Ғылыми қызмет қашанда жанкешті жұмыс. Жасаған азды-көпті ғұмырында ғылыммен шұғылданып, оған жастарды баулумен шәкірт тәрбиелеп, баянды табыстарға кенелер азаматтар қатары некен-саяқ. Тағдыр сынағының өткелдерінде таңдаған жолынан таймай, сын сағаттарда шыңдалып, қызметіне беріліп жан-тәнімен ақтарыла атқару кемел тұлғалардың ғана қолынан келеді. Сондай абыз жаннан тәлім-тәрбие алу бақыты бұйырып, үйреткен тағылымдары өмірлік темірқазық болар, өнегелі өсиеттері еске оралып отыратын құрметті ұстазымыз, тамаша ғалым-энергетик – Тохтибакиев Кармель Камилұлы 2025 жылдың 22 мамырында ұзаққа созылған науқастан қайтыс болды.
Кармель Камилұлы 1951 жылы 17 наурызда Алматы облысының Ұйғыр ауданына қарасты Кетмен ауылында дүниеге келген. Ол бес ағасы мен екі қарындасы бар көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Бастауыш мектепті ауылында оқыды. Оның балалық шағы отбасылық салт-дәстүрге берік, ілтипат мен қамқорлыққа толы, адамгершілік асыл қасиеттер – қарапайымдылық құндылықтар мен еңбектенудегі табандылықты сіңіріп өскен ортада өтті. Мектепте жаратылыстану пәндеріне деген зейінділігімен бөлектенетін. Ұйғыр ауданының орталығы – Шонжы ауылында орта мектепті үздік бітіргенде оның жарқын болашағына ұстаздары үлкен үміт артты. Бір жағынан Кармель ағамыз жасынан сымбатты, шашы қою қара, гусар мұрты және сүйкімді күлкісімен ерекшеленіп тұратын.
1969 жылы Кармель Камилұлы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының «Электр жүйелері мен желілері» мамандығы бойынша оқуға түсті. Талапты студенттің білім-ғылымдағы ізденісі, қажырлы еңбегі ақталып, 1974 жылы алған «инженер-электрші» дипломымен бірден ғылымға бет бұрды. Алғашқы еңбек жолын сол жылдың тамыз айында Бүкілодақтық мемлекеттік жобалау-іздестіру және ғылыми-зерттеу институтының Ортаазиялық бөлімшесінің қазақ кешенді жобалау бөлімінің (КЖБ) базасында құрылған «Энергожүйежобасы» институтының (Алматы қ.) қазақстандық бөлімшесінде бастады. Инженер болып бастап кейін ол ғылыми қызметкер лауазымына, кейін Қазақстанның электр энергетикалық жүйелері секторының меңгерушісі дәрежесіне дейін өсті. «Энергожүйежобасы» институтының ұсынысы бойынша ол Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық Электр энергетикасы ғылыми-зерттеу институтының (БЭҒЗИ) аспирантурасына сырттай түсті.
«Энергожүйежобасы» жұмысымен қатар Кармель Камилұлы ғылыми-зерттеу қызметімен белсенді айналысты және 1983-1987 жылдар аралығында апатқа қарсы автоматика құру және энергетикалық жүйелердің тұрақтылығын сақтау тақырыбында ғылыми жұмысын жазды. Диссертацияны сәтті қорғағаннан кейін БЭҒЗИ (Мәскеу қ.) 1989 жылы оған техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі берілді.
Тапжылмастан 24 жыл «Энергожүйежобасында» жұмыс жасап, мол тәжірибе жиған ғалым ағамыз, инженер-электрші мамандарын даярлаудың өскелең буынына айтары мен берері бар екенін ойлап, 1998 жылы Алматы энергетика және байланыс институтына (АЭБИ) «Электр жүйелері мен желілері» кафедрасының доценті лауазымына келді. 2001 жылдың сәуірінде оған академиялық доцент атағы берілді. 2023 жылдың тамыз айында Кармель Камилұлының ұзақ жылдарғы ғылыми-педагогикалық еңбегін бағалап Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің (АЭжБУ) еңбегі сіңген профессоры құрметті атағы берілді.
Энергетика саласындағы өндірістік және ғылыми-зерттеу жұмыстарында айтарлықтай тәжірибесі бар Кармель Камилұлы студенттерге «Электр жүйесіндегі электр магниттік және электр механикалық өтпелі үдерістер», «Жобалау», «Энергетикалық бірлестіктердің режимдерін диспетчерлендіру және басқару» сияқты бірқатар күрделі курстардан сабақ берді. Ұзақ жылдар ғылыми-педагогикалық қызметі барысында Қазақстан Республикасының энергетика саласы үшін 300-ден астам кәсіби мамандарды шығаруға үлесін қосты, 50-ге жуық магистрант және 5 докторант даярлады. Өз отбасының қуаныштары ұлы Равиль мен қызы Заринаны да жаны сүйетін, өзі қызмет жасап жүрген электр энергетикасы мамандықтарына баулыды.
Кафедрада сабақ берумен қатар Кармель ағамыз Қазақстанның энергетика секторы үшін аса маңызды жобаларды орындап, терең ғылыми-зерттеу қызметпен айналысуды жалғастырды. АЭжБУ-дегі жетекшілік жасаған «Зияткерлік электр энергетикалық жүйелер» тақырыптық ғылыми-зерттеу зертханасы оның бар өмірінің мағынасы, шығармашылыққа бөлеген жобасы еді. Шынайы ғалым, үлкен жүректі ұстаз шәкірттерінің ұлтына, шыққан тегіне қарамастан өз білгенін тынбай үйреткен шыдамдылығы мен тектілігі тамсандыратын.
Соңғы онжылдықтарды Кармель Камилұлы денсаулығының қалжырататын кеселіне қарамастан, «Электр энергетикалық жүйелер» кафедрасында зерттеуші профессор және «Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті» КеАҚ-да «Smart Power Grid» ғылыми-техникалық орталығының басшысы лауазымын қоса жүргізіп, сүйікті жұмысын жанкештілікпен атқарды.
Кармель Камилұлы өз ісіне берілген, жаңалыққа жаны құштар ғалым болды және еліміздің электр энергетикасы саласының нысандарына енгізілген бірқатар ғылыми және инновациялық шешімдерді әзірледі. Ғалымның кемелдігі, ізденіс нәтижесі ғылыми-зерттеу қызметінің технологиялық және экономикалық әсері Қазақстанның БЭЖ электр энергетикалық жүйесінің сенімділігі мен экономикалық тиімділігін еселеп арттыру арқылы бағаланады. Ендеше жемісті қызметінде Кармель Камилұлы 70-тен астам ғылыми жобалардың авторы болды, олардың ішіндегі аса маңыздыларына тоқталар болсақ:
– Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінің іргелес мемлекеттерімен электр энергиясының мемлекетаралық ауысымдарын бақылау мен есепке алудың автоматтандырылған жүйесі (ЭКЕАЖ). Жоба 2009 жылы енгізілді және электр энергетикасы жүйелерінің параллель жұмысы туралы шарт шеңберінде өткізілетін электр энергиясын есепке алудың 100-ден астам торабын қамтыды. ҚР ҚМ КБК ЭКЕАЖ жобасы Еуразиялық экономикалық одақ пен ТМД-ға мүше мемлекеттерде танылды. Қазіргі уақытта ЭКЕАЖ деректерін, оның ішінде Қазақстан Республикасының салық органдары да пайдаланады;
– «Аварияға қарсы автоматиканың орталықтандырылған жүйесін (ААОЖ)» құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу. 2020 жылдан бастап «KEGOC» АҚ енгізілді. Бұл жоба Қазақстанның бірыңғай энергетикалық жүйесін аварияға қарсы басқарудың сенімділігін бірнеше есе арттыруға жол ашты;
– «Жиілік пен қуат ауысымдарын реттеудің автоматты жүйесін (ЖҚАР)» құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу. 2020 жылдан бастап «KEGOC» АҚ енгізілді. Бұл жоба алғаш рет отандық электр станцияларын нақты уақыт тәртіптемесінде қуат пен жиілік ауысымдарын реттеуге қосуға мүмкіндік берді;
– WAMS синхрофазорлық өлшеу негізінде алгоритмдерді әзірлеу және WACS автоматикасын құру бойынша техникалық-экономикалық зерттеулер. 2021 жылдан бастап «KEGOC» АҚ енгізілді. Бұл жоба «Солтүстік-Оңтүстік» транзитінің өткізу қабілетін 12%-ға немесе 250 МВт-қа арттыруға мүмкіндік берді, бұл тұтынушыларды Қазақстанның БЭЖ оңтүстік аймағының тұтынушыларын, әсіресе күзгі-қысқы кезеңде электр қуатпен қамтамасыз етудегі маңызды жетістік болып табылады.
Аталған жобалар Қазақстанның «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік даму бағдарламасына енгізілген.
Сондай-ақ, Кармель Камилұлы Қазақстан БЭЖ мен Орталық Азия БЭЖ-нің 2030 жылға дейінгі бірлескен даму тұжырымдамасын әзірлеудің авторы болды. Бұл зерттеу Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш рет орындалды.
Кармель ағамыз ғылыми қызметінде Қазақстанның өңірлік электр желілік компанияларын (ӨЭК) назардан тыс қалдырған жоқ. Оның электр қуатының жоғалтуын төмендету бойынша жобалары әзірленіп, сәтті енгізілді. Олардың ішінде:
– «Атырау-Жарық» АҚ қалалық электр тарату желілеріндегі реактив қуаттың өтемделуі;
– «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ электр желілеріндегі реактив қуаттың өтемделуін икемді реттеу.
Табиғи монополиялар саласында көптеген жылдар бойы Кармель Камилұлының электр қуатын жоғалтудың нормативтік деңгейін бағалау бойынша сарапшы ретінде қызмет етті. Жұмыс барысында келесі компанияларға техникалық сараптама жүргізілді:
– «KEGOC» АҚ;
– «АлатауЖарықКомпаниясы» АҚ;
– «Атырау-Жарық» АҚ;
– «Батыс Қазақстан АЭЖК» АҚ;
– «Ақмола ЭҮК» АҚ;
– «ҚазТрансОйл» АҚ;
– «Көкшетау Энерго» АҚ;
– «Маңғыстау ӨЭК» АҚ;
– «Жамбыл электр желілері» ЖШС;
– «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» РМК;
– «Костанайский Энерго Центр» ЖШС;
– «Қазақстан Темір Жолы ҮК» АҚ.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы бойынша ғылыми жобаларды орындау бөлігіндегі аяқталған маңызды жобалары:
– Белсенді-бейімдеу желісін құру базасында Қазақстанның ҰЭЖ электр желілерінің өткізу қабілетін және басқарылуын арттыру. «KEGOC» АҚ-ға енгізу;
– ЖЭК бар автономды жүйелерді қамтитын мұнай-газ кешендерінің электр желілерінің тәртіптік сенімділігін бақылау мен болжаудың зияткерлік жүйесі. «Маңғыстауэнергомунай» АҚ-ға енгізу.
ХХІ ғасырдың басында, елдің электр энергетикасы саласын қайта форматтау қажеттілігі туындаған кезде, Қазақстан Республикасының электр энергетикасындағы нарықтық қатынастарды одан әрі дамыту тұжырымдамасын әзірлеуге қатысты. Университетіміздің ректоры т.ғ.к., профессор Ғұмарбек Жүсіпбекұлы Дәукеевтің жетекшілігімен және т.ғ.к., профессор Алмас Аусыдықұлы Жакуповпен бірлесіп тиімді тарифтік саясатты қалыптастыру жөніндегі ғылыми-зерттеу жобаларына қатысты.
Ғылыми жобаларды орындау кезінде Кармель Камилұлы әрқашан өз жұмысы үшін жауапкершілікті алып, жобаның ғылыми жетекшісі немесе бас инженері ретінде қызмет етті. Ол әрдайым түпкі мақсаттарға қол жеткізуде және күрделі жобаларда тапсырмаларды орындауда кәсіби және асқан төзіммен, сондай-ақ жастармен және университет қызметкерлерімен бір командада жұмыс істеу, жоғары біліктілігі, дарынымен ерекшеленді.
Күрделі жағдайларда ерекше шешімдерді табу қабілеті үшін ірі электр желілік компаниялардың («KEGOC» АҚ, «Атырау-Жарық» АҚ, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ және т.б.) басшылары Кармель Камилұлын әрдайым құрметтеді және бағалады, кәсіби пікірлерімен санасып, алғыстар жолдаумен болды.
Жемісті қызмет жылдарында Кармель Камилович атқарған жұмыстары үшін еңбегіне лайық марапаттар алды. Маңызды салалық марапаттардың қатарында: «Қазақстанның еңбек сіңірген энергетигі» және «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін ТМД Электр энергетикалық кеңесінің құрметті энергетигі» атақтары, сондай-ақ елдің энергетикалық жүйесінің игілігі үшін көп жылғы жұмысы үшін «Еңбек ардагері» медалі бар.
Бүгінде Қазақстанның энергетика саласындағы жемісті жұмыс жасап жүрген жүздеген мамандар, магистранттар мен докторанттары Кармель Камилұлын нағыз ұстазы және өз ісінің кәсіпқой маманы ретінде тәрбиелеген еңбегін ризашылықпен еске алады.
Ол әрқашан достықты бағалады, туыстары мен жақындарын қолдады. Ұстазымыздың отбасына, туыс, жора-жолдастарына шын жүректен көңіл айтамыз. Әрқашан ағамыздың адамшылығын, ғылымға адалдығын үлгі тұтамыз, оның ақкөңіл бейнесі мәңгілік жадымызда сақталады.
Қазақстан Республикасының энергетика кешенін дамытуға бар күш-жігерін, өмірін сарп еткен көрнекті ғалым, сұңғыла ұстаз, елжанды азамат Тохтыбакиев Кармель Камилұлының асыл мұрасы бүгінгі және келешек ұрпақтың да терең құрметіне әбден лайық.
Ізгі құрметпен және ризашылықпен, шәкірттері Джексенбинов Д.Ж. – «Кристалл Менеджмент» АҚ электр қуатын сату жөніндегі менеджері; Саухимов А.А. – PhD, «KEGOC» АҚ ҰЭЖ дамыту жөніндегі басқарушы директоры, Бектимиров А.Т. – «АЭжБУ» КеАҚ PhD, аға оқытушысы, Голубина А.Ю. – «СМНУ-70» АҚ инженер-экономисі (РФ).