Кәрімбек Құрманәлиев: «Ұлттық құрылтай бірегей диалог алаңына айналды»

0
1079

Құрылтай шақыру – көнеден келе жатқан ата дәстүр, бабадан қалған мирас. Төл тарихымыздың тереңіне үңілер болсақ, халқымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», көпшілік қауым өзара кеңесе отырып, бір келелі тоқтамға келген. Адалдықты ту етіп ұстаған бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиындарда талқылап, оң шешімін тауып отырған. Өткенімізге зер салсақ, ел мен жер тағдырын шешкен құрылтайлар аз емес. Мысалы, Талас өзенінің жағасында өткен осындай ауқымды кеңестен кейін Алтын Орда қағанаты дербес мемлекет болып жарияланды. Ел басына күн туған қиын-қыстау замандарда үш жүздің игі жақсылары Ордабасы мен Қарақұмда жиналып, ұлтқа төнген қатерге тізе қосып, қарсы тұрды. Сауын айтып, киіз туырлықты қазақты бірігуге үндеді. Бағзы замандағы дала демократиясын жаңғырту – бүгінде үлкен маңызға ие. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұлттық құрылтайдың құрылуы – қоғам тарапынан оң бағасын алды. Мемлекет басшысының бұл идеясы – адалдықты ту етіп ұстаған бабаларымыздың аманатына адалдық деп пайымдауға болады. Аз ғана уақыттың ішінде Ұлттық құрылтай қоғамды біріктіріп, жалпыұлттық құндылықтарды нығайтуда елеулі рөл атқарып келеді. Келелі кеңестерде көтерілген мәселелер мен ұтымды ұсыныстар ұлттық идеологияны ілгерілетудің басты алаңына айналды. Белгілі ғалым, академик, Ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрманәлиевпен сұхбат барысында консультативтік-кеңесші органның қызметінің маңыздылығы кеңірек қаузалды.

«QAZAQ»-тың анықтамасы:

Құрманәлиев Кәрімбек Арыстанбекұлы – филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі.

Алматы шет тілдер институтын, ҚР ҰҒА жанындағы Тіл білімі институтының аспирантурасын, «Қайнар» университетін және Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін бітірген.

Еңбек жолын 1986 жылы қазіргі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің кәсіподақ төрағасы қызметінен бастаған. Әр жылдары Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқытушысы, доценті, Шет тілдер кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2000-2002 жылдары «Қайнар» университетінің вице-президенті, Ректоры, 2002-2007 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаменті директорының орынбасары, директоры, 2007-2008 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің инновациялық қызмет бойынша проректоры, 2008-2015 жылдары Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті, 2015-2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы қызметтерін атқарған.

Қазіргі кезде ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик.

Оның авторлығымен 200-ге жуық ғылыми еңбек жарық көрген. Атап айтқанда, олардың қатарында 4 оқулық, 6 монография және 15 оқу-әдістемелік көмекші құралы бар.

Кәрімбек Құрманәлиев «Құрмет», «Парасат» ордендерімен және «Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен» марапатталған.

«ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ – БИІК МАҚСАТТАРҒА ҰМТЫЛЫС»

– Кәрімбек Арыстанбекұлы, биыл төртінші рет Ұлттық құрылтай өтті. Бұл орган жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдардың өкілдері арасында диалог орнатуда қаншалықты рөл атқарып отыр?

– Қазіргі кезде Ұлттық құрылтай шын мәнінде азаматтық қоғам мен биліктің арасындағы алтын көпірге айналды десек, артық айтпаған болар едік. Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысынан бастап, Түркістандағы – екінші, Атыраудағы – үшінші және биыл Бурабайда өткен төртінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Әділетті Қазақстан құру бағдарламасын жүзеге асыру жолдары күн тәртібінен түскен емес. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мәселелері бойынша Ұлттық құрылтай мүшелері өз ұсыныстарын ортаға салумен қатар, мәселені оңтайлы шешу жолдарын әрдайым көрсетіп келеді. Осы жерде Сіздің жалпы жұртшылықпен диалог орнату жөніндегі сұрағыңызға байланысты Ұлттық құрылтайдың ерекшелігіне тоқталғанды жөн көріп отырмын. Ол ерекшелік – Ұлттық құрылтайдың кері байланыс орната білуі. Әрбір кезекті Құрылтайдың пленарлық отырысының алдында Ұлттық құрылтай жұмыс секцияларының отырысын өткізу дәстүрге айналып отыр. «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым», «Әлеуметтік-экономикалық даму» секцияларында сала министрлері алдында өткен отырыстарда Ұлттық құрылтай мүшелері енгізген ұсыныстар бойынша атқарылған іс-шараларды баяндауы – кері байланыстың орнағанының кепілі. Яғни, айтылған сөз айтылған жерде қалмай, көтерілген сұрақтар бойынша сала бойынша нақты шешімдер қабылданып жатыр. Өз кезегінде осындай қадамдар қалың көпшіліктің көңілінен шығып, Ұлттық құрылтай институтына деген сенім артуда.

– Ұлттық құрылтайда өзіңіз қандай ұсыныстар білдірдіңіз? Олар қолдау тапты ма?

– Ұлттық құрылтайдың ғылым-білім және тіл саясаты бойынша спикері ретінде, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің модераторлығымен өткен «Ғылым және білім» секциясында ұсыныстарымды үнемі айтып келемін. Барлығына тоқталмай-ақ, жоғары білім сапасын арттыру үшін өңірлік университеттердің әлеуетін көтеруді тілге тиек етіп, еліміздің бес өңірінен (оңтүстік, солтүстік, орталық, шығыс, батыс) бір-бір университетке Ұлттық мәртебе беру керектігі туралы айтқанымды сөз етейін. Осы ұсынысым қолдау тауып, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті мен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне Зерттеу университеті деген ерекше мәртебе берілді. Бүгіндері басқа өңірдегі университеттерге де осындай ерекше мәртебе беру мәселесі қарастырылып жатыр.

«ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ҰЛЫҚТАУ КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСКЕН ЕМЕС»

– Құрылтай мүшесі ретінде сіз осы органның бірнеше отырысына қатыстыңыз. Сіздің ойыңызша, бұл жиынның бірегейлігі неде? Қоғам мен мемлекетті дамытудағы маңызы қандай?

– Жоғарыда атап өткенімдей, Ұлттық құрылтайдың барлық отырысында ел экономикасын дамытумен қатар, ұлттық құндылықтарды ұлықтау күн тәртібінен түскен емес. Сапалы ұлт қалыптастыру жолында атқарылар шаруа жетерлік. Ұлтты ұйыстырудың мәні – ұлттың бірегейлігі туралы Мемлекет басшысының айтқандарын басшылыққа алу – баршамыздың парызымыз деп есептеймін. Салт-дәстүрімізді сақтап, ұлттық код, адалдық, бауырмашылық, отансүйгіштік, еңбекқорлық сынды қасиеттерімізді қастерлеуді Қазақстанның жаңа тұрпатты жастарының бойына сіңіру үшін аянбай атсалысуды Ұлттық құрылтай мүшелері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жиі жазып, әрдайым көтеріп келе жатқанын айта кеткенді артық көрмедік.

– Сіз Ұлттық құрылтай мүшесі ғана емес, белгілі ғалымсыз. Ұзақ жылдар бойы еліміздің жоғары білім және ғылым саласында табан аудармай еңбек еттіңіз. Осындай бай тәжірибеңізге сүйене отырып, еліміздің жоғары білім және ғылым салаларында жүргізіліп жатқан реформалар жөнінде не айтар едіңіз?

– «Білім мен ғылымды екінші орынға қойған ел, ешқашан еш салада бірінші орынға көтеріле алмайды» деген халықаралық қағиданы қаперіне алған Мемлекет басшысы соңғы 5-6 жылда отандық ғылымды дамытуға зор күш салып жатқанын Ұлттық ғылым академиясының академигі ретінде астын сызып айтқым келеді. 20 жыл бойы толып жатқан қоғамдық бірлестіктер қатарына қосылып кеткен академик Қаныш Сәтбаев құрған Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе беріп, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы деп қайта құрылды. Академиктерге өмір бойы президенттік стипендия тағайындап, ғылымның басым бағыттарын анықтауды ғалымдардың өздеріне сеніп тапсырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі төрағалық ететін Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес іске кірісті.

«ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ МЕН ҰТЫМДЫ ҰСЫНЫСТАР АЛАҢЫ»

– Отандық ғылымның көкжиегін кеңейтіп, болашағын болжайтын пайымды пікіріңізді одан әрмен тағы бір сабақтап өтсеңіз.

– Ғылыми қызметкерлердің жалақысы 2 есе өскенін және іргелі зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру қолға алынғаны көңіл қуантады. Сондай-ақ, ғылыми жұмыстарды қаржыландыру 3 жарым есеге артқанын айтқанымыз абзал. Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаға сәйкес, Алматы іргесіндегі «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің аумағында ғылыми қалашықты құру, сонымен қатар Курчатов қаласын екінші ғылым қалашығына айналдырудың жоспарын жасалып жатқанын ғылыми қауымдастық жылы қабылдауда.

Жоғары білім саласын сөз еткенде, біріншіден, жоғары білім алуға қолжетімділіктің артып келе жатқанын ерекше айтқымыз келеді. Елімізде әлемнің алпауыт елдерінің жетекші жоғары оқу орындарының жиырмадан астам филиалы ашылып, алдағы уақытта тағы да бірқатар университеттердің филиалы қазақстандық білімгерлерге қолжетімді болатынын айтқанымызға дәлел болары сөзсіз. Қарапайым түрде айтсақ, енді біздің жастарымыз мұхит аспай-ақ, өз елімізде әлемдік жоғары білімге қол жеткізе алады. Назар аударатын тағы бір маңызды мәселе – әлемдік университеттер елімізге өзінің инвестициясымен, тәжірибелі профессор-оқытушыларымен келетіндігі. Бұл – шетелдіктердің қазақстандық ғылым мен жоғары білімге деген сенімінің көрсеткіші деуге әбден болады. Министрлік тарапынан университет инфрақұрылымын дамыту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Университеттердің ғылыми лабораториялары жаңғыртылып, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету рет-ретімен шешімін табуда.

– Кәрімбек Арыстанбекұлы, Ұлттық құрылтайдың отырыстарында үнемі әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық мәселелерге қатысты маңызды шешімдер қабылдап қана қоймай, ел дамуының басқа да бағыттары бойынша басты басымдықтарды айқындауда. Осы ретте алдағы жиында нендей мәселе көтерілсе деген ұсынысыңыз бар?

– Жалпы алғанда, Ұлттық құрылтай ұлттық идеология мен ұтымды ұсыныстар алаңына айналып келеді. Осы ретте сапалы ұлт қалыптастыру мәселесіне ерекше көңіл аудару маңызды екенін айтқым келеді. Еліміздің алға қойған басты міндеті де – сапалы ұлтқа айналу екенін айтудан жалықпауымыз керек. Үнемі айтылады ғой деп бұл тақырыпты жылы жауып қоюға болмайды. Сапалы ұлт болудың алғы шарттары хақында, білім мен ғылымның қоғам дамуындағы рөлі турасында, ұлттық мәдениеттің бірегейлігі төңірегінде Ұлттық құрылтай мінберінен де, күнделікті өмірде жиі-жиі айтылуы тиіс. Ол артық болмасы анық. Шетелдік әлеуметтанушы ғалымдардың мәлімдеуінше, келешекте компьютерде отырғандарды кітап оқығандар басқарады делінеді. Сондықтан да, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, кітапқа оқуға деген сүйіспеншілікті, кітапханаға деген оң көзқарасты қалыптастыруға бағытталған бастамасы баянды болары хақ. Сайып келгенде, кітап оқитын ұлтқа айналу мәселесі әрқашан күн тәртібінен түспегенін қалар едік.

Сөзімнің соңында, экономика, ауыл шаруашылығы сынды еліміздің дамуында үлкен рөл атқаратын салалар ғылымға негізделуі керектігін баса атап өткім келеді.

– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен: Жандар АСАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here