Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде алдағы 10 жыл ішінде Қазақстанды астықты терең өңдеу өнімдерін өндіру және жеткізу бойынша әлемдегі он ірі елдің қатарына қосу, сондай-ақ аграрлық секторды индустрияландыру және өңірлерде ғылым мен инновациялық дамуды жан-жақты қолдау қажеттігін тапсырған болатын. Осы тапсырмаларды іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы (бұдан әрі – Академия) 2025 жылғы 8 тамызда «Қуатты өңірлік ғылым – қуатты өңір» тақырыбында Президиумның көшпелі отырысын өткізді.
Көшпелі отырыстың күн тәртібіне Қостанай облысын кешенді дамытудың басым бағыттары енгізілді, соның ішінде:
- Ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, агроөнеркәсіптік кешенде жоғары бөлініс деңгейіндегі өнім өндіру көлемін арттыру;
- өнеркәсіпті дамыту және инновациялар – өңір өнеркәсібін әртараптандыру, жаңа технологияларды енгізу және кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
- өңірлік ғылымды қолдау және технологиялар трансфері – жергілікті жерлерде ғылыми қызметті күшейту, әзірлемелерді коммерцияландыру және өңірге озық технологияларды тарту;
- өндіріс үшін кадрлар даярлау – адами капиталды дамыту, білім беру жүйесін жаңғырту және өңір қажеттіліктеріне сәйкес мамандарды мақсатты түрде дайындау;
- экологиялық тұрғыдан орнықты технологияларды енгізу – өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында «жасыл» шешімдерді қолдану, қоршаған ортаға теріс әсерді азайту;
- өндіріс пен агросекторды цифрлық трансформациялау – өңір экономикасына, соның ішінде ауыл шаруашылығына заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу.
Академияның Президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы өз сөзінде Қостанай облысында өңірлік ғылымды дамытуға бағытталған бірқатар шараларды атап өтті: «Өңдеу саласында қосымша құн қалыптастырудың пайдаланылмаған зор әлеуеті бар. Бұл – өндіріс тиімділігін одан әрі арттыруға және жүйелі негізде импортты алмастыру мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы осы мәселеге ерекше назар аударып, үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Бұл агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми-технологиялық жаңғыртуды, цифрлық шешімдерді енгізуді, үздік әлемдік тәжірибелерді пайдалануды және климаттық өзгерістерге бейімделуді талап етеді.
Қостанай облысы – ауыл шаруашылығы жер көлемі 10 млн гектардан асатын, еліміздегі ең ірі аграрлық өңірлердің бірі және елеулі индустриялық әлеуетке ие. Өңірдің орнықты дамуы ғылыми тұрғыдан негізделген шешімдерді, климаттық тәуекелдерге бейімделуді, ресурстарды ұтымды пайдалануды, эмиссияны азайтуды және экологиялық технологияларды енгізуді талап етеді.
Сонымен қатар, өңірде ғылыми әлеует тапшылығы байқалады. 2024 жылғы статистикаға сәйкес, Қостанай облысының үлесіне Қазақстан бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға (ҒЗТКЖ) жұмсалған ішкі шығындардың небәрі 1,2%-ы тиесілі. Мұнда халықтың жан басына шаққандағы зерттеушілер саны Алматы қаласымен салыстырғанда 8 есе аз. Бұдан бөлек, өңірдегі ғылыми дәрежесі бар ғалымдардың орта жасы – 54 жаста (ел бойынша орташа көрсеткіш – 50 жас). Сондықтан ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту және өңірге жас зерттеушілерді тарту қажет, сондай-ақ жергілікті жоғары оқу орындарының оқытушыларын ғылыми қызметке неғұрлым белсенді тарту маңызды.
Академия өңірді дамытуға бағытталған келесі шешімдерді ұсынады:
- Өңірлік ғылыми-инновациялық қор құрып, облыстың нақты қажеттіліктеріне негізделген ғылыми зерттеулерді мақсатты қаржыландыру тетігін енгізу. Аталған бағыттар бойынша 5-7 басым ғылыми бағытты Акимат Академиямен бірлесе отырып айқындайды. Өндірістік циклдің барлық кезеңдеріне – жаңа сорттар мен тұқымдарды шығарудан бастап, терең өңдеудің кешенді технологияларын және тиімді басқару шешімдерін енгізуге дейін – ғылыми-технологиялық сүйемелдеу қажет.
- Өңір ұзақ мерзімді, нақты стратегияға ие болуы тиіс. Ол жергілікті жердің бәсекелік артықшылықтарына негізделуі қажет және өңірдің жыл сайынғы даму жоспарлары мен басқарушылық шешімдерінің өзегіне айналуы тиіс. Тек осындай тәсіл ғана экономиканың және әлеуметтік саланың түрлі бағыттарының теңгерімді әрі орнықты дамуын қамтамасыз етеді.
- Климаттық, агроэкологиялық және инфрақұрылымдық сценарийлерді модельдеу, өңірлік жоспарлауды оңтайландыру және өндірістік жүйелердің тұрақтылығын арттыру мақсатында Қостанай облысында Академияның Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және орнықты даму зертханасының базасында өңірлік ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асыру ұсынылады. Бұл өңірлік шешімдер қабылдау жүйесін қалыптастыруға негіз болады.
Академия жобаларды сараптау, кадрлар даярлау, инвестициялар тарту және түрлі бастамаларға белсене қатысу арқылы сенімді серіктес болуға дайын.
Сондай-ақ көшпелі отырыс аясында ғылыми-инновациялық көрме ұйымдастырылып, өңірлік ғылымның басым міндеттерін айқындау мақсатында Қостанай облысы бойынша жетекші ғалымдардың, бизнес және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен форсайт-сессия өтті. Қатысушылар ғылыми қауымдастық пен өнеркәсіп арасындағы өзара іс-қимылдың мүмкіндіктерін талқылады.
Рудный индустриялық университетінде өңірлік форсайт-орталықтың ресми ашылуы өтті. Орталық өңірдің ғылыми-технологиялық дамуының басым бағыттарын айқындау, стратегиялық талдау және болжау бойынша маңызды алаңға айналмақ.
Академия Ғылым қорымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Іс-шараға облыс әкімі, Сенат депутаттары, мемлекеттік органдардың, ғылыми ұйымдардың, өңірдің жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдардың басшылары, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және агроөнеркәсіптік кешен, энергетика, денсаулық сақтау салалары бойынша отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, сондай-ақ бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.
Академия Президиумының көшпелі отырысының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және саланы ғылыми қамтамасыз ету мәселелері бойынша Үкіметке арналған аналитикалық жазба дайындау туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ, облыс әкімдігімен өңір ғылымын дамыту жөніндегі бірлескен жоспары әзірленіп, бекітілетін болады.