Қажыкелді Шамбыл: «Жаһандық бастамаларға сай жаһандық экономикаға ілесу – басты міндет»

0
1240

ТАРАЗЫ: ЖАНДАР АСАНМЕН

Егемендіктің елең-алаң шағынан бері Қазақстан көпвекторлы саясатқа иек артып, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты ту етіп ұстап келеді. Қазақстан көтерген бастамалар әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып, қызу қолдауға ие болып келеді. Қазақстанның жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша көтерген, сондай-ақ іске асырған бастамалары аз емес. Олардың қатарында бейбітшілік, экономикалық-инвестициялық жобаларды дамыту, бітімгершілік дипломатиясы, ядролық қару, энергетика, стратегиялық серіктестік, әлеуметтік-мәдени бағдарламаларды жүзеге асыру бағытындағы бастамалар бар.  Баянды бастамалары мен ұтымды ұсыныстары арқылы «тоғызыншы территория» төрткүл дүние мойындаған мемлекетке айналып, тәуелсіздік тұғыры берік, керегесі кең, болашағы жарқын ел атанды. Экономист, экономика ғылымдары бойынша PhD кандидаты Шамбыл Қажыкелдімен болған әңгіме барысында жаһандық бастамалардың мемлекет дамуындағы рөлі мен маңызының басты өзекке айналуы бойынша ой алмастық.

«ҚАЗАҚСТАН КӨТЕРГЕН БАСТАМАЛАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОҒАМДАСТЫҚ ТАРАПЫНАН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАНДЫ»

– Еліміз әлемдік аренада маңызды мәселелерді көтеріп қана қоймай, түйіні тарқатылмаған түйіткілді мәселелердің оңтайлы шешім табуына ықпал етіп келеді. Осы ретте Қазақстанның жаһандық және бітімгерлік бастамалары біздің Орталық Азияда көшбасшы болуымызға қаншалықты септігін тигізуде?

– Сөзсіз, Қазақстан жерінің кеңдігімен де, экономика көлемімен де Орталық Азия деп аталатын өнімді өлкенің өзегінде орналасқан және ісі өрге басқан мемлекеті. 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекет басшылығы тарапынан жүргізілген көпвекторлы дипломатия концепциясының дұрыстығын және жемісті екенін бүгінгі күні көріп отырмыз. Шегенделген шекарасы, төл валютасы, отандық қарулы күштері, ұлттық экономикасы, әлемдік қауымдастықтағы бейбітшіл-бітімгерлік позициясы – күрделі геосаяси процестердің эпицентрінен алшақ етіп, ішкі-сыртқы бағытта саралы саясат жүргізуге мұрындық болып отыр. Ядролық қарудан бас тартылды, Еуропалық ынтымақтастық ұйымына 2010 жылы төрағалық етілді, 2017 жылдан бастап Сирияда орын алған гуманитарлық мәселе бойынша келіссөздер жүргізілді, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Орталық Азия және әлемнің алпауыт мемлекеттерімен арадағы саяси диалог бірнеше форматтарда өткізілді.

Қазақстан экономика мәселесі бойынша Орталық Азияда салыстырмалы лидерлік позицияда. Жалпы ішкі өнім деп аталатын көрсеткіш бойынша шамамен аймақтың 60 пайызы Қазақстанға тиесілі. Территория көлеміне келсек, Қазақстанға тиесілі жер үлесі 67 пайыз болса, көршілеріміз Түркіменстан мен Өзбекстан үлесі сәйкесінше 12 пайыз және 11 пайызды қамтиды.

Алайда, жоғарыда айтылған көрсеткіштер абсолютті көрсеткіштер деп аталады. Бұл сандар абсолют негізде мемлекеттің аумағы қандай, экономика көлемі мен халқы саны қанша деген жалпылама сұрақтарға жауап береді. Ендігі кезекте, сол абсолют сандарға жаңаша көзқарас беретін көрсеткіштердің екінші тобына келейік. Оларды экономистер салыстырмалы көрсеткіштер деп атайды. Себебі абсолют сандарды өзара салыстыру мен қарапайым арифметикалық амалдар арқылы алынатын ақпаратқа қол жеткізуге жол ашады. Орталық Азияда жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша 14 мың АҚШ доллары санымен Қазақстан бірінші орында тұр. Ал жерінің өнімділігі бойынша қарастыратын болсақ, әр шаршы километрге Қазақстанда орташа есеппен 0,1 млн. АҚШ доллары келсе, өзбек ағайынымызда 0,25-тен келеді екен. Қазақстанның инвестициялық белсенділігі аумақ бойынша жоғары деңгейде. Дегенмен, жерінің өнімділігі бойынша Өзбекстанның Орталық Азиядағы позициясы Қазақстаннан жоғары.

Себебі, бұл – статистика. Қай қырынан қарайсыз, сол бойынша тұжырым аласыз. Дегенмен, тұтас бір мемлекет түгілі, түбі бір аймақ елдерін саралайтын болсақ, түрлі факторлар мен көрсеткіштердің бар екенін ескеру қажет. Бір есеппен қарасаңыз, мүлтіксіз бас жүлде Қазақстанда, ал екінші тараптан қарасаңыз, «экономикалық бәйгенің» бас жүлдесі бауырлас көршімізде секілді. Менің позициям, Орталық Азия болсын, күллі Азия,  я болмаса Еуразия болсын, аймақта лидер болу – мақсат емес, алға қойылған мақсат –Қазақстанымыздың өзімен салыстырғандағы жағдайының күннен күнге, жылдан жылға ілгері жүруі.

Экономикасымен де, дипломатиялық іс-шараларымен де еліміз алпауыттармен терезесін тең қылуда біршама жұмыс атқарды. Көшбасшы мемлекет болу үшін АҚШ, Германия, Жапония секілді дамыған елдер бір қадам басса, Қазақстан қосымша және бір қадам алға басуы қажет. Сөзбен айту оңай, әрине, бірақ әлемдік экономиканың заңы солай. Жаһандық экономика деп аталатын үлкен олжадан өз еншісін ала білу – макроэкономиканың қағидаты.

– Соңғы жылдары Қазақстанның және оның басшысының жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша көтерген бастамалары аз емес. Әлемдік қоғамдастық пен халықаралық ұйымдар тарапынан жоғары бағаланып, үлкен қолдауға ие болған бастамалар туралы айтып берсеңіз.

– Қазақстанның экономикалық бастамаларына тоқталғым келіп отыр. Еліміз тарапынан әлемдік қауымдастыққа ұсынылған ең бір маңызды бастамасы – ядролық қарудан бас тарту. Бұл тарихы тереңде жатқан, бірақ тәуелсіздігін жақында алған жас мемлекеттің бейбітшілікке, өзара ынтымақтастыққа ашық екенін көрсетті, инвестицияларды алып келуге септігін тигізді. Кейінгі жылдардағы Орталық Азия бойынша өтетін транспорттық дәліздерді орнату (мысалы Транскаспий дәлізі), Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Түркі мемлекеттерінің ұйымы секілді биік мінберлерде мәртебелі меймандармен жоғары бағалануы ең алдымен, экономикалық әріптестікке негізделген диалог ретінде есептеймін.

Жуырда ғана әлемдік саясаттың «жілігін шағып, майын ішкен мамандар» Қазақстанды «орта держава» деп атап, оң бағасын берді. Бұл тегін емес. Қазақстан 1991 жылдан бастап аймақтық мәселелерді шешуде бастама танытумен қатар, экономикасын жаңа сатыға көтеруге әрдайым басымдық берген.  Қазіргі ұстанған саясаты да осы бағытта. Дегенмен, жаһандық бастамаларға сай жаһандық экономикаға ілесу – басты міндет. Мемлекет басшысы тарапынан экономика көлемін екі есеге арттыру ұсынысының негізі осында жатыр. Халқының баянды болмысы мен өнімді өндірісі болмаса, мемлекеттің өрге шығып өзін көрсетуі мүмкін емес. Сондықтан да, қазіргі күні атқарылып жатқан көптеген дипломатиялық ұсыныстар мен бастамалардың мән-мағынасы елдің еңсесі мен мемлекет мәртебесін көтеруге бағытталғандығын астын сызып атап өткім келеді.

«ФОРУМНЫҢ КӨЗДЕГЕН МАҚСАТЫ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОММУНИКАЦИЯНЫ ПАЙДАЛАНУ»

– Астана экономикалық форумы өзінің ауқымы бойынша бүкіл Еуразия кеңістігінде теңдесі жоқ жаһандық мәселелерді талқылауға және шешуге арналған жыл сайынғы сұхбат алаңына айналған әлемдік масштабтағы үлкен шаралардың бірі. Экономист ретінде аталған алқалы жиынның Қазақстан үшін маңызы қандай деп ойлайсыз? Бұл форум бізге не береді?

– Форумға қатысты айтар болсақ, мойындау қажет, қалың бұқарадан да, көптеген сарапшылардан да скепсис айтылған еді. Белгілі бір қаражат шығындалған бұл форумның маңызы қандай, берер пайдасы қанша сынды сұрақтар қойылғаны белгілі. Менің ойым басқаша, форумның мемлекетке берер пайдасы мол. Елорданың төрінде жиналған жұртшылыққа Қазақстанның экономикалық-инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтылды. Елмен танысты. Өз басым форум кезінде БҰҰ, Дүниежүзілік сауда ұйымы, Дүниежүзілік Банк секілді ірі ұйымдардың өкілдерімен, басшыларымен кездесіп, тұжырымды тәжірибелерінен дәріс алдым. Үлкен өмірге қадам басқалы жатқан жас маман үшін мұндай іс-шара біреуге мотивация, екіншісіне табысты келіссөз, енді біреуіне нәтижелі нетворкинг болуы мүмкін.

– Астана экономикалық форумының ел экономикасына әсері қандай? Бұл Қазақстанның дамуына қаншалықты ықпал етті?

– Форум – бұл мемлекет басшыларының, ірі компания топ-менеджерлерінің, өз саласы бойынша майталман мамандардың бас қосып, күн тәртібіне қойылған мәселеге ортақ кесімді шешімге келу, келелі келіссөз жүргізу сынды коммуникациясы орын алатын платформа. Платформаны ұтымды пайдалану, мүмкіндікті тиімді қолдану форум қатысушыларына байланысты. Макроэкономика тұрғысынан қарастыратын болсақ, бұл форумда мұнай-химия кластерін құру, сирек металлдарды өңдеу, жасанды интеллектті дамытуға бағытталған үлкен жобалар мен жоспарлар сөз етілді. Дәстүрлі форумның көздеген мақсаты біреу – халықтың игілігін арттыру. Мемлекеттік қызметті тиімділік қағидатында жүргізу концепциясы мемлекет басшысы жақтан да, тәуелсіз эксперттік қоғам тұсынан да көтеріліп жатқаны қуантарлық жағдай. Форум болсын, басқа да жиындар болсын осы қағидатқа сүйеніп жүргізілсе экономиканың дамуына үлкен ықпал ететіні сөзсіз.

– Қазақстан аймақтық қауіпсіздікті сақтау жолында да көшбасшылық танытуда. Мысалы, Қазақстанның бастамасымен 1992 жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі құрылған болатын. Қазір оған Азиядағы 27 ел мүше болып отыр. Бұл ұйымның өңірдегі қауіпсіздікті сақтаудағы рөліне тоқталып өтсеңіз.

– Аталған ұйым Азия төңірегінде көптеген мемлекет басшыларын жинап, пайда болған кез келген проблеманы ашық айтуға мүмкіндік беретін жиын. Тұңғыш Президент тарапынан көтерілген бастама аясында біраз кездесулер өткізіліп, келіссөздер орнағаны да анық. Азия – әлемдегі ең ірі дүние бөлігі. Халқының саны көп, аумағы үлкен. Шығыста Чжоу, Шань-Инь, Хань, Когурё, Ямато дәуірін ту еткен Қытай, Корея, Жапония елдері бар. Оңтүстікте ежелгі мемлекеттер Чандрагупта, Бактрия, Кушанмен байланысқан Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан орналасқан. Батыста көне Шумер-Аккад, Вавилон, Парсы, Аббасид, Осман елдерімен біте қайнасқан Таяу Шығыстың араб-парсы, түркі және де өзге халықтар баршылық. Оңтүстік-Шығыс Азия бергі уақытында Сингапур секілді кіші айдаһарларымен, Сиам (Таиланд), Вьетнам, Малайзия, Индонезия сынды ірі дамушы мемлекеттерімен танымал. Орталық Азияға келер болсақ, тілі мен ділі, салты мен дәстүрі ұқсас елдер қоңсылас қонған. Қазақстанның Азия халқына, әлем халқына қатысты ойы Майқы бидің мына нақылымен мақалдап келтіруге болады: «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді». Менің көзқарасым, «алтау» деп бабамыздың меңзегені Алты Алаш, «төртеу» дегені әлемнің төрт құбыласы. Алты Алаш болсын, Азия болсын, адамзат болсын араздаспай, ала болмай жол жүрсе төрт құбыласы түгел, армандағаны алдына келеді.

– Ресей мен Украина, Израиль мен Иран арасындағы қақтығыстарды Қазақстан әрдайым бейбіт дипломиялық жолмен реттеу қажет деген ұстаным білдірді. Бұл – Қазақстанның аймақтық қауіпсіздікті сақтау жолындағы көшбасшылық позициясын нығайтуға ықпал етеді ғой?

– Кез келген мемлекеттің өзара түсініспеушілікке түсуі, тіпті қарулы қақтығысқа баруы ешкімге пайда бермейтіні анық. Қазақстанның бұл тараптағы нақты позициясы – қарулы қақтығыстарды болдырмау, бола қалған жағдайда адамзатқа зардабы мен залалын тигізбей тұрған кезде ауыздықтау. Ядролық қарудан бас тартып, көпұлтты елдің ынтымағын сақтап, көршілерімен шекарасын шегендеп әріптестік орнату – БҰҰ-на мүше елдердің барлығының маңдайына берілген бақ емес. Бұл – күндіз-түні егжей-тегжейлі бақыланып отыратын үздіксіз процесс. Әлемде болып жатқан жағдайларды көріп отырмыз, адам баласы 20-ғасырда өткен залым зұлматтың бейнесін тасадан шығарып, біршама ұмытқандай көрінеді. Тарих бәріне куә, соғыс – мәселені түпкілікті шешетін құрал емес, әдіс-амал да емес. Еуропада орын алған отыз жылдық соғыс келіссөзбен аяқталды, ал дүниежүзілік соғыстар Версаль, Ялта, Потсдам келісімдерімен тәмамдалды. Кез келген соғысқа алып барған мәселе түптің түбінде бір жапырақ қағазбен шешілген. Бір жапырақ қағаз алпауыт сауалға анық жауап беретін болса, адам жанын қиюдың қандай қажеттілігі бар? Осындай пәлсапалық ой келеді. Хакім Абай айтқандай, адам баласын туған бауырындай сүю – адам атаулыға міндет. Ойшылдың осы бір ұлағатты сөзін ұмытпаған абзал.

Сөзімнің соңында адамға сауал қою, баға беру әрқашанда оңай іс, ал бірақ айтылғанды соңына дейін жеткізіп жүргізу – батырлық іс деген пайымды пікірді жеткізгім келеді. Қандай жағдай болмасын, келелі кездесулерде айтылар сын сындарлы, қойылар сұрақ салиқалы болсын деген ойдамын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз еңселі, мемлекеттігіміз мәңгілік мығым болсын. Бүгінгі қойған сұрақтарыңыз салмақты, сауалдарыңыз салиқалы болды. Өз тарапымнан ыстық ықыласымды білдіремін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here