Заң үстемдігі – тұрақтылық тірегі: құқық қорғау жүйесіндегі жаңа басымдықтар

0
67

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде қоғамдық тәртіптің мызғымас негізі – құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысы мен кәсіби қызметі, бұл салада жүргізіліп жатқан реформа – ішкі тұрақтылық пен азаматтардың құқығын қорғаудың басты кепілі екенін айтты. Президент осы жұмыстың негізгі басымдықтарына тоқталды. Біріншіден, «Заң және тәртіп» қағидатын жаппай дәріптеу, екіншіден, құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту, үшіншіден, қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру, жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау, төртіншіден, құқық қорғау органдарының жұмысына сервистік модель қағидаттарын кеңінен енгізіп, кадрлық әлеуетін күшейту қажет екенін айтып, жауаптыларға нақты тапсырма берді. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін Мемлекет басшысының құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде көтерілген құқық қорғау жүйесіндегі жаңа басымдықтарға тоқталады.

АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС АЗ ЕМЕС

23 маусым – Полиция күні мен Мемлекеттік қызметшілер күні. Осыған орай Мемлекет басшысы еліміздің құқық қорғау саласы мен мемлекеттік аппарат қызметкерлеріне арнап құттықтау сөз сөйлеп, олардың қоғамдағы маңызды рөліне тоқталды.

– Бүгін елімізде – Полиция күні және Мемлекеттік қызметші күні аталып өтуде. Сондықтан, алдымен, еліміздегі полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мейрамдарымен құттықтаймын. Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет. Сіздер заң мен тәртіпті сақтауға және азаматтардың құқығын қорғауға зор үлес қосып жүрсіздер. Қазір дүние жүзі алмағайып, бұлыңғыр, яғни, өте күрделі кезеңді бастан өткеруде. Осындай құбылмалы уақытта қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – айырықша маңызды міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атап өткендей, құқық қорғау жүйесін жаңғыртуда жаңа буынның орны ерекше.

– Сол себепті, бүгін біз алғаш рет осындай құраммен жиналып отырмыз. Құқық қорғау жүйесіндегі барлық жауапты құрылымдар жұмыла жұмыс істеуі қажет. Елімізде «Заң мен тәртіптің» қатаң сақталуына қоғам өкілдерінің қосар үлесі де орасан зор. Қазір осы жиынға орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары, депутаттар, сарапшылар және белсенді азаматтар қатысып отыр. Күштік құрылымдарды жаңғырту ісінде жаңа буынның атқаратын рөлі ерекше. Сол себепті, бүгінгі басқосуға академиялардың курсанттары да арнайы шақырылды. Трансұлттық қылмыстық топтармен күресу үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту өте маңызды. Осы жерде бүгін шетелдік полиция атташелері отыр. Құқық қорғау органдарымен жүргізіп жатқан халықаралық ынтымақтастық жұмысы үшін Сіздерге ерекше ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысы соңғы жылдары елімізде барлық салада ауқымды реформалар жасалып жатқанын, азаматтық жауапкершілік идеологиясы берік орныға бастағанын айтты.

– 2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайды. Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеді, ал кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30 пайызға кеміді. Қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80 пайызға азайды. Бұл – азаматтарымыз көшеде ештеңеден қауіптенбей, алаңсыз жүре алады деген сөз. Келесі маңызды міндеттің бірі – отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдер мен балаларды қорғау. Осы бағытта заңнамалық, институционалдық тұрғыдан батыл қадамдар жасалуда. Отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жаза едәуір күшейтілді. Бір жыл бұрын тиісті заң қабылданды. Заңға енгізілген түзетулер мен басқа да шаралар нақты нәтиже бере бастады. Орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді. Жалпы, соңғы 5 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе азайды. Ең бастысы, қазір қоғамдық сана түбегейлі өзгеріп жатыр. Азаматтарымыздың бойында отбасындағы қатігездік пен озбырлыққа мүлдем төзбеушілік қасиеті қалыптасуда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, құқық қорғау органдары түбегейлі өзгерістерге дайын болуға тиіс. Түйткілдің бәрін жан-жақты ойластырып, жоспарлы түрде шешу қажет. Құзырлы органдардың негізгі мақсаты – нақты нәтижеге қол жеткізу.

САЛАДАҒЫ СОНЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Президент атап өткендей, қоғамның құқықтық мәдениетін арттырып, құқық қорғау жүйесін жетілдіру қажет.

– Біріншіден. Біз «Заң және тәртіп» қағидатын жаппай дәріптеуіміз керек. Қазақ халқы қай заманда да заңға бас иген, дала заңын сақтаған халық. Бұл – біздің қанымызға сіңген қасиет. Түрік қағанаты, Алтын Орда мен Қазақ хандығы мықты мемлекеттік құрылымы, бірегей құқықтық жүйесі бар қуатты ел болғаны бәрімізге аян. Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын Ұлы даланың конституциясы деуге болады. Атадан балаға жалғасқан бұл заңдар мемлекеттілік дәстүрін нығайта отырып, қоғамдық дамуға ерекше ықпал еткен. Ұлы далада еркіндік пен әділдік, ар-намыс пен адамгершілік, тілеулестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұрған. Сондықтан, «Заң және тәртіп» қағидаты ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келеді. Біз ата-бабамыздың бірегей құқықтық мұраларын мұқият зерделеп, жан-жақты насихаттауымыз керек. Бұл – халқымыздың құқықтық сана-сезімін арттыратын маңызды фактордың бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Заң – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны.

– Біз осы ақиқатты терең түсінетін азаматтық және мәдени орта қалыптастыруымыз қажет. Тәртіп – жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну – әркімнің өмір салтына айналуға тиіс. Мемлекеттік аппарат пен бүкіл қоғам жұмылып жұмыс істесе, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Озық ойлы ұлт болу үшін әдептілік, өзара құрмет, ұстамдылық, сыпайылық сияқты қасиеттерді барынша дәріптеген жөн. Азаматтарымыз әдеп пен заңды мәжбүрлікпен емес, саналы түрде сақтауы керек. Заң мен тәртіп басты құндылыққа айналса, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, есірткі саудасы, лудомания сияқты қатерлердің тамырына балта шабылады. Біз былтыр Ұлттық құрылтайда осы әлеуметтік кеселдермен ымырасыз күрес мәселесін талқыладық, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент «Заң және тәртіп» қағидаты жауапкершілікті сезіну мәдениетімен тығыз байланысты екенін айтты, сондықтан «Заң және тәртіп» апталығын жариялады. Дегенмен, бұл бір реттік акция емес. «Заң және тәртіп» апталығына азаматтардың құқықтық сана-сезімін көтеретін маңызды, жүйелі шара ретінде қараған жөн.

– Екінші. Құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Қылмыс оған қолайлы жағдай жасаған жерде өршиді. Қылмыстың және заңға қайшы әрекеттердің салдарымен ғана күресуге болмайды. Қылмысқа түрткі болатын себептерді алдын ала анықтап, жойып отыру қажет. Менің тапсырмаммен «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заң жобасы әзірленіп, Мәжілістің қарауына берілді. Жаңа заң аталған саладағы мемлекеттік саясатты біріздендіріп, профилактикалық шаралармен қамтылатын тұлғалардың санатын кеңейтеді. Мұндай заң сөзсіз керек. Сондықтан, мейлінше тез қабылдау қажет. Парламент депутаттарынан заң жобасын жылдың соңына дейін қарап, қабылдауды сұраймын. Заңнамалық өзгерістермен қатар, ұйымдық құрылымды да жаңғырту қажет. Ішкі істер министрлігі жүйесінде профилактикалық жұмыстарды үйлестіретін дербес бөлімше құратын уақыт келді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының сөзінше, құқық қорғау органдарының тиімділігін бағалау жүйесіне де өзгеріс қажет. Онда құқық бұзушылықты ескерту бағытындағы жұмыс нәтижесі есепке алынуға тиіс.

– Қылмысқа көбінесе тұрмысы нашар отбасыдан шыққан адамдар барады.  Алдын алу шараларын жүзеге асырғанда дәл осы санатқа айрықша назар аударған жөн. Бұл ретте әлеуметтік қорғау органдары мен жергілікті билік маңызды рөл атқарады. Көптеген құқық бұзушылық ұқсас жағдайда, бірдей факторлардың әсерінен орын алады. Тиісті деңгейде талдау жасалса, оны дер кезінде ауыздықтауға болады. Басқаша айтқанда, қылмыс қаупін болжау және оған қарсы іс-қимыл жүйесін қайта қарау керек. Ол үшін Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Аталған ведомство жай ғана есеп сақтайтын орын емес, қоғамдық қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерді анықтайтын және ескертумен айналысатын орталық болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президенттің пікірінше, жасанды интеллект пен «үлкен дерекқор» мүмкіндіктерін жұмылдыру қажет. Көп ұзамай іске қосылатын суперкомпьютерімізді осы мақсатта пайдалануға болады. Жалпы, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына цифрлық технологиялар мен басқа да озық шешімдерді енгізуді жалғастыру керек. Мұнда салалық министрлік негізгі рөл атқарады. Жұмыс үдерісін барынша цифрландыруды тапсырамын. Бұл тиімділікті арттырып, жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

– Жасанды интеллект технологиялары құқық қолдану тәжірибесін стандарттауға көмектеседі. Бұл, өз кезегінде, бірдей қылмыстық әрекет мүлде әртүрлі бағаланатын және азаматтарды қылмыстық процеске негізсіз тартатын жағдайды болдырмауға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері Президент Әкімшілігіне дәл осындай, яғни сотқа дейінгі іс жүргізу мәселесі бойынша үш мың шағым келіп түсті. Сондықтан, цифрлық технологияның мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет. Мысалы, қазір елімізде іске қосылған «Заң мен тәртіп» платформасын Электронды үкімет пен танымал банк қосымшалары арқылы қолдануға болады. Осы цифрлық платформаның арқасында азаматтарымыз полицияға тікелей және жедел түрде хабарлама жолдай алады. Осылайша, кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруға ықпал етеді. Мен Ақтөбе облысына сапарым кезінде Жедел басқару орталығында болдым. Орталықта жасанды интеллектінің көмегімен қаладағы ахуалға тәулік бойы бейнебақылау жүргізіледі. Полиция қызметінің тиімділігін арттыратын осындай орталықтарды еліміздің барлық қаласы мен ауданында ашу қажет. Әкімдер бұл жұмысқа белсенді түрде кірісуге тиіс. Бұдан бөлек, «Қауіпсіз қала» ұлттық платформасын іске қосу керек. Бұл – қаладағы бейнебақылау құралдары енді адамның бет-жүзін анықтап, оның жүріс-тұрысына талдау жасап, көшедегі көлікті де есепке алады деген сөз. Мұндай озық технологиялар түрлі заңсыздықтың алдын алуға мүмкіндік береді, сол арқылы қоғамдық тәртіпті нығайта түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы интернет және телефон алаяқтығының алдын алу мәселесіне арнайы тоқталды. Оның атап өтуінше, өткен жылы Ұлттық банк жанынан заманауи антифрод-орталық ашылды. Олар күмән тудырған операцияларды анықтап, бұғаттап отырады.

– Алаяқтар ақшаны жылыстататын немесе сыртқа шығаратын құйтырқы айлаларына адамдарды алдап түсіреді. Бұл да үлкен проблемаға айналды. Азаматтарымыз пайдаға кенелеміз деп оларға банк есепшоттарын беріп қояды. Бірақ, бұл әрекеттерінің салдары қандай ауыр болатынын ойлай бермейді. Соңғы бір жарым жылда 50 мыңнан астам адам осындай жағдайға душар болды. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі – жастар. Бұл мәселеге қатысты шұғыл шара қабылдау керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен бірге осындай шоттарды алдын ала анықтап, бұғаттайтын тиімді жүйені жолға қойғаны жөн, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президенттің айтуынша, аталған мәселенің бір ұшы бақылаусыз сим-карта айналымына келіп тіреледі. Тек биылдың өзінде сим-карталарды басқа біреудің атына рәсімдеген 100 мыңға жуық факті анықталды. Нөмірлерді түрлі қылмыстық мақсатқа пайдаланады. Үкіметке уәкілетті органдармен бірлесе сим-карталарды сату тәртібін реттеуді және оларды таратқаны үшін мобильді операторлардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырды.

– Үшінші. Қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру, жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Осыдан үш жыл бұрын елімізде жалпыұлттық референдум өтті. Азаматтарымыздың көпшілігі Ата заңға түзету енгізуді қолдап дауыс берді. Реформаның нәтижесінде еліміздің саяси құрылымы түбегейлі жаңғырды. Адам құқықтарын қорғау жүйесінде ауқымды өзгерістер жасалды. Конституциялық Сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілді. Оның құзыреті кеңейді. Өлім жазасы біржола алынып тасталды. Мұның бәрі – Конституциямызға тән ізгілік рухының көрінісі. Себебі, Ата заңымызға сәйкес адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, бұл – ең қымбат қазына, – деді Мемлекет басшысы.

ІЗГІЛІКТІҢ БАСТАУЫ – ҚАЙЫРЫМДЫ ҚОҒАМ

– Биыл Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толады. Осыған орай, құқық қорғау құрылымдары, депутаттар мен құқық қорғаушылар сотталған азаматтарға рақымшылық жасау туралы бастама көтерді. Парламент тиісті заңды қарады, мен бұл заңға қол қойдым. Осы ізгі шараның арқасында жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды. Соның екі мыңнан астамы бостандыққа шығады. Қалғандарының жаза мерзімі қысқарады. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар ғана рақымшылыққа ілінеді. Ең алдымен, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын адамдарға, яғни, баласы бар әйелдерге, егде адамдарға, кәмелет жасына толмағандарға және осы санаттағы басқа да азаматтарға кешірім беріледі.  Мұны жаза басқан жандарға жасалған нақты көмек, олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау деп түсіну қажет. Әл-Фарабидің сөзімен айтсақ, бұл – шын мәнінде қайырымды елге тән сипат, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысының айтуынша, мемлекет шалыс қадам басқан азаматтан теріс айналмайды, тек оның тура, дұрыс жолға түсуіне жәрдем береді. Өйткені, әділетті елдің соты – әділ, ниеті түзу болуға тиіс. Бірақ, рақымшылық жасау дегеніміз, бұл – барлық мәселенің шешімі емес, бір реттік қана шара екенін түсінген жөн.

– Сондықтан, осы бағытта нақты нәтиже болу үшін қылмыстық атқару жүйесін барынша жетілдіру қажет. Негізгі мақсат – сотталған адамды қоғамнан алшақтату емес. Тиісті тәрбие жұмысын жүргізу өте маңызды. Олардың бойына заң мен тәртіп құндылығын сіңіретін және қалыпты өмірге оралуына ықпал ететін озық тәсілдерді енгізу керек. Мәселен, кейбір елде жазасын өтеушілер «қамау мерзімін қысқартуға» мүмкіндік беретін шараларды қолдана алады. Абақтыда ескерту алмаған, жаңа білім игерген, спорттық-мәдени шараларға қатысқан адамдарға осындай жеңілдік беріледі. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, осы мәселені мұқият пысықтауы қажет. Шетелдің озық тәжірибесін зерттеген жөн. Бұл жұмысқа отандық сарапшыларды да тарту қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, жазасын өтеп жүргендерді қалыпты өмірге дайындаудың тағы бір тиімді жолы – еңбекпен, яғни, жұмыспен қамту. Бұл бағытта біраз түйткілдер бар, нақты шаралар қолдану керек.

– Осы орайда біздің кәсіпкерлеріміз жазасын өтеу мекемелерінің жанынан түрлі кәсіпорын ашу мүмкіндігін қарастыруы керек деп ойлаймын. Мұндай серіктестік шетелде кең тараған. Бұл шараның екі жаққа да тигізер пайдасы мол. Жазасын өтеп жүргендердің тапқан табысы бостандыққа шыққан соң олардың қалыпты өмірге оралуына көмектеседі. Ал, өндірісте меңгерген дағдысы жақсы жұмыс табуына жол ашады. Жалпы, бизнес өкілдері қылмыстық-атқару жүйесімен жан-жақты ықпалдастық орнату жолдарын мұқият саралағаны жөн. Мысалы, еліміздегі компанияның бірі өз қаржысын жұмсап, Алматыда кәмелет жасына толмаған құқық бұзушыларға арналған заманауи тәрбиелеу мекемесін салып жатыр. Үкімет мұндай тәсілді белсенді түрде қолдануы керек, басқа компанияларды осындай серіктестікке тарту қажет. Біз қазір қылмыстық жаза саясатын мейлінше ізгілендіруге, жетілдіруге баса мән береміз, яғни бас бостандығынан айырудан бөлек жаза түрлеріне басымдық беріледі. Бұл пробация қызметіне анағұрлым көп салмақ түседі деген сөз. Сондықтан, аймақ әкімдері осы салада жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік жағдайын біртіндеп жақсарту жолдарын қарастыруы керек. Сондай-ақ, пробациялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуды қолға алу қажет. Пробациялық бақылауды тиімді жүргізуге септігін тигізетін цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізген жөн, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысының сөзінше, біз кез келген мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуіміз керек.

– Қылмыстық-атқару жүйесінің басты мақсаты тек жазалау деген түсініктен арылу қажет. Қателік жасап, қамауға түскен адамды жаншып, басып тастауға тырысу – дұрыс емес, біз ондай адамның тура жолға түсіп, түзеліп кетуіне қол ұшын беруіміз керек. Бәріміз бір ел болып өркениетті, озық және әділетті қоғам құрып жатырмыз. Заң да, сот та – әділ болуға міндетті. Бұл – мызғымас қағида, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫН ҚОРҒАЙТЫН КЕШЕНДІ ШАРА

Президенттің төртінші бағыты – құқық қорғау органдарының жұмысына сервистік модель қағидаттарын кеңінен енгізіп, кадрлық әлеуетін күшейту.

– Полиция мен басқа да құрылымдар билік және қоғам арасын байланыстыратын алтын көпір болуға тиіс. Ол үшін «Мемлекет пен азамат – біртұтас» деген іргелі қағидатымызға толық сай келетін халықпен қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастыру керек. Бұл бағытта ілгерілеу бар. Бірақ қабылданған шаралар әлі тиімділігін көрсетпеді, өйткені бірізділік жоқ. Халықпен тікелей жұмыс істеуге кедергі келтіретін басы артық бюрократиядан арылу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, реформалардың шынайылығына, әділдікке және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне азаматтардың сенімі көбіне құқық қорғау органдарының кәсіби деңгейіне байланысты.

– Учаскелік инспекторлардың әлеуетін одан әрі нығайту қажет. Себебі, олар іс жүзінде мемлекет мен қоғам арасындағы басты дәнекер саналады. Әсіресе, бұл ауылдық жерде анық байқалады. Өйткені жергілікті тұрғындар үшін учаскелік инспектор – қорғаушы, құқықтық кеңесші, тіпті, әділдік сұрап жүгінетін соңғы инстанция. Менің ойымша, ауылдағы учаскелік инспекторларға шен берген кезде жеңілдік жасап, яғни бір жылдық еңбек өтілін 1,5 жыл деп есептеу қажет. Ауылдағы учаскелік инспекторларды баспанамен қамтып, материалдық-техникалық базасын нығайту керек. Өңір әкімдері осы мәселеге мұқият назар аударғаны дұрыс, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президенттің сөзінше, учаскелік полицияны жаңғыртумен қатар патрульдік бекеттер қызметінің жұмысын қайта қарау қажет. Патруль қызметкерлері азаматтармен жұмыс барысында әдеп сақтап, кәсібилік танытқаны жөн. Өз кезегінде азаматтар да полицияның заңды талабына бағынуға міндетті. Әйтпесе көшеде тәртіп болмайды. Жалпы азаматтардың қауіпсіздігі мен заң талаптарын мүлтіксіз сақтау үшін құқық қорғау жүйесін одан әрі реформалау керек. Бірақ, реформалар реформа үшін ғана жасалмайды. Басты мақсат – қоғамның құқық қорғау жүйесіне сенімін арттыру. Кейбір қызметкерлердің әділетсіз немесе немқұрайды әрекеті күштік құрылым өкілдерінің атына кір келтіреді.

– Азаматтар мен бизнестен заңды талап еткенде, өздеріңіз лайықты үлгі көрсетулеріңіз қажет. Сонда ғана полиция қызметкерлері мен азаматтар арасында сенімді әріптестік орнайды. Құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру қаншалықты табысты болатыны сіздерге байланысты. Бұл ретте мемлекет қоғам қауіпсіздігі мен елдегі заң үстемдігін қамтамасыз ететін жандарды жан-жақты қолдауға әрқашан айрықша мән береді. Менің тапсырмаммен биылдан бастап күштік құрылымдар еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшті. Бұл тәсіл, ең алдымен, аудан деңгейіндегі қызметкерлердің жалақысын көтеруге мүмкіндік берді. Мәселен, үш жылдық тәжірибесі бар полиция жедел уәкілінің еңбекақысы 60 пайызға өсті. Біз тәртіп сақшыларын құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғау үшін кешенді шаралар қабылдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, ведомстволық жоғары оқу орындары курсанттарына жағдай жасап, ынталандыру маңызды. Олар – біздің күштік құрылымдардың болашағы. Оқуда үздік нәтиже көрсеткен және үлгілі тәртібімен ерекшеленген академия түлектеріне бірден «аға лейтенант» шенін беру қажет деп санаймын. Сондай-ақ, оларға бос жұмыс орындарынан өзі қалаған қызмет түрін таңдауына мүмкіндік берілуі керек. Президент Үкімет заңға енгізілетін өзгерістерді әзірлеуі қажеттігін айтты.

– Былтыр Президент Әкімшілігінің бастамасымен құқық қорғау органдарының кадрлық құрамын цифрлық бағалау жүйесі енгізілді. Бұл объективті дербес рейтинг қалыптастыруға мүмкіндік берді. Құқық қорғау органдарының басшыларына қызметкердің лауазымын жоғарылатқанда және көтермелегенде негізінен цифрлық бағалауға сүйенуді тапсырамын. Тағайындаулар біреуге бүйрегі бұратын субъективті шешімге емес, лайықты еңбекке, нақты көрсеткіштер мен кәсіби жетістіктерге негізделуге тиіс. Әйтсе де, Ли Куан Ю айтқандай ішкі түйсікке де иек артқан жөн. Әрбір офицер адал қызметінің лайықты бағаланатынына сенімді болуы керек. Жалпы, бүгінгі айқындалған бағыттар құқықтық тәртіп пен заңдылықты сақтаудың жаңа моделін қалыптастыруды көздейді. Институттық реформалар мен технологиялық жаңашылдықтарды ұштастыра отырып, құқық қорғау органдарын одан әрі жаңғырта беруіміз керек. Мен бір апта ішінде құқық қорғау органдарындағы олқылықтардың барлығы көрсетілетін материал дайындау жөнінде тапсырма бердім. Мұнда қызметке де байланысты кемшіліктер бар. Сондықтан біз бүгін ол туралы егжей-тегжейлі айтпаймыз. Дегенмен мәселенің шет жағасы қозғалды. Бір апта ішінде құжат барлық құқық қорғау органына жіберіледі. Одан кейін біз жабық форматта жиын өткізіп, жұмыс барысын талқылаймыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент азаттық жылдарында 842 азамат қызметтік міндетін орындау кезінде қазаға ұшырағанын, 4,5 мың адам жарақат алғанын да айтты.

– Бүгін біз қаза болған ерлеріміздің жақындарына марапат тапсырамыз. Ержүрек сақшылардың ерлігі халыққа жанқиярлықпен қызмет етудің үлгісі ретінде жұртымыздың жадында сақталуға тиіс. Осы орайда, мен мекемелік наградаларға қызмет бабында қаза болған қаһармандардың есімін беру мәселесін қарастыруды ұсынамын. Сондай-ақ, көшелер мен құқық қорғау мекемелерін батырлардың атымен атауға болады. Мұндай тәжірибе елімізде бұрыннан бар. Лаңкесті ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың есімі Тараздағы орталық көшелердің біріне берілді. Қаладағы оқу-жаттығу полигоны да батырдың атымен аталған. Таяуда оның өмірі мен ерлігі туралы «Капитан Байтасов» атты көркем фильм көрермен назарына ұсынылмақ. Өрт сөндіру кезінде опат болған Асқар Забикулин де елдің есінде. Астанадағы Өрт сөндіру бөліміне және сол бөлім орналасқан көшеге оның есімі берілді. Бұл азаматтарды нағыз бейбіт күннің батырлары деуге болады. Олар ақтық демі қалғанша антқа адал болды, қызметтік парызын өтеу жолында өз өмірлерін құрбан етті. Елге және заңға қызмет етуге бел буған әрбір азамат адамгершілік пен әділдік құндылықтарын басшылыққа алады. Қылмысқа қарсы күресті қастерлі парыз деп санайды. Мұндай қасиеттер адамға, ең алдымен, отбасындағы тәрбие арқылы беріледі. Құқық қорғау саласында ата-анасының жолын қуып, отбасы дәстүрін жалғастырып жүрген қызметкерлер аз емес. Қазір біз үш атадан бері тәртіп сақшысы болған Зайнулиндер әулетінің өкілдерін марапаттаймыз. Мен бүгін барша құқық қорғау жүйесінің ардагерлеріне зор алғыс айтамын. Сіздердің мінсіз қызметтеріңіз – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында Мемлекет басшысы Қазақстан қауіпсіз, заң мен тәртіпке бағынатын ел болуы керек екенін айтты.

– Сондықтан, менің тапсырмам бойынша Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесі бір аптаның ішінде Құқық қорғау органдарының жұмысы туралы арнайы талдау дайындауы керек. Барлық түйткілдерді ашық түрде көрсетеді, мәселелерді шешу жолдарын ұсынады. Бұл – өте маңызды жұмыс, оны жалғастыру қажет. Түптеп келгенде, біздің басты бағдарымыз – айқын. Бұл – заң мен тәртіп қағидаты, – деп сөзін түйіндеді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Полиция күніне арналған концертті тамашалады. Концертте отандық өнер шеберлерінің шығармалары ұсынылды. Кәсіби міндетін орындау кезінде қаза болған құқық қорғау органдарының қызметкерлерін еске алған реквием көпшіліктің көңілін қозғады. «Жас сақшы» полиция сыныбы оқушыларының орындауындағы ән де ерекше жылы әсер қалдырды.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here