Ел Президенті ұсынған Әділетті Қазақстанның тамыры біздің төл тарихымыздан бастау алады. Бұл – «ел мен ердің басына күн туып, ат ауыздығымен су ішкен» қилы кезеңдерде, Қазақ хандығының ыдырау қаупі туындағанда Тәуке хан елдің ауызбірлігін арттырып, мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін жасаған кезеңмен сабақтас дүние. Сондықтан да, Мемлекет басшысы ұсынған идея қоғам тарапынан қолдауға ие болып, оң пікір қалыптастырды. Ең бастысы – бұл науқандық іс-шара емес. Бұл түптеп келгенде – санаға сілкініс тудыру, жауапкершілікті терең зерделеу, өзгерісті жан-жүйеңмен түйсіну. Осы ретте халқымыздың біртуар перзенті, баһадүр Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген ұлағатқа айналған осы бір сөзінің астарында салиқалы мағына, салмақты мән жатыр. Әділетті Қазақстанның басты бағдары да батырдың осы бір орамды ойымен сабақтас. Заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген Алаухановпен сұхбат барысында Қазақстанда заң үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан қадау-қадау істер, Конституциялық заңға енгізілген өзгерістердің салаға берген серпіні жан-жақты таразыланды.
«ӨЗГЕРІСТЕР ЗАҢ МЕН ТӘРТІПТІҢ САЛТАНАТ ҚҰРУЫНА СЕП БОЛМАҚ»
– Есберген Оразұлы, «Әділетті Қазақстан» деген ұғым Сіздің пікіріңізде қандай? Оның алғышарты не? Жемісі нендей болмақ? Әділетті Қазақстан құруға біртабан жақындай түстік пе?
– Бейбітшіліктің алтын бесігіне айналған, бекем бірлік пен тату тірліктің айқын үлгісіне саналған еліміз егемендіктің елең-алаң шағынан бері тұрақтылық пен қоғамдық келісімді насихаттап келеді. Сан ғасырдан бері іргесі сөгілмес, ырысы төгілмес Қазақстан қоғамы үшін – тұтастық ең маңызды фактор. Сондықтан да, ширек ғасырдан астам уақыт бойы бірлікті басты ұран етіп келе жатқан біздің қоғам үшін кеше де, бүгінде де, болашақта да ең басты құндылық – мемлекеттің бірлігі. Осы орайда, ел ішін алатайдай бүлдіріп, ынтымағына сызат түсірмеген абзал. Елдегі трансформация – тарихымызды өшіру, жүріп өткен жолымызды санадан көшіру емес. Менің ойымша, бұл – заман ағымынан қалыстау қалған ескі институттарды жаңғырту, билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, басқарудың басты әрі базалық принципі ретінде әділеттілікті нығайту.
Заман, қоғам өзгеріп жатқанда, меніңше, саяси реформаларды да қайта құру, жаңғырту – ол заңдылық әрі уақыт талабы.
Заң, тәртіп, жауапкершілік – бүгінгі күнде үлкен маңызға ие. Бұл құндылықтар қоғамды ізгі мақсатқа жұмылдырып, еліміздің егемендігі мен жеріміздің тұтастығын сақтауға сеп болмақ. Қазіргі күнде Қазақстанда заң үстемдігінің берік орнығуына, сот төрелігінің әділ атқарылуына ерекше маңыз берілуде. Мемлекет басшысының бастамасымен сот жүйесі мен құқық қорғау органдарын реформалау қолға алынып, жүйелі түрде жүргізілуде. Жаңашылдықтар мен оң өзгерістер қоғамның мызғымас тұғырын қамтамасыз етіп, заң мен тәртіптің салтанат құруына сеп болмақ. Саладағы реформалардың мазмұны алдағы уақытта да жан-жақты толыға түспек. Бұл – ел Президентінің басты ұстанымы. Менің де азаматтық көзқарасым Мемлекет басшысының идеясымен сабақтас.

«QAZAQ»-тың анықтамасы:
Алауханов Есберген Оразұлы – заң ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
А.А. Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін, Ташкент мемлекеттік университетін, КСРО ІІМ жанындағы Саратов жоғары мектебін және Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітірген.
Әр жылдары Сарыағаш аудандық халық сотының төрағасы, Оңтүстік Қазақстан облысы соты қылмыстық істер алқасының төрағасы, Шығыс Қазақстан облысы Әділет басқармасының басшысы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары қаржы полициясының бастығы, Алматы экономикалық университетінің ғылыми жұмыстар бойынша проректоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Сот билігі және қылмыстық іс жүргізу кафедрасының меңгерушісі, Журналистика факультетінің деканы қызметтерін атқарған.
Есберген Алауханов 300-ден астам ғылыми еңбектің, 25-тен астам монография мен оқулықтың авторы.
«Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін», «Халық алғысы» медальдарының және өзге де салалық марапаттардың иегері. Қазақстанның Білім беру ісінің құрметті қызметкері.
– Ұзақ жылдардан бері заң саласының білгір де білікті маманы ретінде қалтқысыз қызмет атқарып келесіз. Маңызды саланың «жілігін шағып, майын ішкен» майталманы ретінде Қазақстанда заң үстемдік ету үшін нендей нәрсеге ең алдымен басымдық беріп, назар аударған абзал?
– Соңғы 20 жылдың ішінде жақын және алыс шет мемлекеттерге жиі табан тіреймін. Атап айтқанда, түрлі халықаралық жиындар мен конференцияларға тұрақты түрде арнайы шақырады. Шетелге құр қол бармаймын. Соңғы жылдары елде болып жатқан оң істерді тілге тиек етіп, баяндамама арқау етемін. Расын айтқан абзал, Еуропа елдерінде, Түркияда, Қытайда заң үстемдігі орнықты жолға қойылған, заңның орындалуы жоғары дәрежеде. Мәселен, такси қызметін алайық. Түркияда арнайы лицензияланған такси қызметі ғана жолаушылар тасымалдай алады. Егер де ол жолаушыға дұрыс қызмет көрсетпеген жағдайда айыппұл төлеп, тиісті жазасын алады. Міне, бұл – тәртіп.
Ал елімізде бұл тарапта оң өзгерістер сезіледі. Десе де, төменгі сатыларда заңның орындалуы әлі де кемшін. «Әттеген-ай» дейтін тұстары баршылық. Заң үстемдігі өте жоғары дәрежеде болуы керек. Заңды сыйлағанымыз, қоғамды сыйлағанымыз. Өмір сүріп отырған мемлекетті қастерлегеніміз.
«ХАОС ЖАҒДАЙЫНДА РЕФОРМАЛАР ЖАСАУ МҮМКІН ЕМЕС»
– Сот жүйесі мен құқық қорғау органдарын реформалау жүргізілуде. Саладағы реформалардың мазмұны алдағы уақытта да жан-жақты толыға түспек. Осы ретте өз тарапыңыздан қандай ұтымды ұсыныстар білдірер едіңіз?
– Әрине, реформалар жүргізіліп жатыр. Десе де, олардың сапасына үлкен мән берген дұрыс болар еді. Конституциялық сот құрылды. Бұл қоғамда тәртіп пен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған дұрыс қадам деп қабылдаймын.
Расын айтқан ләзім, соңғы кездері Қазақстанда қылмыстық оқиғалар көбейіп бара жатыр. Әлеуметтік желілерде әркім аузына келгенін айтып, ұлттың тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Әрине, құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлының ұйытқы болуымен сот жүйесі мен құқық қорғау органдарын реформалау қолға алынды. Реформалар оң өзгерістерге серпін беріп, қоғамның тұрақтылығын, беріктігін, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деген сенімдеміз. Ең бастысы – «Заң мен тәртіп», «Қауіпсіз қоғам» сынды жобалар азаматтардың құқық қорғау органдарына деген сенімін нығайтып, заң мен тәртіптің салтанат құруына сеп болса құба-құп.
Халықтың сот пен судьяға деген сенімі – мемлекет пен билікке деген сеніммен пара-пар. Сондықтан да, сот жүйесін жетілдіру бағытындағы іс-шараларды сапалы әрі тиянақты жүзеге асыру – басты басымдықтың бірі.
Жаңа нормаға сәйкес қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша дербес кассациялық сот құрылды. Оған қалалық немесе аудандық сот шешімімен келіспеген тараптар шағымдана алады. Енді бұл реформаларға, енгізіліп жатқан жаңашылдықтардың қаншалықты тиімді болатынын уақыттың өзі дәлелдейді. Уақыт – төреші.
– Өзгерістер барша отандастарымызға қандай да бір жауапкершілік жүктейтіні рас. Бұл тұрғыда ел азаматтарының құқықтық сауаттылығы да елеулі рөл ойнайтыны анық қой…
– Мемлекет басшысының ұсынысымен және депутаттардың ұйытқы болуымен ел өміріне елеулі өзгеріс, тың жаңалық алып келген шешімдер өте маңызды. Сондай-ақ бұл өзгерістер соттарға да үлкен жауапкершілік жүктейді. Былтырғы жылы еліміздің сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізілді. Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар аталған құжатқа енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заңда сот төрелігінің атқарылу сапасын, судьялар корпусының кәсіби біліктілігін, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған құқықтық тетіктерді жетілдіру қарастырылған.
«Сот тәуелсіздігі» деген ұғым бар. Әрбір шешім мен үкім Қазақстан Республикасының атынан деп шығарылады. Төрағалық етуші судья өзінің ар-ожданымен, білімімен, мәдениетімен, адами қасиетімен үкімді шығарады. Жасыратыны жоқ, судья қандай да бір үкім яки шешім шығарылатын кезеңде жергілікті соттың төрағасымен кеңесіп немесе соның ықтиярымен шешім қабылдайды, жаза мөлшерін белгілейді. Сонда бұл жерде сот тәуелсіздігі деген ұғым қайда қалды? Сондықтан да, заң үстемдігін толыққанды қамтамасыз ету үшін сот тәуелсіздігін нығайтуымыз керек.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізілді. Сонымен қатар, Жоғары Сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау тәсілі енгізілді. Салаға білікті де білімді заңгерлерді тарту үшін қолайлы һәм материалдық жағдай жасау қажеттігі назарға алынды. Сондай-ақ күштік құрылымдардың сотқа ықпалын азайту бағытында да нақты істер қолға алынды. Президенттің пәрменімен судьяларға әкімшілік қысым көрсететін амал-тәсілдің бәрі жойылып, олардың қызметіне араласуды шектеу қойылды. Сот төрелігі саласындағы реформалар бұнымен ғана шектелмейді. Ол судьяларға да елеулі жауапкершілік жүктейді. Адам тағдырын таразыға салатын судья өрескел қателік жіберіп, өз ісіне немқұрайлы қараған жағдайда Қазылар алқасы күшін жойған әрбір сот актісін егжей-тегжейлі тексеруі тиіс. Мемлекеттің де сот процесіне қатысуы азайтылмақ. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік органдар арасындағы сот даулары ретке келтіріліп, оңтайлы шешім шығару мәселесі назарға алынды.
– Еліміздің сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы Конституциялық заңға өзгерістер енгізілді. Бұл жаңашылдықтар салаға қаншалықты серпін әкеледі деп ойлайсыз?
– Азаматтардың сот пен судьяға деген сенімі – мемлекет пен билікке деген сеніммен деңгейлес. Сондықтан да, сот жүйесін жетілдіру бағытындағы іс-шараларды өте мұқият жүргізген абзал. Саланың ұңғыл-шұңғылын білетін адам ретінде айта кететін жайт бар, қазір сот саласында тәжірибелі мамандарға деген сұраныс байқалады. Менің ойымша, ұзақ жылғы бай тәжірибесі бар судьяларды зейнет жасына толса да, олардың жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек. Ең болмағанда жас судьяларға тәлімгер болуы керек. Мәселен, бірқатар шет мемлекеттерде 80-90 жасқа толса да еңбек етіп жүрген судьялар бар. Міне, осы мәселе төңірегінде де ойлану қажет.
«ҰЗАҚ ЖЫЛДАР БОЙЫ ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕЛЕР ОҢ ШЕШІМ ТАПТЫ»
– Заң үстемдігін қамтамасыз етудің негізгі тетігі – заңнаманы жетілдіру, қоғам үшін маңызды заңдарды қабылдау. Заңдық құжатты қабылдау жіті електен өткізіліп, мұқият зерделеніп барып қабылдануы керек. Осы ретте бүгіндері заңдардың талқылануы, соның ішінде қоғам арасында зерделенуі көңіліңізден шыға ма?
– Заң қабылдау өте мұқияттылықты, асқан жауапкершілікті талап етеді. Кез келген заң жылдар бойы таразыланып, талдануы қажет. Қоғамның ашық талқысына түсуі керек. Ашығын айту керек, бізде қоғамдық талқылау көңіл көншітерліктей деңгейде емес. Қарапайым азаматтарды былай қойғанда, заң саласының «жілігін шағып, майын ішкен» сақа сарапшыларға да ұсынылмайды заң жобалары. Заңдар арасында қарама-қайшылық та кездесіп жатады. Менің ойымша, заң үстемдігі орнықты болуы үшін заң тұрақты жұмыс істеуі керек және қабылданған заңға өзгерістер мен толықтыруларды жиі енгізіле бермеуі тиіс.
Қазіргі уақытта Парламент қабырғаларында көптеген заңдар қабылданып жатыр. Десе де, кейбір заңдар кешеуілдеп барып қабылдануда. Депутаттар заманауи өзгерістерге ден қоя отырып жұмыс істесе деген ұсынысым бар. Бүгінде қоғам жылдам қарқынмен өсуде. Сондықтан да, осындай қарама-қайшылықтарды азайтқан абзал.
– Соңғы жылдар белесіндегі Қазақстанның саяси өміріндегі елеулі өзгерістер туралы айтып берсеңіз.
– Қазір көптеген оң өзгерістер орын алуда. Соның ішінде Қазақстандағы кадрлық мәселеге тоқталғым келіп отыр. Маман таңдауда саланың қыр-сырын тереңнен білетін, сатылап өскен азаматтарға басымдық берсе құба-құп болар еді. Осындай қағидамен тағайындалған министрлер де жоқ емес. Бұл ретте Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Ішкі істер министрі Ержан Саденовті атап өтуге болады…
– Алдыңғы толқын ағалардың алдын көрдіңіз. Қазақтың маңдайына біткен талай тұлғадан тағылым алып, оларға шәкірт бола білдіңіз. Бүгінгі күнде өзіңіз де шәкірт тәрбиелеп келесіз. Өзіңізден кейінгі жас буынға көңіліңіз тола ма?
– Ұзақ жылдар бойы еліміздің маңдайалды жоғары оқу орындарында еңбек етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиеледім. Талай жастың «бетін қақпай, белін будым». Өзімнің ғылыми мектебімді қалыптастырдым деп нық сеніммен айта аламын. Осы уақытқа дейін 5 ғылым докторы мен 25-тен астам ғылым кандидатына жетекшілік жасадым. Олардың барлығы да ғылыми жұмыстарын табысты қорғады. Қазіргі күнде де шәкірттерім Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейдің білім ордаларында докторлық және кандидаттық диссертацияларын жетілдіріп, жұмыстарын сәтті қорғауда. Осы орайда айта кетерлігі, ғылым жолындағы жас ізденушілерге жол көрсете жүріп, олардан да пайдалы дүниелерді алатын кездерім аз емес. Себебі, адам үздіксіз білім алуы тиіс. Саналы жан өмір бойы жаңа дағдыларды меңгеруі қажет деп ойлаймын.
Қазір Қазақстанда талантты, дарынды жастар баршылық. Бірақ бір «әттеген-айы» олардың көпшілігі кітап оқымайды. Қажет ақпаратты интернеттен ала салады. Көп ізденбейді. Бойындағы аздаған қарым-қабілетін жетілдіруді қажет деп таппайды. Өскелең ұрпақты кітап оқуға дағдыландырғанымыз дұрыс. Қоғамда кітап оқуды кеңінен насихаттауға тиіспіз. Оның ішінде де кез келген әдебиетке емес, классикалық туындыларға, білімің мен білігіңді арттыратын еңбектерге басымдық берген абзал.
Түсіне білген адамға кітап деген қазына ғой. Мен осы күнге дейін кітап оқимын. Менің осындай дәрежеге жетуіме, ғұмыр жолымның алғашқы баспалдақтарынан сүрінбей өтуіме оқуға құштарлығым, кітап бетіндегі ұлан-ғайыр білім үлкен септігін тигізді деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен: Жандар АСАН












