұдырығын ала жүгіреді. Балапанын қорғаған торғайдай ана шыр-пыр болады. Дегенмен, қолында пышағы бар атпалдай еркекке қарсы тұрардай қауқар әйелде жоқ еді. Қаныпезердің пышағына іліккендер санының көп болмауына сол маңда жүрген бір жігіт кедергі келтіреді. Кейін оның 24 жастағы Анри есімді турист екені анықталды.

Полицейлер шабуылдаушыны қоршап алып, пышағын тастап, берілуді талап еткенде, ол жақын тұрған қарт жұпқа жүгіріп барып, ер адамды пышақпен жаралады. Осыдан кейін ғана полицейлер оқ жаудырды. Қазір осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Анси прокуратурасы «кісі өлтіруге оқталу» және «қару-жарақ шабуылы» деректері бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Істі жүргізуге Ансидің екі тергеу судьясы тартылды. Айыптау сотқа дейін қаскүнемді қамауға алу туралы өтініш білдірді. Айыпталушы оған айып таққан тергеу судьяларымен сөйлесуден бас тартты», – деп нақтылады прокурор Лин Боннет-Матиз.

Прокурордың сөзінше, тергеушілер қылмыс жасалған күні сириялықтың ішімдік немесе есірткі қолданбағанын растады.

Жұма күні Франция президенті Эмманюэль Макрон жұбайы Брижитпен бірге Анси қаласына арнайы барып, ауруханада жатқан жаралылармен және шабуылдаушыны тоқтатпақ болған Анримен кездесті.

Жоғарыда прокурор айтқандай, қамауда отырған күдікті тергеу судьяларының сұрақтарына жауап беруден бас тартқан. Яғни, оның осындай қадамға баруға не түрткі болғаны белгісіз. Сирия азаматының өмірбаянын зерттеген француз бұқаралық ақпарат құралдары оның мұндай әрекетке баруына таяуда ғана Францияның оған босқын мәртебесін беруден бас тартқаны себеп болғанын жарыса жариялап жатыр.

Сонымен француз қоғамын дүр сілкіндірген қылмыскер кім? Енді осы сұраққа жауап беріп көрейік.

Әбделмасих – 1991 жылы қаңтар айында Сирияда туған. Сол елдің азаматы. Оған Швеция босқын мәртебесін берген. Мұндай мәртебені Италия мен Швейцария елдерінен де алған. 10 жыл бойы Еуропаның солтүстігіндегі скандинав елінде тұрған. Сонда Швеция азаматтығы бар отандасымен отбасын құрған. Үш жастағы қыздың әкесі. Алайда, бірнеше ай бұрын әйелімен ажырасып, Швециядан кеткен. Бұрынғы әйелінің айтуынша, Стокгольм Әбделмасихке Швеция азаматтығын беруден бас тартқан.

Осыған қапалы болған Әбделмасих бас сауғалап Францияға барған. Парижден босқын мәртебесін сұраған. Нақты айтқанда, 2022 жылдың 28 қарашасында Францияның босқындар мен азаматтығы жоқ адамдарды қорғау басқармасына өтініш берген. Оның 2013 жылы алған тұруға ықтиярхаты 2025 жылға дейін жарамды болған. Яғни, шетелдіктің Швецияда тұрақты тұруға құқығын растайтын құжаты негізінде Брюссель Әбделмасихке тағы екі жыл 27 елдің басын қосқан Еуропалық Одақта еркін жүріп-тұруға мүмкіндік берген. Сондықтан ол Францияда заңды жүрген. Дегенмен, француз жерінде үйсіз-күйсіз жүргені рас еді. Ансиде ол француз билігінің шешімін күтіп, көлдің жағасындағы қайғылы оқиға болған саябаққа жиі баратыны анықталды. Алайда, 2023 жылғы 26 сәуірдегі шешімімен Швеция оған босқын мәртебесін қайта бергендіктен, француз билігі Сирия азаматының өтінішін қанағаттандырмаған.

БҮКІЛ
ФРАНЦИЯ ЖҰРТЫН
ЕСЕҢГІРЕТКЕН
БҰЛ БІРІНШІ ЖАҒДАЙ ЕМЕС

Францияда босқындарға қатысты орын алған бұл бірінші жағдай емес. Қайғылы жағдайлар ауық-ауық болып тұрады. Соңғы рет бүкіл Францияны есеңгіреткен қайғылы оқиға 2,5 жыл бұрын орын алды.

2020 жылы 16 қазан күні Париж түбіндегі Конфлан-Сен-Онорин қаласында жан түршігерлік оқиға болды. 18 жастағы жігіт мұғалімнің басын кесіп алып, оның суретін Twitter-ге жариялаған және «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Теріс жолдың бастаушысы Макрон, мен Мұхаммед пайғамбарды қорлаған сенің иттеріңнің бірінің басын кестім!» деп жазба қалдырған. Көп ұзамай қылмыскердің өзі полиция қолынан қаза тапқан. Ол – 18 жастағы этникалық шешен Абдулах Анзоров. Мигрант отбасынан шыққан. Мәскеудің тумасы, соңғы 12 жылда Францияда тұрған.

Мәселенің мәнісіне қысқаша тоқталайық. Франция билігінің мәліметінше, қаза тапқан мұғалім – тарих және география пәнінен сабақ беретін 47 жастағы Самуэль Пати. Марқұм қаза табарының алдында, 5 қазанда 4-сынып оқушыларымен бірге сөз бостандығын талқылап жатып мысал ретінде «Charlie Hebdo» саяси-сатиралық журналында жарияланған Мұхаммед пайғамбардың карикатурасын көрсеткен. Содан мұсылман оқушы мен оның ата-анасы мұғалімнің сабақ беру тәсіліне қарсылық білдірген. Сондай-ақ, мектеп басшылығынан мұғалімді жұмыстан шығаруын талап еткен. Бірақ, демократиялық елде мұсылман ата-ананың талабы негізсіз саналған. Сөйтіп, кішкентай қаладан үлкен дау шыққан. Дау екі азаматтың өлімімен аяқталған.

Айта кетейік, 2015 жылы 7 қаңтарда атағы алысқа тараған «Charlie Hebdo» сатиралық журналының редакциясына ағайынды Саид және Шериф Куашилер шабуыл жасап, 12 адамның өмірін қиған. Құрбан болғандардың арасында журналдың бас редакторы мен екі полиция қызметкері де болған. Тағы 11 адам жарақат алған. Трагедияға сатиралық журналдың Twitter парақшасында жарияланған «Ирак пен Леванттың ислам мемлекеті» (ИГИЛ) атауымен құрылған лаңкестік ұйымның көсемі Әбу Бакр әл-Бағдадидің карикатурасы себеп болған.

САУ БАСЫНА
САҚИНА ТІЛЕП АЛҒАН
ҚАРТ ҚҰРЛЫҚ

Расында, қарт құрлыққа ағылған мигранттар мен босқындар Еуропалық Одақтың сау басына сақина болды. Жылдан жылға олардың қатары азаяр емес.

Босқындар ісі бойынша еуропалық агенттіктің (EUAA) мәліметінше, бір мамыр айының өзінде ЕО+ елдеріне (Еуропалық Одаққа мүше 27 мемлекет пен Норвегия және Швейцария) босқын мәртебесін алу жөнінде 92 мыңға жуық өтініш түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10%-ға көп. Былтыр EUAA мұндай 966 мың өтінішті қабылдаған.

Заңсыз көші-қон мәселесі де өткір күйінде қалып тұр. Барыс жылы 330 мыңнан астам адам Еуропалық Одақ аумағына заңсыз өтпек болған. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 64%-ға артық көрсеткіш.

Естеріңізге сала кетейік, биыл ақпан айының соңында Еуропадағы дәулетті өмірді аңсаған Иран, Ауғанстан және Пәкістан елдерінің 250 азаматы Түркиядан балық аулайтын қайықпен теңізге шығады. Бағыт – Италия. Леонардо да Винчи еліне заңсыз өтіп алғаннан кейін Еуропалық Одаққа мүше 27 елдің есігі ашылады. Бірақ, ол үшін ондаған адам отырған алақандай қайық күтпеген жерден болатын алып теңіздің дауылына төтеп беруі керек. Өкінішке қарай, бұл жолы мигранттардың үміті ақталмады. Қайық теңіз дауылына шыдас бермеді. Теңіздегі трагедия 59 адамның өмірін қиды. Олардың арасында шақалақтар да бар. Бұл мәселеге Брюссельдің де басы қатып жүр.

Жоғарыда жазғанымыздай, Еуропалық Одаққа 27 мемлекет мүше. Дегенмен, босқындар Румыния, Болгария, Венгрия, Словакия, Хорватия сияқты ортаңқол елдерде емес, экономикасы қуатты Германия, Франция, Италия, Австрия елдерінде тұрақтап қалғысы келеді. Өйткені, бұл елдерде босқындарға барынша жағдай жасалған. Бірақ, Берлин де, Париж де, Рим мен Вена да бәрін бірдей қабылдауға материалдық мүмкіндігі болғанымен, ондағы жергілікті халықтар босқындарды құшақ жайып қарсы алуға ниетті емес. Біріншіден, босқындар жергілікті жерге сіңісіп кете алмайды. Өзінің тілін, ділін, мәдениетін, өмір сүру салтын қоса ала келеді. Екіншіден, миграция еуропалық елдердің этникалық құрамын да өзгертіп жатыр. Мысалы, былтыр Германияға 1,1 млн босқын заңсыз келген. Соның салдарынан Германияның әрбір төртінші азаматы (24,3% немесе 20,2 млн адам) мигрант немесе бірінші буын мигранттарының ұрпағы саналады. Әрине, бұл немістердің ашу-ызасын тудырады. Франция мен Ұлыбританияда да дәл осы жағдай. Үшіншіден, босқындардың қатысуымен қылмыс көп тіркеледі. Оған Франциядағы соңғы оқиға куә.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Әрине, өз елінде ішерге тамақ, киерге киім таппай, тұрмыс тауқыметін тартқандарға жақсы өмір іздеп қарт құрлыққа жаппай аттанып жатқандары үшін кінә арта алмайсың. Әйтпесе, «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар». Дегенмен, олардың қатысуымен жиі болатын жантүршігерлік жағдайлар бұрын құшақ жайып қарсы алатын еуропалықтардың босқындарға деген көзқарасын түбегейлі өзгертті.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here