Сенаторлардың назарында – Каспий аймағы

0
382

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен болды.

Сенаторлар шара аясында ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің орналасқан жерінде болып, кемелер мен қайықтар, қару-жарақ пен әскери техниканың түрлері мен жасалған инфрақұрылымды көрді. Шекара қызметі мен Әскери-теңіз күштерінің «Сарбаз» және «Сардар» кемелері, сондай-ақ теңіз учаскесіндегі мемлекеттік шекараны күзету кезіндегі шекарашылар бөлімшелерінің өзара іс-қимыл жасау тәртібі депутаттарға таныстырылды.

Депутаттар «Темір баба» көпжақты автомобиль өткізу бекетінде, «Богет» шекара заставасында болды. Олар сондай-ақ осы нысандардың инфрақұрылымымен және жабдықталуымен, шекаралық және кедендік бақылау үдерісімен танысты.

Осы өткізу бекетінің жұмысын тоқтатпай қайта жаңғырту мен техникалық тұрғыда толық жабдықтау жұмыстарын жеделдету қажеттігі атап өтілді.

Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы Құрық теңіз портында өтті. Оған Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев және ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов қатысты.

Талқылау барысында шекараның ең шалғай шебінде қызмет атқаратын шекарашыларды тылда (әлеуметтік-тұрмыстық) қамтамасыз ету мәселелері бойынша жан-жақты әңгіме болды. Сумен, газбен және энергиямен қамтамасыз ету қажеттігіне жергілікті билік органдарының назары аударылды.

Отырысқа қатысушылар Шекара қызметін одан әрі дамыту, мемлекеттік шекараны күзету, браконьерлікпен күрес, отандық кеме жасау, әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері туралы пікір алмасты.

Сенаторлар сондай-ақ Қарулы Күштердегі саяси-тәрбие жұмысына, әскери тәртіп пен әскери қызметшілердің моральдық жағдайын нығайтуға байланысты проблемаларды көтерді.

Сенат комитетінің төрағасы Асқар Шәкіров көшпелі отырысты қорытындылай келіп, инфрақұрылымды одан әрі дамытудың және облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттырудың маңыздылығына назар аударды. Сенатор Каспий өңіріндегі көлік желісінің логистикасы мен еліміздің дамуына кешенді әлеуметтік-экономикалық әсер ететін жобалардың ерекше рөлін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық форумында сөйлеген сөзінде Транскаспий бағытымен ұштасатын және Қытайды Еуропа елдерімен байланыстыратын «Белдеу және жол» бастамасындағы Қазақстанның шешуші рөлін атап өтті. Бұл жобалар сауда, инвестиция және жалпы мемлекетіміздің тұрақты дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатын болады.

Сенаторлар өңірдегі кездесулер барысында елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы хабардар етіп, Қазақстанның сыртқы саясатының өзекті мәселелерін түсіндірді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here