Әскери қызметші суға батып бара жатқан баланы құтқарды

0
577

Адамның кез келген сәтте қол ұшын беруге дайын болу, шымыр әрі жүзе білу қабілеті суға кетіп бара жатқан қызды аман алып қалуда шешуші рөл атқарды. Оқиға биыл 21 шілдеде Ертіс өзенінде орын алды. Алматы облысы Кеген және Райымбек аудандарының Қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөлімі жинау бөлімшесінің бастығы майор Әділжан Слямов осы сәтте оқиға орнында болды.

Кезекті демалыста жүрген офицер Павлодар облысына анасы мен ағасын көруге келген болатын.

– Отбасымен табиғат аясында демалуға шамамен бір жарымда келдік. Шатырды құрып, орналасып, түскі асқа дайындала бастағанбыз. Осы кезде мен баланың «Мам» деген айқайын естідім, бұрылып қарағанымда, оның тек қолын ғана көрдім, – деді офицер.

Әскери қызметші бір мезет ойланбастан, ағысы қатты өзенге секіре кетті. Қыз батып бара жатқан жерге жүзіп жетіп, су астына сүңгіді. Әйтеуір Әділжан баланы бірден тапты. Ол бір қолымен қызды қапсыра, екінші қолымен жағаға қарай жүзе бастады. Судан шыққан соң бірден балаға алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Жеті жасар Айнараның анасы Құралай Иданова құтқарушыға шын жүректен шексіз ризашылығын айтты. Ал ұл мен қыз тәрбиелеп отырған бүгінгінің батыры мен оның жұбайы Бақытгүлге ата-ананың баласына деген ерекше сезімі бөтен емес.

– Бастысы қыздың амандығы. Оқиға басқаша өрбуі мүмкін екенін жақсы түсіндім. Сәтін салып, оны құтқара алдым, – деді Әділжан Слямов.

Әлеуметтік желілерде офицердің батыл әрекеті жайлы ақпарат тарамағанда бұл оқиға туралы ешкім білмейтін бе еді, бәлкім. Посттың астына жазылған пікірлерде: «Жақсы адам. Нағыз офицер. Еліміздің патриоты», «Әлемді ұстап тұрған осындай жақсы жандар», сол сияқты оқырмандар «үлкен жүректі адамның денсаулығы зор пен бақытты болсын!» деп жазды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here